20.1 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

АЛАМАН БИ САЯБАҒЫ АШЫЛДЫ

Елі үшін туып, елі үшін жанын қиған бабаларын халқы ешуақытта ұмытпайды, қайта ерлік  мәңгілік  жасай беретіндігін уақыт көрсетіп келеді. Ұланғайыр даланың ұлы перзенттерінің бірі Аламан Мәмбетұлының тарихтағы орны айрықша. «Қайқы бел, боз бие мен айғыр түгел болса, басқасы өзі келеді» — деп, Аламан бабамыз айтқан қанатты сөз ел жадында. Ат жалын тартып мінгеннен, өмірінің  соңына дейін «ауыздықпен алысып, толарсақтан қан кешіп» ел бірлігі  үшін  күрескен  Аламан бабамыз бір өлкенің ғана емес, ерлік пен ердің қадірін білетін исі қазақтың тұтастай тұлғасы.Өз дәуірінің қайталанбас қайраткері болған, Аламан  Мәмбетұлының 400 жылдық тойы Аламан баба ескерткішінің ашылуымен басталды. Сәулеті жарасқан «Аламан би» монументі жобасының авторлары: Бақберген Құдайбергенұлымен Ғабит Жүнісбековке айтар алғысымыз шексіз.

                Бабасын ұлықтаған  көпшілік алдымен  ескерткіш алдындағы театрландырылған көріністі тамашалады. Одан соң ақын С.Смағұлов Аламан биге арнауын айтып, жырдан шашу шашты.

Кіріспе сөз Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің озаты, Аламан бабамыздың мұрасын жинақтап жүрген зейнеткер ұстаз Н.Малбековке беріліп, Аламан Мәмбетұлы туралы баяндамасын оқып, өз құттықтауын жеткізді.

Алқалы жиынның шымылдығын Кеген ауданының әкімі Н.Теңізбаев ашып, келген қонақтарға Аламан Мәмбетұлы туралы баяндамасын оқып берді. Еліне абыройлы  болған, Аламан бидің 400 жылдығы- баршаға ортақ той екендігін, даңқты ерлердің ерлік істері жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтіндігін айтып, жиналған  қауымды  мерейтоймен құттықтады.
         Бұдан соң, Райымбек  ауданының әкімі Б.Дүйсенбаев Аламан бидің өткен өмірі, ерлік істері және бүгінгі ұрпақтарының алған асуы мен ел игілігі жолында сіңірген  еңбектері туралы  айтып өтті. 

         Қоғам қайраткерлері Т.Асанов, Р.Сәрсенбайұлы, Ы.Бектұрсынов, Б.Ұлдарбековтер Аламан бидің  тұлғасын, ұстанымын, көрегенділігі мен  жаужүректілігін, өрелі істері жайында тың  деректерді алдыға тартты, қазіргі таңда  Аламан бидің  өмірі мен қызметін жаңа тұрғыдан зерттеу-жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеуде айрықша  рөл атқаратындығын  атап өтті.

        Сондай-ақ, Алжаннан тараған Аламанның бауырлары Сырымбет,Шағырмен Қиғылықтан тараған ұрпақтары топ бәйгенің І орнына тігілген 1 млн. теңгенің сертификатын өз аттарынан табыс етті.

        Шара барысында  марапаттауларға кезек беріліп, Ж.Мұқи, Н.Малбеков, арнайы қонақтарға «Аламан-қарекет» қор атынан  иықтарына шапандар жабылды.

        Салтанатты  рәсімнен соң, ақсақалды аталардың ақ батасымен Аламан би рухына құран бағышталды.

        Көптен күткен, «Аламан би» саябағының лента қию рәсімі жүргізіліп, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты.

       Айтулы шара да рулық анықтама, тарихи мәліметтер топтастырылған Жайна Нұрдостың «Көргені жақсы көш бастар» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді.Кітаптың тұсаукесер рәсімін осы істің басы-қасында жүрген, ұйымдастырушылар Н.Малбековпен Б.Құдайбергенұлы, әншілер С,Нұрмағамбетовамен Р.Стамғазиевтер жасады.

        Шараларды қорытындылаған гала концертте Алматы облыстық «Сүйінбай» атындағы филармониясының фольклорлық ансамблі,әншілер С,Нұрмағамбетова, Р.Стамғазиев, Ұ.Қабаева сынды танымал өнер иелері әндерін шырқады. Олардан бөлек, эстрада жұлдызы, Аламан бидің ұрпағы Айқын Төлепберген де кештің басты қонағының бірі болды.

            Бұдан кейін, «Аламан би» саябағы жанында бозкілемде балуандар күш сынасса, білектілер кір тасын ұршықша иірді. Белділер қошқар көтеруден алдына жан салмады.

Ел-ел жер-жерге сауын айтылған Аламан бабамыздың асы Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылының атшабарында өткен бәйгеге ұласты. Жылқының дүбірін естісе делебесі қозатын қазақ баласы бәйге десе ішкен асын жерге қоятыны белгілі. Аламан бабамыздың рухына арналып берілген бәйгеге жиналған халықтың да қарасы көп болды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген атбегілер, шабандоздар, бапкерлер, көрермендер, жанкүйерлер, Аламан баба ұрпақтары тартысқа толы бәйгенің куәгері болды. Жиналған көпшілікке ат құлағында ойнайтын жерлестеріміз теңге ілу, қыз қуу сияқты ұлттық ойындарымызды дәріптеп, көрермендерге өнерлерін көрсетті.

         Бәйгенің басында ата-баба салты бойынша Тоққожа Естенов және Қонысбай ақсақалдар алғы сөз айтып, білек көтеріп ақ батасын берді. Дүбірлі додада көршілес Қырғызстан елінен және Қазақстанның барлық аймақтарынан келген қыл құйрықтар бақ сынады. Жарыс жолына бәйгені бастап 55 құнан шықты. Сымдай созылған құнандардың ішінде бірінші орынды Алматы қаласынан келген «Нұрай» шаруа қожалығының Гүлсары есімді жүйрігі жеңіп алды. Мәре сызығынан алғаш өткен 5 құнанға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Келесі кезекте бәйге алаңына жергілікті Райымбек Кеген аудандарының сәйгүліктері сынға түсетін топ бәйгенің қатысушылары шықты. Жергілікті бапкерлердің бабы мен жүйріктің бағы сынға түскен сайыста екінші орынды Райымбек ауданы, Қызылшекара ауылынан келген Нұрбол Сағатбекұлының Қаршыға атта тұлпары жеңіп алды. Топ бәйгенің бас жүлдесі Кеген ауданынан келген Оспанов Уәлидің атына бұйырып, 1 миллион теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Өз кезегінде жергілікті Райымбек Кеген аудандарының атбегілері арасында өтетін Аламан бәйге басталды. Аталған додада 2 орын Сарыжаздың сәйгүлігі Бахусқа бұйырды. 1 орынды Кеген ауданына келген Ақбақай атты тұлпар алып ат иесі су жаңа автокөлік иеленді. Бәйгенің басты жарысы Халықаралық аламан бәйгеде тіс қаққан шабандоздар мен сен тұр мен атайын деген тұлпарлар сөреден шықты. Шашасына шаң жұқпайтын шын жүйріктер үзеңгі қағысып, құйрық тістесіп, іркес-тіркес болып көрермендер алдынан өтіп жатты. Бағы мен бабы қатар келген Қырғызстан өңірінің Қаракер атты жүйрігі мәреден бірінші өтіп, ат иесінің тұлпары бәйгелі аты әйгілі болды. Бас бәйгеге тігілген су жаңа автокөлік көршілес елдің қанжығасына байланды.

         Аламан бабамыздың асында шапқан тұлпарлар ел есінде қалып, көрермендердің көзін тойдырды. Бабамыздың әруағы тіктеліп ұрпақтары ата алдындағы парызын өтеді.

Дәурен ЕРМЕКБАЙ,

 Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Кеген-Райымбек ауданы.        

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар