10.8 C
Нарынкол
Четверг, 19 сентября, 2024
No menu items!
Маңызды

“ӨМІРДЕ ДЕ, ӨНЕРДЕ ДЕ ӘЖЕ”

       Әйел-ана, әйел-сұлулық символы, әйел-ғаламның көркі, ұрпақ жалғастығының кепілі. Нәзік жандылардың басқа артықшылықтарын айтпағанда, дүниеге перзент әкеліп, оны тұлға етіп қалыптастырудағы рөлі өлшеусіз. Әйел адам жаратылысынан батылдық пен нәзіктікті ұштастыра отырып, жауапкершіліктің жүгін көтере білген ардақты жан. Мақаламыздың кезекті кейіпкері, ардақты ана, аяулы әже, Нарынқол ауылының тұрғыны- Әминә әже.

     “Өмірде де өнерде де әже” атанған Әминә ханымның өмірде әже екені белгілі, ал өнердегі әже атануының да салмақты себебі бар. Әминә ханым отбасындағы ана, әже рөлімен қатар, қоғамдағы белсенділігін де әр кез шыңдап тұрады. Ақ жаулықты Әминә ханымды отбасылық сайыстардан, ұрпақ тәрбиесі аясындағы

 іс-шаралардан жиі көріп, сүйсіне қараймыз. Мәселен, жуырда өткен аудандық “Ене, келін, қыз” сайысынан Әминә ханым қызымен, келінімен қатысып, бас жүлдеге ие болған.  

    Әминә Исақұлова 1964 жылы Нарынқол ауылында дүние есігін ашқан. 1970 жылы Нарынқол ауылында мектеп табалдырығын аттаған. Сегізжылдық мектепті аяқтаған соң, Сарыжаз кәсіптік-техникалық училищесінде  мал дәрігері мамандығы бойынша оқу бітірген. Кейіннен, 1981 жылы Жаңа Текес ауылында шоферлық курста оқыған. Курсты бітіре салысымен, 1982 жылы рөлге отырып, Газ51 көлігін жүргізген, кейіннен Газ 53 жүк көлігіне ауысқан. Дәл мұндай жүк көлігін айдауға жүрексінбеген Әминә ханымның батылдығына таң қалдым. Батылдықтың түбінде көлік айдауға, техникаға деген ерекше қызығушылық пен махаббаттың жатқаны белгілі. Бұл Әминә ханымның балалық шақтан бастау алған қызығушылығы.

     Әминә ханым көпбалалы отбасыдан шыққан, татулығы жарасқан бауырлар бүгінгі күні де бір-бірімен тығыз байланыста. Ал ардақты ананың өзі 4 баланың анасы. Үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп, бүгінде ұл-қызы өмірден орнықты орнын тапқан үлкен азаматтар қатарында. Тәтті қылықты немерелері де бар. Отбасы игілігі үшін барын салатын екі келіні Әминә ханымды өз аналарындай сыйлап, ерекше құрмет тұтады.

    Бүгінде Әминә Исақұлова Нарынқол ауылындағы “Қарлығаш” бөбекжай-балабақшасында жұмыс істейді. Қазіргі жұмыс сипаты да ұрпақ тәрбиесінен алыс емес. Балабақшада түрлі қойылымдарда әже рөлін сомдап, бүлдіршіндерге “әжелер мектебі” аясында  танымдық тәрбие беруге ат салысады. Кішкентай бүлдіршіндер де Әминә апайдың әңгімелерін ерекше ынтамен тыңдауды әдетке айналдырған. Ардақты әженің тігіншілік қабілеті де ерекше болып шықты. Балабақша қабырғасындағы түрлі шараларда жаңа идеялар ұсынып, түрліше сахналық костюмдер ұсынатын да дәл осы- Әминә әже.

     Талай қиындыққа дес бермей, жеткен жетістігіне әркез қанағат еткен от анасының жан-жақтылығы мен өмірге құлшынысы көз қуантады. Жасының егде тартқанына қарамастан белсенді өмір сүруді қолдайтын Әминә ханымға мәнді де сәнді ғұмыр тілейміз.

Ақерке НҰРӘЛІМҚЫЗЫ

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Халықтық штаб: Талғар ауданының тұрғындары АЭС салу жобасына қолдау көрсетті

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Талғар ауданының тұрғындарымен кездесті. Шара барысында атом энергетикасының еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі...

Осыған ұқсас мақалалар