20.1 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

 ХАНТӘҢІРІНІҢ ХАС ЖҮЙРІГІ

        Кім түсінер әзірше,

          Тірәктірші жыршыны.

          Мен аңызға айналам,

         Көрерсіңдер, бір күні…-деп жарты ғасыр бұрын көрегендікпен жар салған балаң жігіт Хасенәлі  (Хасен) Ұзақбайұлы Саматыров тірі болса 7 наурыз күні 70 жасқа толып, Сүйінбай мен Жамбыл ақындардай ақсақалы кеудесін жауып, домбырасын серт ұстап ортамызда отырар еді…

         Амал не, тағдыры оған жеткізбеді. Өзі жетпесе де бүгінгі ұрпаққа сөзі жеткен «ҚР Мәдениет кайраткері», жыршы-термеші, айтыскер әрі жазба ақын қасиетті Қарасаздың тумасы Хасен Саматыров 1954 жылы 7 наурызда дүниеге келген. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бас кезінде ескі Қарасаз ауылында біз бір көшенің бойында көрші тұрдық, ауыл балаларымен бірге ойнап өстік. Адамның жасы ұлғайған сайын балалық дәуреннің эпизодтары жадыңда жаңғырып, киноның лентасындай көз алдыңнан сырғып өтеді екен. Хасеннің әкесі Ұзақбай ата 1920-1927 жылдары Түркістан қаласында діни оқу оқып, небір қари молдалардан дәріс алған. Кеңестік кезеңде қудалау көріп Қытай еліне де өтіп  қайтқан емшілік, гипноздық өнері де бар ілімді молда  еді. Ол кісі сөзді тауып сөйлейтін шешен, қисса-өлеңдер де айтып отыратын, көзі зағип болса да көкірек көзі ояу білгір адам еді.

Әкесі туралы Хасен ақын:

Әкем менің ардагер, ақын да емес,

Жай шаруа, момақан пақыр да емес.

                                    Молда еді, бақсы еді, білгір еді,

                                    Исламға таратқан ақыл-кеңес.

                                    Адам еді Аллаға шын құлаған,

                                  Дәріс алған бұрынғы сұңғыладан,-деп жырлаған. Анасы Рабиға апа Таңжарық ақынмен туыстас Қызай елінің қызы болатын. Хасенге қонған өлең-жыр аяны анасынан дарыса керек. Ол туралы Хасен ақын:

Нағашымнан дарыған маған білем,

               Қолымдағы домбырам даңғырлаған,- дейді.

         Осындай текті ата, 8-9 жастағы Хасеннің әкесі Ұзақбай молда 1963 жылы дүниеден өтті. Сол кездегі есік алдында әкесін өлеңмен жоқтап, шырқырап тұрған бала Хасеннің бейнесі менің көз алдымда. Өлеңдетіп ән салуды 7-8 жасында бастаған Хасен кейін бір сөзінде: «Әкем өлгенде таяққа сүйеніп жалғыз өзім жылап тұрдым. Әкемнің өксікке толы өмірін, жетім қалған мен өлеңмен айтып елді жылатыппын. Менің аздаған ақындығым жесірдің көз жасына шомылып шыққан ақындық»,-деп еді. Хасен ерте есейді, еңбекке ерте араласты, әскери борышын өтеп қайтты, отбасын құрды. Қайда жүрсе де қолынан қоңыр домбырасын тастамады, кейіннен суырып салма ақындығымен көзге түсті. Аудандық, облыстық, республикалық айтыстарда қарсыласын жүйелі сөзімен, өткір тілімен, суырып салма ақындығымен талай рет сансырата састырып,  жүлдегер атанды. Хасен айтыса жүріп Оразалы, Бақыт, Жұматай, Қуаныш сияқты өнерлі жүйріктерді тәрбиелеп шығарды.

                                   Басына шығып сан қырдың,

                                   Тауларда биік жаңғырдым.

                                   Жалған ақын тап келсе,

                                   Естерінен тандырдым.

                                   Атым Хасен болғанмен,

                                Сақалы жоқ Жамбылмын,- деп әр айтысты түрлендіріп, түрлі мақамдарға ауыса отырып тапқыр оймен, шешен тілмен, соны теңеулерді, әдемі әзілдерді орынды пайдалана отырып қарсыласының мысын басатын. Сан қырлы Саматыров атанған Хасен айтыстың бірнеше түрін меңгеріп, өтірік өлең мен сатираға да қалам тартқан суырып салма айтыс ақыны, жазба жырдың жампозы, жыршы, термеші әрі сазгер еді.

                                Көктем гүлім, көңіл назым,

                                Көкорай бел, салқын жазым.

                                Күмбірлетіп күй толғатқан,

                                Сағындырған Қарасазым,- әнімен бірге «Анама», «Сені  іздедім», «Ақботам», «Қазақстаным» әндері ел арасында айтылып жүр. Айтыстарын, өлең- жырларын 2022 жылы артындағы ел- жұрты шығарған «Айналайын ел-жұртым» кітабы арқылы халық жақсы біледі. Хасен қайтыс болғаннан кейін, осыдан он жыл бұрын Хасен ақынның туған күнінде жазған бір өлеңімді сіздермен бірге оқуды жөн көрдім…

                                      ХАСЕН АҚЫН РУХЫНА

                                      Әкенің тұйықталды сара жолы,

                                      Білімді әрі дана адам еді.

  Асқар тауың құлады тоғыз жаста,

   Жетімек боп артында қала бердің.

        Жоқшылық көп көріп ең жас кезіңде,

   Тектілік пен ақындық бар тегіңде.

  Өзіңді өзің сүйреп алып шықтың,

      Алмас қылыш жатпады қап түбінде.

   Ерте есейдің еңбектің көзін тауып,

              Кестелеп сөз сөйлеуші-ең суырып салып,

      Ешкімнен еңсең түсіп қаймықпадың,

     Абайдай төске өрлеп, бетке шауып.

       Кеудең тола жыр, өлең, тұнған дара,

        Айтыстарда жүлдеден құр қалмадың.

    Әділ баға бермеді, тосты алдыңды,

       Көрдік талай пенденің қызғанғанын.

Десек те, ауыр қаза, суық қайғы,

          Хасен бауыр халқың сені ұмытпайды.

Кітабыңды шығарар туған елің,

         Жырларыңды жаттайды, ұлықтайды.

             Жатқан жерің жарық болсын бауырым!

Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар