26.3 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

ШИПАЛЫ СУ-ҚИСЫҚ АРАСАНЫ

АВТОР ЖАЙЛЫ

     Ауданымыздағы киелі мекені, қасиетті арасан-Қисық арасаны жайлы көп естігенімізбен, нақты ақпараттар көпшілік үшін беймәлім. Назарларыңызға қасиетті Қисық арасаны жайлы арнайы халықаралық конференцияларда талқыланған  ғылыми мақаланы ұсынамыз. Мақала авторы – Шәлкөде ауылының тумасы, педагогика ғылымдарының кандидаты – Әбдіқадырова Ғалия Санаққызы. Ғалия Санаққызы 1968 жылы 22 шілдеде Алматы облысы Райымбек ауданы Шәлкөде ауылында дүниеге келген. 1975 жылдың 1-ші қыркүйегінде “Киров” атындағы орта мектептің 1 сыныбына қабылданып, мектептің 10 сыныбын 1985 жылы аяқтаған. 1987 жылы Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетіне оқуға түсіп, 1993 жылы аяқтаған. Еңбек жолын Шәлкөде орта мектебінде химия пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2003 жылы “Химия пәнін оқытуда халықтық педагогика элементтерін пайдалану әдістемесі” тақырыбында диссертация қорғап, 2003 жылдан бері педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесінде. 2006 жылдың қыркүйегінен бастап, Райымбек ауданы “Т. Жанұзақов атындағы орта мектепте” химия пәнінің мұғалімі ретінде қызмет атқарып келеді. 2019 жылы “Білім беру ісінің үздігі” төсбелгісімен, 2021 жылы Астана қаласында Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің “Құрмет грамотасымен” марапатталған.

«ХАНТӘҢІРІ»

                               ШИПАЛЫ СУ-ҚИСЫҚ АРАСАНЫ

  Мен Райымбек ауданының тумасымын, шұрайлы Шәлкөде ауылы-кіндік қаным тамған киелі мекен. Шәлкөде аңғарынан солтүстік-шығысқа қарай 23 км қашықтықта орналасқан қасиетті “Қисық арасанының” атауын білгенімен, емдік қасиеті мен тарихынан көп адамдар  бейхабар. Аталған арасанды зерттеудегі мақсатым- туған өлкемнің қойнауынан, табиғат өзі сыйға тартқан шипалы, “Қисық арасаны”- суының химиялық, физикалық құрамын анықтау, оның емдік қасиеттерін зерттеп, халық игілігіне пайдалану.

     Қисық арасанының жер бедері жазықтар мен ойпаттардан, аласа-биік таулардан тұрады.  Қисық арасанның едәуір бөлігі жазық болып келеді, оның оңтүстік-шығысында биік шатқал таулар бар, батысқа қарай да биік таулармен жалғасып жатады. Теңіз деңгейінен биіктігі көптеген факторларға, атап айтқанда, тау жыныстарының пайда болуы мен құрамына, олардың жату пішіндеріне, уақытына және оларға жердің ішкі және сыртқы күштерінің әсер етуіне байланысты. Жер бедерінің қалыптасуына сыртқы күштер, атап айтқанда, ағын су мен желдің әсері көп. Жер бедерінің  күрделілігі климаттың, су жүйелерінің, жапырақтың өсімдік пен жануарлар дүниесінің қалыптасуына әсерін тигізеді. 

     Жалпы біздің планетамыздың бетіндегі су тұзды және тұщы болып екіге бөлінеді. Жердің беткі қабаты шамамен 72% тұзды су қаптап жатыр, бұл жер жүзіндегі барлық судың 97,2%-і болып келеді. Полярлы мұздарда судың мөлшері жуық шамамен 2,1%-ке сәйкес келеді. Көлдегі, өзендегі және жер асты тұщы суларының мөлшері тек қана 0,6% болып саналады. Қалған 0,1% су тұзды судың құрамына ұңғымалардан  және тұзды сулардан қосылады.

    Су (сутектің тотығы Н20 ) сутек пен оттектің қарапайым тұрақты қосылысы. Судың молекулалық массасы 18,0 судың құрамындағы 11,9%  сутек және 88,81% оттек бар. 1783 жылы француз физигі Лавуазье судың күрделі зат екенін анықтаған.

    Судың басқа химиялық қосылыстарға қарағанда физикалық қасиеттерінің бірнеше ерекшеліктері бар. Барлық сұйық және қатты заттардың ішінде судың меншікті жылу сыйымдылығы бәрінен үлкен.

     Судың басқа заттардан тағы бір өзгешелігі, оның тығыздығы, салқындатқанда басқа заттардағыдай үздіксіз өсе бермейді. Судың тығыздығының ең үлкен шамасы — 4°C болады. Ішуге жарамды судың тазалығы-адамның денсаулығының кепілдігі. Оның иісі мен дәмінің өзін ескермей тастауға болмайды. Д.И. Менделеев жазған: «Ішуге жарамды судың тазалығы, оның құрамында аз мөлшерде газ тәрізді, органикалық және минералды заттар болуында».

   Осы ғылыми пікірдің дәлдігін Шәлкөде өңіріндегі су көздері анықтап отыр.

     Шәлкөде өңіріндегі жер асты сулары, судың 0,6%-ын құрайды.

    Арасан суы Шәлкөдедегі үлкен Дардамбы өзеніне келіп құяды. Бір таңғаларлығы, бұлақ суы қыста қатпайды. Қысы-жазы шілденің аптап ыстығында тұрақты температурада болады. “Қисық” деп аталуы орналасқан жер жағдайына байланысты аталған, ал бұл арасанның емдік қасиетін ата-бабаларымыз ерте кезден-ақ,  деректерге сүйенсек осыдан бір ғасырдай бұрын пайдалана бастаған. Қисық арасанына барар жолда тарихи ескерткіштер бар. Ол жерге біздің заманымыздан бұрын  XVIII ғасырда өмір сүрген Түгелбай Әденұлы атамыз жерленген. Ол кісінің зиратына алыс жерден келіп тәу етушілер көп. “Қисық арасан” суы мөп-мөлдір, таза, дәмі жоқ, сіңімді. Судың айналасында қара батпақтар бар.  Осы батпақтардың құрамын анықтау мақсатында мен суға физикалық, химиялық сарапатама жасай отырып, қандай емдік тұздар, қосылыстар бар екеніне зерттеу жұмыстарын жүргіздім.

    Ауылдан қашықтау, бару жолы қиындығына қарамай, емдік жүйені дұрыс жолға қою мақсатында, жылдың төрт мезгілінде су құрамы жеке-жеке зерттелді. Мектеп жағдайында зерттелінген судың құрамының дәл екендігін анықтау мақсатында, ғылыми орталықтардағы зертханамен байланыс жасау арқылы суға толық сараптама жасалынды. Зерттеу қорытындысы төмендегідей:

       Су түссіз, иіссіз, мөлдір. Су температурасы -7°C

       Судың ортасы PH-8

       Құрамында:

       Катиондар: NA+, K+, Ca+, Mg+, Fe2+,Fe3+

       Аниондар: CI-, SO4, NO3-, CO3 қанша мөлшерін, қандай қатынаста бар екендігі айқындалды.

    Тым тұщы су денеміздегі сүйек ұлпасын түзетін  кальций тұздарын ерітіп, шайып әкетеді. Осыны ересектерден де сәбилер жақсы сезіп, тұз жетпеген кезде қабырғадағы әкті топырақты жей бастайды. Ал тұз жетіспесе тіс жегісі, кариес, зоб, қалқанша бездің ұлғаюы сынды ауруларға шалдығады.

   Судың иондық құрылымы оның маңызды геохимиялық қасиеттерін анықтап ішуге, емге жарамдылығын көрсетеді. Шипалы су жайында халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда емдік құрамы, қасиеті тәжірибе жүзінде көрсетіліп, әр түрлі баспасөз беттерінде жарық көрді. Сонымен қатар, емханалармен байланыс жасап, емхана меңгерушілері мен емделушілердің оң нәтижелері де, пікірлері де алынды. Қисық арасанның химиялық құрамы анықталғанға дейінгі статистикалық мәліметтерде емделушілер пайызға шаққанда 18% болса, зерттеу нәтижесінен кейін 37% ға өскен. Осы уақытқа дейін арасан суының химиялық құрамы анықталмаған, жалпы бақылау, зерттеу жұмыстары жүргізілмеген.

    Қисық арасан суы еліміздегі өзге де шипалы арасан суларымен деңгейлес. Асқазан, бүйрек, бауыр, қалқанша бездің ұлғаюы, анемия, әр түрлі себептерден туған полиартрит, радикулит, өт жолдарының қызметін жақсартатын қасиеті бар. Қисық суы мен батпағы тері ауруларына таптырмайтын ем. Күбіртке, қышыма, қотыр, псориаз, дермотит, сары жараға батпақ пен судағы (SO4, Ba, CI6 S т.б) иондарға байланысты. Қисық суын пайдалану, емдеу жүйесін дұрыс жолға қою үшін дерматолог, ревмотолог, уролог, дәрігерлерінің тікелей араласулары маңызды. Кез келген емші немесе емделуші өздігінен пайдалана алмайды. Бір өкініштісі, емделушілер санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтамағандықтан, табиғи байлығымызға үлкен зиян келуде. Қорыта айтқанда, алдағы уақытта қисық суын пайдалануды дұрыс жолға қою, табиғи байлығымызды сақтап, тиімді пайдалану үшін қамқорлық пен мемлекеттік бақылау керек.

ӘБДІҚАДЫРОВА Ғалия Санаққызы

Педагогика ғылымдарының кандидаты,

Т. Жанұзақов атындағы орта мектептің химия пәні мұғалімі

Алдыңғы мақала
Келесі мақала
spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар