11.3 C
Нарынкол
Понедельник, 13 мая, 2024
No menu items!
Маңызды

СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН ӨСІМДІКТЕРДІ ҚОРҒАЙЫҚ!

      Тірі организмдер дүниесіндегі ең негізгі топтың бірі-өсімдіктер. Өсімдіктер дүниесі- Жер ғаламшарының маңызды бөлігі. Жер бетінде өсімдіктердің жалпы саны 375 мыңға жуықтайды. Оның ішінде, әлемдік, мемлекеттік, аймақтық “Қызыл кітапқа” енген өсімдіктердің бірнеше түрі бар. Бұл ерекше қорғалатын өсімдіктер түрі.

    Ерекше қорғауды талап ететін өсімдіктер Райымбек ауданында да кездеседі. Бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған өсімдіктер- Ярмоленко қайыңы мен Шренк шыршасы.

    ЯРМОЛЕНКО ҚАЙЫҢЫ- сирек кездесетін эндемик түрге жататын өсімдік. Теріскей Алатауында ғана кездеседі. Біздің аймақта, Нарынқол, Көкбел, Текес өзендерінің аңғарларында кездеседі. Жер асты суы жақын шалғынды-сазды топырақта өседі. Өсу үрдісі көп жерде қолайсыз болғандықтан, сирек кездесетін өсімдік ретінде арнайы қорғауға алынған. Өсімдіктерге келетін зиян көпе-көрнеу антропогендік факторлар әсерінен болатыны дәлелді. Ярмоленко қайыңын жергілікті тұрғындар отын есебінде пайдалану әрекеттерін жасайтын көрінеді. Бұл аталған қайыңның сирек кездесетінін білмегендіктен бе, әлде біле тұра жасалатын әрекет пе белгісіз. Білмейтін жандар болса, қаперлеріңізде болсын, ярмоленко қайыңы “Қызыл кітапқа” енген қайың түрі, демек жоғалып кету қаупі бар. оның жоғалып кетуі табиғаттың тепе-теңдігінің бұзылуының алғашқы баспалдақтары деуге болады.

   ШРЕНК ШЫРШАСЫН жатаған шырша деп те атайды. Ол- қарағай тұқымдасына жататын мәңгі жасыл, өте сирек кездесетін ағаш. Теңіз деңгейінен биіктігі 2800 — 3100 м, ұсақ тасты, жартасты тау беткейлерінде бірыңғай шыршалы кейде сібір самырсынымен аралас орман құрап өседі. Жатаған шырша 1842 жылы Жетісу (Жоңғар) Алатауында табылған. Биіктігі 150 — 250 см-ден 40 метрге дейін, жуандығы 2 метрге жетеді. Шренк шыршасының адам өміріне, қажетіне пайдасы да жоқ емес. Жатаған шырша сүрегінен бағалы музыкалық аспаптар жасалынады, құрылысқа пайдаланады. Тіптен апаттан қорғау рөлін де атқарады. Жатаған шырша тау беткейіндегі топырақты шайылудан қорғайды. Жылдан жылға санының азаюына байланысты, қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

     Өсімдіктерді қорғау да құрдымға жіберу де адамзаттың қолында. Табиғатты, ондағы өсімдіктер мен жануарларды қорғау тұрғысында әрдайым дабыл қағылып, алдын алу шаралары жасалып жатады. Дегенмен, арнайы мамандар алдын алғанымен, қарапайым адамдар залал келтіруден жалығар емес. Осылайша, Жасыл Қазақстанды құру жолында тамшыдай кесірін тигізуде, тамшының өзі жинала келе үлкен суға айналмай ма, сол себептен, Табиғат анаға, ондағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне залал келтіргенше, аз да болса пайдамыз тисін.

Ақерке НҰРӘЛІМҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар

Райымбек ауданында дауыс беруді өткізу және дауыс санау үшін сайлау учаскелерін құру туралы

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің 2018 жылғы 29 қарашадағы № 25 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 6...

Осыған ұқсас мақалалар