3 C
Нарынкол
Воскресенье, 8 сентября, 2024
No menu items!
Маңызды

ИСРАИЛ САПАРБАЙ

Облыстық музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен өтетін «Поэзия патшалығында» атты циклды әдеби жоба өз жалғасын табуда. Былтырғы жылы аспантаулар өлкесінен қанат қаққан ақындар өз кештерін өткізсе, биылғы жылы республика көлемінде ұйымдастырылып отыр. Биылғы жылдың бастамасын Республикаға танымал ақын Ғалым Жайлыбай бастаған болатын. Ендігі кезекте Мұқағали Мақатаевтың әдеби мемориалды музейінде «Поэзия патшалығының» қадірлі қонағы – көрнекті ақын, драматург, аудармашы, сазгер, «Платина Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбай болды.

Исраил Сапарбай – 1941 жылы 15 мамырда Өзбек КСР-інің Самарқан облысы, Кушрабад ауданында дүниеге келген. Қоңырат тайпасының, Маңғытай руынан шыққан. Шымкент педогогикалық институтының филология факультетін бітірген соң бірнеше жыл «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеген.

1973—1975 жылдары Алматы Жоғары партия мектебін бітірді.

1976—1983 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарып, 1983 жылы «Жалын» баспасына аға редакторлыққа ауысқан.

1984 — 1985 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі болды.

1985 — 1992 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі, одан соң «Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары болды.

1997 — 1998 жылдары Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері бойынша Департаментінің I хатшысы болды.

1998 — 1999 жылдары Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде ІІ хатшы қызметтерін атқарды. Алғаш бір топ өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» ұжымдық жинағында жарық көрген. Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері. 70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.

«Аққу арман», «Раушан ғұмыр», «Бозқараған», «Қызыл-жасыл дүние», «Жүрегіме ұя салған қарлығаш», «Қызыл жел», «Ғашықтың тілі», «Бармақтай бақ», «Махаббат пен Ғадауат», т.б. еңбектердің авторы.

Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, І. Жансүгіров атындағы сыйлықтың және Ж. Жабаев атындағы халықаралық сыйлығының, «Астанаға 10 жыл» медалі, «Парасат» орденінің иегері. Шымкент қаласының құрметті азаматы.

Шараға арнайы келген қонақтар ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етіп, мұражайға  кірді. Мұражайда сақталған баға жетпес жәдігерлер арнайы таныстырылды. Сондай-ақ, кеш қонағы белгілі ақын Исраил Сапарбай өз өмірінен сыр шертетін суреттер көрмесін таныстырып өтті. Қарасаздық жас жеткіншектер И. Сапарбайдың өлеңдерін жатқа оқыды.

Әдеби-сазды кеш мұражайдың мәжіліс залында жалғасты. Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бақыт Беделхан жүргізіп отырды. Шараның алғашқы сөз кезегін Алматы облыстық музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов алды. «Поэзия патшалығында» атты жоба туралы түсіндіріп, Исраил ағасына ақ тілегін арнады.

Келесі сөз кезегін Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қанат Әбілқайыр алды. Қасиетті Қарасаз ауылында өтетін шараға қалмай келуді әдетке айналдырған Қанат, ауыл халқымен таныс болып қалғанын да тілге тиек етті. Мұқағали Мұражайында кездесу кеші өтіп отырған ақынға жақсы тілектерін айтып, «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты кітабын сыйға тартты.

Ендігі кезекте алыс жолды артқа тастап келген Исраил ақынмен сыр-сұхбат басталды. Ақын өз әңгімесін Қасиетті жердің сұлу табиғатынан бастады. Қарасаң көз тоймайтын, сәні мен сымбаты келіскен жұмақ мекеннің тұрғындарын көргеніне қуанышты екенін айтты. Ақиық ақынның елінде жыр кешін өткізу бақытына ие болғанына қуанышты екенін жеткізді. Кейінгі уақытта денсаулығы сыр беріп жүрсе де бұл кездесуден бас тартпай, қайта қатты қуанып, жасы келсе де алып ұшып келгенін жасырмады. Сөз арасында өзінің өмірбаяны мен шығармашылығына да тоқталды. Соңғы жазған өлеңдерін оқыды. Жайдары жүзбен жиналған халыққа Мұқағали Мақатаевпен алғаш рет қалай кездескенін жырдан қызық қылып баяндап берді.

Исраил Сапарбайдың өлеңдерінен бөлек, әндері де қазақ халқының жүрегінен орын тапқаны белгілі. Ақынның «Амалым қанша?», «Махаббат мәңгі ертегі», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам!», т.б. әндері халықтың кең қолдауына ие. Сол әндердің бірнешеуі сахна төрінде Қарасаз өнер мектебінің мұғалімі Дархан Қырықбаевтың орындауында шырқалып, тағы бір мәрте көпшіліктің қошеметіне бөленді.

         Жиынның келесі сөз кезегі Қарасаз ауылының ақсақалдары Көшербай Қазыбаев пен Әбдіш Сұлтанаевтарға берілді. Ауыл ақсақалдары келіп отырған қадірлі қонаққа ыстық ықыластарын білдіріп, көргенді елдің ұрпағы екенін дәлелдеді.

         Кеш соңында жобаның ұйымдастырушылары атынан Алматы облыстық музейлер бірлестігінің басшысы Талғат Келімбетов И. Сапарбай ақынның иығына шапан жауып, «Мұқағали музейінде өлеңі оқылған ақын» атты төсбелгімен марапаттады.

Рухани күш қуатқа толы кештен керемет әсер алған көпшілік келесі кездескенше деп тарқасты.

Дастан ЖАНАСЫЛ,

Қарасаз ауылы 

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Ағылшын тілінің білікті маманы

Ағылшын тілінің маңыздылық деңгейін бүгінгі заманның өзі айшықтап берді. Жан-жақты дамуды, әлемдік деңгейдегі қарым-қатынасты, шетелге шығуды қаласаң, ағылшын тілін...

Осыған ұқсас мақалалар