30.3 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

ЕРЛІГІ ЕЛГЕ МҰРА ӘЛНҰР МЕЙІРБЕКОВ

Әр адамның өз тағдыры болады. Әрбір пенде өзінің пешенесіне жазылғанын көреді. Бірақ, жалғанның жанталасы қашан да жалғаса береді. Сол жанталастың жағасына жармасып жүріп, болашақты көп ойлап өткен күндерді естен шығарып алатын кездеріміз де аз емес.

Қазақ даласында мен-мендікке салынбай, істегенін пұлдамай, көк есектің үстінде күнелтіп, қарағайдың қалқасында түнеп жүріп-ақ қаншама әулие адамдар өмірден өтті десеңізші. Солардың кейбірінің есімі осы күнге жетсе, енді біреулері құмға сіңген судай болып, аты да аталмай жүргендері бар. Солардың бірі адалдықтың ақ туын тік ұстаған, еңбегін еліне арнаған, халқы қадір тұтатын, қарт майдангер, ел таныған қаламгер-журналист, әйгілі – Әлнұр Мейірбеков.

Райымбек ауданына келген қонақ ақындар мен батырлардың еліне табан тіредік деп, топырағына тәу етіп жатады. Бұның бәрі ата-бабаларымыздың еліне адалдығының арқасында жеткен жетістік. Алпысыншы жылдары Нарынқол өңірінен түлеп, қазіргі таңда қазақ даласына аты мәшхүр болған ақиық ақын Мұқағали Мақатаев, елінің ерке ақыны Еркін Ібітанов, белгілі журналист Дәулет Желдікбаев, Жанболат Аупбаев, Рысбек Сәрсенбаев, Әбілбек Айтақынов, Мінуар Әкімханов, әйгілі сыншы Сағат Әшімбаев, жазушы-драматург Баққожа Мұқаи, жазушылар Төлен Қаупынбаев, Тұрлыбек Мәмесейітов, сатирик Берік Садыров, ақындар Айтақын Әбдіқал, Батық Мәжитұлы, Мұса Жанәділов, Биғайша Медеуова, Қанат Тәкебаев, Қанат Біржансал сынды сөз саңлақтары біздің ауданның мақтаныштары. Есімдері елге белгілі азаматтар. Ал, осы аталған ақын-жазушылардың басым бөлігі Әлнұр Мейірбековтың тәрбиесін көріп, тәлімін алған қаламгерлер. Шығармашылық жолдарына ақ батасын беріп, тұсауын кескен де қарт майдангер еді. Сол тұстағы қаламгерлердің барлығы дерлік Әлнұр Мейірбековты ұстаздары санайды, абыз ақсақалға теңейді, қамқоршысы көреді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш», «Үркер» ұлттық сыйлықтарының лауреаты, Жанболат Аупбаев өз естелігінде «Әлнұр аға Мейірбеков!.. Аты-жөнін құрметпен, ыстық ықыласпен еске алатын осы бір аяулы жан менің есімде. Жүзінен жылылық, мейірімділік есіп тұратын дегдар қарт әлі жадымда. Ашығын айтайын, өз басым ол кісі басшылық еткен редакцияда қызмет атқарған адам емеспін. Бірге, қоян-қолтық жұмыс істегенім жоқ. Бірақ ауылдас аға ретінде айтқан ақылын алып, үлгілі сөзін тыңдаған 60-70- ші жылдар жастарының қатарынанмын. Сол кездегі аудан мен облыс, республикалық деңгейдегі газет-журналдарға шыққан тырнақалды мақалаларыма шын көңілмен куанып, жанкүйер болып отыратын еді жарықтық. Тіпті бір рет менің шығармашылығым туралы әдемі мақала да жазғаны бар. Оны қалай ұмытарсың!» деп жазады.

Әлнұр атамыз соғыстан кейін бұрынғы «Советтік шекара», қазіргі «Хантәңірі» газетінің редакциясында 30 жыл жұмыс істеді. Ширек ғасырға жуық уақыт газеттің бас редакторы болған. Сол жылдары ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты тай күнінен танып, поэзия алаңындағы ұлы дүбірге қосып, қамқорлық көрсеткен. Алматыдағы әйгілі ақын Әбділдә Тәжібаевпен телефон арқылы таныстырып, кейін арнайы жіберіп онымен кездестірген де Әлнұр Мейірбеков. Ол балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев пен де әріптестік силастықта жүрген. Еркін Ібітановтың бүт Қазақстанды дүр сілкінткен «Қойшылар» поэмасының тууына да себепкер болған осы ақсақал. Малшылардың аудандық слеті өтерде жас тілші Еркін ақынға бас редактор қойшылар туралы өлең жазуды тапсырады. Осы тапсырыспен басталған өлең маржандай төгіліп, екі-үш күннің ішінде қазақ баласы тамсанған «Қойшылар» поэмасы болып өмірге келеді. Еркін ақынның томағасын сыпырған да осы поэма деп айтылады ел ішінде.    

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Алматы облысының және Райымбек, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандарының Құрметті азаматы Тоққожа Естенов Әлнұр ата жайлы өз естелігінде «Алматыда бір асханада Тоқаш Бердияров пен Мұқағали ағамыздың қасында өткен санаулы сәтте Мұқаң Нарынқол туралы, ондағы газет редакторы Әлекең туралы ерекше ықыласпен мені жазу өнеріне баулып, қатарға қосқан сол ағам ғой! Алтын адам ғой ол кісі! Біліп қой, бала! Әлнұр ағада абызға тән қасиет бар. Мұны қасында жүргендер қайдан білсін»- деп әңгімелеп отырғанын өз құлағымен естігенін айтады.

Майдангер Ә. Мейірбеков соғыста атақты 100-ші бригада құрамында болып, екі рет ауыр жараланған, соның салдарынан госпитальде бес рет отаға түскен. Еліне оралғаннан кейін де майдан даласында жүрген кезінде тиіп, етіндегі қалып қойған қорғасын оқтың кесірінен 1965 жылы тағы да үш сағаттық отаға түсті.

Қазақтың белгілі журналисі, әрі жазушы, әрі майдангер, 100-іншінің құрамындағы командирлердің бірі Қасым Шәріпов «Қаруластар» деген кітабында былай деп жазады: «Қызыл әскер Әлнұр Мейірбеков жараланғанына қарамастан зеңбірегінің қасынан кетпей, дәл көздеп, алда келе жатқан танкті қиратты, жалыны аспанға шапшып танк тұрып қалды. Тоғыз жерден жараланса да Мейірбеков ата берді. Оның оғынан немістердің тағы бір танкісі жанып кетті» дейді.

Ал енді Қазақстан Ғылым академиясының академигі, 100-інші бригаданың комиссары Сақтаған Бәйішов Ұлы жеңістің 40 жылдығына орай «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1975 жылғы наурыздағы санында «Жүзіншінің жолы» деген көлемді мақала жариялады. Мақалада «Қатардағы зеңбірекшілер Винурзин, Ерназаров, Мейірбеков, Бәйсейітов және басқалар бөлекше батырлықтарын байқатты. Великолуктегі горнизонды босатпақ болып шабуылға шыққан неміс әскерлерінің туралап атылған снарядтары мен 1943 жылдың алғашқы күндерінде болған қатал ұрыстарда жүздеген неміс солдаттарын тас-талқан етті. Неміс әскерлерінің шабуылына талай рет той- тарыс беріп отырды», — деп жазыпты.

Қан майданда танкке қарсы атылатын мылтықтар ротасында болған Әлнұр атамыз жеңістің 50 жылдығында журналист Дәулет Желдікбаевқа берген сұхбатында «Кілең 18 бен 20-нын арасындағы өндірдей жастар еді. Жас жауынгерлерді үйретуге, соғыс өнеріне машықтандыруға кілең тәжірбиелі командирлер келді. Сол кісілердің еңбегінің арқасында, үйретуінің арқасында, талапты қатты қойып, соны орындауға баулуының арқасында біз майданға жақсы дайындықпен бардық… 1942 жылдың 25 қарашасы күні Калинин облысының Молодоуйт деген аудан орталығына шабуыл басталды. Қар жауып, боран болып, тұман басып, әлей-дүлей болып тұрған, былайша айтқанда, қияметтей күн еді. Таң ата шабуылға шықтық. Сол шабуыл жалғаса-жалғаса 10 желтоқсанға дейін созылды. Немістер қатты бекінген екен. Қоямыз ба, аудан орталығын, содан кейін 13 елді мекенді жаудан босаттық. 100-іншінің жауынгерлері 10 желтоқсанда Великолуки жаққа ауыстырылып, сол қала үшін күреске қатынасты. Бұл кезде қаладағы фашистердің негізгі күші талқандалып, қалғандары қамалға бекініп алған екен. Сол қамалды қоршауға алдық. Бәрі біз күткендей болған жоқ. Көп өтпей жаудың жойқын қайта шабуылы басталды. Великолуки тоғыз жолдың торабындағы стратегиялық маңызы үлкен қала екен. Оның үстіне қамалда қалған көп күшін құтқару қажет қой. Сондықтан қаладағы шайқас кескілескен түрде өтті. Бұл шабуылда біздің қазақ жігіттері, қазақстандық ержүрек ұл-қыздар өздерінің ата-дәстүрін сақтай білді. Атақ-даңқына кір келтірген жоқ.

Мен сегізінші қаңтар 1943 жылы жараланып кеттім. Содан кейін төрт жарым ай госпитальда жаттым. Бірақ, жауынгер жолдастарыммен хат алысып, хат берісіп тұрдым. Мен госпитальда жатқанда 100- іншінің тас түлектері Небель үшін шайқас жүргізіпті. Сол шайқаста асқан зор ерлік көрсетіп, Мәншүк Мәметова қаза болыпты. Кейін 1944 жылы Мәншүкке Совет Одағының Батыры атағы берілгенін өздеріңіз білесіздер. Сол жолы бригада командирінің орынбасары Әбілқайыр Баймолдин де қаза тауыпты. Кейін Мәншүкке қаланың үлкен бір көшесінің аты берілді. Ол жердің халқы Мәншүкті қадірлеп, қабірінің басына гүл қойып отырады деп естідім.

Мен екі танк атып түсіріп, 13 жерімнен жараланып, қанға бөгіп жатқанымда рота командирінің саясат жөніндегі орынбасары лейтенант Жансейіт Байжігітов мені 3 шақырымдай жерге қолтығымнан алып, былайша айтқанда, арқалап келді. Жамбасыма снарядтың үлкен жарықшағы тиіп, өртеніп жатыр екенмін. Өртті өшірді. Құдайдың қаққанын қарамайсыз ба, сол кезде менің жараланбаған жамбас жағымда граната болыпты. Жансейіт жалма- жал оны лақтырып жіберген. Аз болмаса атылады ғой.

1941 жылдын 14 желтоқсан  күні осы Нарынқол ауданынан Әбдіқалық Ыскаков, Әшімбек Алакөзов, Айдарбек Рысбеков, Құрманәлі Өсімбаев, Қырғызәлі Бейбітов, Әбдіқадыр Асанов жетеуміз аттандық. Барлығымыз Алматыға аттанғаннан кейін бір зводқа, бір бөлімшеге бөліндік. Ішміздегі орыс тілін ептеп білетін пысықтауымыз Әбдіқалық еді. Ол біздің топқа командир болды. Кейін бір-екеуі басқа бөлімшеге ауыстырылды, Әбдіқалық, Айдарбек, Әшімбек, Құрманәлі бесеуміз соғысқа бірге кірдік. Осылардың қай-қайсысы да жауынгерлік тапсырмадан бой тартқан жоқ. Ерлікпен шайқасты. Бірімізге біріміз оққағар болған кезіміз де аз емес. Жаңа айттым ғой, ротанын политругі мені 3 шақырым жерге арқалап келді деп. Одан кейін бір қарашай жігіттің сүйемелдеуімен санчасты бетке алып сүйретіліп келе жатқанмын. Ұзақ жүре алмайтынымды сезіп келемін, кішкентай отырсам, тұра алмаймын. «Өлмегенге өлі балық» деген емес пе, артымыздан Айдарбек, Әшімбектің келе қалғаны. Екеуі алғы шептегі жауынгерлерге тамақ жеткізіп, ат шанамен қайтып келе жатыр екен. Мені дауысымнан танып қалыпты. Шанасына салып алды. 30 шақырымдай жердегі санбатқа апарып тапсырды. Егер Айдарбек пен Әшімбек сол түні кездеспесе, менің бұл өмірде жүруім екі талай еді.»-деп ағынан жарылған.

1992 жылы 8 тамыз күні Шәлкөде жайлауына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келген кезде абыз ақсақал былай деп бата берген.

— О, Абылайдай арысым,

Бақ қарап, қыдыр дарысын!

Артыннан әппақ ай туып,

Алысқа кетсін дабысың!

Қыран жүрек сұңқардай,

Оңға бассын әр ісің!

Тасын өрге домалап,

Көл-көсір болсын табысың!

Алдыңнан арай күн шығып,

Асыл текті тұлпардай,

Үдей берсің шабысың!

Терезені тең ұстап,

Керегені кере ұстап,

Еліңнің қорға намысын!

Аумин, Аллаһу-акпар!

Әлнұр атамыздың «Адамда жақсы қасиеттер көп қой. Соның ішінде менің ардақтайтыным және өзіме өмір бойы ұстанып келе жатқаным адалдық»-деген сөздері де ел-жұртының есінде.

Табиғатпен сырлас, мұңдас болған Әлнұр ата жаз шыға киіз үйін алып, Шұбартал жайлауында болса, күз түскенде малшылардың ортасында отырады екен. Еңбек адамдарының алдындағы  Әлнұр Мейірбековтің беделі биік болғанын осыдан аңғаруға болады. Таудан құлап ағатын өзендер туған жердің әрбір тал гүлінің құпия сыры Әлнұр атаның жүрегінде болды.

Шежіренің шын сөзіндей болған абыз қарт «Сен солдатсың» деген хикая жазды. Бұл шығармасы 1982 жылы «Жалын» баспасынан жеке кітап болып шықты. Жеңіс солдаты атанған, запастағы майор Әлнұр Мейірбековтің бұл кітабында тек өзінің ғана бастан кешкендері емес, кеңес жауынгерлерінің әсіресе қазақ жауынгерлерінің жорық жолдары мен жасаған ерліктері кестелі тілмен кеңінен баяндалады. Осы кітапты оқыған адам соғыс деген сойқынның не екеніне қаныға түседі. Арада бірер жыл өткен соң Әлнұр Мейірбековтың «Аспантаулар аясында» деген кітабы жарық көрді. Аспантаулар аясы – оның қымбат әрі ыстық алтын бесігі. Аталған екі кітапта қарт қаламгер өткен күнге ой көзін жібере отырып, ұзақ өмірдің өткелдеріне байыпты талдау жасайды, бұл шығармаларда да адамгершілік туын аласартпайды.

Қаламы қарымды  Әлнұр Мейірбеков республикалық мерзімдік басылымдарда елдің мүддесін көздейтін көлемді проблемалық мәселелерді де назарынан тыс қалдырмады. Мұнысы оның қашан да халық қамын ойлайтын азаматтық тұлғасын аша түсті. Ә. Мейірбеков аты абызға, батасы аңызға айналған, аузы дуалы ел сыйлайтын қария болған шағында маңдайына жазғанын көріп, жалғанмен қош айтысты.

Әңгімемізге арқау, тақырыбымызға тұздық болып отырған соғыс және еңбек ардагері, журналист-жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Әлнұр Мейірбековтың өмір жолы осындай.

Тағдырының қуанышты да қайғылы да шақтары көп майдангер елі үшін терін ғана емес қанын да төкеннін көріп отырмыз. Майдан даласында жан аямай шайқасқанын да білдік. Мұқағалидың өзі абыздығы бар аға деп баға берді. Шығармашылық жолында еткен ерен еңбегі де айтылды. Бір әттегенайы осыншама құрметке лайықты қарт майдангердің есімі кейінгі жылдары ұмытылып бара жатқандай. Елім жерім деп отқа оранып, суға сүрініп, қан мен терін қатар төккен ақсақалымыздың еңбегін бағалай алмасақ бізге сын емес пе? Райымбек ауданында Әлнұр Мейірбековтың атында не бір көше, не бір ғимарат жоқ екенін айтудың өзі ұят. Айтпасқа тағы болмайды. Осы мәселе арқаға аяздай батады. Адалдықты өміріне арқау еткен ақсақалдың есімін неге сонша ескермей жүрміз? Әлде, жалғанның жанталасынан жалтара алмай жүрміз бе?

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі

Алдыңғы мақала
Келесі мақала
spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар