12.1 C
Нарынкол
Воскресенье, 19 мая, 2024
No menu items!
Маңызды

ЕҢСЕРУ

   Әр дәуір өз кескін-келбетімен ғана емес, сол кезеңде өмір сүрген адамдарымен де дара. Соғыстан кейінгі ұрпақ, олардан шыққан шығармашылық иелері, бұларға тән қасиеттер туралы сөз қозғағанда, міне, осыны айтуға болады. Отанды, ел мен жерді аялау мен бағалаудың үлгілері, елдік пен ерліктің өнегелері, ұлттық дәстүрге адалдықтың сыр-сипаттары, атамекенге, ата-анаға, бауыр-туысқа, отбасына шынайы берілгендіктің өлшем-өрнектері, сондай-ақ, қиын-қыстау кезеңнің шындықтары соғыстан кейінгі ұрпақтың бойынан, олардың қайсарлықпен өрілген өмірлік мұрат жолынан менмұндалап тұрады. Яғни, 50-ші жылдардың жасөспірімдері еңбекқорлық, төзімділік секілді қасиеттерді өз уақытына байланысты еш жатсынбай, табиғи түрде қабылдай білді. Ол кезде халықтық мәнердің мәйегі де бұзылмаған еді. Сондықтан, 50-60-шы жылдар өрендері туған тіл – ана тілінің уызына жарып өсті, ата-баба дәстүрін, өзін қоршаған ортаны кітап, радиодан емес, өздері өмір сүрген атамекен, ауыл көріністерінен көңілдеріне тоқи білді. Осындай қасиеттердің арқасында солардың арасынан 70-ші жылдары қазақ әдебиеті мен өнеріне жазушылар Баққожа Мұқай, Смағұл Елубай, Алдан Смайыл, ақын Нұрлан Оразалин, сыншы Сағат Әшімбаев, киноактер Досқан Жолжақсынов, қолөнер шебері Дәркенбай Шоқпаров секілді таланттардың келгені бар. Біз төменде өзіміз сөз етпек болып отырған Тұрлыбек Мәмесейіт те, міне, осы тегеурінді толқынның өкілі.

   Ол ең алдымен – қаламгер. Қаламгер болғанда да қазақтың қасиетті қара сөзінің қыр-сырын жетік білген, меңгерген, сазды сөйлем тіркестерінің бояу-нақышын бойына сіңіріп, ұғым-мазмұнын сана иірімінен сезімталдықпен өткерген суреткер. Оның дарын-даралығы мен талант-табиғатынан жазушылық қарым-қабілеттің айрықша көрінуі, міне, осыдан. Азабы мол бұл шығармашылық жолда кейіпкеріміз ешуақытта да асығып-аптыққан емес. Алдымен сөзбен сурет салғандай «Гүлдерайым», «Кезек дүние», «Жирен қасқа», «Жасын түскен маусым» сынды әдемі де әсерлі әңгімелер, хикаят-эсселер жазды. Содан кейін оқиғасы қою, сюжеті шымыр, шешімі бөлек «Тауда өскен ұл», «Әулиешоқы», «Тектінің кегі», «Беторамал», «Түсіме тау кіреді», «Аңшының соры» атты повестерін өмірге әкелді. Уақыт өте келе ол көркем әдебиетке әбден дендеп енген ширек ғасырдан астам мерзімнен кейін барып, кесек туындыға қажет жанрлық талаптары толық сақталған кең тынысты «Таңжарық» роман-дилогиясын оқырмандарға ұсынды.

   Сөз ретіне қарай: «Жазушының әңгіме-хикаяттарындағы басты тақырып не?» деген сұрақтың ойға оралмай қоймайтыны анық. Ашып айтар нәрсе – Тұрлыбек Мәмесейіттің тау, иә, таулы өлкеге деген ықыласы бөлек, көңілі алабөтен. Сондықтан, оның шығармашылығындағы тылсым тақырып – ол тау. Оның табиғаты мен болмысы. Тау адамдарының өмірі мен тыныс-тіршілігі. Таудың жыл мезгілдеріндегі қайталанбас суреттері мен тосын құбылыстары. Ондағы жан-жануарлар әлемі, аңшылық, махаббат, аңыздар… Яғни, біздің кейіпкеріміз тауда ғана болатын ерекшелікті сезіне білетін қасиетке ие. Сондықтан, оның әрбір шығармасынан тау тұлғасы, тау құбылыстарындағы шың-құздардың асқақ келбеті өзгеше көрініс тауып, кестеленеді. Мәселен, қаламгердің «Хантәңірі баурайында жалғыз шырша» хикаятын алып қаралық. Онда автор: «Тауды көп адам түсінбейді, тілсіз дүлей, қатты деп ойлайды. Олай емес. Тау жұмсақ, мейірімді, «көңілі» нәзік. Тау тілсіз емес, ол – әуендер жиынтығы. Тау ән салады. Тау күңіренеді. Тау жылайды… Тау тыныстап күрсінеді…», десе, енді бірде: «Тау мен тастың өз өмірі, өз тілі бар. Оны сол тауда туып, тауда өскендер ғана ұғынады. Мен таудың күңіренгенін естіп, тасқа «жан біткенін» көрдім. Тасқа «жан біткені» – оның орнынан қозғалғаны, домалағаны шығар. О-о, тастың домалағанын көрсең! Мықты болсаң, тоқтатып көр. Таудың баурайын түйгіштеп, дүниені дүр сілкіндіреді. «Жан біткені» емей немене ол?!», – дейді. Осылайша, қия мен төскейдегі тас домалаудың өзіндік қызықтары тек тауда ғана болатын құбылыс екенін шеберлікпен жеткізеді.

   Тұрлыбек Мәмесейіттің аталған хикаятының басты кейіпкері – өзі. Сондықтан, шығарманың әр жолы оның тауға деген сағыныш-аңсарымен суарылып, өріледі. Ондағы: «Таулар ұлы ғой. Ұлы тауда не болмайды дейсің! Тосын қызықтар тек тауда ғана болады. Біз білмеген, біз көрмегендері қаншама десеңші! Таулар ұлылығымен адам баласын әлі де таңғалдыра береді. Таңғалмасыңа қоймайды. Сәт сайын құбылып, мың сан түрге енеді. Тауда бәрі басқаша: таңның атысы, күннің шығысы, күннің батар шағы, тіпті таудың іңіріне дейін бөлекше ғой. Ал жұлдыз туған шақ тіпті ғажап. Тауда жұлдыздар тым жақыннан күлшедей-күлшедей болып нұр шаша жымыңдасады», – деген жолдар арқылы қаламгер тау болмысын биіктете түскендей әсер береді. Бір сөзбен айтқанда, жазушы таудағы айлы түннің тылсым кереметіне, таудың жаңбырына, тіпті ондағы нөсердің астында қалудың қайталанбас рахатына дейін тізбелей келіп, таудың ұлылығына, ірілігіне, алыптығына тәнті болады. Таңдана да  тамсана жырлайды.

   Ал: «Қаламгердің әңгіме, повестеріндегі шеберлік ерекшеліктері ше? Олардағы ешкімге ұқсамайтын даралық сипаттары қандай?» деген сауалдарға жауап іздейтін болсақ, оның шығармаларында кездесетін кейбір тосын шешімдер бірден ойға оралады. Бұл орайда Тұрлыбек Мәмесейіттің «Тектінің кегі» повесіне айрықша тоқталуға болады. Әрине, адам мен түз тағысы – қасқыр арасындағы көзге көрінбейтін байланыс жібі бұған дейінгі әдебиеттердің түп-тамырынан үзілмей келе жатқаны аян. Мәселен, Джек Лондон мен Мұхтар Әуезовтің, Шыңғыс Айтматовтың шығармаларында қасқыр жыртқыштықтың символы ретінде бейнеленетіні белгілі. Ал кейіпкеріміздің бұл туындысының оқырманға әсер еткен тосын шешімі – ол, керісінше, қасқырдың адам баласын қыран құстың тырнағынан құтқарып қалуы.

   Тұрлыбек Мәмесейіт – Хантәңірі баурайындағы тұмса табиғаттың құбылыстарын, ондағы жыртқыш аң мен құс-құзғынның тіршілігін жақсы білетін дүниетанымы кең қаламгер болғандықтан повестегі сюжеттің шынайылығына, оқиғаның өрбу барысына, шарықтау шегіне оқырмандарын шеберлікпен иландырады. Шығарманың басты кейіпкері – Өмірәлінің бүркіт ұясы бар жартастан балапан алып, әке аманатын бір орындасам деген арманы тағат таптырмағаннан кейін әдіс-айла тауып, балапанды қолға түсіруі оқиға желісін бірден шиеленістіріп жібереді. Оған, әрине, бір ғана себеп бар. Жалғыз балапанынан айырылған қыран құстың тыншымай, шопан үйінің төбесін шиырлай айналып, үнемі торуылдауы. Ал сол маңды мекендеген түз тағысының осы отбасының баласын қыранның өткір шеңгелінен құтқаруы шығарманың шарықтау шегін мүлдем басқа арнаға бұрып жібереді. Мәселен: «Көлбеулей төмендеген бүркіт қиғаштап барып-барып жалт етіп, үйіріле орағытып шұғыл бұрылды. Қасқырдың өнебойы қалшылдап, тістері сақылдап, төрт тағандай орнынан тұрып, жерді тарпып-тарпып жіберді. Көзі шоқтай қызарып бүркітке қадалған.  Зулаған бүркіт тура баланы көздеп келе жатқандай. Әнеки, солай сияқты. Ақшулан атылып кетті. Қыран да шүйіліп келеді. Оқтай атылған қасқыр бүркіттен бұрын жетіп, баланы кеудесімен қаға-маға жол астындағы арша арасына ұмар-жұмар болды. Көлденеңнен киліккен қасқырдың бөксесін ала тебе бүрген бүркіт көзіне қан тола сілки бергенде арпылдап үрген иттер мен шаңқылдаған адам даусынан сәл тосыла босаңсыған сәтте қиралаңдаған қасқыр бөксесін сүйретіп сытыла берді», – деген бояу-нақышы қанық суреттеуден повестің негізгі өзегі айқындала түседі.

   Ал қаламгердің «Бесік пен несіп» повесі өткен ғасырдың соңын ала бере жазылса да бүгінгі күннің бейнесін көз алдыңызға әкеледі. Шығарманың басты кейіпкері – ауылда ұзақ жыл қой бағып, озат шопан атанған Бекбосын қария. Кемпірі қайтыс болғаннан кейін қалаға – жалғыз баласының қолына келген ақсақалдың жанын баспанасы болмағандықтан пәтер жалдап тұратын ұлының, осыған ұқсас тіршілік кешіп жатқан шаһар тұрғындарының жүдеу көріністері құлазытып жібереді. Осылайша, повесть кейіпкері өткен өмірін, атамекен – ауылын, жаз жайлауын аңсайды, сағынышпен есіне алады. Бұл туынды арқылы автор адам бойындағы адамгершілік, сыйластық, туысқандық, бауырмалдық секілді қасиеттердің біртіндеп көмескілене түскенін, халықтың тереңнен тамыр тартатын ата-баба дәстүрінен біртіндеп ажырап бара жатқанын меңзейді. Бекбосын ақсақалдың: «Шыр етіп жерге түскен топырақ – алтын бесігің қанша аялап, әлпештегенмен азды-көпті ғұмырыңда дәм-тұз, несібең қай қиырға жетелеп, қандай қиянға салмайды десеңші! Оған адам-жазғанның билігі келіп, пенде шіркіннің көзі жете ме?!», – деген толғамы оқырманына еріксіз ой тастары анық.

   Жоғарыда біз кейіпкерімізді әдебиеттің шағын жанрлары – әңгіме-повестерді игергеннен соң барып роман жазуға ұмтылыс танытқанын және автордың бұл қадамының сәтті болғанын қысқаша сөз еткен едік. Иә, ол шынында солай. Оған жазушымен кездесулердегі оқырмандар пікірі мен көрнекті шығармашылық иелерінің газет-журналдардағы жүрекжарды сөздері анық дәлел. Біздің сол тілек-лебіздерге қосарымыз, біріншіден, бұл  роман-дилогия классикалық үлгідегі жанрлық талапты толық сақтап, жазылған еңбек. Оқырмандарға түсінікті болу үшін айтайық, 1969 жылы біз ҚазГУ-ге оқуға түскенде «Әдебиет теориясынан» сабақ берген атақты ғалым Рымғали Нұрғалиев роман архитектоникасы үшін әлмисақтан бері қалыптасқан 12 шарттың қатаң сақталуын қадап айтқан еді. Жасыратыны жоқ, бұл талап қазір толық ескерілмейтін болды. Көлемі қампайған дүние үлкен жүкті көтермесе де романға баланып жүр. Ал жазушы Тұрлыбек Мәмесейіттің мына еңбегі әдебиет атты әлемнің роман деген жанрлық атауына нағыз лайық шығарма. Себебі, мұндағы тың тақырып, сенімді сюжет, кесек мінезді кейіпкерлер мен түрлі персонаждар, оқиғаның өрбу динамикасы, сондай-ақ, туындыға әр беретін табиғат көріністері, шығарманың шырқау шыңы – кульминация, бәрі-бәрі өз орнында тұр.

   Екіншіден, бұл еңбек күрескер ақын Таңжарық Жолдыұлы туралы толыққанды жазылған тұңғыш тарихи-көркем туынды. Бұған дейінгі жарық көрген дүниелер оның өлеңдері мен зерттеу, талант иесінің шығармашылығын талдаған ғылыми мақалалар болатын. Ал біз сөз етіп отырған еңбекте ақын, оның есею жылдары, сол кездегі қоғамдық орта, 20-30-шы жылдардағы кеңестік Қазақстанның Жетісу шекаралық аймағы мен Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі тарихи жағдаяттар кең тыныспен суреттеледі. Әрине, өмірбаяндық романның жазылу тәсілі әртүрлі болатыны анық. Бір жолы – оқырмандарды шығармашылық тұлғаның бастан кешкен оқиғаларын баяндаумен қызықтыру. Келесі түрі – басты назарды шығармашылық иесінің кесек те сүбелі туындыларының шығу тарихы мен ерекшелігіне аудару. Қаламгер Тұрлыбек Мәмесейіттің роман-дилогиясында осының екеуі де бар. Таңжарық ақынның тұлғасы бедерленген шығарма өмірбаяндық деректерден еш алшақ кетпеген, бұған қоса ақынның өткір өлеңдері де романның өзегіне айналған. Мұндағы кейіпкерлердің басым көпшілігі өмірде болған жандар. Бірақ, көркем дүние болған соң, әрине, шығармадағы кейбір образдардың болмысына сай келетіндей ішінара қосымша суреттеулер енгізілген.

   Роман-дилогияның бірінші кітабы күрескер ақынның 1920 жылдары қазақ жеріне келуінен бастау алып, біртіндеп оның осындағы ортамен араласуы, Абай, Шәкәрім шығармашылығын білетін жандардың әңгімесінен нәр алып, сусындағанына, одан Нарынқол жерінде оқыған жылдарындағы елеулі оқиғалар қамтылады. Ал екінші кітаптың мазмұны анағұрлым күрделі, көтерген жүгі де ауыр. Себебі, ондағы оқиға желісі Қытайдың Шыңжаң өлкесінде өтуімен ерекшеленеді. Яғни, бұл кітапта ақынның қудалауға түскен, түрмеге жабылған жылдардағы арпалысқа толы өмірі, Шыңжаң қазақтарының қиын-қыстау кезеңдегі тағдыры баяндалады. Роман-дилогия Таңжарық Жолдыұлының күрескерлік жолын арқау еткенімен оның негізгі өзегі – шекара маңына қоныс тепкен қазақ халқының аумалы-төкпелі алмағайып замандағы тартқан азабы, ақынның Шығыс Түркістанға қайта барған жылдардағы гоминдан өкіметінің жүргізген саясаты, оның қазақ жұртына деген қиянаты, соның салдарынан қанша құқай көрсе де ақын рухының аласармай, биіктей түсуі. Бір сөзбен айтқанда, бұл роман – қазақ әдебиетінің қоржынына түскен қомақты олжа, оқырман тұшынып оқитын, тағылым алатын дүние.

   Тұрлыбек Мәмесейіт мықты қаламгер ғана емес, білікті баспагер де. Бұл – оның екінші қыры. Ол, алдымен, мерзімді баспасөзде, сосын көп жылдар бойы «Жазушы», «Өнер», «Елорда», «Рауан», «Атамұра», «Астана – Полиграфия» секілді баспалардың бірінде редактор, енді бірінде бас редактор болды. Баспаларда қолжазбамен жұмыс істеу, авторлармен тікелей ақылдасып, кеңесіп, болашақ кітаптың жақсы болып шығуына мүдделілігін таныту оңай шаруа емес. Әртүрлі қаламгер бар. Қадыр Мырза Әлі сынды өз кітабына өзі жанашырлық танытатын, баспаханаға кететін қолжазбасының соңғы үтір, нүктесіне дейін жауапкершілікпен қарайтын автор болса, қанеки. Ал: «Жазуын мен жаздым, қалғанын баспаның қызметкерлері жөндейді. Маған  кітап болып шықса болды», – дейтін шығармашылық иелері болса, ондай жандарға ештеңе айта алмайсың. Мұндай жағдайда кітап редакторлары барлық жауапкершілікті еріксіз өзіне алуы керек. Ал бұл – мехнаты көп қара жұмыс. Таусылып бітпейтін жанкешті еңбек. Осыны түсінген, білген үлкен классик жазушыларымыздың өзі баспа редакторларының рөлін әрдайым жоғары бағалаған. Қолжазбасын тәжірибелі, білікті баспа қызметкерлеріне беруге мүдделі болған.

   Мәселен, атақты Мұхаң, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романына «Советский писатель» баспасынан шығарда Сергей Дароян деген адам редактор болды. Сонда ұлы қаламгер шығармасының жанрын анықтап берген, міне, осы азамат еді. «Сіз романдар сериясы демеңіз, роман-эпопея ғой бұл. Жарыққа осылай шықсын», – дейді ол. Міне, білікті редактор. Ал көрнекті қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов болса Мәскеуден шығатын кітаптарының сол «Советский писатель» баспасындағы өте сауатты редактор Эдуард Тамм деген адамға түсуін қалаған. «Қаһар» романының авторы Ілияс Есенберлин ше? Қаламгердің «Жазушы» баспасынан осы атақты туындысы шығарда, оған Қабдеш Жұмаділов редактор болған екен. Онда шығармадағы жалаң баяндауларға жан бітіру үшін кей беттерді қайтадан жазып, қажетті жерінде табиғат көріністерін мөлдіретіп отырып келтіру арқылы романға әр бергені, жеткізе алмаған ойларды кестелі сөзбен дамытқаны үшін Ілекең өмір бойы Қабдеш ағамызға қарыздар екенін айтып өткен.

   Бұдан түйетін қорытынды, Тұрлыбек Мәмесейіт «Жазушы», «Өнер», «Елорда» секілді баспаларда редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істегенде, міне, осындай қиын да күрделі жолдан өткен. Соның нәтижесінде тілдік қоры бай, өте сауатты, шебер стилист, ой-толғамы өзгеше, дүниетанымы кең кәсіби маман дәрежесіне көтерілген. Сөзіміз құрғақ болмас үшін мысалмен айтайық. Қалмұқан Исабаев, Кәмен Оразалин сияқты белгілі қаламгер ағаларымыз өз уақытында біздің кейіпкеріміздің жоғарыдағыдай қасиетіне құрметпен қараған. Оған бұл шығармашылық иелерінің бірі ол редакторлық еткен кітабының сүйінші данасына: «Қолжазбама қиянат жасамай, жанашырлықпен қарап, өзім байқамаған кейбір әттегенайларды тап басып тауып түзеткені, сөйтіп туындымды қатесіз шығарғаны үшін рахмет айтамын», – десе, екіншісі: «Шығармамды жөндеу, түзету мақсатындағы қандай қадамға барса да кітап редакторының менімен ақылдаса отырып шешім қабылдағанына ризамын және жаңа жинағымның келешекте де баспаның осы қызметкерінің қолына түсуін қалаймын», – деп жазған қолтаңбалары анық дәлел. Ал тағы бір қаламгер Әбулақап Райымбеков ағамыз ше? 80-жылдардың басында осы автордың «Жұмысшы мәртебесі» атты монографиясы жоспарға кездейсоқ еніп кетеді де бұл дүние «Жазушы» баспасының адамдарын қатты әбігерге салады. Уәж айтқан басшыларды: «ЦК-ға барамын», – деген сөзбен сескендірген қаламгерден «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» құтылу үшін олар аталмыш дүниені жақсылап пісіруді бөлім қызметкері Тұрлыбек Мәмесейітке тапсырады. 400 беттік дүниені қолына алған ол қолжазбаның өңдеуге келмейтініне көзі жеткен соң ондағы қажетті мәліметтерді іріктеп алады да соның негізінде кітапты жоспарда көрсетілген 9 баспа табақ, яғни, 198 бет көлемінде қайтадан ықшамдай жазып шығуға отырады. Жарты жылдан соң жарыққа шыққан өз дүниесінің сүйінші данасын алып, оны оқып шыққан автор  ешқандай дау айта алмайды. Тек: «Айтайын деген ойым толық қамтылыпты. Өкпем де, ренішім де жоқ. Рахмет, айналайындар!» – деген сөзді қайталап айта беріпті.

   Кейіпкеріміз, міне, жоғарыдағыдай атқарған жанкешті жұмысы мен қызметі барысында көп жылдар бойы жинаған тәжірибесін бертін келе өзінің жеке шығармашылығымен шебер үйлестіре білген қаламгер. Осылайша, ол сөзі орамды, тілі шұрайлы туындыларын өмірге әкеле білді. Әңгіме, повестері мен роман-дилогиясының терең де мазмұнды сипатқа ие болуының бір себебі нақ осында екендігі сөзсіз.

   Тұрлыбек Мәмесейіттің кестелі ой, көркем сөзбен жазылған дүниелеріне тереңірек үңілгенде олардың уақыт көшімен ілгері жылжып, бірге тыныстайтынын анық аңғарасың. Ешкімге ұқсамайтын қалам қуатына тәнті боласың. Бұл, сөзсіз, шығармашылық жағынан толысқан талғампаз қаламгердің қолтаңбасын өзгелерден дараландырып тұрады. Өмір атты қызығы мен қиындығы мол жолда талмай іздену, бұған қоса өзі сүйген мамандықтың қыр-сырын төзімділікпен игеру, сөйтіп құдайдың берген қабілеті – жазуды ерен еңбекпен еңсеру деген, міне, осы.

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш», «Үркер» ұлттық сыйлықтарының лауреаты

Алдыңғы мақала
Келесі мақала
spot_img
Соңғы жаңалықтар

Райымбек ауданында дауыс беруді өткізу және дауыс санау үшін сайлау учаскелерін құру туралы

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің 2018 жылғы 29 қарашадағы № 25 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 6...

Осыған ұқсас мақалалар