12.9 C
Нарынкол
Суббота, 27 апреля, 2024
No menu items!
Маңызды

АРЗАН ТАУАРДЫҢ АРБАУЫНА ТҮСКЕНДЕР

Саудада береке бар деген ұранмен сауданы кәсіп етіп жатқан жерлестерімізде сан жоқ. Береке бары бар ау, тек таза сауда болса. Ғаламтордың қарыштаған заманында сауданың да сипаты біраз өзгеріске ұшырады. Әлеу желілер арқылы жарнамалап, тапсырыс қабылдайтын саудагерлер көп қазір. Үйде отырып арзан бағада тауарға тапсырыс беру халыққа да тиімді. Дегенмен, мұндай саудадан шикілік көп шығып жатады. Екі туып бір қалғаныңыз болмаса, қазір адамзатқа сену қиын заман. Әсіресе ақша араласқан әңгімеде көлденең көк аттыға абайлап қараған абзал. Онлайн саудадағы алаяқтық жайлы жарыса айтылып та, жазылып та жатыр. Құлақ асқандар шамалы. Алатын тауарды көріп, қолыңмен ұстап, сапасына, өлшеміне көз жеткізіп, саудагермен қол алыса сауда жасағанға не жетсін. Мұндағы басты мәселе – ақша емес пе?! Дүниенің бәрі қымбаттап, қалтасы қаңтарылған халық, арзан дүние десе ішкен асын жерге қоюды әдетке айналдырған. Бұл тұрғыда сенім мәселесі, сапа мен өлшем жолда қалып жатыр.

Редакциямызға онлайн сауда алаяқтығына құрбан болған жерлесіміз келіп жүгінді. Айтпағы, аудан тұрғындары арзан тауарға қызығып, алаяқтардың құрығына түспесе дейді. Жағдай мынадай сипатта орын алған. Алданған азаматшамыз көрші ауылға қонаққа барып, сол қонақта әйелдер болып әдеттегідей тұрмыстық қажеттіліктерді талқылай бастайды. Сол сәтте отырғандардың бірі ватсап желісі арқылы бір топқа тіркелуге шақырады. Бұл, әрине, сауда – саттық тобы. Сол бір таныс сценарий. Арзан баға, сапалы түсірілген суреттер. Осы топ арқылы шағын тауарлар алдыртып көрген біраз ана-әпкелеріміз, бұл саудагерлерге құдайындай сеніп бастаған. Алаяқтардың сенімге кіру жоспары ақырындап жүзеге асты делік. Топқа адам тартқандарына мәз ақ көңіл қыз-келіншектер бәлки өзгелер де ақшасын үнемдесін деді ме әйтеуір топырлатып әйелдерге топ сілтемесін таратып жатты. Тауар келді дегенді естіген кейіпкеріміздің қызығушылығы сенімділікпен қатар оянып, тауарлар топтамасын қарап, құны 160 мыңдық үлкен қонақ үстеліне тапсырыс береді. Бағасы расымен де қолжетімді. Неге алмасқа?!

Тапсырыс қабылданды. 6 ай уақытта тауар қонақ үйіңізде жарқырап тұрады. Бұл сәтте еш күмән-күдік жоқ. Шекарадан өткізу қажеттілігіне байланысты тағы белгілі бір сомма сұралады. Кейіпкеріміз еш күмәнсіз тағы салмақтылау сомманы аударып жібереді. Күмәндануға  әлі де себеп жоқ. Шетелден арзан бағамен келетін тауар. Біздің елге өткізілуі қажет. Несі күмәнді?!

Уақыт шіркін зуылдап өте шықты. Алты ай жеті айға, жеті ай сегіз айға ұласты. Тауар жоқ. Енді мазасыздануға себеп бар. Бастапқыда тауар әне келеді, міне келедімен жылы жапқан сатушы сымақтан енді тіпті жауап жоқ. Жерлесіміз алданғанын түсіне бастап, жергілікті полиция қызметіне жүгінді. Полиция қызметкері уақыт өткізбестен жұмысына кірісіп, алаяқ әйелді аудандық прокоратураға жеткізді. Барлық төлем қағаздары, жазылған смстер, жалпылама айтқанда, барлық дәлелдер алаяқытығын әшкерелеп тұр. Алынған сомма көп әуреге салмай қайтарылды. Бірақ, бір қызығы  алаяқтық жасады деген әйелдің өзі алдандым деп шағымданды. Ол біреудің, біреу екінші біреудің атын айтып, әйтеуір сатылы алаяқтық үрдісі болып шықты. Аты шулы Бану мен Айстың бір тармақтары болып шықты бұл кісілер.  Кінәлілер тиісті заң орындарымен жазаларын алуда.

Аудандастар, қыз-келіншектер, осындай алаяқтықтан сақтаныңыздар! Оқырмандар ішінде осы топқа тіркеліп, алаяқтықтың құрбаны болған адамдардың бар екендігіне күмәнім жоқ. Сол жандардың қатарында болудан сақтанып, біреудің де алдануына себепкер болмайық! Көпке топырақ шашып, онлайн сауданың бәрі алаяқ деуден аулақпын, тек алаяқтар мен кәдімгі саудагерлерді шатастырып алмайық.

Ақерке  БИЖАН

Соңғы жаңалықтар

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК, ҚАҒЫСЫ ЕРЕК – НҰРАҒА

1 сәуір – қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші-композитор, дирижер, домбырашы халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Осы орайда, қазақ...

Осыған ұқсас мақалалар