30.3 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

ТӘҢІРТАУЛЫҚ СӨЗ САРДАРЫ

         Қоғамда қазір ақпарат майданы қызу жүріп жатыр. Қынапқа сыймаған қылышын қаламға айырбастап, сауатын сауыт қылған баспасөз баһадүрлері шындықтың айнасына айналған дүниелерімен шежірелі тарихқа өз қолтаңбасын қалдырып, замана зілін жүрегіне артып, халықтың шынайы құрметіне бөленіп жүр. Нақтысын айтсақ, ақпараттық арпалыс алаңында қалам көтергендердің қарасы мол болғанымен, адалдық пен ар-намыстың сөзін сөйлеп, ұлт рухын ұрпақтың ұлағатты ұранына айналдырған, қаздай тізілген қалалардың қалыпты тіршілігін көшіріп жаза бермей, алыстап кеткен аққулардай ауылдардың айдынына сыймаған мәселелердің айызын қандырып жазатын өткір журналистер некен-саяқ. Солардың бірі де бірегейі Қанат Біржансалов еді. 

         Сүйекті дүниелері сүбелі сөзбен ғана емес, салмақты оймен өрілген майталманның журналистік ізденістері шындықтың жебесіндей нысанаға дөп тиіп, әр мәселенің ақиқатын аршып алатын қасиетке ие. Шеберліктің шыңына шыққан қырағы қырандай қалам көтеріп, қаузаған тақырыбына биіктен үңіліп, шындыққа көз жеткізгенше журналистік жорығынан айнымайтын, алтын уақытын ұлт пен ұрпақтың, тарих пен болашақтың жайына, Отанның мүддесіне арнап, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін табиғи таланты әріптестер арасында әу бастан-ақ мойындалып қойған. Қазақтың қасиетті қазаны да, маңдайынан ай иіскеп, күн сүйген киелі шаңырағы да ауыл екені қанымызға сіңген қастерлі анықтама екені нағыз ұлттың ұрпағына бесенеден белгілі. Саналы ғұмырына қауырсын қаламды серік етіп және сияның сеңімен емес, адал еңбектің ақ бұлағындай маңдай терімен жазып, ауылдың түтінін түзу кестелей білген де осы Қанат Біржансалов десек асып айтқандық болмас. Себебі ол дала перілерінің ізі қалған қасиетті мекені – Қақпақтың әрбір шаңына дейін бойына сіңіріп өсті. Табанымен тікен теріп, дала төрінде тербеліп өскендіктен де сол далаға тер төгіп, кәсіби романтикасын ауыл келбетінен, дала табиғатынан тапты. Өзінің кіндік қаны тамған Нарынқолдан бастап, ауыл тіршілігі оның айнымас музасына айналды. Соның дәлелі – ­­­«Мөлдір моншақ», «Тәңір тауға табынам» атты жыр жинақтары мен «Қарашада қара үй тұр», «Соғыстың соңғы солдаттары», «Тәңіртауым! Тәтті мекенім!» атты қажырлы еңбегіне толы кітаптарының жарық көруі.  

         Жалпы, Қ.Біржансаловтың шығармашылығында туған өңірі туралы жазған туындылары жетіп артылады. Олардағы ауыл тағдыры мен қоғамдық жан дүниенің қатпарларына жоғарыдағыдай қозғау салатын  жазбаларының  салмағын сезбейтіндер кем де кем.

           Рас, журналистика – өте терең әрі жан-жақты білімді, өмірлік мол тәжірибені, уақыттың құрбандығы мен жанқиярлық еңбекті, ар мен адалдықты, өзіндік мінез бен үлкен жауапкершілікті талап ететін нәзік те батыл шаруа. Бұл соқпағы мол сүрлеумен жүріп өту екінің бірінің қолынан келмесі тағы анық. Белгілі қаламгер Қанат Біржансал ағамыз сол серттен әлі күнге сүрінген емес. Қара жаяу жүрсе де, мойнына фотоаппаратын асынып, әріптестердің алды болып жиыннан төбе көрсететін. Осынау жалындаған өмір өлшемінде халықтың қалыбына құйылып, қынабынан шыққан қылыштай бұқараның мұң-мұқтажын, қоғамдағы қордаланған мәселелерді шешіп, жетістігі мен жеңісін шынайы жеткізуде ақпарат айдынында қалам тербеп, белсенді атсалыса білді. 

         Ол әрбір жазбасында ешқашан ескірмейтін, моральдық маңызын жоймайтын тақырыптарды қаузайды. Тоқсан жылға жуық тарихы бар аудандық  «Хантәңірі» газетіндегі есіл еңбегіне көпшілік куә, көтерген мәселелері мен жазған дүниелері оған дәлел. Саладағы 44 жылының тең жартысын ата басылымға арнаған ол ақиқаттың ақ жолын кәсіби парыз ғана емес, азаматтық борыш тұтты. Қарапайым қараша халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғап, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтере білді.  

         «Айырбастап жібермейтін басқаға, Ауыл деген ­ – ауыспайтын Астана» деп нар қазақтың Нарша Қашаған ақыны айтқандай, «Қарашада қара үй тұр» деп артына қарайлай жүріп, туған Нарынқолынан, қасиетті Кегенінен бір сәтке алыстамады. Оның әрбір жазбасында туған жері халқының бекзада болмысы, тектілік феномені, перзенттік патриотизм мен парасатты  бейнесі, ұлтшылдық, рух, ел тағдыры тұрады. Қаламының оты талай жүрекке жылу, талай жігерге жанартау және талай санаға сәуле сыйлағаны қалың оқырманның да, тонның ішкі бауындай аяулы ауызбіршілікте еңбек еткен әріптестерінің де жадында жаңғырып тұрғаны жасырын емес. Оның осындай қорғасындай құйылған қолтаңбасы, көпшілік жұрт көре бермейтін мәселелер мен жайттарды жазғаны қалың оқырманның рухани жан азығы, сырласы, нәр қазынасы болып қала бермек.

                Ел Қанат Біржансаловты өз ісінің жан аямас жанкешті жауынгері, халықтың жоғын жоқтап, барын бағына айналдыратын өр мінезді, батыл журналист, қиял құсының қанатын айға қайраған, ұлттың тағдыры мен ұрпақтың тағылымын таразылап, өз үлесін іспен қосып, еңбекпен еселеген сөз сайыпқыраны, атпал азамат ретінде таниды, құрметтейді, қадірлейді.  Ақиқатты жазарда алдаспанға айналып кететін қаламы қай тақырыпты қозғаса да қоламтасын қопарып, ақиқатын аршып алмай қоймайды. Ол осы қасиетімен қашан да қадірлі. Сол қадірдің белгісіндей қарымды қаламгер облыс көлемінде өткен жыр мүшәйраларының да бірнеше мәрте бас жүлдесін жеңіп алған. Журналистика саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің грантын иеленген. Жемісті еңбегінің арқасында ел Президентінің, Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі мен Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің меншікті тілшісі, Еңбек ардагері, қаламы қарымды журналист әрі ақын Қанат Біржансал ағамыз өмірден өткен соң «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы берілді. Қанаты талса да қонбайтын қырандарға ғана тән қажыр-қайраты бұл жетістіктерді әлі де еселей түсер еді. Әттең… келместің кемесіне міңгесіп кеткен қадірлі ағаның алғаусыз көңілі мен еңбекке толы өмірін біздер – өскелең ұрпақ өнеге етіп айтудан жалықпаймыз. Жәннаттан жай бұйырсын, жақсы аға!

Айнаш ӘЛДИБЕК,

журналист

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар