30.3 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

ЕРЖАН ТОҚТАРҰЛЫ

    Жуырда, Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына   қарасты, «Алматы облысының музейлер бірлестігінің» ұйымдастыруымен Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды мұражай үйінде ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ержан Тоқтарұлының «Поэзия патшалығында» атты циклды әдеби кездесу кеші болып өтті. Бұл іс-шараның мақсаты ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың артынан ерген бүгінгі ізбасарлары, Тәңіртау етегінен түлеп ұшқан дарынды қаламгерлердің есімін оқырман қауымға кеңінен таныстыру, шығармаларын насихаттау,  кейінгі жас буынның алдыңғы буын ақын-жазушылардың өнегелі өмірі мен шығармашылықтағы ізденістерінен үлгі алып, болашағына бағдар жасауына мүмкіндік туғызу еді.

     М.Мақатаев ескерткішіне гүл шоқтары қойылған соң, ақын атындағы әдеби-мемориалды мұражайда оқушылар жас ақын Ержан Тоқтарұлының өлеңдерін жатқа оқып, келген қонақтарды мұражай үйіндегі жәдігерлермен таныстырды. Ержан Тоқтарұлының өмірінен сыр шертетін фотосурет көрмесі көпшілікке ұсынылып, фотосурет шежіресін автор өзі таныстырды.

     Ержан Тоқтарұлы Салтақ 22 маусым 1986 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге келген. 2003 жылы осы ауылдағы «Албан Асан Барменбекұлы атындағы мектеп- гимназиясын» бітірген соң, өнерге ғашық өрен Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық  өнер академиясына оқуға түсіп, Әкім Тарази мен Баққожа Мұқай шеберханасында тәлім алып, 2007 жылы кинотеледраматургия мамандығын алып шыққан. Сырға толы әңгімелері студент кезінде- ақ шығармашылықпен айланысатын жастардың «Жас толқын» атты  кітабына енген. Ержан Тоқтарұлы Мұқағали Мақатаев атындағы республикалық мүшәйраның жүлдегері. 2014 жылы «Жалын» баспасынан «Сүйекті таңба» атты прозалық жинағы жарыққа шықты. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының баспасөз бөлімінде біраз жыл қызмет атқарды. Алматы қаласы, Мәдениет басқармасы музейлер бірлестігіне қарасты, Райымбек батыр кесене- музейінде 4 жыл директор болып, Райымбек батыр жайлы «Киелі жолдың иесі» кітабын құрастырып, жарыққа шығарды. Райымбек батыр атындағы екінші дәрежелі төсбелгі иегері атанды. «Тарақ таңбалы Тарлан» атты халықаралық жыр мүшайрасының арнайы «Ересен» силығының жүлдегері. 2021 жылы «Аспан» баспасынан «Қақпа алдындағы қара өлең» жыр жинағын жарыққа шығарды. Қазіргі таңда Ержан, Қонаев қаласындағы Алматы облысының Мәдениет басқармасына қарасты музейлер бірлестігінде қызмет атқарады.  

     Әдеби кешке Ержанның қаламдас әріптестері, достары, ақын ағалары, жыр сүйер оқырман қауым қатысты. Ақын Ержан Тоқтарұлының шығармашылығы мен өміріне арналған іс-шараны модератор, ақын Айбек Ережеп жүргізіп отырды. Кездесу ашық, еркін форматта өрбіді. Ақын Ержан «Мұқағали-мұңды өлең» атты өз өлеңін оқып, кеш шымылдығын ашты:

Саржайлаудың шырқап есіп самалы,

Сағыныштан кезіп қырқа, даланы,

Өзіңді аңсап аспан асты,жер үсті,

Мұңданудан жасығандай жанары,

Қара өлең жүр жерге тимей табаны.

Жағалаудың болғанымен ажары,

Тарқағандай бозқараған базары.

Іркес-тіркес ағынымен алысып,

Толқынымен толқып ұрып жағаны,

Қарасу да іздеп сені ағады.

Жүректердің мұңмен емдеп жарасын,

Ғасырлардан ойып орын аласың.

Аспантаулар шыңдарынан жаңғырып,

Жер мен көктің желпіндіріп арасын,

Мұқағали мұңды өлең боп қаласың..,-деп тоқтаған жас ақынды Аспантаулар өлкесінен түлеп ұшқан бір топ ақын аға-әпкелері: Биғайша Медеу, Мұхтархан Қалиұлы, Елеусіз Ахметкерімұлы, Сәлім Жусанбайлар құттықтап, ақынның шығармашылығына табыс тіледі және ақын Даубай Мамытұлы  ақын інісіне арнаған өзінің жүрекжарды  арнау өлеңін оқыды:

Жырдың оты көгінде лапылдаған,

Қуат беріп Қарасаз жатыр далам.

Тағы бір жыр сұңқары қанат қақты,

Жасындай бұлтты тіліп шатырлаған.

Мұзбалақ ұшқан шыңдар қиясынан,

Көрсем деп жас қыранды жиі асығам.

Қарасаздан бір тұйғын көтерілді,

Қанат қағып қара өлең ұясынан.

Қанып ішіп қара өлең бастауынан,

Сыр ұғып табиғаттың астарынан.

Жігерленіп ұлылар дастанынан,

Жыр борат асқар таудың аспанынан.

Шабытты шыңдағандай Қасым өлең,

Жаза біл, өр Мұқаңдай асыл өлең,

Еркіндей ағаларың оңдырмайды,

Егерде жазар болсаң жасық өлең.

Жарқылдатып жасынын жалын жырдың,

Толқынын аспанға атқын лағыл жырдың.

Саған айтар тілегім осы менің,

Біз жетпеген биікті бағындырғын!

Әдеби кеште Ержан Тоқтарұлын Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің өкілі  Мұрат Тоқашбаев құттықтап, Алматы облысының әкімі М.Елеусізовтың алғыс хатын табыс етті. Қазақстан Жазушылар Одағы Алматы облыстық филиалының директоры Қанат Әбілқайыр ақынды шығармашылық кешімен құттықтап, басқарма төрағасы, ақын Мереке Құлкеновтің Алғыс хатын және Одаққа мүшелік куәлігін салтанатты түрде табыстады. Жазушы Қанағат Әбілқайыр  және Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Әнуар Мұхтарханұлы  Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаты мен М.Мақатаев бейнесі бедерленген арнайы статуэтканы табыстады. 

    Қарасаздық әнші Мұрат Өміржан Ержан Тоқтардың сөзіне жазылған  сазгер Ерғали Көшербаевтің «Туған жер»  әнін орындаса, ақын Аршын Нұрбақыт, Райымбек аудандық «Хантәңірі» газетінің редакторы Дастан Жанасіл, ұстазы Дариға  Саламатова, Тілеухан Мергенбаева, анасы Зора Нұрмұқақызы, ағалары Тоққожа Салтақов, Орман Шоңмұрынов тағы басқа азаматтар бата тілектерін арнап, курстас досы Жандос Әбдірайым «Ұнатамын мен сені» атты әнді музыкалық сәлем ретінде жолдады.

 Ержан өлеңдері қазіргі заман келбетін тамыршыдай тап баса білген сезімталдығымен және адамға ой саларлық табиғатымен ерекшеленеді.

Байлық жиып уақытша үйіне,

Бектері жүр есіл- дерті дүние.

Өмірім- ай кесімі жоқ тарамыс,

Тағдырыма кім ие?

Таңдарым- ай алдан әлі атпаған,

Ақыл айтар қайда кеткен қарт бабам?

Ақсақал жоқ, жасы жетпей орнына,

Қарасақал қаптаған.

Бір кездері мұзда жанған от болғам,

Бұл күндері жетілместен жоқ болғам.

Қадірі жоқ менің ана тілім- ай,

Тіл шықпастан сотталған,- деуі ащы да болса шындық емес пе? Ар, ұятты ту етіп, шындық жолында талай тартысқа түскен намысты ұл өлеңдерінде бақай есепке құрылған тоғышар, жантық пенделерден бойын аулақ салу байқалады.

Ту ғып ұстап ұятты ар- намысты,

Шабытым, толас таппай самғап ұшшы.

Толғануым, жырлауым, айтарым да,

Сүретін ғұмырыма байланысты.

Қыран күйге бөленіп қомданайын,

Құз басында отырып ойланайын.

Кең дүниені күзетіп кеңістіктен,

Жауды көрсем биіктен сорғалайын.

Асқар шыңға қараймын аласұра,

Торғын бұлт та аспанмен санасуда.

Қыран ғұмыр көгіңе көтер мені,

Қарғалардың қор қылмай арасында,- деуі де сондықтан болса керек…

Кеш соңына қарай  Ержан Тоқтардың  «Аспан» баспасынан жарық көрген «Қақпа алдындағы қара өлең» атты кітабының тұсаукесер рәсімін ақындар М.Қалиұлы, Б.Медеу, Е.Ахметкерімұлы, Д.Мамытұлы С.Жусанбай жүргізсе, Қарасаз ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Көшербай Қазыбаев кітапқа құтты болсын айтып, ақ батасын берді. Кеш соңын ақын Ержан Тоқтар өзі қорытындылап, өлең сүйер қауымға алғысын айтып, ризашылық сезімін білдірді. Осылайша Қарасаздан түлеп ұшқан жас талант, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ержан Тоқтарұлының «Поэзия патшалығында» өміршең өлеңдері өріліп, керемет әсерге бөлеген әдіби кеші қазақ жеріндегі қасиетті үш қараның бірі саналатын Қарасаз қойнауын ән мен жырға бөледі.

Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар