12.3 C
Нарынкол
Воскресенье, 19 мая, 2024
No menu items!
Маңызды

ЖАЗУШЫҒА АРНАЛҒАН КЕШ

   Сәуір айының екінші жұлдызында Талғар қаласының мәдениет үйінде көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің атасы» атты әдеби сазды кеш болып өтті. Кештің бірінші бөлімі орталық кітапхана директоры, мәдениет қайраткері Хармысов Махамбет Қасымханұлының жетекшілігімен ұлы жазушының құрметіне ашылған балалар кітапханасында өтті. Кітапхана меңгерушісі Раушан Сапақова ханым келген қонақтарды таныстырған соң, Бердібек Соқпақбаев шығармашылығына арналған көрмемен кітапханашы Сәуле Карбозова таныстырып өтті.

Өлеңім мінезіндей жас баланың,

Жылатып алам ба деп жасқанамын.

Жазып алып өзіме- өзім сенбей,

Оқып алып басыма жастанамын.

Өлең нәзік, ішегі домбыраның,

Үлкені- үзіп алсам масқараның,- деп жазған талғампаз көркемсөз шебері Бердібек Соқпақбаевтың балаларға арнап өлеңмен жазған «Бұлақ» атты тұңғыш, жыр жинағы 1950 жылы жарық көрді. Одан кейінгі шығармалары «Бақыт жолы», «Алыстағы ауылда», «Балалық шаққа саяхат», «Дала жұлдыздары», «Аяжан», «Гауһар», «Менің атым Қожа» атты повесттері мен «Өлгендер қайтып келмейді» романы проза жанрында жазылды. Алмас семсердей өткір тілді жазушы не жазса да шындықты жазған, екіжүзділіктен бойын аулақ ұстаған қайсар мінезді қаламгер еді. Шығармалары дүниежүзінің 68 елінде, әр түрлі тілде басылып, әлемдік оқырмандарынан лайықты бағасын алса да, «Менің атым Қожа» фильмі Францияның Канн қаласындағы халықаралық кино фестивальінде (1967ж) арнайы сыйлыққа ие болса да, жазушыға Республиканың ең жоғары әдеби сыйлығы берілмеді.

Жазып та көрдім менде өлең,

Жазып та көрдім қарасөз.

Ерте ме кеш пе мен де өлем,

Өлмейді тек дана сөз,- деп артына өшпес мұра қалдырған ұлы жазушының айтқаны келіп, биылғы жылы Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық мерейтойы дүниежүзілік ЮНЕСКО ұйымының қолдауымен әлемдік деңгейде аталып өтуде. Кітапханаға кітап сыйлау акциясы аясында аудан әкімінің орынбасары Айбек Дүйсенбек бастап, Ауған қажы Нүсіпжанұлы, Болат Құрманжанұлы, Даубай Мамытұлы, Мұхтархан Қалиұлы, Елеусіз Ахметкерімұлы тағы басқа келген қаламгер қонақтар өз кітаптарын және балаларға арналған басқа да кітаптарды кітапханаға сыйға тартты. Мектеп оқушылары жазушы шығармасынан қызықты көріністер көрсетті.

Мәдени шараның екінші бөлімі мәдениет үйінің үлкен көрермен залында жалғасты. Кеш жүргізушісі Тоқтар Жұмаш әдеби сазды кештің мақсатын айтып, мәдени шара шымылдығын ашқаннан кейін, аудан әкімінің орынбасары Айбек Дүйсенбек мырза оқырман қауымды қаламгер тойымен құттықтаса, Жазушылар Одағының Алматы облысындағы өкілі, жазушы Қанат Әбілқайыр қаламгер өмірінен қысқаша баяндама жасады.

Дара талант Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы қазан айының 13- ші жұлдызында Алматы облысы, Райымбек ауданының керемет табиғат аясындағы Қостөбе ауылында дүниеге келген. 1951 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетін, кейіннен Мәскеу каласындағы М. Горький атындағы әдебиет институтының курсын бітірді. Ауыл мектебінде, «Жұлдыз», «Балдырған» журналдарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Қазақфильм» киностудиясында қызметтер атқарды.1992 жылы мезгілсіз дүниеден өткен қазақ халқының көрнекті қаламгері артына тәрбиелік мәні зор мол мұра қалдырды. Оның «Жекпе-жек», «Он алты жасар чемпион» повестерін оқып өскен қазақ жастары бұл күнде бокстан дүниежүзілік ареналарға шықты. Келесі кезекте сөз алған қаламгерлер інілері Мұхтархан Қалиұлы, Елеусіз Ахметкерімұлы, Даубай Мамытұлы естеліктер айтып, арнау өлеңдерін оқыды. Әдеби сазды кеш соңында қазақ- түрік лицейінің оқушылары, ақын Бейсембай Кірісбаевтің:

Бала шақты кестелеген тілі нық,

Бір болса егер осы болар ірілік.

Ұландары отызыншы жылдардың,

Қайта келер көз алдыңа тіріліп,

«Бастан кешкен» шындық шымыр екшеліп,

Кітап болып бізге жетті естелік.

«Чемпионнан» Бекең өзі баптаған,

Талай мықты жатты құлап, сескеніп,- деп басталатын классик жазушыға арнаған өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндер шырқап, мың бұрала биледі.

Аспантауда ақбұлақтар атқылап,

Экранда- туған өлке, бақ, қырат.

Қолын бұлғап Жанар, Жантас, Сұлтанға,

Келеді әне Қара Қожа шапқылап,- дегендей, оқушылар

мәдениет үйінің қызметкерлерімен бірге драмалық көріністер қойып, домбырашылар оркестрінің орындауында күмбірлете күйлер тартып тамаша балалар жазушысының ғасырлық тойын думанға бөледі.

Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Райымбек ауданында дауыс беруді өткізу және дауыс санау үшін сайлау учаскелерін құру туралы

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің 2018 жылғы 29 қарашадағы № 25 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 6...

Осыған ұқсас мақалалар