14.6 C
Нарынкол
Понедельник, 16 сентября, 2024
No menu items!
Маңызды

БЕРДІБЕК ӘЛЕМІ БАЛАЛЫҚТАН БАСТАЛҒАН

Балалар жазушысы жасалмайды,

Балалар жазушысы болып туады

Б.Г. Белинский

Үстіміздегі жылдың қазан айында қазақ балалары әдебиеттің классигі, адам жүрегін өз кейіпкері арқылы жаулап алып еліктіре білген жазушы  Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толғалы отыр. Бердібек қаламынан туған шығармаларды құмарта оқығаным болмаса жазушымен араласқан емеспін. Алайда, ол кісі жайлы сан түрлі пікірлерді естіп, баспасөз беттерінде берілген бағаларды ой талқысынан өткерген едік.

Бізге жұмбақ Бердібек аға Соқпақбаевтың ірі тұлға, үлкен талант иесі екенін, алайда әлем оның дарын-қасиеттерін танып, мойындап отырғанын көп жылдар жолдас, дәм-тұздас болған абыз-ақсақал, майдангер-журналист Әлнұр ата Мейірбеков өз естелігінде айтқан.

Өмірдегі өзі араласқан адамдарын жазған шығармаларының кейіпкері ретінде қарастырып, артына өшпес мұра қалдырған балалар жазушысы бұл өмірде екеу болса соның бірі-Бердібек, біреу болса соның өзі-Бердібек. Өйткені әлемдік әдебиеттің балалар өмірі тұлғасында қалам сілтеген жазушылар еңбегін оқысаң немесе түсірген кинофильмдерді көрсең, Қожа-Бердібекпен кездесе алмайсың. Ағылшын баласы Геклиберри Фин де, Том Сойер де жазушы қиялынан туған, өзі өмір сүрген ортасының, қоғамның көрінісін бейнелеуге негізделген  кейіпкер ретінде суреттелсе, қазақ қоғамы үшін бейресми негізделген Қожаберген, өз тілімен айтқанда «құйрығы» үзіліп түсіп қалған қара Қожа-Бердібек-әлемдік әдебиеттегі шоқтығы биік кейіпкер. Бекеңнің көзі тірісінде оған, оның қаламынан шыққан шығармаларымен танысып, шынайы бағасын бергендер өте аз. Соның бірі әрі бірегейі — қазіргі қазақ әдебиетінің көшбасында болған абыз-ақсақал, Бердібектей жазушының шығармашылық «тұтқынына» баяғыда түскен Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ әдебиетінің классигі Зейнолла аға Қабдоловтың Бердібекке «Бердібек-қазақ әдебиетінің классигі» деп баға бергенін өз құлағыммен естіп, айтқан, жазған едік.

1967 жылы Францияның Канн қаласында өткізілген балалар мен жастар көркемсуретті фильмдерінің бүкіл дүниежүзілік фестиваліне қатысып бәйге алған «Менің атым-Қожа» фильмінің қоюшы режиссері  Абдолла Қарсақбаев фильмнің сценарийін жазған Бердібек Соқпақбаевты пір тұтып, шығармашылық табиғатына бас идіргенін атап жазды. Талантты режиссер мен Қожа секілді сүйікті кейіпкерді дүниеге әкеліп, оған әлемді аралатқан Бердібек қазақ балалар әдебиетін заңғар биікке көтерді. «Марсельеза» әнімен Руже де Лиль, «Поленез» шығармасымен Михаил Огинский әлемге қалай ұлы адамдар аталса, қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаев «Менің атым-Қожа» шығармасымен солай әлемнің ұлы жазушысына айналды.

1958 жылы Бердібек аға Соқпақбаевтың қаламынан «Менің атым-Қожа» повесі дүниеге келді. Бұл шығарманың әуелгі аты-«Өзім туралы повесть» болатын. Қазақ тіліне біраз қиналыспен жарыққа шыққан шығарма сол жылы Мәскеуде «Детгизде» орыс тілінде жарыққа шықты. Жарық көрісімен-ақ, қара Қожа молдаван, өзбек, латыш, литван, украин, т.б кеңестік балалармен тілдесе, арада көп уақыт өтпей француз, неміс, балаларымен таныс болды.

Жазушының әдебиеттегі кейіпкері Қожа — Бердібек өзін халыққа қалай таныстырғанын еске алайықшы.

«Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым! Шындықты айтып отырмын,-әттең жазушы болсам деген арманым менің көкейіме ерте ұялады. Үшінші, төртінші кластарда оқып жүргеннің өзінде ақындық даңқым мектеп асып, бүкіл ауылға жайылды». Осыдан-ақ жазушының таланты ерте басталғанын көреміз.

Бердібек Соқпақбаевтың  балалық шағы кеңестік дәуірінің ұжымдастыру және индустриялардыру кезеңдерімен тұспа-тұс келді. Ауылдық жерлердегі шаруа қожалықтарын бір ортаға жинастырып, ұжымдас- тырудың әділетсіздігін өз көзімен көріп өскен Бекең повесть кейіпкерлерін қолдан жасамаған. Өзі сияқты қазақтың қара Қожаларын електен өткізіп, сұрыптады. Жазушының шынайы шеберлігі өзін басты кейіп кер бейнесінде беріп ешқандай қоспасы мен жасандылығы жоқ, оқиғаларды боямасыз көрсетіп, екі аяқты пенделердің бәріне тән ерекшеліктерді балаға тән тума қасиеттерден іздейді. Сол арқылы Жантас, Жанар, Сұлтандардың жасампаз образдарын жасады.

«Өмір дегенді ойлап отырсаң, қызық нәрсе. Бірімен бірінің қалай да тұзы жараспайтын кереғар жаралған адамдар болады. Майқанова екеуміз соның өзі секілдіміз»,-деп өмірдегі ақиқатты өзінше пайымдаған Қожа өмірде алғанын, білгенін өзгеге де балалық көңілімен үйреткісі, түсіндіргісі келді.

«Әжем менің қызық адам. Тұрмыстың  қарапайым қағидасына жүйрік бола тұра, көп мәселеде сәбидей аңқау. Қараңғы болған соң аңқау болмай қайтсін. Мен қанша әуреленсем де оған осы күнге дейін Жердің домалақ екенін ұғындыра алмай-ақ қойдым»,-деуі осының дәлелі.

Қоғамда болып жатқан оқиғалардың сипатына астарлап айтып, бала тілімен әжуалап жеткізу жазушының ғажайып шеберлігі. Есті тентек  Қара Қожа істеген әрекетіне сай педсоветке түсер кездегі көңіл-күйін былайша суреттейді.

«Жұмыр жер күндегі дағдысы бойынша тынбастан зырлап, кіндігін және бір айналып шықты. Тарих тағы бір тәулікке ұзарды. Осы бір тәуліктің, яғни жиырма төрт сағаттың ішінде мынау ығы-жығы күнәһар дүниеде кімнің басынан не көшіп үлгермеді дейсің. Қанша адам өмірге жаңадан келіп қосылды, қанша адам оларға орын босатып, о дүниедегі мәңгілік мекендеріне сапар шекті. Осы бір тәуліктің ішінде қаншама адам бақытты кеудеде  қуаныштың оты маздап жанбады, қатал тағдыр қаншама басы жұмыр пендесін қайғының қара суығында бүрсеңдетпеді. Осы соңғы топқа менде қосыламын».

Ақиқат шындықтан құралады. Дүние болмасын бала тілімен сөйлете білген Бердібек жазушы кейде Бердібек ақынға айналғандай

«Қарын тоқ, киім бүтін, уайым көп,

Қалқайып әзер жүрмін, құлайын деп.

Ойласам жер тағдырын, ел тағдырын

Еріксіз кемсеңдеймін жылағым кеп»,-деп ақиқатты айтып  салып қарап тұр.

Жалпы Бердібек Соқпақбаев қаламгерлік жолын ақындықтан бастаған. Сонау 1950 жылы «Бұлақ» деп аталатын өлеңдер жинағы жарық көрген еді. Беташары болған «Өлең» деген жырында:

Өлеңім мінезіндей жас баланың

Жылатып аламын ба деп жасқанамын.

Жазып алып өзіме-өзім сенбей,

Оқып-оқып басыма жастанамын.

Өлең нәзік ішегі домбыраның,

Үлкеніи үзіп алсам масқараның…-деп ақын өзінің шығармашылығына үлкен жауапкершілікпен қарағаны сезіліп тұр.

Ақынның алғашқы қара Қожа болып ақындығымен аты шыға бастаған кездегі жазған өлеңдері ақиық ақын Қасым Аманжолов бастаған ақындар талқысынан өтіп, ел-жұртқа жол тартты. Соның бірі «Күшігім менің Саққұлақ». Бұл өлең қазіргі мектеп бағдарламасындағы 1 сыныпқа арналған «Ана тілі» оқулығында оқушыларға «қызмет» көрсетіп жүр.

Күшігім менің Саққұлақ,

Келеді әне шапқылап

Сақтығыңды көрейін

Қойшы атайға берейін.

Колхоз малын күзетіс,

Қасқыр келсе, ала түс.

Қасқыр-малдың қас жауы

Аузыңды ала түс.

Осы бір өлеңнің қаншалықты балалар үшін тәрбиелік мәні бар екенін айтпай-ақ түсінесің «Шалғынбай» деген өлеңінде:

«Оқушы біздің Шалғынбай,

Жап-жас бала балғындай.

Әлемге әйгі атағы,

Көрінген жерде жатады

Партаның үсті «Шалғынбай»

Партаның іші «Шалғынбай»

Тақтаның беті «Шалғынбай»

Кітаптың шеті «Шалғынбай»

Есіккке жазған «Шалғынбай»

Кесіп те жазған «Шалғынбай»

Бұл маңайда Шалғынбай

Жазбаған жерің, қалды ма-ай?,-деп тентек оқушыны мысқылдай, әжуалай отырып, тәртіпке шақырады. Бұл Бердібек ағаның 1947 жылы ҚазПИ-де оқып жүріп, республикалық жас ақындар маслихатына қатысқан кездегі өлеңдері болатын.

Ақынның 60-жылдары жазған өлең жолдарындағы ой толғауы адамдарды бей-жай қалдырмайды.

Бәрі қалды, халайық, бәрі қалды,

Уақыт бәрін алды, бәрін алды

Өмірде бастан кешкен азап, михнат

Өшпейді екен, маңдайды мөрі қалды, — деп  бір өлеңінде өмір- дарияға назын айтса,

«Жазып та көрдім менде өлең,

Жазып та көрдім қара сөз.

Ерте ме, кешпе мен де өлем,

Өлмейді тек дана сөз», — деп жақсының аты, ғалымның хаты мәңгілік  екенін тұспалдайды. Бүкіл ғұмырын адалдыққа, парасаттылыққа, арнаған ақын жаны «Абай жүрген ізбенен» атты өлеңінде өзінің өмірлік мақсатын айқындап айтқандай.

«Жазған жоқпын мен дағы ермек үшін

Жоқ, барды ертегіні термек үшін

Қатын екеу, бала үшеу, жаздым міне,

Соларға тамақ тауып бермек үшін.

Жазбадым тарихта қалу үшін,

Жазбадым мен қалам ақы алу үшін

Әркімнен қызмет сұрап тентіремей,

Жанымды жұрт қатарлы бағу — үшін!

Қорыта келгенде, Бердібек шығармалары халық үшін таусылмас қазына, ұрпақ үшін несібе.

Қазақ балалар әдебиетінің классигі әлемге қара Қожа арқылы қазақ халқын таныстырған, биыл туғанына 100-жыл толғалы отырған Бердібек Соқпақбаев туралы көрнекті қазақ ақыны Қадыр Мырзалиев:«Бәрімізде бала болдық. Қазір есейдік, ересек тарттық. Дегенмен, сонау кезіміздегідей пәк емеспіз. Ал сол көңіл-күйімізді айна қатесіз бейнелеген «Менің атым-Қожаны» барлығымыз оқып шықтық.  Біз соны жазған ағамызға сол кезде-ақ балалық көңілдің Мемлекеттік сыйлығын сыйлап қойғанбыз»,-деуі күрмеуі қысқа адам өмірінде Бекеңе берген халық марапаты іспеттес.

«Б. Соқпақбаевтың жасөспірімге арналған кітаптары шын мәнінде қазақ балалар әдебиетінің классикасы болып табылады. Жазушының айшықты шеберлігі көркемсөз зергерлерінің талай буынына үлгілі болмақ»,-деп 1991 жылы жазушы қайтыс болған кездегі қазанамада жазылған еді. Бұл Бердібек сынды жазушыға халықтың берген бағасы еді.

Мен үшін беймәлім ақынның жазған өлең шумағы Бердібек аға Соқпақбаевты өмір көкжиегіне қайта көтергендей.

Қиыннан қиыстырып сөзді керім,

Табынтқан талантымен ел жүрегін.

Ғасырдың жазушысы дейді халық

Мұзарттың мұзбалағы-Бердібегін!

Асқар шыңда түлеп ұшқан мұзбалақтар ғана ешқашан өлмейді.

Айтылған пікірлер мен түйінделген ойлар Бердібек ағаға  деген сағыныштың сазы ғой!

Құдайберген НОҒАЙБАЕВ,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы,

зейнеткер-ұстаз

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Алматы облыстық мәдениет басқармасы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы аясында 100-ге жуық шара ұйымдастырды

Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғаларының бірі, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ көлемінде аталып...

Осыған ұқсас мақалалар