16.4 C
Нарынкол
Четверг, 19 сентября, 2024
No menu items!
Маңызды

САРЫЖАЗ

Атыңнан айналайын тау биігі киелі-қасиетті Іле Басым.

Баурайында орналасқан берекелі ауылым Сарыжазым.

Сарыжаз бұрын М. С. Калинин атындағы колхоз болған. Ол кезде республикамызда 35 млн қой болса, оның 600 000 басы Нарынқол ауданына тиесілі еді. 65000 бас қой осы Калинин атындағы колхозда өсірілген. 75000 басы Ленин атындағы колхозда болды. “Жері байдың елі бай” деген осы.  Калинин атындағы колхоз, қойға қосымша 4000 бас Голловей сиырын бақты. Бұл сиырдың тұқымын Голландиядан алғызып едік. Басқа сиырдан өзгешелігі — төсі, бауыры және жамбастан төмен бақайшағына дейін жүнінің ұзындығы 10-15 сантиметр, салмағы 550-600 килограмм. Сарыжаздың  қысы белгілі ғой, тауда қалың қары бар қыс мезгілінде Голловей сиыры табиғи шөпті қар астынан жұлып жеп, далада түнеп шығатын. Калинин колхозы мемлекеттік ет жоспарын артығымен орындап жүрді. Голловей сиыры өте салмақты еді. Сол шақтарда ауылшаруашылығының алдыңғы қатарында болған колхоз-совхоздар жоқ болып, өмір бақи малмен айналысатын қазақ халқы жұмыссыз қалды.

Халық сиыр болсын, қой болсын күзге қарай мемлекетке ет өткізіп ақша тапты. Қойдың биязы жүнін қырқып, Жамбыл облысындағы фабрикаға өткізіп табыс тапқан, өзім қызмет істеген Калинин атындағы колхозы тау бөктеріне ерекше жақын орналасқандықтан, егіс жұмысына мүмкіндіктер болмады. Ауыл іргесі отын, тау суы мен мал азығына бай болған. Екі жылдық мал азығы 3 ай ішінде дайындалып басқа шаруашылықтарға көмектесіп жүретін еді.

Бұрын ауданда 10 колхоз, 2 совхоз болған. Әрбір шаруашылық мемлекет жоспарын артығымен орындап, жыл сайын сол кездегі ақшамен 1,5-2 миллион табыс тауып,  еңбеккерлер ақша жағынан қиналмады. Калинин атындағы колхоздың экономикасы жыл сайын артып, облыс бойынша алдыңғы қатарда болып еді.

«Сырт», «Іле басы», «Ойқарағай» тауларының биік қонысына орналасқан малшыларды 10 күн сайын автомонша барып, моншаға түсіріп, қамқорлық жасайды.

Елімізде  273 млн гектар жер болса, оның 187 миллионы мал жайылымы. Бұл жайылым ішінде, әрине аудан колхозының да жер үлесі   болды.

«Қара арша» Қайнар ауылының жазығында орналасқан табиғаты ерекше атақты  жерлерінде атам 30 жылдан астам «Үшінші бесжылдық» колхозының қойын баққан.

Сол кездегі биязы жүнді қой қазақтың құйрықты қойын тау биігінде жайылып жүретін жабайы архардың ұрығымен ұрықтандырылып, кейін шет мемлекеттен әкелінген биязы жүнді тұқымы «Прекос» қойының ұрығымен ұрықтандырылып, биязы жүнді қой болды. Ғылыммен осындай шеберлікпен айналысқан Сталиндік сыйлықтың лауреаты профессорлар: А. Жандеркин мен А. Андижанов болды. Ленин атындағы колхозда әуелі ферма бастығы,  кейін колхоз председателі болған Нүсіпбек Әшімбаев ағамыз қазақтың 600 бас құйрықты қойын 75000 бас биязы жүнді қойға жеткізіп, әрең дегенде 75 жасында өзі де Социалистік Еңбек Ері болды. Осы Ленин атындағы колхоз бен Кегендегі Ұзынбұлақ совхозында асыл тұқымды қой фермасы ұйымдасқан. Жалпы ауылшаруашылығы туралы шеттеп аз айтып, енді өзім қызмет істеген қазіргі Сарыжаз ауылы туралы айтпағым: ауыл жері керемет бай, халқының көңілі дархан, ақ пейілді, дастарханы кең-мол, қонақжайлығы ерекше,  осындай адамгершілігі мен мәдениеті жоғары адамдар арасында 6 жыл еңбек еттім. Өмірімнің осы кезеңдері есіме жиі түсіп, сағынамын. Ақ пейілді ауыл адамдары аман болсын, болашақтары жарқын болғай.  Осындай жақсылығы мол, керемет адамдардың ортасында жүріп 3 балалы болдым.

Қайта айналып келмеске кеткен заман-ай!

Енді жасым ұлғайғанда аспирантураға түсіп, жоғарғы дәрежедегі ғылымды игеріп біткен ғалымдармен қалай жақындасқанымды өте қысқа баяндайын. Бұларды ағалап-жағалап жүрдім.  Ауылшаруашылығы ғылымының докторы-Академик ССР Жоғарғы Советінің халық сеніп сайлаған депутаты болған Қилыбай Медеубеков аға менің аспирантураға түсуіме жәрдем берген, кандидаттықты ғылым институтының қайсысына барып қорғайтыныма нұсқау берген, жер жүзіне ерекше оқымысты екені әйгілі болған қадірлі ғалым. Ғылым жұмысын игеріп оқи бастағанда, керекті оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, ақыл берген ғалымдар: академик Фазыл Мұқамедғалиев. Академик Түймебай Әшімбаевпен  кандидаттық қорғағанда танысып, араластым.  Жалпы ғылыми жұмыстарымды  бақылап отырған академик Ғани Қалиев болды.

Ғылыми жұмысыма жетекші Смантай Тілеубергенов экономика ғылымының докторы профессор, ғылымға жаңалық енгізуші еді. Смантай ағаға өмір бақи қарыздармын.

Ғылым докторы болудың да  ауылы алыс емес еді, дымын шығармай академиямызды таратып жіберді ғой. Кейін ауылшаруашылығы министрі, Моторико мен ет және сүт өнеркәсібі министрі халық сүйіктісі еліміздің экономикасын көтерген Әріпбай Алыбаев болды. Министрлікте мені Басқарма бастығы етіп тағайындап, Совмин больницасына тіркеді. Ең соңында Техникалық прогресті игерген, «Қазақтелеком» сияқты жоғарғы сатыдағы мекемеде пенсияға шыққанша президент көмекшісі болып істедім.

Бекен КӨКІШҰЛЫ,

 зейнеткер, еңбек ардагері,  

Алматы қаласы

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Азық-түлік өнеркәсібі мамандары АЭС салудың маңызын талқылады

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб «АзияАгроФуд» АҚ жұмысшыларымен кездесті. Кездесудің басты мақсаты – Қазақстанның атом энергетикасын дамыту мәселесін талқылау...

Осыған ұқсас мақалалар