12.1 C
Нарынкол
Суббота, 27 апреля, 2024
No menu items!
Маңызды

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ АЛЫП БӘЙТЕРЕГІ

Биыл   қазақ балалар әдебиетінің  классигі, сөз зергері, жерлесіміз Бердібек Соқпақбаевтың туғанына — 100 жыл! Өз кезеңінің шындықтарын көркем бейнелеген шығармалары арқылы оқырман қауымның айрықша ықыласына бөленген қаламгердің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетіні оның шығармаларының мәңгі өлместігін тағы дәлелдеді. Тәңіртаудың етегінде дүниеге келген қаламгердің есімі ерекшеленіп, жыл бойы  шығармашылығы насихатталып, түрлі іс- шаралар өтеді.

Қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушы Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының  Нарынқол ауданының  Қостөбе ауылында дүниеге келген. Жергілікті мектепті тәмамдаған соң, әскерге аттанды. Одан кейін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтты және Мәскеудегі жоғары әдеби курсын оқып бітірді. «Қазақфильм» киностудиясында,  «Қазақ әдебиеті», «Балдырған» газет-журналдарында редактор болып қызмет атқарған. Алғашқы кітабы 1950 жылы Пионер журналында «Бұлақ» атты өлеңдер жинағымен жарық көрді. Бердібек Соқпақбаевтың ең танымал туындысы «Менің атым Қожа» хикаяты. Бұл кітап Франция, Польша, Чехословакия, Болгария елдерінде басып шығарылып, әлемнің 68 тіліне аударылған. Оның сценарийі бойынша 1967 жылы «Менің атым Қожа» көркем фильмі түсіріліп, Кани  қаласында болған жетінші халықаралық кинофестивалінде жүлделі орынға ие болды. Балалар әдебиетін алып бәйтерек десек, оған нәр беріп, құнарландырып тұратын күретамыр Бердібек Соқпақбаев деуге негіз бар. «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді» шығармалары – жазушының шоқтығы биік туындылары. Бұл шығармаларда жазушы өзі өмір сүрген заманның шынайы келбетін суреттеді. «Балалық шаққа саяхат» повесі — отызыншы жылдардың шындығын боямасыз көрсете білуімен құнды. Қазақ даласының бір қиырындағы «Қостөбе» деп  аталатын қараша ауылдағы қарапайым халықтың өмірі суреткердің  елегінен сұрыптала  өтіп, сол бір  кезеңнің көркем шындығына айналған.

Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары көбіне жас балаларға арналған. Оны бала тәрбиесінің күрделі мәселелері үнемі мазалайтын. Жазушының 1951 жылы жарық көрген  «Он алты жасар чемпион», 1953 жылы «Бақыт жолы», 1957 жылы «Өзім туралы повесть» (Менің атым Қожа)  хикаяттары жасөспірімдердің ғана емес, ересек оқырмандардың да көңілінен шықты. Соңғы еңбектерінің бірі «Қайдасың, Гауһар?» атты махаббат туралы әңгімесімен, көптеген адамдардың жанын тербетті.

Бердібек Соқпақбаевтың тұспалға толы, астары алуан туындыларын оқымайтын, білмейтін бала-шаға да, жас та, жасамыс та жоқтың қасы еді. Кезінде  Кеңестік заманында, Соқпақбаев бірде — бір шығармасында сол қоғамыңызды, сол заманыңызды, партияңыз бен үкіметіңізді мадақтаған жоқ. Соқпақбаевтың «сойылы» кереғар сілтенетін. Астар мен тұспалды тәптіштейтініміз сондықтан. Бір таңданарлығы — жазушының кез  келген шығармасы Тәуелсіздік алғаннан кейін де жаппай оқылғаны. Қазір де, кітап оқымайтын, оқылмайтын уақытта да оқылып жүргені. Ертең де, келешекте де оқылатыны. Сенбесеңіз ғаламторды қарап байқаңыз. Иланбасаңыз, кітапханаларға барып, сұрастырып, көріңіз. Әгәрәки, Бердібек Соқпақбаевтың туындыларын  «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың Гауһар?» деген атпен басып шығарып, кітап дүкендеріне түсірсеңіз бар ғой, жылдар бойы өтпей жатқан жинақтардан жүз есе жылдамдықпен тарап — ақ кетер еді.

Бердібек Соқпақбаевтың қазақ әдебиеті тарихынан алатын орны да ерекше. Ол жазба әдебиеттегі іргетасын Ыбырай Алтынсарин қалаған қазақ балалар прозасының көркемдік деңгейін  әлемдік классиканың дәрежесіне дейін көтерді.

Бердібек Соқпақбаев — тақырыпты өмірдің өзінен алатын жазушы. Өмір — мәңгі жап — жасыл, құпиясы қанша айтсаң да, қанша жазсаң да таусылмайтын  ғажайып  әлем.

Бердібек Соқпақбаев көбіне — көп шығармаларына балалар өмірін арқау етеді. Дүниеге бала көзімен қараған адам — ар көзімен қарайды.  Адал, таза көзбен  қараған адам дүниенің былғанышын көп көреді.

Жазушының басқа шығармаларын   айтпағанда «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат» сияқты хикаяттары мен романы қазақ әдебиеті бар кезде, мәңгілік өмір сүре беретін классикалық дүниелер.

 Біртуар тұлға Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойын туған өлкесінде жоғарғы деңгейде атап өтіп, жазушының   шығармаларын және өнегелі өмірін ел арасында дәріптеп, есімін ұлықтау мақсатында  Райымбек аудандық кітапханасы мен Райымбек аудандық кітапханасына қарасты ауылдық кітапханалар да әдеби кештер, кітап конференциялары, конкурстар, кітап көрмелері, кітаптарынан буктейлерлер, шығармаларына библиографиялық шолулар өткізу жоспарлануда. Райымбек аудандық кітапханасында «Балалар  әдебиетінің алып бәйтерегі»  тақырыбында кең көлемде кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрмеге жазушының шығармалары «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Менің атым Қожа», «Қайдасың, Гауһар?», «Жекпе-жек» тағы да басқа әңгімелері  және баспасөз беттеріне жарияланған материалдар  мен естеліктер қойылды. Кітапсүйер қауымды қаламгердің шығармаларын оқуға шақырамыз! 

Бердібек Соқпақбаев, сөз жоқ тума талант, даусыз талант. Ол қазақ әдебиетінде ешкімді де қайталамаған, тыңнан түрен салған қаламгер, қазақтың прозасын жаңа деңгейге көтерді. Ол қазақтың біртуар перзенті, ұлы суреткерлердің  бірі, классик жазушы. Өзінің бүкіл саналы  ғұмырын  шындықты шырқыратып  жазуға арнап, қайталанбас, ешкімге ұқсамайтын өзіне ғана тән болмысын,  бітімін әлемге танытты

Ендеше біртуар тұлғаның  мерейтойы — әдебиеттің мерейтойы. Бұл мерейтой  әдебиетті насихаттайды,  жастарды  жазушы шығармаларын оқуға ынталандырады, осындай талантты тұлғаның  Нарынқол  өңірінен  шыққанын  мақтанышпен  үлгі тұтып, Бердібек атамызға еліктейтін ізбасарлары көбейетіні даусыз.

Ләззат КУЛИПАЕВА,

аудандық кітапхананың

оқырмандарға қызмет

көрсету бөлімінің меңгерушісі

Соңғы жаңалықтар

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК, ҚАҒЫСЫ ЕРЕК – НҰРАҒА

1 сәуір – қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші-композитор, дирижер, домбырашы халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Осы орайда, қазақ...

Осыған ұқсас мақалалар