20.1 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

ҚАНДЫ ҚОЛ — ШОШАҚ БӨРІКТІЛЕР!

     Мына бір жан түршігерлік әңгімені естігенде тұла бойым бір ысып, бір суып, жан дүнием астаң-кестең күйге енді. Қарсы алдымда отырған сұхбаттасым Бибаева Гүлназ Өшкелқызы да қос жанарына іркіліп толған көз жасын бет орамалымен сүртіп алып, әңгімесін әріге жалғастырды…

– Алғашқы әңгімем анамыз Тұрғынбайқызы Рысжан жайлы болмақ. Анамның арғы тегі: руы Албан, Қарақыстық — Ақантай ата ұрпағынан болып келеді. Тұрғынбай атадан Рысалды, Бекетай, Рысжан, Рысбүбі және бір кенже ұлдары өмірге келген екен. Анам Рысжан ортаншысы, 1920 жылы Шелек ауданы, Масақ ауылында дүниеге келген. Өз заманында Ресейден от алып «төңкеріліс» болып жатқан сұрапыл жылдары қазақ жеріне де қызыл жағалылыр (большевиктер) келіп: «Біз, Кеңес Өкіметін орнатамыз!» – деген дақпырт үндеулерімен елді еріксіз түрде орталыққа жинады емес пе? «Колхоз құрамыз» – деген желеу сөзбен елдің бірдекілі малын күшпен тартып алып, көнбегендерін «контра», «банды» деген атпен жазалап, кейбірін «итжеккенге» айдатып жатқан қилы заман еді. «Шошақ бөрікті атты қызыл әскерлер  келе жатыр!» – дегенді естігенде   жылаған бала тыныштала қалып, ересектер тоғайға, сай-салаға қашып, жас балалар көрпе-жастықтық арасына жасырынып қалады екен. Сол шошақ бөріктілердің командирі Қазақбай деген кісі, осы Масақ өңіріндегі елді қатты қуғынға ұшыратып, жеп отырған наны мен талқанын тартып алып әкетеді екен. Осындай зорлық-зомбылыққа шыдай алмаған Тұрғынбай атамның бір інісі бас сауғалап Қытай жеріне өтіп кетіпті. Қазақбай әркез ауылға келіп: «Кеңес Өкіметіне қарсы шыққан ініңді тауып бергін, ол «тыңшы» адам, ондай адамның көзін құрту керек» -деп қоқан-лоқы көрсетіп жүріпті.

      Содан бір күні тағы да сол қанды қол Қазақбай он әскерімен ауылға келіп, біздің үйдің ішіне тінту жұмыстарын жүргізеді, балалардың анасын ұрып, қолына ілінгеннің барлығын да лақтырып, бесікте жатқан баланы да бесігімен қоса лақтырып жіберген екен, шалқалақтап жатып жан тәсілін беріпті. Мына сұмдықты көріп тұрып құлын даусы шығып жылаған әкпесі мен сіңлісі жан-жаққа қашады, ал Рысжан анамды шешесі төңкерулі жатқан қазанның астына жасырып үлгеріпті. Әкесі Тұрғынбайды ұстап алып: «Ініңді тауып бермедің, сөйтіп, сен Кеңес Өкіметіне қарсы шықтың» — дегенді айтып, атқа теріс мінгізіп алып кетеді. Тұрғынбайдың жұбайының зарлап жылаған даусын естіп ел жиналады да, жан-жақтағы шашылып жатқан бұйымдарды жиыстыра жүріп, қазанның астында жасырынып жатқан Рысжан анамды тауып алады. Анамның әкпесі Рысалды мен сіңлісі Рысбүбі және әкелері Тұрғынбай сол жоқтан «жоқ» болып кетеді. Осы жан түршігерлік оқиғада тірі қалғандар: анамның шешесі (есімін ұмытып қалыптым) анам Рысжан, інісі Бекетай. «Рысалды мен Рысбүбіні Қазақбайдың әскерлері тоғайға апарып зорлап өлтіріпті» — дегенді кейіннен елден естідік. Екеуі де кәмелеттік жасқа толмаған өрімдей қыздар еді, бесікте жатқан інімнің де өмірі қыршынынын қиылды» — деп зар жылайтын анам Рысжан.

       Осы қайғылы оқиғаны Тұрғынбай атамның Қытай жеріндегі інісі  елден естіп бері Советке өтіп келеді де, жеңгесі мен Бекетайды және менің анам Рысжанды екі атқа мінгестіріп алып кетеді. Алып келеді де үшеуін өз қарамағына алып, бағып- қағады. Арада сынаптай жылжып біраз жылдар өте шығады. Сол жақтағы елдің арасында жүріп анам Рысжан бойжетеді де, әкем Бибаев Өшкелге тұрмысқа шығып, 1958 жылы Қытай жерінен атажұрты Қырбалтабайға көшіп келеді. /толығырақ төменде айтамын./

       Иә, мына өмірде небір кездейсоқ оқиғалар болып тұрады емес пе? Әлгі қылышынан қан тамған Қазақбайды шешем елден сұрастыра жүре анықтайды, әлі де бұл өмірде бар екендігін естиді.

       Шешем Рысжан бір жылы жаз айларының бірінде Асы тауындағы жиынға бара қалады. Сондағы таныс адамдары: «Әй, Рысжан! Сен сұрастырып жүрген Қазақбай әне кетіп барады» — деп құлағына сыбырлап айтады. Шешем әлгі кісіні тоқтатып алып: «Қазақбай деген кісі сіз боласыз ба?» — деп жәйлап сұрастырады. Анау жәйбарақат ештеме болмағандай: «Иә, мен боламын, маған қояр сұрағыңыз бар ме еді?» — дейді. «Иә, менің сізге қояр бірнеше сұрағым бар еді. Сіз, кезінде қызыл әскерлердің командирі болдыңыз ғой. Масақтағы қанды оқиға есіңізде болар, есіңізден шығып кетсе, мен, көз алдыңызға елестетейін…

     …қасыңызда он әскерлер бар біздің үйге, яғни, Тұрғынбайдың үйіне келдіңіз де, әкемнің Қытай жеріне өтіп кеткен інісін тауып бергін деп әкемнің жағасынан алдыңыз. Онымен қоймай қол шоқпарларыңыз үйдің астан-кестеңін шығарып, бесікте жатқан кішкене баланы бесігімен қоса бір бұрышқа лақтырып жібердіңіз, ол бала сол жерде қаза болды. Әкпем мен сіңлім қорыққандарынан тоғайға қарай қашып кетіп еді. Әкемді атқа теріс қаратып мінгізіп, алып кеттіңдер. Ал, мені шешем төңкерулі жатқан қазанның астына жасырып аман алып қалды. Сол менің екі бауырларым Рысалды мен Рысбүбі және әкем Тұрғынбай қайда? Әкемді қайда апарып қамадыңдар, міне, осы сұрақтарыма жауабын беріңізші» — дейді.

     Қазақбай сәл кідіріп барып: «Иә, шырағым! Ол бір аласапыран заман еді ғой. Бізге сондай бұйрық берілген. Ұсталғандардың барлығын да түрмеге апарып тапсырдық. Мен жауабын бере алмаймын. Мені кешіре гөр, кешіре алсаң…» – деп бас киімін алып жерге қойыпты да, еңіреп жылап жіберіпті.

     Осы сөзді естіген шешем Рысжан: «Ей, Қазақбай! Бір әулеттің адамдарын жоқ қылдыңдар, ең болмаса әкем мен бауырларымның бейіттері қайда екенін де білмейміз. Бастарына барып топырақ алып, Құран бағыштар едік. Жоқ, мен сендерді кешіре алмаймын» — деп теріс айланып жүріп кетіпті.

    «Кейіннен, сол Қазақбай ит өліммен өліпті» – дегенді әке-шешем айтып отыратын.

       Ендігі әңгімем, Өшкел әкем (азан шақырып қойған есімі Оспан) жайлы болмақ. Әкемнің ағайын-туыстары да сол шошақ бөріктілердің зардабын әбден тартқандар. Арғы тегіне көз жүгіртсек: руы Албан, елі Қызылбөрік-Қызылбөріктен-Шағаман, Шағаманнан -Қойайдар би болыс, Қойайдар би болыстан-Бибай (жұбайы Тобажан). Бибайдан- Бошанбек, Әрімбек, Керімжан, Омар, Оспан (Өшкел) бес ағайындылар. Менің әкем Оспан барлық құжаттарда Өшкел боп жазылып кетіпті. Сол аласапыран жылдары Әрімбек атам мен әкем Өшкелді де қызыл жағалы шошақ бөріктілер: «Бұлар Қойайдар би болыстың ұрпақтары, яғни, Совет Өкіметіне қарсы шыққандар, байдың тұқымдары» — деген желеу сөзбен сот органдарының үкімін шығартып, 1929 жылы он жылға соттап «итжеккенге» айдатып жібереді. Әкем Өшкел осы жайында былай деп айтушы еді:

     «Мені алып кетуге шошақ бөріктілер үйге келерін  Тобажан шешем сезіп, жүгері талқанды, құрт, ірімшікті уатып, бір қарын майға шылады. Сөйтті де: «Құрт шөлдетпейді, тары талқан құрсағыңды аштырмайды, мынау әрі сусын, әрі тамақ болады» — деп дорба тігіп қолтығыма тартып байлап беріп еді. Ет, басқа да тағамдарды қоржынға салып жатып: «Иістеніп кететін тамақты бірінші жегін, ал дорбадағы тамақтан бір шымшып алып тіліңнің асты таңдайыңа салып сорып жегін, бір Құдайға аманат!» – деп көз жасын көлдей төгіп жылап еді. Шешемнің айтқанындай-ақ бір күні шошақ бөріктілер: «Мынау, Бибай байдың баласы!» – деп мені ұстап әкеліп Төңкерістегі абақтыға қамады. Бірер күннен кейін қасыма бірнеше адамдарды қосып, Алматының абақтысына жеткізді. Ондағы абақты лықа толы екен. Көп кешіктірмей бірнеше жүздеген адамдарды, атты қызыл әскерлер алдыларына салып алып мал айдағандай айдап жолға шықты. Аяғымызға шәркей байлап алғанбыз, айдауда кетіп бара жатып, аштықтан, бірсыпыра адам шейіт болды. Әйтеуір, өлместің күнін көре жүріп ҚарЛАГ-қа жеттік. Менің тірі қалғаным, шешем Тобажанның тігіп берген қолтығымдығы дорбасы еді. Бірнеше ай жолда жүріп, сол дорбаның ішіндегі майға шыланған талқан, мені, өлім аузынан құтқарып қалды» – деп күрсіне есіне алып отыратын.

     Сөйтіп, Сібірге айдап бара жатқан тұтқындар аштықтан, жол азабынан шетінен қырылған соң, ҚарЛАГ-қа апарып табан тіретіпті. Әкем Өшкел осы түрмеде 1938 жылға дейін отырып, бастапқыда мыңға жуық қамалған адамнан 60 адам ғана түрмеден босанып шығыпты. Шешесі мен бауырларын сағынған әкем жол азабын көре жүріп Қырбалтабайға келеді. Келсе, ауылда ең үлкен бауыры Бошанбек қана қалыпты. Әкеммен қатар түрмеге қамалған бауыры Әрімбектен ешбір хабар жоқ екен. Керімжан мен Омарды сұрастырса, шешелерін алып Қытай жеріне өтіп кетіпті.

     Иә, не деген шерлі заман еді, заман емес-ау, қызылдардың жүргізген солақай саясаты солай болды. Қаншама миллиондаған ата-бабаларымыз шошақ бөріктілердің зорлық-зомбылығына шыдай алмай, жат елден пана табуға душар болды. Солардың бірі біздің «Бибай әулеті» еді.

    Сөйтіп әкем Өшкел, шешесі Тобажан мен бауырлары Керімжан, Омардың тірі, не өлі екендігін білу ниетпен шекара асып, Қытай жеріне баруға бел буады. «Тірі болса бауырыма басамын, өлі болса бейітін тауып, рухына Құран бағыштаймын» – деген оймен 1938 жылдың күз айының бір қолайлы күні шекара асып Қытай жеріне аман есен өтеді. Байқап басып, байымдап сөйлеп жүріп бауырлары Керімжан мен Омарды табады. Үшеуі құшақтасып көрісіп жылап, сәлден кейін мауқымдарын басқан соң шешелері Тобажанның жағдайын сұрастырса, осыдан үш жыл бұрын, яғни, 1935 жылы жарық дүниеден өткен екен.

    Содан әкем Өшкел, Керімжан мен Омардан өзі түрмеде отырған 8-9 жылдар аралығындағы ауылдың тұрмыс тіршілігі жайында, және Қытай жеріне не себептен өткендігі туралы сұрастырған ғой. Сонда екі бауыры да кезекпен-кезек көздеріне жас ала сөйлей отырып былай деп жауап беріпті.

     «Шешеміз Тобажан, бес баласының өмір-тағдырын ойлаумен зар еңіреп жылап жүріп  сал болып ауырып қалды да, өздігінен жүре алмайтын халге душар болды. Осыдан бірер жыл бұрын Керімжанның әйелі жолаушылып Қырбалтабайдан, Төңкеріске барған еді, ондағы шошақ бөріктілер: «Мынау әлгі Керімжан байдың қатыны ғой, жалғыз өзі мұнда неғып жүр екен» – деп, ұстап алып түрмеге қамапты да, жауап алу үшін ұрып-соғыпты. Өзі жүкті еді, сол түрмеде алған ауыр жарақатынан ішіндегі сәбиімен қоса қайтыс болды. Түрмеден алып шықтық та, жер қойнауына тапсырдық. Қызылдардың мынадай хайуандық іс-әрекеттерін көрген соң, шешемізді арқалап, Қытай жеріне ауып кетуге бел будық. Шешеміз: «Маған әуре болмаңдар, осында тастап кетіңдер» – деп еді, қара басымыздың қамын ойлап, шешемізді қалай ғана  қызылдардың кезекті зорлық-зомбылығына тастап кетеміз, қыстың күні қырауда кезекпен-кезек арқалап, Қытайға өтетін асуға қарай бет алдық. Омардың әйелі екінші баласына жүкті еді, қолына ерткен тұңғышы бар. Бір өгізге артқан азын-аулақ жүктеріміз де бар. Бірнеше күн жүріп отырып асуға жеткенде Омардың тұңғышы ауырып, жол азабын көтере алмады ма?, көзін мәңгілікке жұмды. Жер қазып жерлейік десек, жер тоң, жер қазуға ешбір мүмкіндік болмағандықтан, баланың балғын денесін бір талдың бұтағына іліп кеттік. Оның үстіне «шекара күзеткен қызылдардың қанды қолына түсіп қаламыз ба?» деген күдік те санамызда болып еді. Сөйтіп асығыс жүріп отырып Қытай жеріне өтіп кеттік. Осында келіп Советтен қашқан елдің арасынан орын таптық. Жаман емес, ел қатарлы күн көрудеміз…» –деп, Керімжан мен Омар әңгімелерін тәмамдайды.

      Осы оқиғаларды естиді де әкем Өшкел, осында қалып бірер жыл жұмыс істеуге тоқтамға келеді. Құлжа қаласына жақын арада бір үлкен ауылда сауда-саттық (базар) орын бар екен, сол арадан ат, арба тұрағын бір қытайдан жалға сұрап алады да жұмыс істейді. Базарға келген адамдар бірдекілі есек, аттары мен арбаларын сол араға тастап кетеді. Олар базарды аралап қайтқанша есек пен аттарына суын, жем-шөбін беріп күтімілдеумен болады. Шыққан соң тиісті пұлын төлейді де, өз жолдарымен кетеді. Кейіннен өз қаражатына сол арадан жер сатып алып «ат көлігі тұрағын» үлкейтіп біраз байлыққа ие болады. Бірер жылда 50-60 ұсақ малға, 40-50 ірі қараға қол жеткізеді. Енді үйленуі керек. Мінеки, осы тұста шешем Тұрғынбайқызы Рысжанмен танысады да, шешемнің туыстары сұраған қырық ірі қара «қалыңдық малын» алдыларына салып беріп, отбасын құрады. Сөйтіп, әкем Бибайұлы Өшкел мен шешем Тұрғынбайқызы Рысжан, Қытай жерінде өмірдің тауқыметін бірге арқалай жүріп, екі ұл мен бір қызды өмірге әкеледі. Сол заманда Қытай Өкіметі мен Кеңес Одағы Өкіметінің өзара қарым қатынасы жақсара түсіп, Қытай жеріне еріксіз түрде көшіп-қонғандар өз Отанына қайтарылды емес пе? Атажұртына оралғандар көшіне ілесіп, әке-шешем 1958 жылы Қырбалтабай ауылы, Түрген мал совхозына  келіп қоныстанады. Ал Тұрғынбай атамның інісі сол жақта қалған екен. Түрген мал совхозында бір отар қойларды алып бағып жұмыс істеп жүрген кездерінде, 1962 жылы мен дүниеге келдім.

      Иә, ендігі кезекте Бибай бабамның келіні, Әрімбек атамның жұбайы болған Әйнек апам жайында да өз ойымдағыны өрбітсем…

    1929 жылы Әрімбек атам мен Өшкел әкем сотталып кеткенде Әйнек апам, Әліпбай, Тұрсынбай, Қуандық есімді үш ер балаларымен Қырбалтабай ауылында қалған екен. Бибай әулеті қызылдардың қуғын сүргініне ұшыраған 1928-1931 жылдар аралығында, сол әулеттің мал жандарына бас-көз болып қалыпты. Керімжан мен Омар да Қытай жеріне кетуге бел буғанда, бірдекілі малдарын осы Әйнек апамызға табыстап кеткен екен. Негізінде, апамның арғы тегін зерделеп қарасақ, руы Албан, Онтоғар атаның ұрпақтары болып келеді.

      Апам, 1941-1945-ші Ұлы Отан соғысы жылдары, ауылдың әйелдерін жинап алып жүн иіртіп, нәски тоқытып, басқа да жылы киімдер тіккізіп қан майданға жібертіп отырыпты. Қолындағы бар малды талан-таражға түсіртпей «Зоовет» институтына өткізген екен. Ұлдары Әліпбай мен Тұрсынбай соғысқа алынып, хабарсыз кетеді. Кенже ұлы Қуандық та соғысқа алынып, майдан шебіне поезбен кетіп бара жатып Грузияға жеткенде: «Соғыс бітті»- деген жылы хабарды естиді. Сөйтіп, Ресей жерінде 5-6 жыл соғыстан кейінгі жылдары қираған қалаларды қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, кейіннен ауылға оралған екен. Апам, Қырбалтабай ауылында маңдай алды терін төгіп жұмыс істеудің нәтижесінде Кеңес Өкіметінің «Социалистік Еңбектің Ері» — деген жоғарғы марапатына ие болды. Қырбалтабай ауылындағы бір көшеге есімін берді. «Уақыт өз дегеніне көндіреді» -демекші, Әйнек апам осы Қырбалтабай ауылында қартайған шағында дүниеден өтіп еді.

      Ал енді біздің отбасымыз 1958 жылдан, 1984 жылға дейін Қырбалтабай ауылында апамның есімі берілген «Бибаева Әйнек» көшесінде тұрдық. Әкем Бибаев Өшкел совхоздың ең алдыңғы шопандарының бірі болды. Әр жүз саулықтан 130-дан қозы өргізіп, Асқаровтың өз қолынан «Құрмет грамотасын» алды, «Қазақстанның ең озық шопандары» қатарында болып Москваға да барып қайтты.

     Сөйтіп, сарғайған сары жылдар сырғи жылжып белестерден асты да, 1984 жылы Қорам ауылына көшіп келіп біржолата қоныс таптық. Әкеміз Бибайұлы Өшкел мен шешеміз Тұрғынбайқызы Рысжан қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырды, немере, шөбере сүйді. Әке-шешеміз қиянаттың қыл көпірінен сүрінбей өтіп, Бейбітшілік заманның елімізде орнауына өз үлестерін қоса жүріп, жарық дүниеден өтіп кетті» -деп сұхбаттасым Бибаева Гүлназ Өшкелқызы, өз ойында жүрген осы бір шытырман оқиғаларға толы әңгімесін ортаға салды.

     Иә сонымен, ХІХ ғасырдың бас кезінде Кеңес Өкіметін Қазақстанда орнату жолында өзіміздің құрыш білекті аталарымыз бен ағаларымыз да атсалысты емес пе? Олардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс жолмен жүріп істеген іс-әрекеттері бір Алланың назарында болар… Келешекте еліміздің тарихын түзеп жазып, өмірден өткен ата-бабаларымыздың шынайы шындық өмірін айтып болашақ ұрпаққа жеткізу, біздің мақсатымыз, ағайындар!                                                                                

                                                            

Болатхан НҮСІПБЕКОВ,

                 Халықаралық «Алтын Қыран» орденінің иегері,

Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар