12.3 C
Нарынкол
Воскресенье, 19 мая, 2024
No menu items!
Маңызды

ЖЫРЛАҒАН ШӘЛКӨДЕСІН, АЙҒАЙТАСЫН ақын Сәлім Жусанбаев туралы сыр

      Қырда туып, қырда өстім,

      Мүмкін бірің білмессің,

      Көз алдыма аспан тау,

   Келеді ылғи тілдескім,-деп жырлаған Сәлім Жусанбайдай ақын досымыз бұл күнде нағыз толысқан, ақ ұлпа бұлттардай ойын қорытқан, шабытты шақтарына жолыққан, тауларының ақ жаңбырларындай өлеңдерін тоғытқан тамаша шағында,

     Қырат-қырат қырқасында сан қырлы,

     Осы өлке, туған ақын, алғырды.

     Жыр боратқан нөсерлетіп жаңбырлы,

    Асан, Көдек, Мұқағали, Шарғынды!,-деп өлеңдерін өрнектей жүріп, Сәлімдей досымыз да қара ормандай оқырманына, жанындай жақсы көрген елі-жұртына кең танымал ақын болды. Әдеби кітапты, оның ішінде поэзиялық дүниелерді жастана оқып жүріп, Мұқағалидың жырларын көкейіне тоқи жүріп өзі де сол соқпаққа түсіп кеткенін аңғарған жоқ. Шын мәнінде, есте сақтау қабілеті ерекше жаратылған Сәкең Мұқағалидай ақын ағасын пір тұтты, өлеңдерін күн тұтты. Ақын өлеңдерін жұдырықтай жүрегіне қонақтата жүріп оқушылық күндерінде, студенттік жылдарында «Мұқағалидың інісі» атанды.

      Әлі есімде 1987 жылы сол кездегі Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне арнайы шақырылып, жұмысқа қабылданған соңғы жас тілші болдым. Сол жылдары редакцияның хат қоржынына Сәлім Жусанбаев, Шәлкөде ауылы деп аты-жөні жазылған хат арқылы өлеңдері жиі түсіп жататын. Тілі жатық, ойлары тың да кесек, айтары анық, берері мол, тау өзендеріндей арынды жырлары шын мәнінде редакцияда істеп жүрген Еркін, Батық секілді ақын ағаларымыздың талғамынан шығып, жарық көріп тұрды. Жазған жырларына қарап үлкен кісі болар деп те жорамалдағаным шындық. Бір күні арнайы іс сапармен Шәлкөде ауылына барып, Сәкеңмен таныстым. Өзімнен бірер жас қана үлкендігі бар жап-жас ауылдық сыйлы, арқа тұтар азаматтарының бірі болып шықты. Сол күні Сәкеңнің үйінде қонақта болдым. Кішкентай ғана сандығына сақтап жүрген қазынасына тап болдым. Рас, ол кезде компьютер жоқ. Кітап баспаға қол машинкасы арқылы дайындалып, тапсырылатын. Сәкеңнің жап-жақсы қолжазбаларын алып кетіп, өзімнің үйдегі машинкаммен баспаға дайындап, алғаш жарық көрген «Өткерген өмірімнің  бәрі майдан» атты кітабының редакторы болдым. Алғашқы жыр жинағы болғандықтан Сәкеңмен ақылдасып, Нарынқол ауылында тұратын майдангер ақсақал, өңір журналистерінің ақылшы ұстазы секілді ақылман, абыз қария Әлекеңнен, Әлнұр Мейірбековтен ақ бата алуды жөн көрдік. Жыр жинағының баспаға дайындаған нұсқасын Әлекеңнің қолына табыстап, айтқан уақытында бардық. Әлнұр атамыздың риза болған шырайлы жүзін көріп, біздің көңіліміз орнына түсті. Әлекең жыр жиғанын оқып шығып, үлкен ризашылыққа бөленіп, ақ батасын жазып, дайындап қойыпты.

      Ақындықтың әрқашан,

      Жетектесін киесі!

      Қолтығыңнан қолдасын,

      Асан, Шарғын, Көдектей,

      Асыл сөздің иесі!

      Алла берсін молынан,

      Ұзақ өмір жолынан,

      Несібеңді тиесі!

      Көк жасықтан сақтасын,

      Туырылып тұрсын сүбесі!

       Әумин!,-деп өрілген және бірнеше бөліктен тұратын сондайлық қымбатты, ардақты да асыл қариымыздың аппақ батасы шын мәнінде Сәлім досымның көңілін көкке өрлетті, мерейін аспандатты, шабытын шалқытты десем, артық айтпаймын. Сол ақ баталы жыр жинағын арқалап Алматыға барғанымыз, Дүйсен Мүсірәлімен, Кәдірбек Құныпияұлымен таныстырғаным, сол арқылы  «Ислам әлемі» атты баспаға кітапты тапсырғанымыз бәрі-бәрі күні кешегідей көз алдымызда.

    Содан бері таулы өлкенің топырағынан нәр алған Асан, Көдек, Шарғындай асыл жырдың, киелі өнердің тарланбоздарының сарқыты, Мұқағали мен Еркіндердің інісі атанған Сәлім Жусанбай поэзия өлкесінде қырқаның гүлін аңқытып, қыран құстарын қалқытып, арынды жырларын шалқытып келеді. Бір ағытылып кетсе, тау өзеніндей тасқындап, ақтарыла құлап, ағынан жарыла бар сырын ақтаратын Сәкеңнің жырлары шын мәнінде, басына аппақ бұлттары қонақтаған асқақ тауларындай, қырқаның қырмызы гүлдеріндей, жайқала өскен әдемі құрағындай, ерке самалындай көрінеді, жаныңа сезіледі. Ақынның жүрегінен жазылған айшықты жырларынан жыл құстарының тамаша үні, бал бұлақтардың әсем сыңғыры естіліп жатады. Шын мәнінде, өлеңдерінен ақынның қиялына қанат бітірген, шабытын шарықтатқан, ойына нәр, жүзіне әр берген тауларының шынайы көркі көз алдыңа келіп, сондағы тіршіліктің жыры шертіліп, тау өмірінің көркем күндері күлімдей қарсы алып жатқандай тамаша күйге, шуақты әсерге бөленесің.

      Қара ормандай оқырманына әр жылдары «Өткерген өмірімнің бәрі майдан», «Уақыт үні», «Қарлығаштың ұясы», «Айғайтас» атты жыр жинақтарын ұсынған ақын досымыз бұл күнде:

       Бойында иманы бар,

       Жадында құраны бар.

       Мойнында тұмары бар,

       Сарқылмас бұлағы бар.

       Білекке сұңқар ілген,

       Астына тұлпар мінген.

       Қолында найзасы бар,

       Қазақтың ұрпағы-мен!,-жырларын жазып келеді. Сәлім досымыз елі-жерін, тілін, дәстүрін жанындай сүйген ақын. Көзіне ыстық, көңіліне жақын өлкесінің шежіресін, даналығын, нәрін жүрегіне, жадына түйген ақын.  Жерінің асты-үсті байлығына, қымбатты қазынасына толып, тұнып тұрғанын бар жанымен білген ақын. Тұрағы Тұздыбастау болғанымен, күн сайын даласында, Аспантауларында жүрген ақын.

        Дәметпеймін дәнеме көктегіден,

        Теберік бер, тек қана текті өмірден.

        Шықтым таудың шыңдалып мектебінен,

       Намысын бер, Қазақтың шекпенімен!,-дейді ақын бар болмысы, ақ жүрегімен тіл қатып. Бұл шындық. Бұл ақын досымыздың шынайы келбеті. Болмысы мен бітімі. Отты жырларымен айналасындағыларды Отанын сүюге, елі-жерін, киелі топырағын қастерлеуге, туған тілін құрметтеуге, салт-дәстүрін аялауға, қарттарын қадірлеп, кішілерге қамқор болуға шақырады. Адам жанын ізгілікке, жақсылыққа үндейді.

    Ақ жаулықты аналары мен қазыналы қарттарын құрметтеп, тыңдаған, қастерлі де қасиетті туған елі-жерін жырлаған, тағдырының басына салған талай-талай дауылдарына сынбаған ақын досымыз:

          Шәлкөдедей жер Жәннаты,

          Қатпар сырлар қоймасы.

          Сарыжайлауда – сары қымыз,

          Патша балық арнасы.

          Әркімге ыстық туған өлке,

          Қымбат қия, әр тасы.

          Айғайтастың маған ыстық,

          Теке ойнаған жартасы,-деп жырын жазып, шабытын шалқытып жүре бермек. Жанарында – Хантәңірі, жүрегінде – ата-бабаларының мекені, өзен-көлі, құба белі тұрып қалған ақынның шуақты шақтары, жарқын күндері алда. Оқырманына берері, ұсынары жетерлік. Біз ақын досымыздың тау өзеніндей арыны мен дарынына үлкен үміт артамыз, қажырлы қаламына сенеміз! Досымыздың ақ көңілі әрдайым аңқылдасын, жүрегі әсем ән тыңдасын, Майгүлдей алтын да асыл жарымен қолтықтасып, жастары тоқсан, жүзді алқымдасын!

                                                                 Қанат БІРЖАНСАЛ,

                            ақын, Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Райымбек ауданында дауыс беруді өткізу және дауыс санау үшін сайлау учаскелерін құру туралы

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің 2018 жылғы 29 қарашадағы № 25 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 6...

Осыған ұқсас мақалалар