8.3 C
Нарынкол
Четверг, 19 сентября, 2024
No menu items!
Маңызды

НАЗЫМ ҚЫЗАЙБАЙ АУДАНЫМЫЗҒА КЕЛДІ

Париж қаласында өткен ХХIII жазғы Олимпиадада бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы, жерлесіміз Назым Қызайбай ел намысын қорғап, қола медаль иеленгенін бәріміз білеміз. Аспантаулар аясынан аттанған қаршадай қыздың тілеуін ел-жұрт болып тіледік. Былғары қолғап шебері жеңіс туын желбіретіп ауданымызға да ат басын бұрды.

          Қызайбай Назым Абайқызы 1993 жылы қыркүйек айының 14 жұлдызында дүниеге келген. Әйелдер арасында 2014 жылы Оңтүстік Кореяда болған турнирде және 2016 жылы Астанада өткен əлемдік турнирде алтын медаль иеленіп, әлемнің 2 дүркін чемпионы атанды. Қазақстанның 3 дүркін чемпионы. Назым Албанның ішінде Құрман елінен тараған.

6 тамыз күні Парижде Назым Қызайбай 50 келі салмақта жартылай финалда Қытай боксшысы Ю Вумен шаршы алаңға шығып қола жүлдені еншіледі. Бұл біз үшін алтынға бергісіз қола екені анық. Назымның жеңісі Тәңіртау жұртының ғана емес бүткіл Қазақ елінің жеңісі, Қазақ халқының абыройы болды.  

Париж төрінде көк туымызды көкке көтерген жеңімпаз қызды аудан жұртшылығы ауданның кіре берісінен қарсы алды. Назым Абайқызын қарсы алуға аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы, қоғам қайраткерлері Тоққожа Естенов, Тұрарбек Асанов, ардагер спортшы Жантелі Мұқи, кикбокстан әлем чемпионы Елмұрат Қайыпжановтар арнайы келді. Сарыжаз ауылының халқы жеңімпаз қыздарымен зор мереймен көрісіп, құшақтарына қысты. Ақсақалдар ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашып, мәре-сәре болды. Назым қызды қолпаштаған көпшілік көп ұзамай аудан орталығы Нарынқол ауылына жол тартты. Аудан әкімдігінің алдында Олимпиада жүлдегеріне арнайы ұйымдастырылған салтанатты шара өтті. Бұл жерде де аудан халқы спортшы қызымызды көліктен түсе салысымен жылы жүзбен, қошеметке бөлеп күтіп алды.

Салтанатты шараның алғашқы құттықтау сөзін аудан әкімі Берік Фатықұлы алып, дүниежүзінің назарын өзіне аударған Назымға ақ тілегін арнады. Сонымен қатар, елім-жерім деп арнайы келіп отырғанына алғысын білдірді. Келесі құттықтау сөз кезегін алған қоғам қайраткерлері Тоққожа Естенов, Тұрарбек Асанов, ардагер спортшы Жантелі Мұқи, кикбокстан әлем чемпионы Елмұрат Қайыпжановтар Назымға жылы лебіздерін жеткізіп, ел үмітін ақтағынын алға тартып, ақыл-кеңестерін айтты. Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының Олимпиадалық спорт түрлері, спорттық резервтер және мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шәмшиев те былғары қолғап шеберіне жүректен шыққан жақсы тілегін айтып, жүлдегерге сый-сияпаттарын табыстады. Қоғам қайраткері Тұрарбек Асанов жерлестерінің атынан Назымға су жаңа «Liхiang L7» маркалы соңғы үлгідегі автокөліктің кілтін табыстады. Жерлестері жүлделі қыздың әкесі Абай мен бапкері Долкунжан Камековқа қазақы дәстүрмен өздеріне  лайықты құрмет көрсетіп, шаршы топтың алдында ат мінгізіп, абыройын асқақтатты.

Назым Абайқызы сөз кезегін алып, жиналған жанкүйерлеріне алғысын білдірді. Өз тарапынан  салтанатты шараға арнайы келген құрметті қонақтардың иығына шапан жапты. Назымның әкесі Абай ағамыздың бала кезінде оқыған Тельман Жанұзақов атындағы орта мектепке де сый-сияпаттар табысталды. Мектеп ұжымына болашақта осы мектептен де жеңімпаздар көп шықсын деген ниетпен бокс қолғаптары мен доптар тапсырылды. Салтанатты шараның соңында Сарыжаз ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, ақын Тұрсынбай Исанбеков Назым қызына арнаған «Елім деп соққан жүрегі» атты өлеңін оқыды.

Шараның салтанатты бөлімі аяқталысымен аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары жиналған көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынды. Олимпиада жеңімпазын қарсы алуға жиналған үлкен-кішілер Назыммен суретке түсіп, бойларына рухани күш жинап қайтты.

Түстен кейін Алтынбек Сәрсенбаев атындағы орта мектепте Назым Қызайбай Сарыжаз ауылының оқушыларымен және тұрғындарымен кездесті. Ауылдағы артынан ерген жас боксшылардың жаттығуын тамашалап, оқушылардың қойған сұрақтарына жауап берді. Өзімен бірге әкелген бокс қолғаптарына қолтаңбасын қойып, өкшебасар іні-қарындастарына тапсырды. Естелікке суретке түсіп, естен кетпестей күн болды.


Дастан ҚАСЕНҰЛЫ

Елім деп соққан жүрегі

Айналдым таудай биік тілегіңнен,

Айналдым шымыр, мықты білегіңнен.

Ел намысын Парижде қорғадың сен,

Елім деп соққан нәзік

 жүрегіңмен.

Болса да саған теңдес өңшең мықты,

Бәрінен біздің Назым озып шықты.

Финалға аз қалғанда жете алмадың,

Бүкіл Қазақ өзіңнен үміт күтті.

Қуанды отандастар, туған елің,

Қуанды Сарыжаздағы жерлестерің.

Бүгін сен-Қола медаль иесісің,

Бұл-сенің талай жылғы төккен терің.

Ел намысын ақтадың, сенімменен,

Жүрегіңнен айналдым, елім деген.

Саған бүгін арнадым жыр шумағын,

Аталық, ақ пейілді көңілменен.

Келіп тұрсың туған жер- Сарыжазыңа,

Қарайсың биік шыңға, тауларыңа.

Денің сау, өмір жасың ұзақ болсын,

Жете бер мақсатыңа,  арманыңа.

Қуаныштан лүпілдеп жүрегіміз,

Райымбек ауданы-жыр еліміз.

Өзіңе сый-сыйапат ұсынамыз,

Тек жақсылық Назымға тілеріміз.

ИСАНБЕКОВ Тұрсынбай Рамазанұлы,

Сарыжаз ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы

Алдыңғы мақала
Келесі мақала
spot_img
Соңғы жаңалықтар

Халықтық штаб: Талғар ауданының тұрғындары АЭС салу жобасына қолдау көрсетті

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Талғар ауданының тұрғындарымен кездесті. Шара барысында атом энергетикасының еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі...

Осыған ұқсас мақалалар