12.2 C
Нарынкол
Понедельник, 13 мая, 2024
No menu items!
Маңызды

МҰҚАҒАЛИДЫҢ ҚОС ШЫРАҚШЫСЫ

      Өмірде өзінің үлгі- өнегесімен, өмірлік іс- тәжірибиесімен есте қалатын, өзіндік орны бар адамдар болады. Солардың бірі- Әбдіке Асанов, екіншісі- Жұманұр(Жұмаш) Мұхаметнұрұлы Өтеев ағаларымыз еді. Екеуі де жоғарғы сыныпта маған сабақ берген білікті мамандар. Әбдіке аға- математик, Жұмаш аға тіл маманы болатын. Екеуі де Мұқағали мұражайының директоры әрі шырақшысы болды. Бірі Мұқағали ақынның жан досы болса, екіншісі артынан ерген інісі еді. Кейін екі ағамызбен де Қарасаздағы орта мектепте, ауыл әкімшілігінде, мұражайда бірге қызмет істедім, ақыл- кеңестерін тыңдадым, тәжірибие алмастым, өмірге қажетті дәрістер алдым.

     1986 жылы ақпан айында Қарасаздағы Энгелс орта мектебінде жиналыс болды. Күн тәртібінде: «Мектепте Мұқағали мұражайын ашу». Мектеп директоры Нұрбатыр Орынбаев ұстаздарға, «мектебімізде келешекте жерлесіміз Мұқағали Мақатаев мұражайын ашсақ қалай қарайсыздар », деген ұсыныс тастады. Қарт ұстаздар бастап, жас ұстаздар қоштап, бірауыздан қолдадық. Осы ұсынысқа себепші болған тіл маманы Жұмаш Өтеев комиссия төрағасы болып бекітілді. Мұражай орны болып екінші қабаттағы үлкен зал белгіленді. Залды жабдықтауға қажетті материялдар алу үшін әр мұғалім он сомнан(рубль) ақша бөлдік. Қажетті жәдігерлер(экспонат) жинау мен залды жасап-жабдықтау жұмыстарына жұмыла кірісіп кеттік. Орда бұзар отыз жастағы кезім. Ең алғаш Алматы қаласындағы  Мұқағали ағамыздың үйіне барып ақынның жары Лашын жеңгемізден Мұқағали ағамыздың қаламын, сиясауытын, шақшасын, 20 фотосуретін, жеке ақ параққа өз қолымен жазған «Саржайлау», «Жетісу» атты өлеңдерін алдым. Қазақ радиосының «алтын қорынан» 1971 жылы ақынның өзі оқыған «Болшевиктер» поэмасын, дауысын көшіртіп таспаға түсірттім.  Қазтелерадио комитетінің басшысы Ғаділбек Шалахметовтің рұқсатымен құны 500 сом(рубль) тұратын Қазақ ССР- на еңбегі сіңген әртіс Кененбай Қожабековтің Мұқағалидың өлең- поэмаларын көркемдеп оқуынан түсірілген екі бөлімді түрлі- түсті кинолентсын тегін алдым. Жазушылар Одағына барып сол кездегі төраға Шерхан Мұртаза ағамызбен сұқбаттасып, Дулат Исабеков пен Оралхан Бөкейден жеке параққа ақын туралы естеліктер жазып беруін өтіндім. Сол кезде Жазушылар Одағының екінші хатшысы болған, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Оралхан Бөкеев; «Мен Мұқағали ағамызды әдебиетші ғана емес, поэзиясына тәнті болған көп оқырманның бірі ретінде аса құрметтеймін. Ұмытпасам 1972 жылы болар, ол кісімен «Жұлдыз» жұрналында біраз бірге қызметтес болдым. Ол кезде өлеңдерінің жалпы адалдық, ақындық қасиеттерін біле бермедік. Өзі бұл өмірден аттанып кеткен соң ұлардай шулап, «әттеген- айласып» қалғанымыз рас. Бірақ ұлы адамдардың біреуі ерте, біреуі кеш бақилық болады. Алайда, оның өлімін өзгеден көруге болмайды, өйткені, тума талант көз жұмар сәтін іштей сезіп, творчестволық шапшаң қуатпен барлық кітаптарын жазарын, шапшаңдатар сезімталдығын аңғара бермейміз. Айталық, Пушкин, Лермонтов сынды әлем әдебиетінің әулиелері де осындай аң-таң қалдырар жұмбақ аяқтаған өмірін. Ендеше Мұқағали әлі де ортамызда жүрсе, одан да зор өлең жазар еді деп өтірік өкінгеннен гөрі тұп- тұнық поэзиясын келер ұрпаққа ұрандай жеткізуіміз керек»,- деп жазған  екен 27.02.1986 жылы маған берген қолтаңбасында. Жәдігерлер жинауда Зоя Нұғманова, Құрманғазы Жекенов, Молдажан Үсенбаев, Дариға Саламатовалар белсенділік танытса, басқа  әріптестеріміз де аянбай, аса жауапкершілікпен жұмыс жасады. Мектеп оқушылары да мұражай жұмысына белсене атсалысты. Мектебіміздің шебер және суретші ұстаздары Еділ Сағымбаев, Нұрбосын Әліпбаев, Марат Бозымбаевтар мұражай залын эстетикалық талғамға сай жасап шықты. Мектептегі «Мұқағали мұражайына» директор болып тіл маманы Сәбетқан Мұпабаева тағайындалды. Мұражай залдың ашылу салтанатын өткізуге мектеп директоры Артықов Нұрлан бас болып, колхоз төрағасы Тұрсын Шорманов, партком хатшысы Тұрдыхан Игенбаева, селолық кеңестің төрағасы Құралбек Бекмұхамбетовтер көп көмек жасады.

1988 жылы 20 шы желтоқсанда Энгельс атындағы орта мектебінде Мұқағали ақынға арналған «Мұражай залы» салтанатты түрде ашылды. Алматыдан ақынның жары Лашын Әзімжанова бастаған, ауданнан бірінші хатшы Бақыт Оспанов бастаған құрметті қонақтар келді. Мұражай лентасын Социалистік Еңбек Ерлері Жолсейіт Молдасанов пен Нүсіпбек Әшімбаев ақсақалдар қиып, баталарын берді және келешекте Мұқағалиға жеке мұражай тұрғызу керек деген ұсыныстарын айтты. Осыдан кейін тіл маманы ардагер ұстаз Ұлжалғас Келдібекова апайымыздың жетекшілігімен Мұқағали мұражай үйін тұрғызу үшін құрылыс маманы Серік Сәрсенбаев бас болып, оқушылардан құрылыс бригадасын құрып жұмыс жасай бастады. Алайда, бұл жұмысты аудандық атқару комитетінің орынбасары, құрылыс маманы Абай Исабаев келіп, көріп тоқтатты. «Шлактан тұрғызылатын үй мұражай бола алмайды әрі Мұқағалиға тұрғызылатын болғандықтан ол үй емес мұражай болып салынуы керек. Арнайы жоба, сметасы қаралған құрылыс заңды болып табылады, жақында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бақыт Сағындықұлы Оспанов жолдас түседі, сол кісіге аманат ретінде тапсырайық» -деген уәж айтты. Сонымен бірінші хатшының қабылдауына барған Ұлжалғас апайымызды Бақыт Сағындықұлы қолдап, аудандық атқару комитеімен келісе шешім қабылдап,  ауданның құрылыс жөніндегі басшысы Қаһарман Күдеровке «Мұқағали мұражайының жобасын жасап, облысқа тапсырыс беру туралы»  тапсырма береді.  1989 жылы Бақыт Оспанов Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланып, сұрау салуының нәтижесінде облыстық архитектрураның бастығы Сайран Фазылов ПСД (проектно сметное документация) құжатын жасап 1990 жылдың басында Мәскеуге барып бекіттіріп келеді. Жоба авторлары архитекторлар- Сайран Фазылов пен Кәрім Бекіжанов. Осы кезде бұл жоба бүкілодақтық байқаудың «Алтын медаль» жүлдесін жеңіп алған болатын. Әр түрлі себептермен 1990 жылдың соңына дейін мұражай құрылысының ақша қаражаты шешілмеді.                                                                                         

1991 жылы Ленин атындағы орта мектебінің директоры Әбдіке Асановты аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бағжан Сабаншиев қабылдауына шақырады. Атқару комитетінің төрағасы Мақсат Әшімбаевтің келісімімен Нарынқол аудандық атқару комитетінің 4.02. 1991 жылғы №52 жарлығымен еңбек ақысын сақтай отырып, Мұқағали мұражайының тұңғыш директоры қызметіне Мұқағалидың досы әрі сыныптасы Әбдіке Асановты тағайындайды. Науырыз айында Қарасазға облыс архитекторы — Сайран Фазылов, бірінші хатшы болған- Бағжан Сабаншиев, атқару комитетінен- Мақсат Әшімбаев, Абай Исабаев, құрылыс бастығы Әнуар Мұқанов, архитектор- Алтынбайлар келді. Қарасаз селолық   әкімдігінен — Жұмаш Өтеев екеуіміз, колхоздан- Шорманов Тұрсын, Асанов Әкімхан, Сәрсенбаев Серіктер қатысып, қазіргі Мұқағали мұражайының алғашқы қадасын қағу рәсімінде суретке түстік. Әбдіке Асанов мұражай іргетесы қаланған күннен бастап мұражай жұмысына белсене араласты. Құрылыстың тоқтаусыз әрі сапалы жүруін аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, құрылыс маманы Абай Исабаев өз бақылауында ұстап, көз алдынан өткізіп, мұражай директоры, селолық кеңес және колхоз басқармасымен бірлесе қажет мәселені уақытында шешіп отырды. Осындай азаматтардың қажырлы еңбектерінің нәтижесінде 100 күн ішінде ақын мұражайы салынып 4 ші шілдеде пайдалануға берілді. Мұқағали ақынның 60 жылдық мерейтойы мұражайдың ашылуынан басталып, 4- 6 шілдеде Қарасаз ауылы мен Шәлкөде жайлауында дүркіреп өтті.

1931 жылы ел басына ашаршылық күн туған кезде ескі Қарасазда Мұқағалидың құрдасы Әбдіке ағамыз да дүниеге келген еді. Он жасқа дейінгі балалық бал дәуреннің қызығымен еркін өскен екі дос он жасқа келгенде Отан соғысы басталады.

Есіңде ме соғыстың басталғаны,

Көзімізден мөлтілдеп жас тамғаны.

Жастығымыз қап қойды орта жолда,

Жастанды да даланы тасты арнаны,- деп сол кезді айтқан екен. Соғыс жылдарындағы он жастан асқан балалар ер азаматтардың орнын басып, қарттармен, әйелдермен бірге тылда еңбек етті.

Секілді құрбы- құрдас жолдастарың,

Есіңде ме еңбекке жол басқаның.

Есіңде ме қаршадай кара бала,

Соқаның құлағына жармасқаның ,- деп жарты нанды жарып жеген, соғыс кезіндегі бала күнгі досын есіне алады ақын.

Асанов Әбдіке мен Мұқағали Мақатаев 1938-1948 жылдары Қарасазда, кейіннен оныншы сыныпты Нарынқолда интернатта бірге жатып оқып бітіреді. Екеуі ажырамас дос болған соң, Алматы қаласына оқуға да бірге барады. «Оқу іздеп екеуміз қала бардық,

Қала бардық, ауылды ала бардық.

Аңсаған арманымыз алдан шығып,

Сен КазПИ, мен КазГУ-ді қалап алдық,-деуі де шындық. Әбдіке ағамыз КазПИ-дің физика-математика факультетін 1950 жылы бітірген. Нарынқол ауданындағы Шәлкөде ауылындағы Карл-Маркс жеті жылдық мектебінде бір жыл мұғалім, екі жыл оқу ісінің меңгерушісі, бір жыл директор болып, 1954-1957 жылдары әскерде қызмет еткен. Әскерден келген соң Нарынқол ауданындағы «Шоқан Уәлиханов», «Крупская», «Коммунизм», «Энгельс», «Ленин» атындағы орта мектептерде 33 жыл басшылық қызметте болды. Сондықтан замандастары ол кісіні «тумысынан директор» деп атайтын. Білім беру саласындағы ізденісті еңбектері лайықты бағаланып «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» төс белгісі, «Еңбектегі ерлігі үшін» , Ұлы жеңістің 30, 40, 50 жылдығы медальдарымен марапатталған. 1991жылы «Мұқағали мұражайы» аталатын қасиетті шаңырақты ақын мұраларымен толықтырып, 1375 жәдігер (экспонат) жинақтапты. Мұражай алдына мүсінші Қадырқан Какимов жасаған Мұқағалидың мүсіні (бюст) орнатылды. Мұражай жанынан ақын М.Мақатаев атындағы заңдастырылған қосалқы шаруашылық ұйымдастырылды,- деп жазған екен Әбдіке ағамыз «Ан- Арыс» баспасынан 2009 жылы басылып шыққан «Мұзбалақ Мұқағали» атты өзінің кітабында.  Жасының ұлғаюына және денсаулық жағдайына байланысты өз өтінішімен 1996 жылы жұмыстан босап қала маңындағы Іле ауданына қоныс аударған соң, Мұқағали мұрасын қастерлеуші Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаева мен Ерболат Заманбекұлы  Батталхановтардың өтінішімен Өтеген кентіндегі №13ші Мұқағали Мақатаев атындағы орта мектептегі Мұқағали мұражайын  ұйымдастыруға ұйытқы болды. 2011жылы 80 жасқа қараған шағында өмірден озды. Жатқан жеріңіз жәннат болсын ұстаз!

     1996 жылы сәуірден – 2012 жылдар арасында мұражайда директор болып Жұмаш Өтеев қызмет атқарды. Мамандығы филолог болғандықтан мұражайды «Мұқағалитану» сабақтарын, «Мүшайралар», Жыл сайын ақынның туған күнін өткізетін мәдени орталыққа айландырды. Жұмаш Өтеев 1948 жылы дүниеге келді. Мектеп бітірген соң еңбек жолын 1967 жылы Нарынқолда аудандық автоклуб меңгерушісі болып бастады. 1968- 1972 жылдары Қазақ педагогикалық институтының (КазПИ ) филология факультетінде оқыды. 1972 — 1990 жылдары Қарасаздағы Энгельс атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқарды. 1994 жылы Оқу министрінің бұйрығымен  «Жұмаш Өтеев атындағы халық педагогикасы атаулы мектебін» ашты. 1990- 1996 жылдарда Қарасаз ауылының әкімі болып абыройлы қызмет атқарды. 2008 жылы «Мұқағали поэзиясының көркемдік жүйесі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Райымбек ауданының Құрметті азаматы, «Методист-мұғалім », «педагог- зерттеуші» атақтары мен «Алтынсарин», «Батыр шапағаты»  медальдарының иегері. Қарасазына арнаған бес кітаптың авторы. 2011 жылы ақынның 80 жылдық мерейтойына орай мұражайға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Мұқағали шырақшысы ретінде өз идеясымен заман талабына сай қайта жабдықтауға үлкен үлес қосты. Мұражайға кіре берісте мынадай тақта қойылған. Мұражай жобасын жасағандар:

Экономика ғылымдарының кандидаты- С.А.Фазылов,

Инженер- А.А.Кирсанов.   Көркемдеу- дизайнерлік жұмысын жасаған, суретшілер академиясының академигі- Ш Қожақанов,

Мазмұны мен идеясын берген- филология ғылымдарының кандидаты Ж.Өтейұлы

Өтеев Жұмаш ағамыз өзінің туған күнінде, 69 жасында дүниеден озды. Жаның жәннаттың нұрында шалқысын Жұмаш аға! Мұқағали ағамыздың мен білетін қос шырақшысы осындай жандар еді…  

Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы,

«Мұқағали- 90» мерейтойлық төсбелгісінің иегері

Соңғы жаңалықтар

Райымбек ауданында дауыс беруді өткізу және дауыс санау үшін сайлау учаскелерін құру туралы

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің 2018 жылғы 29 қарашадағы № 25 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 6...

Осыған ұқсас мақалалар