12.3 C
Нарынкол
Воскресенье, 19 мая, 2024
No menu items!
Маңызды

«ӨЛМЕЙТІН ТЕК ДАНА СӨЗ»

Шымыр ойлы шыншыл шығармаларымен қалың қазақтың есінде қалған атақты жазушының бірі Бердібек Соқпақбаев десек артық айтқандық болмайды. Дардай даңқы бар жазушының айтулы мерекесі биыл  ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек.Осыған орай қарасөздің қас шебері атанған жазушының жан әлемі жайлы жазылған шағын естелікті ел назарына ұсынып отырмыз.

Өткен ғасырдың 60 – 70 жылдары  бүгінгі Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында Оралбек Шамырқанов дейтін азаматтың отбасы тұрды. Оралбек аға аталған ауылдағы орта мектепте химия пәнінен дәріс беріп,ұлағатты ұстаз болды.Ағайдың өзі өлең жазатын, жазған дүниелері аудандық облыстық газеттерде үзбей жарияланып тұратын. Орекең қазақы қалжыңға қамшы салдырмайтын әзілқой адам еді. Мен ол тұста Сарыжаз ауылына қоныс тепкен Республикалық жүйке ауруларын емдейтін ауруханада жұмысшы едім. Солай болса да әдеби кітаптарды үзбей оқитынмын. Әсіресе, өлең кітаптарды оқуға көбірек көңіл бөлетінмін.Анда – мында өскен өңірдің көз тартар көркемдігіне арнап өлең жазатынмын. Ол өлеңдерімнің өрнексіз екенін енді есіме алсам осы күні күлкім келеді. Жас шақта жазған сол жауқазын жырларымды қаламы төселген, өмірдің талай өткелінен өткен Оралбек ағаға көрсететінмін. Ақын ағам, өлеңдерімді қайта түзеп, өз өрнегін қайталамайтын. Ондай да азын- аулақ ақыл кеңесін айтып бағыт – бағдар беретін. Ол тұста Нарынқол ауданы Кеген ауданына қосылып кеткен. Аудан орталығы Кегенде «Коммунизм нұры» дейтін газет шығып тұратын. Сол газетке «Өзіңсің сағынышым» деген атпен алғаш рет өлеңім жарық көрді. Бұл 1964 жылдың ақпан айы еді.

Бір күні Оралбек ағайым мені үйіне ертіп барды, Түскі тамақтан соң сөз бастаған Орекең: Сен Бердібек Соқпақбаев дейтін жазушыны білесің бе?- деді. Мен мүдіріп қалып едім, үзілген әңгімесін ары қарай жалғаған ағайым: — ол осы ауданның тумасы, жас кезінде өлең жазған, 1950 жылы «Бұлақ» дейтін жыр жинағы жарық көрген.Кейінірек прозаға ауысты, ол кісі маған жиен ағайым болып келеді. Оның мықты шығармасы мынау деп, «Менің атым  — Қожа» атты кітапті қолыма ұстатты. Бас алмай оқып шығып бас кейіпкер Қожаның қызыққа толы қылықтарын көкірегіме ұялаттым. Көп ұзамай жазушы ағаның Орекеңнің үйіндегі «Буырлы ат», «16 жасар чемпион» дейтін кітаптарын оқып шықтым. Кейінірек «Қайдасың, Гаухар?» дейтін повесьін оқыдым. Осы шығармалары арқылы оның соншалықты қарымды қаламгер екеніне көзім жетті. «Менің атым – Қожа» фильмін көріп көзайым болғаным есімде.

 Күздің қақаған қара суық күндерінің бірінде Оралбек ағам ұшыраса кетті де енді 2-3 күннен кейін біздің үйге Бердібек келеді. Сені сол кісімен таныстырамын деді. Бәрі ағаның айтқанындай болды. Бұл 1964 жылғы Қараша айының алғашқы аптасы еді Орекеңнің отбасына Бердібек аға келді. Орта бойлы, шымыр денелі, бет әлпеті жалпақтау, көз шарасы қысыңқы, қою қара шашын желкесіне қарай қайырған сөзіне әзіл араластырып сөйлейтін жігіт ағасы екен. Қасындағы жол серігі 50-ді еңсерген дөңес мұрынды, шашын тақырлап қырып тастаған егделеу адам екен. Сол арада Бердібек аға бұл кісі Сақи Романов дейтін суретші ағаларың болады деп таныстырды.Бердібек ағаны алғаш рет 40 жасында көрген сәттерім көз алдымнан алыстаған емес. Сол таныстығым талай жылдарға жалғасып, жазушының жаныма сәуле құйған қуанышқа толы сәттерді басымнан талай өткердім. Өткен ғасырдың 70 – жылдарының басында, аудандық газетте жұмыс істедім. Кезекті бір еңбек демалысы кезінде Алматыға келдім. Жазған өлеңдерімнің бір шоғырын «Жалын» журналына ұсынбақ ниетпен Қазақстан жазушылары одағына ат басын тіредім. Аталған журналдың редакциясы ол кезде жазушылар одағының бірінші қабатында болатын. Үлкен үйдің есігін ашып ішке кіргенімде дәл мені күтіп келетінімді білгендей Бердібек аға қарсы алдымнан шыға келді. Амандық – саулықтан соң мұнда қандай шаруамен жүргенімді сұрады. Жөнімді айттым. Сол сәтте Бекең: — мен ол журналдың ақылдастар алқасының мүшесімін, жүр бері деп қолымнан жетелей жөнелді кең дәліздің түп жағындағы бір бөлменің қасына таянғанымызда тоқтай қалып:- Бұл журналдың бастығы атақты ақын Тұманбай Молдағалиев екенін білетін шығарсың. Ол талғамы жоғары ақын, оған өлеңдерің ұнамай қалса, тауымыз шағылып қалады ғой бауырым деді. Мен Бекеңнің бетіне тік қарап, өлеңдерім өзіме ұнайды ұялатындай нашар дүниелер емес дедім. Бекең әлгі бөлменің есігін ашып ішке кіргенімізде, үш адам отыр екен. Тұманбай ақынды бірден таныдым, қалған екеуінің кім екенін ажырата алмадым. Орындыққа жайғасып отырған соң Бекең бір жөткерініп алды да:- Тұманбай, мына жігіт менің жерлесім, жақсы көретін інім, аудандық газетте қызмет істейді, өлең жазады. Сол жазғандарының бір шоғырын саған әкеліп отыр. Оқып көр, жараса жарияларсың,- деді де өзінің кететінін айтып сыртқа беттеді. Тұмекең өлеңдерімді оқып шығып, жариялауға жарайтынын айтты. Арада бірнеше ай өткенде әлгі өлеңдерім жалынға жарияланды. Бұл 1975 жыл еді.

Бердібек аға аратұра Нарынқолға барып туыс – туғандарымен дидарласатын. Ауылға барған сондай бір сәтінде әңгімелескенім бар. Әңгіме желісі өзінің шығармашылығына қарай ойысқанда ол кісі маған: — Мен көзім көріп, көкірегіме түйгендерімді ғана қағазға түсірдім. Жалғандықты жақтап, өтірікке өріс ашқан емеспін. Менің «Өлгендер қайтып келмейді» романымның арқауы өз өмірімнің боямасыз көрінісі, — деген  болатын. Шынында аталған романда баяндалатын оқиғалар Бекеңнің бастан кешкен өмірінен өзгешелеу емес екенін оқыған адам анық аңғарады.

Б. Соқпақбаев 1992 жылы жасы 68 –ге қараған шағында өмірден озды.

   Бердібек Соқпақбаев 1949 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың тіл әдебиеті факультетін бітіріп, сол жылғы күзде өзі білім алған Нарынқол орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Алайда ағамыздың ұстаздық жолы ұзаққа бармай, 50 – жылдың жазында Алматыға қайтіп оралады. Оған жазушының сол аудандағы «Советтік шекара» газетінде жарияланған «Манабаевтың масқара қылықтары» атты фелетоны себеп болады. Сол кезде жазушы ағаның көзін көрген, ескі досы әрі  аталған газетке 20 жылдай редактор болған Әлнұр Мейірбековтың бірде былай деп сыр шерткені бар.

— Бердібек тума талант еді деді,- Әлекең әңгімесін әріден қозғап. Ол өсек, өтірікті өлердей жек көретін. Қолы қалт еткенде біздің газетке әдеби әңгіме, очерк жазып тұрды. Жасырып, жабары жоқ сол тұста аудандық оқу бөлімінде Омар Манабаев дейтін адам жауапты қызмет атқарды. Бірақ ол беті жылтыраған әйелге көз салғыштығымен, арақ құмарлығымен жалпақ елге жаман қырынан көрініп жүрді. Оның осы бір теріс қылықтарын айқын аңғарған Бердібек оны әжуалап фелетон жазды. Әлгі сатиралық шығарма жарық көрген соң арқа сүйер адамы мықты Манабаев жазушының соңынан шам алып түсті. Ақиқатты айланып өткен өктем күшке шыдамаған шыншыл қаламгер көп ұзамай үлкен қалаға қайтып оралып, өмірінің соңына дейін әдеби ортада шығармашылықпен шұғылданғанын білеміз. Бұл оқиғаның өтірік емес екенін Бердібек ағаның ертеден етен араласқан ескі танысы ұстаз Оралбек Шамырқановта растаған болатын.

    1994 жылы жазушының туғанына 70 –жыл толуына орай Райымбек ауданы ат шаптырып той жасады. Тойға жазушының жан жары Бибігүл апаймен жазушы қызы Самал Соқпақбаева қатысып сөз сөйледі. Қазір Нарынқол ауылындағы бір көше, бір мектеп Бердібек ағаның атымен аталады. Тамаша талант иесі атанған ағамыз алғашқы шығармашылық еңбек жолын өлеңмен бастаған екен. Содан да болар, арагідік өлең жазып, онысын қойын дәптерінде сақтағанын білеміз. Бекеңнің оңашадағы ой толғаныстарының бірінде:

Жазып та көрдім менде өлең,

Жазып та көрдім қарасөз.

Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,

Өлмейтін тек дана сөз.- дегені бар.

Ақыл ойлы ағаның өз болашағын болжағандай оның хатқа түсірген дүниелерінің қазақ халқымен бірге жасай беретініне сенімдіміз.Өйткені дана сөздің өмірі ұзақ болары даусыз. Дегенмен біздің де ел басқарған азаматтарға айтар тілегіміз жоқ емес. Атап айтқанда жазушының осы 100 жылдық мерейтойы қарсаңында туған жерінде оған еңселі ескерткіш орнатылса, мұражай ашылса нұр үстіне нұр болар еді. Шағын естелікке қоса өлеңмен өрілген ойларымды да оқырман назарына жолдадым.

ТҰРҒАНДАЙ СЕНІ КҮТІП

                     I – жыр

Өтірік болмас сені мақтаса ағам,

Бар жазған жыр — сырыңды жатқа соғам.

Бердібек өз тойына келмеді деп,

Елеңдеп, күтуде елің, ақ босағаң.

Тойыңда болмағаның қасымызда,

Салмасын салмақты ойлар қайсымызға.

Тұрғандай сені күтіп Хантәңірі,

Оранған мәңгілікке басы мұзға.


Өссең де Қостөбеде түкпірдегі,

Демеймін жас шағыңда түк білмеді.

Сен жазған небір ғажап кітаптарға,

Дос болды аңсап іздер жұрт күндегі.

Не дейін тұғырыңды биіктемей,

Халқыңа сыр ақтардың ежіктемей.

Әйгілі Менің атым – Қожаны оқып,

Қай бала өсті дейсің еліктемей.

Жібітті сен келер деп таулар мұзын,

Шалғынға шалқаңнан бір аунармысың!
Талайдың жүрегіне шоқ тастаған,

Жүр екен қай қиырда, Гаухар қызың?!

Айтсам мен ақ көңілден сыр ақтарып,

Кетеді әр сөзіңнен шуақ тамып.

Көзміе елестейді қайсарлығың,

Тауда өскен шетен ағаш сияқтанып.

Тұрғанда бәрін көріп төбемде күн,

Келмейді кейбір ойды көгендегім.

Атанып қара сөздің қас жүйрігі,

Еліңе сіңді сенің көп еңбегің.

Сөздегі шеберлігің ғажап неткен,

Соңына үлкен – кіші қазақты ерткен.

Жансың ғой тірлігінде жалтақтамай,

Өз даңқын өз қолымен жасап кеткен.

ҚАНЖАРДАЙ ҚАРАУЛЫҚТЫ ТІЛІП ТҮСКЕН

                                II –жыр

Шығардық өзің жазған сөзді төрге,

Келмейді атың енді сөнді деуге.

Жағынып көрген жоқсың пайдаң үшін,

Қолында билігі бар сен біреуге.

Жүрсең де дәйім аулақ күдікті істен,

Жан едің талай ашты күйікті ішкен.

Ел риза шыншыл ойлы шығармаңа,

Қанжардай қараулықты тіліп түскен.

Жазушы ең көп нәрсенің сырын білген,

Жазғаны жамағатты сүйіндірген.

Қаскөйлер тобығыңнан қағып қалып,

Тал түсте талай рет сүріндірген.

Жуды анаң Текесіңе жөргегіңді,

Бұл тағдыр шендестірмес шерге кімді?

Қой бақтың Жайылмада жалаң аяқ,

Сан мәрте табаныңа шөңгек кірді.

Түспеген сырым еді бұрын хатқа,

Демегін өткенді ойлап бұрылды артқа.

Сен енді қарамайсың бас бәйгені ап,

Келер деп жиын тойда — Буырыл атқа.

Досыма шығармаңнан ой алшы елтіп,

Деймін де сен жайлы сөз қоям шертіп.

Сондай да елеңдеймін есік жаққа,

Келердей үйімізге Қожаңды ертіп.

Өзіңдей жанды берген қауқарлы ізгі,

Кім білмес Текес деген жаухар түзді.

Аты ізін ата жұртқа салмай кеттің,

Әлде іздеп жүрсің бе екен, Гаухар қызды?

Демеймін дүниеге келді —  кетті,

Шығармаң атыңды елге белігілі етті.

Сенемін береріне алдағы өмір,

Орныңа беймәлім бір Бердібекті.

Шығарма жазып едің кіл татымды,

Бүгінде әлем сенің білді атыңды.

Таныттың жер шарына асыл аға,

«Қожадай» тарпаң мінез бір батырды.

Білсең де қаскөйлерді алған торып,

Жан демен жамандықтан қалған тоңып.

Арпалыс ала құйын сол заманда ақ,-

Тұратын көкірегіңде арман толып.

Көтеріп қала менен дала жүгін,

Ешкімнің аттамадың ала жібін.

Дүниені дүбірлетіп танылуда,

Биылғы жүз жастағы дара жылың.

Ақиқат осындай ғой деп бір ұғып,

Оқыдым шығармаңды көп құнығып.

Шындықты мен де жаздым өйткені аға,

Мінезің өн бойыма кетті жұғып.

 Мінуар ӘКІМХАНОВ, ақын.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Алматы қаласы

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Райымбек ауданында дауыс беруді өткізу және дауыс санау үшін сайлау учаскелерін құру туралы

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің 2018 жылғы 29 қарашадағы № 25 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 6...

Осыған ұқсас мақалалар