30.3 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

САРҒАЙҒАН ГАЗЕТ БЕТТЕРІНЕН

                         Қызық еді-ау қылықтары

     Біз білетін Бердібек Соқпақбаев ірі тұлға, үлкен талант иесі. Бүгінде оның ерекше дарын қасиеттерін туған халқы айдай танып, асылдай бағалап отыр. Оны айтасыз, көптеген шет жұрттар ұшқыр ой, өткір тіл қуатымен көмкерілген шынайы шеберлігін тамсана таңырқап, күдік- күмәнсіз мойындаған. Сондықтан менің басы ашық нәрceгe қосарым жоқ. Басқаша айтқанда, Бекеңнің шыққан шыңына, биік-биік бел-белестеріне, әйгілі-әйгілі шығармаларына талдау жасаудан аулақпын. Тек қарапайым пендеге тән кейбір қылықтарын, қызық мінездерін еске түсіре кетпекпін.

    Мен Бекеңмен көп жылдар жолдас, дәмдес-тұздас болдым. Сонда байқағаным, сыйласқан адамға адал, ақжарқын еді. Әлдекімдей сырты жылтырап, іші түтінденіп жатпайтын. Не айтса да ашық айтады. Арамдық ойлап, аяқтан шалу дегенді білмейтін. Өзі ешкімге жалпаңдап жарамсақтанбайтын және ондайларды, екі жүзділерді, кімнің тарысы піссе, соның тауығы бола кететін бейшараларды өте жек көретін, бойын аулақ ұстайтын…

   Былай қарағанда, Бердібек екеуміз үш қайнаса сорпасы қосылмайтын екі түрлі мінездің адамы едік. Ол — отты сезімге, мен салқын сабырға тарта беретінбіз. Кей-кезде елпілдеп желпілдеп кетпейтін «шабандығымды» мысқылдап: «тартыншақ тайлақтай тақыстанып қайтесің, қорықпай-ақ», қой, Әлеке, менімен бірге жүрсең ашта болмайсың, абырой да алмайсың» деп жарқылдай күлетін…  Кейін, жиырма шақты жылдан соң, «Турксиб» санаториінде демалып жүргенде осы сөзді Мақан Садықовтан естіп, «Бердібек қашан аузыңа түкірген» деп қатты бір күлгенім бар. Ол да тас жаратын тәуекелден туғандай еркөңілді, анау-мынаудан тайсалмайтын тапқыр жігіт еді ғой. Сірә, Бекең екеуінің мінезі бірде болмаса, бірде үйлесіп қалатын болса керек…

    Сонау жиырмасыншы жылдары туған бәріміз сияқты, Бердібек  те қиындықты көп көріп өсті. Бірақ ұнжырғасы түсіп мойымай ақжарқын, көңілді жүретін. Әзіл-қалжыңды өте жақсы көретін. Қайдағыны қайдан табатынын, қалай қиылыстыратынын білмейсің! Әйтеуір бас қоса қалсаң езуіңді жидырмайтын. «Ой бұл ма, бұл «өлгенді де: он аунатып күлдірмей қоймайды» -деп тыңдағандар қайран қалатын. Ондай ортаның гүлі еді ғой. Тегінде туабітті қабілеттің құдіретіне не жетсін. Сөзге келгенде ерекше сиқыры бардай сезілетін. Бір дем сөйлессе, небір кербездерді сылқым, небір жүрісінен жаңылдырып, торғайдай аузына қаратып, табындырып тастайтын. «Бұған дауа жоқ, адам түгіл, жын-періңді де жүгендеп алғанын білмей қаласың» -деп күлетін құрбылары…

          Бір күні Бекең бөденедей бұлтиып шыға келді. Үстіндегі киімі өзіне ұнағанмен бізге сөкеттеу көрінді. Сонда да бір жағы көңіл үшін, бір жағы күлкі үшін: «Мынауыңыз біз көрмеген қымбат нерсе екен, жаңадан алдыңыз ба, құтты болсын?. -дестік. Ал Бекең біздің әзіл астарына «бәле» бүгіп, қасақана білмегенсіп, әдейі қар қағытып тұрғанымызды елеген жоқ. Шындығын жасырмай бүкпесіз ашығына көшті: «Е,е, қылқылдаған қулар-ай ә, талпақ танауларың жыбырламай-ақ қойсын. Бұл басқа емес, күнде киіп жүрген қаракөк мәуіт пальтоның өзі. Тек қазіргі модаға ықшамдалған үлгі-үрдіске лайықталған түрі, яғни бұрынғы тобығыңа төгіліп тұратын ұзын етегі айналдыра қиылып, қарыс сүйемдей қысқартылған түрі. Сондықтан сендерге әрі ерсі, әрі жаңа заттай көрініп, «құтты болсын, құтты болсын.» деп желпілдеп тұрғандарыңның себебі сол» деп қуақылана жымиды. Біз шошынғандай шұр етіп, безінгендей бейне таныттық: «Не дейсің, Беке-ау, етегін кесіп, ел айналдырғандай жаман ырым бастағаның не сұмдық?» -дестік үдірейгенсіп. Ол енді бізді келемеждеп сақ-сақ күлді: «Ой, бәсе ой, маубастарым-ай, он деймін-ау, сендердің мұрындарыңа мұндай жаңалық иісі қайдан бара қойсын?. Өңшең салпы етек, кең балақ қаперсі қарақтарым-ай», -деп мәз болды…

    Айта берсең, бала мінездері көп еді ғой. Кейде алданбасқа алданып, ашуланбасқа ашулана қалатын. Бірде, Алматыда тұрғанда, КазПИ-де оқитын студент құрдасымыз Кәрібаев Жөкен деген қуақы жігіт Бекеңе кездесе кетіпті. Асығыс амандаса салып: «Оу, Беке, әлгі Әлнұр жездеңнің қалін  біліп, көңілін сұрадың ба? Көктөбенің түбіндегі арқан бойындай жарқабақтан құлап, аяғын сындырып, мүлде қор болып, қалыптығой, бейшара», -депті. Бекең соған имандай илана кетіпті. Күн жексенбі еді. Қаланы аралайық деп киініп жатқанбыз. Есіктің алдына бір жеңіл машина тоқтағандай болып еді. Соның арасынша салдыр-гүлдір Бекең кіріп келді. Қол беріп амандасқанша: «ал халің қалай, аяғың қандай, көп болды ма өзі, тобан аяқ түйедей неғып тайып жығылып, мертігіп жүрсің?» деп бастырмалата жөнелді. Біз бірін ұқсақ, бірін ұқпай аң- таңбыз. Оған қарап жатқан Бекең жоқ: «Сенің кедейлігіңді ескеріп, әдейі такси алып келдім. Үйге жүріп қонақ болыңдар. Дастархан жаюлы тұр. Қане, тез жиналыңдар.» деп ай-шайға карамай алды да жөнелді. Сонымен өзінің алданғанын үйіне барғанда бір-ақ біліп: «ой, оның өзі ит екен», -деп кәдімгідей ренжіп қалды… Алдымызға тамақ келгенде туралған етті әрі бері қарбытып жіберді де: Қонақ тойса мен тойдым», -деп кейін ысырыла берді. Оған ыңғайсызданған зайыбы: «Ой, Беке, осы қалжыңыңды қойшы, айналайын, сырыңды білмейтін бөгде адамдар болса, мүлде қолайсыз жағдайға  қалады ғой» деп бәйек болды. Сөйтіп қылжақтасып отырғанда, сөзге айналып байқамаса керек, алдына қойған сорпаға аузын күйдіріп алып: «Ой, әкең… ыстық деп айтпайсың ба?, »деп Бекең быжылдады да қалды. Біз: «Ештеме етпес Беке, әзірше есеңді жібермей елден бұрын тойып алдың ғой. Тағы қарның ашқанша күйген аузың да жазылып кетер» -деп қыран-топан күлкіге баттық…

   Жоғарыда айтқандай, Бердібек екеуміз екі түрлі мінездің адамы едік. Бірақ бір-бірімізді шын жүрегімізден жақсы ұғысып, қалтқысыз сыйласушы едік. Көп ренжітпейтінбіз. Ағат істерімізді, артық-кем айтқандарымызды көңілге кір сақтамай кешіре беретінбіз.

  Ұзағырақ көріспесек, құшағымыз сағынышпен қауышатын. Содан да болу керек, менің зейнеткерлік демалысқа шығуыма байланысты жайылған дастархан басында Бекеңнің: «Жалғыз досым бар еді мен сүйенер, оның өзі болыпты пенсионер» -деп мұңдана күрсінгені бар… «Қайран азамат, қайран құрбы ертерек өттің-ау бұл фәниден», -деп мен де жиі күрсінемін!

Амал барма тағдырға?!

              Әлнұр МЕЙІРБЕКҰЛЫ,

      БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ

                   {Бердібек Соқпақпаев шығармалары желісімен}

Қарамаймын өткенге жоғарыдан,

Туған жерлік қашан да болам ұлан.

Болашақтың соқпағын бастағанмен,

Балалықтың кішкене торабынан.

Балалықтан кеңейіп өрісіміз,

Ұзартқанбыз өмірдің желісін біз,

 Сол кездегі сәтсіздік, сәттіліктен,

Құралғанды кейінгі жеңісіміз.

Апыл-тапыл аяңдап ес біле біз,

Ұлағатын үлкеннің естігенбіз,

Тентектікпен бәрін де жүре тыңдап,

Қатемізді кешірек, кеш білеміз.

Хан сарайға балаған қараша үйдін,

Төрінде сол тентектер аласұрдық.

Қайталанбас о да бір дәурен еді,

Бал қылығы бойына жарасымды.

Ойын-сауық мүлткісіз «меңгеріліп»,

Табандарға тас батып, шөңге кіріп,

Өңшең қара домалақ жарысушы ек,

Ағаш аттың жалында «өнгеріліп».

Шексіз-шетсіз қиялға берілетін,

Санамызда сан арман өрілетін,

Тасасында таулардың, қырқалардың,

Жұмбақ әлем жатқандай көрінетін.

Қармағында ақ балық туламаса,

Сәтсіздіктер сенімін шыңдамаса,

Жүріп өткен жерінде қаз қаңкылдап,

Аулалардың иттері шуламаса,

Балалықтың қандай бір мәнісі бар.

Біздің дәурен осылай танысып ал.

Жантасында жасықтау -пенделік көп,

Қожасының сотқарлау -намысы бар.

Өзін еркек сезініп төс те қағып,

Әр ауылда бір Сұлтан өскені анық.

Бұзауларды қуана қайтарғанбыз,

Қызды аулага «шатысып» кетсе «лағып».

Сол кезеңнің еске алсам белестерін,

Бәрін «балдай», «айқадай» демес те едім,

 Жүзімде бар соғыстың қайғы-мұңы,

Кезім де бар Ф30-ның елестері.

Тірлік бізді ертерек сынағанды,

Аз көрмедік тағдыры жылағанды,

Талай қимас жандармен қоштастырды,

Соқпағы мен өмірдің бұралаңы,

Табаныммен тоздырған тау, даланы,

Қайда сол кез, апыр-ау қайда қалды!

Өткенімнен жазайын естеліктер,

Сонда білем көңілім жайланады.

Жастық арман сезімді арбады ма…

Кеттік алыс, балалық, қалды ауылда,

Іздеріміз сақталған шығар бәлкім,

Қостөбенің көнерген тамдарында.

Көнерген там… сыры көп, мәнісі бар,

Мәнісін ұқ, жас ұрпак, танысып ал,

Аналардың ол жерде арманы бар,

Әкелердің қайтпайтын намысы бар,

Ескі таммен ден қойып таныс, ұлан!

Иемберді ТАСТАНОВ.

СЕНГІМ КЕЛМЕЙ ТҰРСА ДА

                       (Теледидар естірткендегі күйзеліс)

Сөнді деуге сенбес ем,

Амал бар ма?!

Торғай көңіл торға кеп қамалған ба?

Құла түзде кұйғытқан құлан еді,

Құлдырап кеп құлапты-ау ағам жарға

Жебір ажал желігіп, желпініпті,

Нұрлы жүрек сеніпті, дем тыныпты.

Қазақтың қара сөзі құлазыпты,

Қазақи әдебиет мертігіпті.

Сенбес едім, жүдеген күйге ермей,

Қайғы үстіне қайғыны үйе бермей.

Кеше ғана жарқылдап жүр еді ғой,

Артектен жаңа келген пионердей.

Енді кімге елігіп сыр ақтарам?

(Тікен болып қадалды-ау сұрақ{маған}

Даналықтың төріне дара барып,

Тұлғасы анау тұғырға тұрақтаған.

Тасқынынан тағдырдың тартынбаған,

Жастығының жалауын құлатпаған,

Аузына кеп ажалдын сұлапты ағам!…

Не болды екен!!

Япыр-ай, не болғаны!

Тосын хабар миыма қона алмады.

«Өлді» деген суық сөз қалтыратты,

Қарып кетті боз қырау-борандары…

Білмеуші едің жалтақта көлгірсуді,

Кергендей ем тәккаппар зеңгір шыңды,

Кей пендеге, мінезің жақпаса да

Талантыңа табынып, қол қусырды…

Енді міне жоқтайды байтақ елін,

Шын бағаңды –шындықты айтады елің.

Мынау тосын ажал ғой…

Әйтпесе сен,

Ауылға кеп қоштасып қайтар едің,

… Мен сеземін бұл өлім -сойқан өлім!..

«Сойқан өлім…

                                                                        Еркін ІБІТАНОВ

3 тамыз, 1994 жыл «Хантәңірі» газеті

Алдыңғы мақала
Келесі мақала
spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар