0.5 C
Нарынкол
Понедельник, 27 мая, 2024
No menu items!
Маңызды

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК, ҚАҒЫСЫ ЕРЕК – НҰРАҒА

1 сәуір – қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші-композитор, дирижер, домбырашы халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Осы орайда, қазақ мәдениетінің қайраткері, Іле аудандық Мәдениет үйінің дәулескер күйшісі, Нұрағаның шәкірті Нураков Асхат Сатыбалдыұлымен күйші туралы естелік-сұхбатын оқырманға ұсынамыз.

  • Аға, Нұрғиса Тілендиевпен алғаш қашан кездестіңіз?
  • Ең алғаш Нұрағаңмен танысқанда училищені бітіріп жатқан кезім болатын.  Мамыр айында сайыс өтіп, Құрманғазы оркестріне жұмысқа орналастым.  Жанымда Жексен Нуржаубек деген домбырашы болды. Отырар сазының концерт министрі (музыканттар тілімен айтқанда), ең бірінші пульта отыратын домбырашы Жексен Нуржауов деген кісі болатын. Жексен ағамыз: «Әй бала, сен Нұраға тірі тұрғанда сол кісінің жанында жүріп, көзін көруің қажет!» — дейтін. Ол кезде Нұрағаның мінезі қиын деп айтушы еді. Содан сескеніп, «Қойыңызшы аға, бармаймын» — деп айтқан-тұғым. Жексен аға «Қорықпа. Бар, көр» — деп айтқанынан қайтпай, «Отырар сазына» ертіп апарғанда, ол кісі жұмыс орнында болмады. Екінші рет барғанда, жобасы 90-шы жылдары, Нұрағаның басы ауырып отырды. Сол кезде Жексен аға «Нұраға бар екен, жүр кірейік» — деп жанына ертіп алды. Мен ол кісінің мінезі ауыр дегенді естіп, кіруге қорықтым. Нұрағаның мысы басым. Кабинетіне кіргенімде «Ал, бала, тарт» — деді. Домбыраны қолыма алып, Динаның «Қарақасқа ат» күйін тарта жөнелдім. Ортасына келгенімде, тоқтатып тастады да, руымды сұрады. Руым — Найман, оның ішінде Мұрын екенін айттым. «Сен осы «Әлқисса» күйін білесің бе?» — деп сұрады. Білемін дей бергенімде, бір дестен соны тартуымды сұрады. «Әлқиссаны» тартып едім, орнынан атып тұрып, маңдайымнан бір иіскеді. «Бала, қайда барсаң да ең бірінші осы «Әлқиссаны» тарт, одан кейін қалған күйіңді орында, жұмысқа қабылдандың» — деп оркестрге қабылдады. Жексен ағама «Мына баланың жалақысын жоғары жаса, алдыңғы қатарларға отырғыз» — деп 20 жасымда «Отырар сазы» оркестрінің қатардағы домбырашысы етіп жұмысқа қабылдады. Бұл оркестрде Нұраға дүниеден өткеннен кейін де біраз жыл жұмыс істедім. Қарап тұрсам, 14-15 жылдай оркестр құрамында өнер көрсеткен екенмін.
  • Ақын, композиторлардың музасы болу қаншалықты маңызды? Нұрғиса Тілендиев ұстаздық еткенде осы жайлы сөз қозғаған ба еді?
  • Нұрағам бір сөзінде халыққа танымал «Куә бол» әнінің шығу тарихын баяндаған еді. Бутаковкаға барғанда жары Дариға Тіленді келінін тасқа отырғызып, аспандағы айға, жұлдызға қарап, айналасын көзімен шарпып өтіп «Куә бол» әнін жан жарына арнап шығарған екен.  Ал, өнер адамының музасына келер болсақ, әр шығармашыл жанның музасы өзінің ішкі тебіренісінен, сезімінен туатындықтан, ол кісі бізге бұл турасында ештеңе демейтін. Бірақ Нұрағаға қарап-ақ сабақ алатынбыз. Өзімнің де біраз шығарған күйлерім бар, бірақ оларды әлі жарыққа шығарғаным жоқ. Кезі келгенде көрермін.
  • Ұстаздың шәкірттеріне айтар өзіндік кеңесі болады. Атақты композитордың шәкірті болып жүргеніңізде осындай есті сөздерін естіген бе едіңіз?
  • Кенен Әзірбаев ауылында (бұрынғы Покровка) менің ата-анам тұратын. Нұраға демалыс күндері үйіме қонып, жайылған дастархан үстінде қолыма домбыраны ұстатып, тартқан күйлерімді түзететін.  Мына дыбысты былай ал, қағысты былай тарт деп ақыл-кеңесін айтатын. Бұл кісінің айтқан ақыл-кеңестерінің шын бағасын мен секілді өнер адамдары түсінетін шығар деймін.
  • «Нұрғиса Тілендиевтің талантты екенін, тұла бойы тұнған саз екенін көру үшін онымен бір рет қана дидарласып көрісу жетіп жатыр» — дейді Әбдіжәміл Нүрпейісов. Сіз ол кісіні алғаш көргенде болмысының өзгеше екенін бірден аңғардыңыз ба?
  • Ол кісі сахнаға шыққанда көрерменнің өзі Нұрағамен ілесіп ән шырқап кетеді. Ол кісі оркестрмен жетекшілік еткенде залда бірде-бір дауыстың шыққанын естімейсің. Тек әуеннің, музыкалық аспаптардың ғана даусы күмбірлейді. Ол кісінің құдіреті өте күшті болатын. Тұла бойы тұнып тұрған саз-әуезді Нұрағаны көріп, құлағыңмен естігенде, елітіп әкететін сезім тұңғиығын сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін емес. Құдды бір, адамды өзгеше болмысымен өзіне байлап алатын іспетті.
  • Ұстазыңға еріп жүрген кездегі басыңыздан өткен қызықты оқиғаны айтып берсеңіз.
  • 90-жылдары  көлік өзі санаулы ғана адамдарда болды. Менің өзімде бір жигулиім бар. Сол көлікпен Нұрағаңды жұмыстан әкеліп, әкетіп жүрдім. Ол қайда барса да жанына жіпсіз байланып, қасынан қалмайтынмын. Одан бөлек, 90-жылдары жалақы аз болғандықтан, оркестрден бөлек көлік жүргізуші болып ақша тауып жүрдім. 1 айлық жалақыны адам тасып жүріп, бір-ақ күнде табасың. Біздің жұмыс түскі екіге дейін болады. Екіден кейін боссың. Содан үйге келіп бір мызғып, аэропорттан адам алып, Бішкекке  түнімен барып келдім. Ертесі Нұрағаны үйінен алып, жұмысқа бірге бардық. Көлікте отырғанда ол кісі менің көлігімнің спидометріне жиі қарайлап отыратын. Жады өте мықты, тез жаттауға бейім кісі болды. Ауыл арасындағы жолдың қашықтығын санба-сан білетін.

Жұмысқа дейін хал сұрасып, жақсы сөйлесіп келдік. Бірақ жұмысқа келіп, оркестр қатарына қосылғанымда,  маған қарап «Извозчик, (мені солай атайтын), тұр!» — деп айғай салды. Мен селк етіп, орнымнан атып тұрдым. Сонда Нұраға  «Кеше мені үйге апара жатқанда, спидометр көрсеткіші осыншама километр болатын, бүгін әкеле жатқанда қарасам бәлембай километрді көрсетіп тұр. Бір күнде мың шақты километр жүріп тастаған. Сонда бір күнде қайда барып келді. Бұдан қандай дауыстар шығады» деп ана күйді, мына күйді тартқызды.  «Отырар сазының» өзіндік төлқұжатына айналған «Ата толғауы» күйімен концерттің шымылдығын ашып, соңын «Махамбетпен» аяқтаймыз. Солай әңгіменің аяғын, түк болмағандай, күймен жалғап кеттік.

  • Сіз танитын Нұрағаның мінезін сипаттап беріңізші?
  • Жақында ол кісі туралы кино шыққан. Кинодағы Нұрағаның образы шынайы бейнесіне сай келмейді. Ол туындыда көрсетілгендей, ашушаң, агрессивті адам емес. Нұрағаң қалжың мен әңгіменің тігісін жатқызып, күлімсіреп жүретін адам еді. Ал жоғарғы лауазымды кісілерді қуып жүргенде, аяқтарын бір етікке бір-ақ тығатын. Елден естігеніміз бойынша басында мінезінен қорқып жүрсек, өмірде ондай емес екенін жүздескеннен кейін білдік.  Сөзімнің дәлелі ретінде сізге бір оқиғаны баяндап берейін. Нұрғиса Тілендиевтің «Жүрегім менің» атты Майгүл Қазтұрғанованың орындауындағы әні бар. Бұл ән орындалғанда концерт барысында дәстүр бойынша ән соңында Нұрағаң жүрегіне қолын қойып шығып кететін. Айта кететін жайт, ағамыз солақай еді. Осындай концерттің бірінде, Оркестр орындауын бастап, «Қайран менің жүрегім» деген жерін айтқанда, Нұраға шатастырып, сол қолын оң жағына қойып алған. Сол кезде Сәкен Абрахманов деген Нұрағаңа жақын адам «Шеф, сол жақ қой, сол жақ қой» деп сол жағын көрсетсе, «Әәә, мына жақ қой» деп сол жағын ұстап, саспай шығып кеткен еді. Міне, болмысында ешқандай жасандылық жоқ, ақкөңіл кісі болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
  • Гастрольдік сапарларда жүргенде келеңсіз жағдайларға тап болған кездер болды ма?
  • Әрине, бір күні гастрольдік сапармен Төле биге бардық. Ол кезде оркестр мүшелері  сазсырнай іспетті кішкене аспаптарды қалтасына салып жүретін. Олардың қатарында үрмелі кішігірім аспап месқобыздың мүштегі болатын. Оны Қайсар жоғалтып алып, «Нұрағадан таяқ жейтін болдым» деп, сол кезде тапырақтаған еді. Бәріміз жабылып жүріп жоғалған аспапты таппадық. Концерт басталды. Әуен ортасында таяй бергенде, Нұраға Қайсардың орындауына көрсетті. Ол сасқанынан сол аспаптың даусына ұқсатып, тамағына салып дауыс шығарған болатын. Оны көрген Нүрекең Қайсарға қолымен жұдырығын бір-ақ көрсетті. Концерт біткеннен кейін Қайсар Нұрағаның көзіне көрінуге қорқып, тиіп-қашып жүрді. Бірақ сол күйі Нұрағаң ештеңе демеді. Қазір ойлап тұрсам, содан бері сол аспапты күні бүгінге дейін оркестр қатарынан кездестірмеппін.
  • Нұрғиса Тілендиев қос қолдап, екі ішекте қатар ойнаған? Сіз де бұл стильмен домбыра тарта аласыз ба?
  • Тартуға болады, бірақ қанша тартқанымен, Тілендиев ағадай болмайсың. Білгенін үйретіп, қателескен жеріңді түзейтін. Ол кісіге күй шерту үшін қол жаттықтырудың қажеті болмайтын. Қолы өзі домбыраның үстімен жүгіріп тұратын. Оркестр дирижері болған кезде ол кісінің жетекшілігімен қолыңның күйді қалай тартып, қалай ойнағанын білмей қалатынсың. Бұл тума талант, тума дарынның айқын көрінісі деп білемін.
  • Өзіңіз домбыраны көбіне шертпе күйде тартасыз ба, әлде төкпе күйде ме?
  • Шертпе күйді көп адам түсіне бермейді. Домбыраны төкпелей, жылдам тартса, мықты добырашы деп санайды. Ал, шынтуайтына келгенде, құдіреттің барлығы шертпе күйде жатыр. Ағамен отырғанда жылдам күйлерді тартсаң, тоқтатып «шертпе күйді» тартшы дейтін. Содан шертпе күйді тартуға етім үйреніп кетіпті. Ағаның айтуынан да ма деймін, өзімнің жылдам күйге қарағанда, бүйрегім шертпе күйлерге бұрып тұратыны…
  • Нұрғиса Тілендиевтің Жамбыл Жабаевпен байланысы бар дейді. Бұл жайлы композитордың өз аузынан естіген бе едіңіз?
  • Жамбыл Жабаев жайлы айтқан бір әңгімесі бар. «Бала кезімде өте бұзық болдым. Сондай бір тынымсыз шағымда Жамбыл атамен кезіктім.  Ол кездері Жамбыл ата есектің үстінде жүруші еді. Сонда келе жатқан Жамбыл атаны көріп, қолыма шыбықты алып, есекті ауылдың ана басынан мына басына шыбықпен түртпектеп айдайтынмын. Жамбыл ата «Үй қой, Мына қалқан құлақтан көресіні көрдім ғой» деп отыратын. Қой десе де қоймай, баратын жеріне есекті түртпектеп шығарып салатынмын» — дейтін.  Сол кезде Жамбыл ата «Мына баладан бір нәрсе шығады» деп, батасын беріп кеткен екен. «Ата толғауы» күйі де осы Жамбыл Жабаевқа арналып жазылған. Жамбыл атаны жақсы көрді. Нұрағаның осындай балалық қыңыр қылықтары болатын.  Жамбыл Жабаевтан бөлек, Ахмет Жұбанов жайлы да айтып отыратын. Сондағы айтқан бір әңгімесі «Ахаңның түскі уақытта 1 сағат мызғып алатын әдеті бар» — дейді. Сонда ол кісі ұйықтай бергенінде, Нұраға жанында отырып, домбыраның құлағын келтірмей бұрап, күй тартады екен. Ал Ахаң өзі музыкант болғандықтан құлағы бұралмаған күйді естіп, «қоя ғойға» басады. Оны естіген Нұрекең одан сайын күйін тартады. Сөйтіп бір сағат өтіп, ұйқысы қанбаған Ахаң «Түу, Нүкентай ұйқы бермей қойдың ғой» — деп айтады екен. 
  • Көзін көрген адам ретінде ол кісі жайлы қандай пікір айтасыз?
  • 1 сәуір Нұрағаңның жекеменшік туған күні болса да, бізге бұл сендердің мерекелерің деп айтатын. Ешкімді бөліп жармай, барлығың «Тілендиевсіңдер» деп отырушы еді Нұрағам. «Отырар сазы» – Нұрекеңнің бастауымен бүгінге дейін бар әлемді мойындатқан оркестр. Дүниеден озар шағында «Мен өлген кезде жыламаңдар, күймен шығарып салыңдар» дейтін. Жерлеу рәсіміне барлығымыз қатыстық, жылап отырып, өзі айтқандай, күйлерімен шығарып салдық. 

Ол кісінің көзі ретінде Нұрағаңның костюмі үйімде әлі ілулі тұр. Мұражайға, еш жерге әлі бергенім жоқ. Үйге бір келгенде әкеме сол костюмді қалдырып кеткен болатын. Негізі, әкеммен ұзақ отырып әңгімелесіп, өзара шүйіркелесетін.

  • Адамды жүрісінен де тануға болады дейді. Сіз ұстазыңызды өнерінен тани аласыз ба?
  • Нұрағаның күйлерін фильмдерде, сүйемелдеулерде қолданса, ол кісінің қағысынан бірден танып айтамын. Қай жерде жүрсем де, ұстазымның ойнаған күйі қосылса, жүрекпен бірден сезіп, елең етемін. Себебі, ол кісінің домбыра қағысы мүлде бөлек еді. Ешкімге ұқсамайтын болмысы бөлек, қағысы ерек, бір ғасырда бір туатын дара тұлға еді Нұрағам.
  • Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Диана ҚАНАТ

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Райымбек ауданында дауыс беруді өткізу және дауыс санау үшін сайлау учаскелерін құру туралы

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің 2018 жылғы 29 қарашадағы № 25 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 6...

Осыған ұқсас мақалалар