20 C
Нарынкол
Суббота, 15 июня, 2024
No menu items!
Маңызды

ХАНТӘҢІРІ

Осынау көк тіреген ұшар басы бұлт оранған, өнебойы ақ- қызыл мрамор тас керегелер мәңгілік хрусталь мұздықтар мен астасқан, бүкіл әлем көз тігіп, бір көруді армандайтын, аты аңызға айналған атақты шыңның етегінде туып-өскенімді мақтан тұтамын!

Хантәңірі шыңы алыс-жақыннан бір көрген небір майталман өнер иелеріне ерекше шабыт беріп, атақ-даңқының берісі алты алашқа, арысы- бүкіл әлемге танытты. Оның асқақ та әсем келбеті көптеген ақын- жазушылардың, суретшілердің шығармаларына арқау болды. Атақты қылқалам шеберлері; Әубәкір Смаиловтың, (1956- жыл), Нұрболат Ысқақовтың салған Хантәңірі бейнесі- ҚР Орталық мұражайында және біраз шетел музейлеріне қойылған екен.

  Поэзия пірлері саналған белгілі ақындардың Хантәңірі туралы жырларынан бір- бір шумақ келтірейік:

Тұранның Тянь-Шандай тауы қандай,

Пар келмес Тянь- Шанға таулар талай!

Еріксіз ер Түрікті ойға аларсың,

Көкке асқан Хантәңірге қарай- қарай.

              Мағжан Жұмабаев

Асқардың арғы атасы Хантәңірі,

Албанның ұлы жайлау, кең өрісі.

Па шіркін, болады екен тау да сұлу,

Мұз көйлек мұнарамен белін буу!

          Іліяс Жансүгіров

Шыңның мен ұнатамын биіктігін,

Шырқай кеп, шыңырау көктен сүйіпті Күн

Түндігін түртіп тұрған көк аспанның,

Қанеки, Хантәңірден иықты кім?!

         Мұқағали Мақатаев

Хантәңірі қарлы тау, Жетісудың көрігі,

Жер кіндігі атанған Эверестің серігі!

Қабағына бұлт іліп, боз тұманға қалғыма

Қырда жатқан әкемнің өзің тұрсың орнында!

           Биғайша Медеуова

Шыңдардың символикасына айналған Хантәңірі туралы Еркін ағамыз өзінің атақты «Хантәңірі қайдасың» поэмасын жазған болатын. Тұрлыбек Мәмесейітов ағамыздың «Әулиешоқы» повесі бүгінде әрбір көзі қарақты оқырманның сүйіп оқитын шығармасына айналды.

Менің небір қиын да қызыққа толы романтикалық күндерім Хантәңірі айналасындағы сай-салаларда, биік тауларда өтті. Жұмыс бабымен, шаруа жайымен таудағы малшылар арасында жүргенде асқар асуларда, тау жоталарында альпинистермен жолығып, Хантәңірі мен оның айналасындағы тау асулары туралы әңгімелескен сәттерім болды.

   Бірде, Асутөрмен Қырғыз жақты жайлаған жылқышыларға қарай асып бара жатқанбыз. Бізге төрт- бес альпинист жолықты. Көкалатастың асуында демалып, түстеніп отыр екен. Біздің де көздегеніміз осы жер болатын. Бірі болмаса бірі біліп қалар деп, француз тілінде амандасып, жөн сұрастым. Екеуі француз, үшеуі Германиядан екен. Біреуі таза орыс тілінде сөйлеп, Ганс Ван дер Шмидтпін деп танысты. Енді орыс тілінде сөйлесе бастадық. Мен аты- жөніңіз немісше, неге Ван дер деген Голландиялық тіркесті қосып алғансыз деп сұрадым. Ата- бабалары Голландиялық немістер екен. Германияға соғыстан кейін көшіп барғанбыз дейді. Әлгі жерде түстеніп, жарты сағаттай аялдадық. Әңгіме осы таулы өлке, Хантәңірі шыңы туралы өрбіді.

Мен өзімнің Хантәңірі туралы оқығандарым, көрген- білгендерім туралы айтып жатырмын. Әлгі Шмидттен Хантәңірі туралы біраз нәрселерді ұқтым. Оларды бұрын да басқа альпинистердің айтқандарымен салыстырып, ара- тұра пікір қосып қоямын.

Ал альпинистермен қоштасып, маңызды әңгімелері үшін рахмет айттым. Олар Хантәңірін бетке алып, маршруттары бойынша жүріп кетті. Оларға сәт сапар тіледік.

Енді Хантәңірі туралы, оның айналасындағы альпинизм туралы өзімнің естіген, оқыған- білгендерім туралы баяндайын. О бастағы мақсатым да осы болатын.

«Хантәңірі- әуестенушілік әуресін көтермейтін жер»,- деген екен атақты неміс альпинисі Готфрид Мерцбахер. Бұл адамның есімін мен алғаш рет оқушы кезімде француз жазушысы Жюль Верннің «Он бес жасар капитан» деген кітабынан кездестіргенмін. Анд тауларында осы адамның есімімен аталатын шың бар. Африкада Конго өзенінде Мерцбахер сарқырамасы бар екенін оқығанмын. Г. Мерцбахер бір кездері Хантәңірі аймағына келеді. Мақсаты- адам баласы аяқ баспаған осы шыңды зерттеп, бағындыру болса керек. Ол осы сапарында Хантәңірінің биіктігі 6540м. деген қате өлшем (болжам) жасайды. Хантәңірімен жапсарлас жатқан тау жотасынан теңіз деңгейінен 3500м. биіктіктегі кішігірім айсбергтер жүзіп жүрген ғажайып көлді сипаттап жазып, картаға түсіреді. Бұл көл бүгінде Мерцбахер көлі деп аталады. Анабір жылы Хантәңіріне батыс жағындағы Қырғыз жерімен Тұрсынбайдың мөңгісі (мұздығы) арқылы жақындағанымызда, қырғыздар бұл көлді Еңілчек көл деген болатын. Атақты жиһанкез, дүние жүзін армансыз армансыз шарлап, талай жерде өзінің есімін қалдырып, Эверестей алып шыңды бағындырған Мерцбахерге Хантәңірін бағындыру бұйырмапты деседі.

 Енді Еңілчек туралы бірер сөз.

 Хантәңірін бір кісідей зерттеген чех жиһанкезі Пётр Иныльчек екен. Бұл әңгімені әлгі Шмидттен естіген едім. Қырғыз достарым да соны айтты.

 Хантәңірімен қанаттас шығысқа қарай, екі- үш шоқысы иық тірестіріп тұрған Қытай жеріндегі Мұзарт шыңы, Хантәңірі және батысқа қарай Қырғыз жерінде 20 шақырым Жеңіс шыңы үшеуі біртұтас дүние жүзіндегі ең ірі- Иныльчек мұздығын құрайды. Аумағы-2500кв. км!

 Жеңіс шыңы- биіктігі 7439м. Хантәңірінен батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Бұл шыңды мен алғаш рет Қырғызға қарай Күреңбел асуынан асқанда көрген едім. Кейін қырғыздармен бірге дәл түбіне дейін барғанбыз. Өте сұсты көрінеді екен! Бейнебір, саған жақындап, құлап түсетін сияқты! Бір ғажабы- Хантәңірінен аумайды. Көшірмесі сияқты. Семенов Тянь- Шанский қателесіп осы шыңды картаға Хантәңірі деп түсіріпті. Өмірінің соңына дейін Хантәңіріне бардым деп ойлап кетіпті. Жеңіс шыңын қырғыздар Жеңис чокусу дейді. Тянь- Шанскийдің қатесін түзеп Жеңіс шыңын картаға дұрыс түсірген Даниялық әскери топограф Свен Гедин бұл өлкеге 1934- жылы аяқ басыпты. 1945- жылы Кеңес альпинистері Л Гутман мен А. Иванов Жеңіс шыңын алғаш рет бағындырып, басына СССР дің вымпелін қойған екен.

 Енді өзіміздің Хантәңіріне қайта оралайық. Хантәңірін дұрыс зерттеп, биіктігін анықтап картаға орнын нақты белгілеген неміс геграфы- Франц Заубер.  Теңіз деңгейінен- 6995м. кейінгі аэрокосмостық зерттеулер бойынша- 7010м. Хантәңірін алғаш рет 1931- жылдың қыркүйек айында Ф. Заубер мен Харьковтық М.Т. Пограбецкий  бағындырған, шың басына алғаш аяқ басқан да осылар.

 Хантәңірін қырғыздар Кантоо- қанды тау деп атайды. Мұны біреулер Күн шыққанда және батқанда шыңның алқызыл түске боянуымен байланыстырса, енді біреулер оны бағындырушылардың сонда мерт болып, қазаға ұшырауымен байланыстырады.

 Осы шың туралы ежелден келе жатқан аңыз- әңгімелер көп. Европалықтар Құдайлар мекені деп атаған. Ежелгі түрік наным- сенімдеріне байланысты аңыздар бар. Шыңның Хантәңірі аталуы ежелден Тәңірге табынған ата- бабаларымыздың ханның тәңірі деген сөзінен шығыпты. Ал, өзіміздің әке- шешелеріміз Тұрлыбек ағамыз жазандай Әулиешоқы дейтін.

 Қырғыздардың Қанды тау дегені есіме түсіп кете береді…

 Хантәңірінің жердің түбіне дейін кететін шыңырауларында альпинистер одағын алғаш құрушылар Карл Гумбольдтың, А. Шлагинтвейннің, П. Иныльчек сияқты атақты альпинизм тарландарының денелері мәңгілікке қалған деседі. Жыл сайын Хантәңірде жоғалып табылмай кеткен альпинистер туралы естіп жатамыз. 2004- жылы бір полякты туыстары мен елшілік адамдары іздеп таба алмай кетті. Осы жылы қар көшкінінің астында қалған 50 альпинистің 11і табылмай, мұз шыңырауда мәңгілік қалды!!!

 Оқушы кезімде А. Белялиновтың «Шекара соқпақтары, Иван Головиннің басынан кешкендері» деген кітабын оқыған едім. Онда атақты альпинист Адольф Шлагинтвейн Хантәңірі сапары кезінде жоғалып кетеді. Оны іздеп інісі Рудольф Шлагинтвейн шығады. Қытай жағынан келе жатқан оны ұйғыр көсемі Уәлихан төре ұстап алып басын алады да, барлық Қашғарды зерттеуші жиһанкездердің басынан тұрғызылған мұнараға қалап қояды. Екі ағасын іздеп шыққан Герман Шлагинтвейн Адольфтың Хантәңірі шыңырауына түсіп кеткенін, Рудольты ұйғырлар өлтіргенін анықтап, аман- есен еліне қайтады.

 Сапарғали Бегалиннің «Шоқан асулары» деген кітабында Қашғар билеушісі Уәлихан төре Шоқанға (Әлімбай көпеске) «Байқа, бала! Сенің де басыңа мына мұнараның басында тұрып жүрмесін!»- дейді бас сүйектер тұрғызылған мұнараны көрсетіп. Шоқан оған өзінің Әлімбай көпес екенін айтып сендіреді.

 Альпинист Ван дер Шмидттің айтуы бойынша, Хантәңірі бірінші категорияға жататын дүние жүзіндегі төрт- ақ шыңның біреуі екен. Бірінші категорияға жер түбіне кететін шыңырау- жарықтары бар, жоғарғы жағында үнемі құйынды боран тұратын, жалпы тіктігі- 60- 70 градус аралығында болатын шығуы өте күрделі шыңдар жатады екен.

 Хантәңірі сұлулығы жөнінен Анд тауларындағы Мак- Кинлиден кейін дүние жүзінде екінші орында. Оның тең бүйірлі үш қырлы формасы оған ерекше сән береді…

 Әңгіменің соңын өлең жолдарымен аяқтағым келеді.

Жетісу- жер жанаты ата мекен,

Еншілеп жеті өзенді Тәңір берген.

Қырғыз, Қытай, Қазақтың шебін бөліп,

Төрінде Хантәңір тұр дара кеден.

Ұлы Үйсіннің ұрпағы

Өр Албанның елінде,

Қазақтың ең биігі

Хантәңір тұр жерімде.

Найзасындай Бәйсейттің

Байынқолдың төрінде,

Мақтанышы Қазақтың

Мақтанышым менің де!

Самарқан АБДРАХМАНОВ,

Қаратоған ауылы

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Зелёный свет для бизнеса

У предпринимателей Алматинской области появилась масса возможностей для того, чтобы реализовать новые идеи или же развить свое дело. И...

Осыған ұқсас мақалалар