12.9 C
Нарынкол
Суббота, 27 апреля, 2024
No menu items!
Маңызды

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘРТЕБЕСІ

Ежелден тарихымыздан орнықты орын алатын, отанасы, дүниеге ұрпақ әкелуші, сұлулықтың символы, шаңырақтың берекесі бола білген әйелдер қауымы қазақ даласында үлкен құрмет пен маңызды тұлға есебіндегі рөлге ие болған.

Қаймағы бұзылмаған дала халқында әйел затының отбасы мен ошақ қасынан  бөлек қоғамдағы рөлі де ауыз толтырып айтарлықтай. Қазіргі заман сипатында нәзік жандылардың қоғамдағы орны мен белсенділіктері тіптен арта түскен. Бұл тарих сабақтастығымен келе жатқан әйелдердің белгілі бір дәрежедегі тұлға ретіндегі мәртебелерінің толық қалыптасуына мүмкіндік береді. Өткенді парақтасақ, салт-санада ер-азаматты биік тұтқан уақыттардың өзінде, нәзік жандылар тек ұрпақ тәрбиесі мен үй шаруасымен шектелмеген сәттер де кездеседі, қала берді күллі шаһарды билеген азаматшалар да жоқ емес. Таяқтың екі ұшы болатындай, тарихи деректерден “әйел бастаған көш оңбас”, “Қатын қайраттанса, қара қазан қайнатудан әрі аспас”  деген сынды өткір қарсылықтар болғанымен, біршама нәзік жандылар өздерін тиісінше дәлелдеді. Даңқы жер жарған әрбір батырдың артында бір әйелдің тұрғаны тағы бар. Әріге көз салсақ, бүтін бір тайпаны жұдырығына жұмылдырған Томирис патшайым, оның ізін жалғаған Домалақ ана, Айша бибі, Дарабоз ана сынды жандар бар. Бертін келе ел басына күн туғанда қолына қару ала ерлермен қатарласа қарсыласқан Мәншүк пен Әлияның есімдері   неткен айбарлы. Мінекей, бұл әйел затының әрқырлылығының айнымас айғағы. Дегенмен заман ағымына қарай әйел теңдігі ақырындап күшіне ене бастады, оның бір тарихи көрінісі — 1917 жылы өткен Алаш Орданың Орынборда өткен съезі. Онда әйел мен ер теңдігі жайлы, некенің екі жақ келісімімен қиылуы жайлы нақты шешім қабылданған.

Арулардың қоғамдағы айшықтылығы бейбіт күнде де өз күшінде.

Тақырып турасындағы әйелдердің қоғамдағы рөлі қазіргі заманда өзгеше бір сарында құндылығы артқан ұғым іспеттес.

Қазіргі заманда нәзік жандыларды  әр сферада кездестіруге болады. Бүгінгі күні үй шаруасымен шектелетін әйелдер сирек. Адамзаттың жаһандық тынымсыздығы байқалатын бұл қоғамда арулар да жан-жақтылықты таңдаған. Үйде абзал ана, күйеуіне  қайырлы жар, сыйлы да сыйлайтын келін, шаңырақтан шықса өз ісінің шебері түрлі тұлғалық даму үрдістеріне қатысушы деген секілді бірнеше әрекетті қатар алып жүруші адам, ол — әйел. Бір жағынан бұл құбылыс қазір аса таңданыс тудырмайтын қалыпты дүниеге айналып барады, дегенмен, мұқият қарайтын болсақ, әйел затының қоғамдағы теңдесіз орнын байқатады. Осындай орнықты орынмен қатар әйел адамда жауапкершілік жүгі тағы бар. Дүниеге сау  ұрпақ әкеліп оның тәрбиесімен айналысу, перзентін әлеуметтендіру, оның денсаулығы мен мінез-құлқының қалыпты  болуын қадағалау қоғам үшін үлкен қажеттілік.

Әйел теңдігі, оның қоғамдық орны мен әлеуметтік мәртебесі әрқашан үлкен талқылау мен көңіл бөлетін дүние. Бұл тұрғыда гендерлік теңдік мәселесі  де назардан тыс қалмақ емес, деректерге сүйенсек, еліміз Гендерлік теңдік бойынша бірқатар ірі мемлекеттермен (Жапония, Біріккен араб әмірліктері, Сингапур, Оңтүстік Корея) иық тіресіп тұр. Дербес мемлекетімізде отбасылық және гендерлік саясаттың институты белгілі бір сатыда қалыптасқаны байқалады.  Мәселен, гендерлік мәселелерді реттеуде Қазақстан United Nations Development Fund for Women, OSCE, Көші-қон бойынша халықаралық ұйым, USAID, Британ кеңесі және UNDP сынды халықаралық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар саны да аз емес. Мысалы, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, Қазақстанның кәсіпкер әйелдер одағы, Республикалық әйелдер кеңесі, Әйелдердің даму және бейімдеу қауымдастығын атап өтсе болады.

Статистиканың жаңа қорытындысына сүйенсек, елімізде қазіргі таңда 9324840 ер адам (49%), 9861175 (51%) әйел адам өмір сүреді екен.

Әйел құқығы — оның тұлғалық бостандығы, жеке кеңістігіне ешкімнің негізсіз қол сұқпауы. Мемлекет басшысы ретінде Президентіміз Қ. Тоқаев: “Ұлы даланың қыздары халқымыздың мәдени дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтарының сенімді сақтаушылары болды. Сондықтан прогресс пен жасампаздық жолында тұрақты түрде алға жылжып, біз әйелдердің құқықтарын шектейтін менталитетімізге жат тенденцияларға берілмеуіміз керек” деген оңды пікірін білдіріп, нәзік жандылардың тең құқыққа ие болуын нақтылай айтты. Демек, әйел затына кез келген кеңістікте мүмкіндіктер мен қолдау берілуі қажет. “Ол-әйел заты” деп ерекшелеу тек сыйластықпен айтылатын қоғамға келе жатқанымыз қуантады.

Әй, бірақ, елбасы осылай деді деп, бірден оңала салатын жұмырбастылар көп болмай шықты. Күнделікті жаңалықтардан еститін әйелдер зорлық-зомбылығы, нәзік жандыларға көрсетілген қысым да аз емес. Ізденіс барысында мұндай жағдайлардың көбеюіне әсер етуші жағдайларды  қарастырдым, нәтижесінде бір тұрғыда адамдардың түрлі әсер етуші дүниелер әсерінен шамадан тыс агрессивті болуында деп түйдім, екінші жағынан, зорлық-зомбылық жасаушыға қатал жазаның болмауы, дегенмен психологияға сүйенсек, агрессия күйіндегі адамның жаза жайлы ойламауы тағы мүмкін. Жаза қатал емес деп едік, оны да өзгертті. Енді әйелін ұратын еркек сымақтардың, әйелі үстінен шағым түсірмесе де полиция үстінен іс қозғай алады. Сонымен қатар,  еркектер әйелдерінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргендері үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Әрине, ұят пен ескі көзқарасты ұстанып, үнсіз қалып таяқ жеуді жалғастыратын нәзік жандылар жетерлік, бірақ үнсіздіктің көпшілігі өліммен аяқталатыны өкінішті.

Зорлық-зомбылық тіркесінде түрліше мән жатыр, ол тек физикалық емес, психологиялық, эмоционалдық болуы мүмкін. Мұның барлығы әйел затының қоғамдағы рөлін ескермеуден туындайтын қайшылықтар.

Әйелдің әлеуметтік мәртебесі жайлы сөз қозғалғанда “феминизмді” қозғамау мүмкін емес. Феминизм мен гендерлік теңдік бір мақсатқа жұмыс істейтін екі байланысты ұғым екенін атап өткен жөн. Олар консерваторлар жиі қорқатындай, әйелер адам сияқты болуы керек немесе еркек әйел болуы керек дегенді білдірмейді. Феминизм де, гендерлік теңдік те бақытпен гуманизм туралы. Олар, ең алдымен, жеке таңдау үшін институционалдық мүмкіндіктер жасауды, өмірлік мүмкіндіктерді теңестіруді, яғни барлығына қоғамдық игіліктерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді жақтайды. Бұл іс жүзінде нені білдіреді? Өмір салты мен отбасы құрылымдарын таңдау және плюрализациялау мүмкіндігі. Кейбіреулер үшін оңтайлы отбасы үлгісі дәстүрлі гендерлік қатынастар болады, бұл кезде ер адам асыраушы, ал әйел үй шаруасындағы әйел. Кейбіреулер үшін басымдық – кәсіби өзін-өзі жүзеге асыру және мансаптық табыс. Бірақ көпшілік, әрине, отбасы мен жұмысты үйлестіруді таңдайды. Бұл жағдайда әйел тек әйелі мен анасы емес, сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби маман болғысы келеді. Сондай-ақ, ер адам балаға қамқорлық жасау құқығына ие болуы керек — бұл оған тек ресми түрде беріліп қана қоймай, сонымен бірге құндылықтар мен тәжірибе деңгейінде қоғам тарапынан қолдау табуы керек.

Жалпы гендерлік теңдіктің қоғамға пайдасы не? Гендерлік теңдіктің көптеген нақты артықшылықтары бар. Біріншіден, өте нақты материалдық пайда бар, өйткені ол экономикалық өсуге ықпал етеді. Әйелдер білім алуда және жұмысқа орналасуда тең мүмкіндіктерге ие болса, олар экономикаға көбірек үлес қоса алады. Әйелдердің еңбек нарығына қатысуын арттыру өнімділік пен инновацияны арттырады, кәсіпкерлікті ынталандырады және бизнестің өсуіне ықпал етеді. Ол сондай-ақ экономикалық теңсіздікті азайтып, қоғамның тұрақты дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ орташа өмір сүру ұзақтығының артуы (біздің жағдайда, ең алдымен ер адамдар үшін) Үшіншіден, өмір сүру сапасы мен бақыт деңгейін арттыру. Ерлер мен әйелдер тең мүмкіндіктерге ие және ресурстарға қолжеткізе алатын жағдайда олар өз әлеуетін дамыта алады және өз мақсаттарына қол жеткізе алады. Нәтижесінде олардың өзін-өзі бағалауы, бақыты мен әл-ауқаты жақсарады. Сонымен қатар, гендерлік теңдік жалпы және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың азаюына алып келеді, барлығы үшін қауіпсіз орта жасайды. Яғни, гендерлік теңдік барлығына қатысты, бұл тек әйелдердің проблемасы емес.

Әйел-шаңырақтың сәні, әлемнің маңызды бөлшегі, ол қоғамдағы атаулы мәртебесінен ешқашан айырылмақ емес, әйел ер деп емес, жалпыадамзаттық тұрғыда қарап, жаны мен тәні нәзік жаратылыс иелерінің қоғамдағы орнын ескеріп, қолдау мен қорғауға алсақ, тектілігі басым әйел заты өзінің орнын біліп, тиісінше отбасына да қоғамға да пайдасын тигізеріне кәміл сенемін.

Ақерке НҰРӘЛІМҚЫЗЫ,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Соңғы жаңалықтар

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК, ҚАҒЫСЫ ЕРЕК – НҰРАҒА

1 сәуір – қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші-композитор, дирижер, домбырашы халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Осы орайда, қазақ...

Осыған ұқсас мақалалар