30.3 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

БЕРДІБЕК ЖЫЛЫ БАСТАЛДЫ!

Биыл – қазақ балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы. Мерейтойды ЮНЕСКО көлемінде атап өту туралы халықаралық шешім баршаны қуандырды. Мұны ұлт руханиятын әлемге танытудың бір қадамы деп түсінгеніміз жөн. Әсіресе, қаламгердің кіндік қаны тамған Райымбек ауданы жұртшылығына артылар жүк аз болмайды деп ойлаймыз. Жыл ішінде өтетін әдеби-мәдени шаралардың арқасында бердібектанудың жаңа қырлары ашылуы тиіс.

Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Нарынқол ауданы, Қостөбе ауылында дүниеге келді. Тағдыр жазушыға қиындықтың қамытын ерте кигізді. Жастайынан анасынан айырылды. Кеңес өкіметінің көшпенді жұртты зорлықпен ұжымдастыруы елді ашаршылыққа ұшыратты. Соқпақбаев сол нәубеттің бәрін көрді. Сондықтан қолына қалам алғанда жалған ұран мен жасампаздықтың болмысын ажыратып айтқысы келді. Талантының арқасында сезімі сергек жастың көкірек көзі ерте ашылды. Шығармаларындағы кейіпкерлер айналасына сын көзімен қарайды. Жазушының өтірік айта алмайтын балаларды, әдебиеттің осы жанрын жаңылыспай таңдағанына қайран қаласың.

Қаламгер берік ұстанымынан ешқашан айныған жоқ. Алматыда жоғары білім алғаны, Мәскеуде халықаралық әдеби курсты бітіргені, республиканың беделді басылымдарында қызмет істегені, кеңестік насихаттың тапсырмасы мен талабы ол кісіге кедергі келтіре алмады. Мәселен, «Балалық шаққа саяхат» хикаятында өзі басынан кешірген, көзімен көрген сұрқай оқиғаларды боямасыз баяндаған. Егер оны үлкендердің деңгейінде әңгімелесе, кеңестік цензураның қайшысы шығарманы қиқалап, қоқысқа тастайтын еді. Жазушы бұл жерде балалық шақты айтқан болып, шеберлігінің арқасында, әсіресе, саяси сыншыларға ұстатпай, мезгіл көпірінен аман-есен өтіп кеткен.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, 30-жылғы ақиқат еш жерде айтылмады. Кейін оған «тарихтың ақтаңдақ беттері» деп баға берілді. Егер айтылса, ұжымдасуға дайындығы жоқ қазақты қызыл өкіметтің ашаршылыққа ұрындырғаны жария болатын еді. Соқпақбаевтың ерлігі сол, бәрін балалар өміріне сүйегендей етіп шындықты ашып көрсетті. «Ертеде де талқан, кеште де талқан. Ана үйге барсаң да талқан, мына үйге барсаң да талқан. Талқан…талқан…талқан… Ақ суды талқанмен ішеміз» дейді жазушы. Бұл – тіпті Екінші дүниежүзілік соғыстың кезі емес, одан бұрынғы өмір. Ендеше мұны қандай теңеуге балайсыз? Иттің күнін көрудің азабы осындай-ақ шығар.

Жазушы, сонымен қатар, ұлттық менталитеттің бұзылғанын сездіреді. Елді асыраған кешегі ауқатты, іскер жандардың сағы сынғанын, қатары сирегенін ымдайды. Бұрын қазақ байлыққа ұмтылғанына, мал тапқанына қуанса, енді кедейлікті үлгі еткен сүреңсіз күйге түскеніне күйінеді. Өз әкесін мысалға алған болып қоғамды әжуалайды. «Мен бір жағдайда әкеме өте риза болатын едім. Ол – өмірбаян жазып, анкета толтырған кезде. Кез келген қарапайым анкетада әке-шешең кім болған деген сұрақ тұрады. О, бұл сұрақ барлық сұрақтардың ішіндегі ең маңыздысы. Жауапты құлшына жазамын. Әкем де, шешем де кедей болған! Жай кедей емес, қу тақыр кедей! Мен мұны мақтаныш етіп жазамын. Ата-тегімнің кедей болуы ол совет өкіметі үшін менен сенімді, менен бағалы адам жоқ екенін білдіретін бас бұрғызбас дәлел секілді» дейді Б.Соқпақбаев.

Жазушы кітаптарының ішіндегі даңқтысы, әлем халықтарының көптеген тіліне аударылған – «Менің атым Қожа» хикаяты. Қызыл галстук байлаған пионер образы мұнда жаңаша көзқараспен сомдалады. Сол кездің қатып қалған ережесіне тоқталады. Мектептерде балалық еркіндікке тыйым салатын себептер көп. Ондай шеңберден шығып кеткеннің мәселесі талқыға түседі. Жүріс-тұрыстары қаулымен бекітіледі. Мемлекет баланы өзіне керек стандартпен оқытып, стандартпен тәрбиелеуді жолға қойған. Өзішілік басқарудың тізгіні пионер жиналысына берілген. Осындай тіршілікті ұнататын Жантас секілді балалар да өсіп жетілді. Олар коммунистік идеологияның өнімі еді.

Ал, Қожа ше? Қожа – өзінің рухына жат сірескен қалыпты бойына сіңіре алмаған қазақтың қара баласы. Ойнауы да, ойлауы да табиғи. Сондықтан оның барлық қылықтарынан адамның жанына жақын, көзге көріне бермейтін сүйкімділікті сезесіз. Қожаның бетіне суық қарағанымен, былай шыға бере сынып жетекшісі Майқанованың, мектеп директоры Ахметовтің іштері оған үнемі жылып тұрады. Қожа – ақкөңіл бала. Ол үшін қатар-құрбыларының бәрі бірдей. Сабаққа қыры жоқ, ойы жылқы бағуда жүретін, өзін кең даланың ертедегі серісіндей сезінетін Сұлтанның өзін ол жақсы көреді. Сонысымен баршаға ұнайды. Ал ұрпақ мінезінің далаға тартуынан тіксінетіндер де аз болмаған. «Мектептегі барлық балаларды хулиган етіп шығарғыларыңыз келсе, бұл кітапты тезірек басыңыздар» депті рецензент. Сондықтан қазақ баспагерлері тәуекел етпеді, жүрексінді. Құдай оңдағанда «Қожаның» тұсауын Мәскеу кесті.

Көп тиражбен бірінен соң бірін екірет басты. Бірінен соң бірі: молдаван, латыш, литван, украин, өзбек, француз тілдерінде басылып шыға бастады. Кино түсірілді. 1967 жылы Канн фестивалінде бас бәйгені жеңіп алды» деп жазды Бердібек Соқпақбаев.

Осы орайда 90-жылдары болған бір оқиға ойға оралады. Қонаевқа жақын жүретін жазушылар жолшыбай кездескен Бердібекті бойбермей қолқалап Дінмұхамед Ахметұлының туған күніне апарады. Сонда өзімен бұрын жүздеспеген қаламгерге Қонаевтың ерекше ықыласы ауады. Ол Рымғали Нұрғалиевтың естелігінде қызықты етіп баяндалған. «Димекең креслодан тұрып, шеттеу сөренің шыны қақпағын ашты да, ішінен бір кітапты суырып алды.

«Мынау сенің кітабың, Бердібек. Француз тіліндегі «Менің атым Қожа». Парижге барғанда Мұхтардың «Абай жолын» және сенің кітабыңды сыйлаған.

Бүгін менің туған күнге жайған дастарқанымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Тіпті анық шындықты айтсам, қазақта Әуезовтен кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек» деген екен.

Жазушының үшінші сүбелі шығармасы – «Өлгендер қайтып келмейді» романы. Соғыс біреуді жетім, біреуді жесір етіп қанжылатса да, енді біреудің жонына май бітіретіні осы кітапта бүкпесіз айтылады. Әділетсіздік пен әпербақандықтың ел кіріптарлыққа тап болған кезеңде қалай құтыратыны көрсетіледі. Амал не, «Өлгендер қайтып келмейді». Егер өлгендер қайтып келсе, талай беттер ұяттан қарайып, қарғыстың қара батпағына көмілер еді. Жазушы заманға иленбей, биліктің қолайына жағатын өтіріктерді өрмей, 40-жылдардың шындығын көркем шежіреге айналдырған. Бұл кітап кезінде Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылыпты. Бірақ, әдеттегідей марапатсыз қалған.

Осы кітаптан соң қаламгер шығармашылық ісін біржолата тоқтатқан. Шаршағаннан емес. Себебін тыңдап көріңіз. «Беке, не жазып жүрсіз?» деп сұрағандарға: «Не жазушы ем? Түк те жазып жүргем жоқ. Менен маскүнемдер жақсы. Олар ең болмағанда бастарын жазады! Жазбаймын демеймін, әрине. Жазғым-ақ келеді. Бірақ ақиқатты айттырмайды. Өтірікті жазғым келмейді» деп жауап қайтарған. Бұл жауап – оңай жауап емес. Ыза мен өксікке толы зілді қайырымдар.

Бердібек Соқпақбаев – өз өмірінде жантәнімен азаттықты аңсаған адам. Ұлттың да, таланттың да бағын ашатын азаттық деп ұқты. «Иірім» кітабында Қадыр Мырза Әлі Бердібек туралы: «Ташкентте Азия және Африка жазушыларының халықаралық конференциясы өтті. Сол конференцияға Нұрсұлтан Әлімқұлов деген ақын екеуі «Бізді арнайы шақырыңыздар! Біздің айтатын уәжіміз бар. Біз отарланған елде өмір сүріп жатырмыз…» деп телеграмма беріп, біздің саққұлақтарды біраз састырған» деп жазады.

Асылды тот баспайтыны, жабыдан жүйрік шықпайтыны белгілі. Б.Соқпақбаев өмірі оны тағы бір дәлелдеді. Дүние – кезек! Енді, міне, Бердібектің күні туды, Бердібектің дәуірі басталды. Жазушы шығармалары жер шарын аралауға көшті. 100 жылдығының ЮНЕСКО көлемінде аталатыны қазаққа бұйырған үлкен абырой. Сондықтан, бердібектанудың салмағы бұрынғыдан да арта түсетіні анық.

Болат МӘЖИТ, журналист

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар