26.3 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

ЕҢБЕГІ ЕЛІНІҢ ЕСІНДЕ

         Күнделікті күйбең тірлік пен өтіп жатқан өмір, таң атса кеш батып зырлаған уақыт өткен күнге мойын бұрғызбайды. Бір уақыт өткен күндерді сараласаң ойыңа көп нәрсе оралады. Соның ішінде өмірден өткен адамдар да еріксіз еске түседі. Жақсылап ойлансақ, Райымбек ауданында сен тұр мен атайынның азаматтары баршылық. Есімі ел есінде сақталған абыройлы ағаларымыз да көп. Бүгінгі әңгімеміздің өзегі, тақырыбымыздың тұздығы жоғарыдағыдай азаматтардың бірі болған -Құдабаев Ерлан Әкімбайұлы болмақ.

         Ерлан Әкімбайұлы жайлы кімнен сұрасаң да бірінші іскерлігін, сабырлылығын, адамгершілігін алға тартады. Кез-келген адамның көңіл көзінен жайдары жүзімен орын алған ағамыздың өмірден өткеніне де бір жыл уақыт болыпты. Қаталдау уақыт бір тоқтам жасамайтыны белгілі. Өз арнасымен тынып ағып жылжи бермек.

         Е. Әкімбайұлы менің көз алдымда аудандық мәслихаттың хатшысы болып сақталып қалды. Себебі, ол кісіні танығанда солай танып, ол кісі өмірден өткенше солай көріп жүрдік. Сөйлеген сөзі, істеген істері көпті көрген, тәжірибесі мол, білімді кісі екенін дәлелдеп тұратын. Бір ашуланып, асығып-үсігіп, сүрініп-жығылып жүргенін көрмеппін. Байқауымша барлық  істі ақырын жүріп, анық басып, байыппен бағамдап барып тындыратын кісі болса керек. Көп сөйлемейтін еді. Қазір ойласам, «терең өзен тынып ағады, салдыры көп арба көпке шыдамайды»- деген қазақтың сөздері есіме түсіп отыр. Ауданда қандай жиын болсын, жақсылық болсын басы-қасында Ерлан ағамыз жүретін.

         Аудан жаңа бөлініп, өз еншісін енді алып жатқан кез болатын. Іс-сапармен ауданымызға сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов келді. Халықпен кездесіп, ауданды аралап көріп жүрді. Әдеттегідей Ерлан ағамыз облыс басшысының қасында бірге жүр. Нарынқол ауылынан салынатын құрылыс жұмыстарын жоспарлап, ақылдасып жатты. Сонда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Ерлан ағамызға қарап «Ерлан қазақта Ескі арба көпке шыдайды деген сөз бар. Енді сен осы ауданның жанашыр азаматтарының бірісің, аудан тарихын, ауданның жұмыс бабын бес саусағыңдай білесің, артыңдағы інілеріңе көмектес, ақылыңды айт, жаңа ауданды аяғына нық тұрғызады деп сенемін», -деді. Ерлан ағамыз басын изеп, сәл жымиды да қойды. Ол кезде жүрісі, сөзі, іс-қимылы бәрі ширақ еді. Арада біраз уақыт өткен соң ҚР Парламенті палатасы мен жергілікті мәслихат депуттарының сайлауына дайындық басталды. Сол кездегі «Nur Otan» партиясы қолға алған, партия тарихындағы ірі саяси оқиғаның бірі – партияішілік іріктеу – «Праймериз» өткізу басталды. Праймеризде Ерлан ағамыз модератор болып жүрді. Аптаның бес күнінде бірге жүрдік. Партия мүшелері әр ауылдық округтерді аралап, оның ішінде мекеме қызметкерлерімен және халықпен кездесіп, жиындар өткізді. Сол кездерде Ерлан ағаның денсаулығы сыр беріп бастаған болатын. Соңғы жиындарда ентігіп, сөздері анық шықпай, көңіл-күйі де түсіңкі болып жүргені есімде қалыпты. Бұл соңғы жылдардағы жағдай.

Ал енді ағамыздың жалпы өмір жолына келсек  1956 жылы Талас ауылындағы Құдабаев Әкімбай мен Әртай апамыздың отбасында дүниеге келген. Әкімбай мен Әртай апамыздың отбасында Ерлан ағамызға дейінгі дүниеге келген сәбилер көп ұзамай шетіней беріпті. Ерлан ағамызда өте әлсіз бала болып ата-ана, туған-туыстардың зәрелері зәр түбіне кетеді. Кейіннен оңалып оңшалғанда әкесі Әкімбай қазақтың ырымымен өз ұлын балалы бола алмай жүрген інісіне берген. Көп ұзамай жақсылық жұғысты болып Әкімбай атамыздың інісі де балалы болып, бала Ерлан өз әке-шешесінің қолына келеді. Біреулер білсе, біреулер біле бермес Ерлан ағамыздың туыла салғандағы қойылған аты Теміржан болған. Кейіннен сол кездегі аудан хатшысы Мақашев малшыларды аралап жүріп сәби Теміржанды көріп, атын сұрап Әкімбай ақсақалға баланы Теміржан емес Ерлан деңдер деп содан Теміржан аты Ерланға ауысыпты.

         Ер жетіп еңбекке жараған Е. Құдабаев еңбек жолын 1973-1975 жылдары Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Киров атындағы колхозда колхозшы болып бастаған.

         1975-1977 жылдар аралығында Совет Әскері қатарында әскери борышын өтеді.

         1977 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Киров атындағы колхозда колхозшы болып істеді.

         1978 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына қабылданып, аталған институтты 1983 жылы бітірді.

         1983 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Киров атындағы колхозда зоотехник-селекционер, 1986 жылдан аталған колхозда бас зоотехник болып істеді.

         1985 жылы Мәскеу қаласындағы Тиммирязев академиясында білім жетілдіру курсында оқыды.

         1987 жылы Бүкіл Одақтық кәсіподақтарының XVIII-съезінің делегаты болып сайланды.

         1988 жылы Тегістік совхозында партия ұйымының хатшысы, 1990 жылы Нарынқол аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Нарынқол аудандық партия комитетінің пленум, бюро мүшесі болып сайланды. 1991 жылы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болды.

         1991 жылы Халық депутаттары Нарынқол аудандық атқару комитетінде тексеру комиссиясының төрағасы болып істеп, бірнеше рет аудандық Кеңес депуттағына сайланды.

         1992 жылы Нарынқол аудандық агроөнеркәсіптік кешені қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы, 1992 жылы Тегістік ұжымдық шаруашылығының төрағасы, 1995 жылы Шәлкөде ауылдық округінің әкімі, 2000 жылы Қарасаз селолық округінің әкімі, 2000-2003 жылдары Шәлкөде ауылдық округінен құрылған «Бек» шаруа қожалығында зоотехник, кейін 2003 жылы Шәлкөде ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-іс басқарушы, 2008-2011 жылдары Райымбек ауданы Шәлкөде округінің әкімі болып қызмет атқарды.

         Райымбек аудандық мәслихатының I, V, VI, VII шақырылымының депутаты болып сайланды. Райымбек аудандық мәслихатының хатшысы болды.

         Міне осындай қызметтер атқарып елінің есінде қалған Құдабаев Ерлан Әкімбайұлы 1983 жылы Қаз ССР-і оқу министрлігінің «Құрмет» грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20, 25 жыл», Қазақстан Республикасының Мәслихаттарына 20, 25 жыл», Қазақстан Республикасының Конституциясына 20, 30 жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен, Райымбек ауданы әкімінің бірнеше Құрмет грамоталарымен марапатталды.

         «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты. Райымбек, Кеген аудандарының Құрметті азаматы болды.  

         Еңбегі мен марапаты бір төбе, ел есінде адамгершілігімен қалу бір төбе. Түптеп келгенде, бұның бәрі адам бойындағы тәрбиеге саяды. Тәлімі мен тәрбиесі жанасқанда ғана адам баласы өз-өзін басқара алады.

Қазіргі таңда ағамыздың артында 3 қыз 2 ұл қалды. Балаларынан 7 немере көрді. Ұл-қыздарының барлығы да әке жолын қуған салиқалы ұрпақтар. Адам ұрпағымен мың жасайды демей ме артындағы ұрпақтары мен жақындары аман болсын.

Марқұм ағамыздың иманы жолдас, жаны Жәннаттың төрінде болсын!

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ 

АЗАМАТТЫҒЫ ӘЛІ ЕСІМІЗДЕ

         Мен Ерланмен жақын араласқаным, Ерекең аудандық мәслихаттың депутаты, әрі аудандық мәслихаттың хатшысы болған кез еді. Ерлан ол кезде Шәлкөде және Қарасаз ауылдарына қарайтын. Депутаттық сайлауға осы ауылдардан түскен болатын.

Қарасазда мәдени шаралар көп өтетіні бәрімізге белгілі. Сондай шараларда жиі жолығатын едік. Ерекең сол шаралардың өтілуіне, сондай-ақ, ауылдағы әр түрлі шешілмеген мәселелерді шешуге көп көмегін тигізді. Ауылдағы халықтың ұсыныс талаптарын жоғарыдағы азаматтарға уақтылы жеткізіп отырды. Соған байланысты берілген тапсырмалардың орындалуын қадағалап отырушы еді.

Ерлан мәслихаттың хатшысы болып тұрған кезде Қарасаз ауылындағы мәдениет үйі, Мұқағали мұражайы, мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Осыларға Ерланның оң ықпалы болды деп айтсақ қателеспейміз.

Ерлан Әкімбайұлы аудандағы барлық шараларға, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына белсене араласты. Әсіресе біздің ауданның бөлінуіне белсенді азаматтармен бірлесе отырып ерекше жұмыс істеді. Сол азаматтардың арқасында 20 жылдан кейін ауданымыз өзімізге оралды. Міне, бүгін Райымбек ауданының халқы осы жүйелі жұмыстың жемісін жеуде.

 Ерланның жарқын бейнесі, азаматтығы бәріміздің есімізде мәңгі қалатыны сөзсіз. Ерлан адал, өз ісіне шын берілген, тура сөйлейтін нағыз азамат еді. Жатқан жері жайлы, жаны Жәннатта болсын!

         Артында қалған бала-шағасына, жарына, туған-туыс, бауырларына амандық тілеймін!

Әділжан НӨКЕЕВ,

зейнеткер ұстаз,

Қарасаз ауылы

АСЫЛ АҒА БЕЙНЕСІ

Уақыт… Қайта оралмас жылдар. Әр атқан таңға «шүкіршілік» ететін күндер. Баға жетпес минуттар мен мезеттер… Осылай уақытымыз өтіп жатыр.

Бір кем дүние деген осы екен ғой. Бүгін бар, ертең жоқ.  

Қусаң жеткізбейтін, қашсаң құтқармайтын мынау жалған дүние кеше ғана арамызда ағалық ақыл-кеңесін айтып жүрген іскер басшы, ардақты әке, абзал жан Ерлан Әкімбайұлының өмірден озғанына бір жыл толыпты.

Ерекең өмірден өтсе де, оның сыпайы да, жайдары жүзі көңілімізден бір сәт өшпек емес.  

«Қайғыны бөліссең, азаяды» деуші еді халқым.  

Ерлан Әкімбайұлымен ұзақ жылдардағы қызметтес әріптесі ретінде өзімнің естелігімді ұсынуды жөн көрдім. 

Өйткені туған елі мен жеріне бар өмірін арнаған, өзінің күш-қуатын, ерік-жігерін, білімі мен білігін арнап, фәни дүниеден бақи дүниеге көшкен ел ағасы Ерлан Әкімбайұлы мақтауға да, көптің сый-құрметіне де лайық жандардың бірі деп есептеймін. 

 … 1988 жылдың көктемі. Аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің инспекторы болып қызмет атқарып жүрген кезім еді.

Бір топ қызметкерлер әдеттегіше сенбілікке шығып, кеңсе ауласында көктемгі санитарлық тазалық жұмыстарын  жасап жатқанбыз. Ғимаратқа сұңғақ бойлы, ат жақты жас жігіт кіріп бара жатты. Жігіттердің арасынан біреуі бұл азамат Киров атындағы колхоздың бас зоотехнигі Құдабаев Ерлан деген азамат «Тегістік» қой совхозына партия ұйымының хатшысына ұсынылып жатыр деп күбір етті.

         Ерекеңді алғашқы білуім осылай басталып еді.

         Өзін білімді де білікті басшы ретінде көрсете білген Ерлан Әкімбайұлы көп ұзамай араға екі жыл салып, 1990 жылдың наурыз айында партком хатшысынан Нарынқол аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып сайланды.

         Ерекең халықтық бақылау комитеті таратылған соң 1991 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарды.

          1991 жылдың тамыз айында Ерлан Әкімбайұлы халық депутаттары Нарынқол аудандық Кеңесінің тексеру комиссиясына төрағасы болып сайланды. Бұл кезде мен аудандық Кеңестің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі едім. Осы кезден бастап Ерекеңмен қоян-қолтық қызметтес болып, оның азаматтық қасиеттерін, білімі мен біліктілігін танып, біле бастадым.

1992 жылдың наурыз айында Нарынқол аудандық агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағының төрағасы болып сайланды.

1992 жылдың тамыз айынан 1995 жылдың қыркүйек айлары аралығында  Тегістік ұжымдық шаруашылығының төрағасы, 1995-2012 жылдары аралығында Шәлкөде, Қарасаз ауылдық округтерінің әкімі, «Бек» жеке шаруа қожалығының төрағасы, Шәлкөде  ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-іс басқарушысы қызметтерін атқарды.

Осы кезеңдер Ерекеңнің өмір жолында ең бір қиын кезеңдер болды.

Жан жары Гулнардан айырылды, қызметте жүріп неше түрлі құйтырқы әрекеттерге жолықты. Дегенмен, мойымады, өзін де, өзгені де жеңе білді.

2012 жылы қаңтар айында бесінші сайланған Райымбек аудандық мәслихатының хатшысы болып сайланды. Ерекең мәслихатқа келгенде мен  мәслихат аппаратының басшысы қызметінде едім. Араға жиырма жыл уақыт салып қайта қызметтес болдық.  

Ерекең үш шақырылымда Райымбек аудандық мәслихатың хатшысы болып еліне қызмет жасады.  2022 жылғы 11 ақпанда денсаулығына байланысты қызметтен кетті.

Ерлан Әкімбайұлы аудандық мәслихаттың хатшысы қызметінде көптеген игі істердің басы-қасында болды.

Сарыжаз ауылындағы Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы орта мектептің жаңадан бой көтеруіне атсалысты. Нарынқол ауылының аудан орталығы болып қайта түлеуіне бастамашыл болған азаматтардың қатарында болды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылы болып  өзгертілгенде алғашқылардың бірі болып көштің басын бастады.

Ерекеңнің ең басты қасиеті жиналыстарда сөйлейтін сөзін, баспасөзге беретін  құттықтауларын өзі даярлайтын.  

Асыл аға бейнесі туралы қысқаша естеліктерім осындай.

Ендігі жерде жаны жайсаң ағамыздың  жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

«Орнында бар оңалар» демекші шаңырағының отын өшірмей, түтінін түтететіп отырған асылдың сынығы, айдынның тұнығы болып артында қалған бала-шағасына Ерекеңнің жасамаған жасын, көрмеген қызықтарын тілейміз.

Қазақта «Әруақ разы болмай, тірі байымайды» деген даналық сөз бар.  Ендеше Ер есімі – Ел есінде болсын демекпін. Ерекеңнің әруағы риза болсын!

                                   САРЕТБАЕВ  Ғабит Болатұлы,

әріптес інісі

«ЕРЕКЕҢМЕН КӨРШІ ТҰРДЫМ»

         Мен Ерлан Әкімбайұлымен жұмыс барысында таныстым. Қызмет бабымен араластық. Жаңылмасам, 1988-1996 жылдары арасында Нарынқол ауылында көрші тұрдық. Сол жылдары бір кісідей араластық. Отбасымызбен сыйластық. Бір көмбе нанымызды бөліп жедік. Марқұмның адамгершілігі мықты еді. Сыйласқанға да, сырласқанға да таптырмайтын жігіт. Өте адал болатын.

Нарынқолда көрші тұрып жүргенде бір күні Ерекең жұмыс бабымен Тегістікке көшетін болды. Заттарын жинасып, улап-шулап жүріп Тегістікке көшірістік. Машинаммен Тегістікке апарып тастадым. Содан кейін аудандық жиындарда жиі жолығып қалатынбыз. Құшақ  жайып амандық сұрасып, уақыттың тығыздығына қарамастан қалжыңымызды айтып, әңгіме дүкен құрып та үлгеретінбіз. Кейіннен аудан қосылып орталық Кеген ауылы болған кезде де араласып жүрдік.

Бір есімде қалғаны, марқұмның қолы ашық еді, сондай жомарт болатын. Қолында барын аямайтын, көмек сұрай барсаң көңіліңді қалдырмаушы еді. Жақсының жақсылығын айт демей ме талай жақсылығын да көрдік.

Ерекең сол жақсылықтарымен есімізде қалды ғой. Шын мәнінде жақсы адам болды.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Артындағы жақындары аман болсын!

СЫДЫҚБАЕВ Берік Ұйқасұлы,

аудандық мәслихаттың депутаты

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар