30.3 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

ОТБАСЫ – ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ

Ел Президентi мемлекет — отбасыдан басталатынын және бiздiң қоғамда негiзгi отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отырғандығын атап өтуіміз керек. Отбасы күнін  Мемлекет басшысының Жарлығымен қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде аталып өтiледi. Яғни 11 қыркүйекке сәйкес келеді.  

Отбасы – адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын бесігі. Тәрбиенің кілті – отбасының өмір тіршілігіне байланысты. Әсіресе, ата-ананың адамгершілік бейнесі – балаларды тәрбиелеудің негізгі көзі. «Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» ғой. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі борыштарын атқаруға кіріседі, яғни оларға тәрбиеші бола бастайды. Отбасының берік негізі міне, рухани мүдденің бірлігінде болмақ. Оның біртұтас тату болуы береке бірлігі ең алдымен әке-шешенің бір-біріне, балаларына қалай қарайтындығына байланысты.

Отбасында бала тәрбиесіне теріс ықпал ететін факторлардан ата-ана әрқашан аулақ болуы керек. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, жалпы отбасында ұл бала тәрбиесінде әкенің, қыз бала тәрбиесінде шешенің орны ерекше. «Қызың өссе қызы жақсымен ауылдас бол, ұлың өссе ұлы жақсымен ауылдас бол», «Ұл туса –елдің қорғаны, Қыз туса елдің көркі» деп халқымыз бекер айтпаған шығар. Мұның бәрі әке-шешенің бала тәрбиелеудегі өздерінің үлгі-өнегесіне де тікелей байланысты болмақ.

Үлкенді құрметпен қадір тұту, ілтипатты қарым-қатынаста болу, сыйласа білу, ата-ананы қартайғанда қарау, кішіге қамқор болу – бұл қазақ халқы үшін жазылмаған заңдар. «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды», «Аға әдепті болса, іні әдепті, апа әдепті болса, сіңлі әдепті» т.б. мақалдардан үлгі-өнеге, тәлім-тәрбиеге ерекше назар аударғанын көреміз.

Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Ата-ананың жүріс-тұрысы, сөйлегені, іс-әрекеттерінің барлығы барлығы бала үшін үлгі. Осы негізде бала алдында ата-ана өте байсалды, сабырлы болып, жақсы тәрбие көрсетуі керек. Мәселен Абай Құнанбаевтың он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. Мұндай сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады»-деп атап өтеді.  

Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін ана, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен ананың баласына қоятын ең біріші басты талап – тілектері – баланың «әдепті» болып өсуі. Қазақ халқы отбасындағы тәрбиені ең бірінші орынға қойған. Ата – ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Әкенің «батырым», шешенің «құлыным» деген сөзін естіген балада жақсы сезім туатыны белгілі. Ғ.Мустафинның «Ата- ананың міндеті- тәрбиелеу және жақсылықты үйрету» деген сөзінде көп тәрбие жатыр. Бала тәрбиесі ол дүниеге келген алғашқы күннен басталады. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеу әр ата-ананың арманы және борышы екені даусыз. Әрқашан отбасымыз аман, босағамыз берік болғай. 

ОМАРОВА Балжан Әбуқызы,

аудандық аналар кеңесінің төрайымы

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар