12.2 C
Нарынкол
Понедельник, 13 мая, 2024
No menu items!
Маңызды

ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫНЫҢ ЭТИКАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

   Жастар-ел ертеңі. Болашақ елдің тізгінін ұстаушы жандар. Осы ерекшеліктерін пайдалана отырып, жастарға мемлекет тарапынан жасалатын көмек пен қолдау жетерлік. Елдің болашағын сеніп тапсыратын жастардың бүгінгі кейпі қандай?!  Жас буын өкілдері  өмірлік маңызы бар этикалық құндылықтарды қаншалықты бойларына сіңірген?

    Иә, тақырыпқа негізгі арқау болған дүние- Қазақстан жастарының этикалық құндылықтары. Алдымен этикалық құндылық ұғымына айшықты анықтама берер болсақ, жалпы этика- жалпы адамзаттық құндылыққа жатады. Өз кезегінде ол, ұлттық, діни, нормативтік, жалпыадамзаттық, мінез-құлық бағыттарымен сипатталады.

    Тарихты қозғай кететін дағдым бойынша, өткенге назар аударатын болсақ, жастардың этикалық құндылықтары, сонау тарихымыздың ерте уақыттарындағы рухани құндылықтардан көрініс табады. Адамның адаммен қарым-қатынасы, сыпайылығы, адамгершілігі, мейірімділігі мен жомарттығы сынды қасиеттер, адамзат пайда болғаннан бірге жасасып, дамып келеді. Ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесінің өзіндік сара жолын қалыптастырып, ұл мен қыздың ерекшеліктеріне орай белгілі жүйемен тәрбие берген. Адамның ақысын жемеуге, ала жібін аттамауға, ел мен жерді сүюге, жақындарымен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиеледі. Тіптен, ақын-жазушылар мен ұлы тұлғалар да этика тақырыбын әрдайым қозғап, өз шығармаларында дәріптеп келеді.

     Жастардың этикалық құндылық мәселесіне келер болсақ, заман талабына сай жастар қауымының басым бөлігінің көзі ашық, көкіректері ояу, түрліше жаңа дүниені лезде игеріп, нәтижелі жұмыстар атқаруда. Сауаттылық тұрғысынан қарасақ та, жастар бүгінгі күні тынымсыз ізденісті сүйеді. Этикалық құндылықпен қатар, эстетикалық құндылық- өз ойын ашық түрде мәдениетті жеткізу, жақсы сөз айту, тіл байлығын арттыру, бүгінгі жастарға тән қасиет. Сонымен қатар, жастардың ерекше сыпайылығы мен ізеттілігі қуантады.

     Жастардың этикалық құндылық мәселелері олардың әлеуметтік мәртебесіне зор әсер етіп, қоғамдағы орнын айшықтайды. Жайлы мінез-құлық пен сана-сезім биіктігі, сауаттылығы мен адамдармен дұрыс қарым-қатынасы олардың жұмыс орны мен қоғамдық ортадағы орнықты орнын қамтамасыз етеді.

     Этикалық жағдайды моральдық қиындық мәселесімен талдап көрейік. Жалпы түсінікте, мораль-адамға  жағымсыз қасиеттерден қорған іспеттес. Ол өз міндетінде сезім атаулыға қарсы шығып, нәпсі тәрбиесін басты орынға қояды. Жастарға керегі, өз-өзін ұстай білу жауапкершілігін сіңіріп, моральдық қиындықтан қашу.

     Мораль қоғамдық санамен қатар, жеке адам санасында да елеулі рөл атқарады. Жастар өз мінез-құлқын айтарлықтай дәрежеде өз еркінше реттей алады, осы түрғыда өз-өзімен, ішкі жан дүниесімен жұмыс жасап, өмірге юейімділіктерін арттырады.

     Сонымен қатар, атап өтетін тағы бір жайт, бүгінгі күнгі жастар көбінесе перфекционист болып келеді, бұл дегеніміз, идеалдылыққа ұмтылу. Жүріс-тұрысында да, сөйлеу мәнері мен қарым-қатынас барысын да жоғары дәрежеге көтеруге ұмтылады. Мұның жақсы жағы да бар. Перфекционизм адамды бір орында тоқтап қалмай, үздіксіз дамуға итермелейді. Десе де, таяқтың екі ұшы болатындай, иделадылықты шектен шыға пайдаланып, табиғи жаратылысына тым көп өзгеріс енгізіп, жасандылыққа бой беретін жастар да аз емес. Бұл тұрғыда перфекционизм ұғымы қорқынышты сипатқа ие болып барады.

    Этика мәселесінде, этикалық тәрбие мәселесін атап өткен жөн. “Тәрбие тал бесіктен”, демекші, бала күннен аталған құндылықтарды игермеген бала қоғамға пайдасыз, кей жағдайларда керісінше, қауіпті адам болып қалыптасатыны дәлелді. Түрлі сипатта зорлық-зомбылық жасаушылар, елді дүрліктіру оқиғаларын ұйымдастырушылар, адамға қастық істеу әрекетін жасаушылар, бәрі-бәрі этикалық құндылығы жоқ адам сипатынан хабар берді. Сол себептен, жастарды этикаға баулу сонау балалық шақтан бастау алғаны абзал.

     Этикалық құндылықтың тағы бір мәселесі- тұлғаның ішкі немесе тұлғааралық қақтығысы. Әдетте бұл, арнайы анықтамада, қақтығыстар мәселесімен сипатталады. Қақтығыстың өзі ішкі тұлғалық және тұлғааралық болуы мүмкін. Ішкі тұлғалық дегеніміз, туыстық қарым-қатынастағы жанашырлық мәселесімен және басшымен қызметтік парыз аясында туындайтын қақтығыс. Ал тұлғааралық қақтығыс лауазым, қызметкерлер арасында лауазым мәселесімен, немесе басшы мен орынбасары арасында сыйақы сынды түрлі мәселелермен туындауы мүмкін қақтығыс болып табылады. Жастар арасындағы адами қарым-қатынастың психологиялық ерекшеліктері негізінен, түрлі қақтығыстардың алдын алады және туындатады. Осы тұрғыда қақтығыстың алдын алу мен шешу мәселесінде жастардың мінез-құлықтары мен өз-өзін басқа білуі рөл ойнады. Дегенмен, философияда бұл мәселеге байланысты, мынадай нақты тұжырымдама бар, “Қарапайым адамның бүкіл өмірі қақтығыс деп, еш асыра сілтеусіз айтуға болады. ең алдымен бұл қақтығыс сыртқы емес, ішкі, біз одан құтыла алмаймыз”.

    Жастардың этикалық құндылықтары аса зор маңызға ие. Жоғарыда айтқандай,  болашақ жастармен тығыз байланысты, сол себептен, ел үшін, қоғам үшін, тіптен бар ғалам үшін жастардың жасампаз болуы, этикалық құндылықтарды бойға мықтап сіңіруі аса маңызды.

Ақерке НҰРӘЛІМҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар

Райымбек ауданында дауыс беруді өткізу және дауыс санау үшін сайлау учаскелерін құру туралы

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің 2018 жылғы 29 қарашадағы № 25 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 6...

Осыған ұқсас мақалалар