26.3 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

МӘУЕЛІ ҚОС БӘЙТЕРЕКТІҢ ШУАҒЫ

       Адамзаттың жаратушысы, өмірдің тұтастығын тілеуші – ақ аналарды жақсы көрем. Мәуелі бәйтеректей ақ самайлы әжелерді көрсем, құшағыма қысып, ақ жүзінен сүйіп қойғым келіп кетеді. Ақ сақалды ақылман қарттарыма деген құрметім ерекше. Төріме шығарып сыйлағым келіп тұрады. Ата мен Әже — дәл осынау асыл жандармен шаңырақтарымыз ырысты да ынтымақты, өңіріміз ажарлы да көркем. Дәл осынау жандармен бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі, өңіріміз мерекелі. Мынау жарық дүниеге ұрпағын әкеліп, оларды бағыпқағып, үлкен өмірге қанаттандырып, немере-шөберелерін сүйіп, еркелетіп отырған қариялар қандай бақытты десеңізші?! Бүгін дәл сондай жандар туралы сыр шерткім келді. Сарыжаз ауылында тұратын Абай Сұлтанғазиев пен Анаркүл Айтпанбетовадай бір отбасының мәуелі бәйтеректері қалай дәріптесе де жарасып тұрған жандар.

       Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылындағы еңселі үйге келдік. Жыпжылы шаңырақтан шуақ есіп тұрғандай. Төргі бөлмедегі диванда отырған ағамыздың жүзі таныс көрініп кетті.

        — Ассалаумағалейкум аға! Қалыңыз қалай?,-деп құшақтаса амандастым.

       — Әликумассалам балам, төрге шық,-деп жылы қарсы алды.

       — Аға жүзіңіз таныс болып тұр. Бір жерден көрген сияқтымын,-дедім сөзге тартып.

       — Рас, мен де сені бір жерден жолықтырған сияқтымын. Бір шарада ма, бір дастарханда ма бірге болған болуымыз керек,-деді. Журналист болғаннан кейін араламайтын жеріміз жоқ. Бармайтын ауылымыз кемде-кем. Сарыжаз ауылында көптеген шараларға қатысқам. Жол үстіндегі мекенге жиі жолым түсіп тұрады. Абай ағамен бірге болғаным шындық.

       Осы кезде қарсы бөлмеден кеудесінде Батыр ананың жұлдызы жарқыраған, «Алтын алқалы» анамыз шықты. Қол беріп, құшағыма тарта, ақ жүзінен сүйдім.

    — Бар бол, аман бол, қарағым! Бала-шағаларың аман-есен бе? Амандықтарыңды тілеймін!,-деп мейірлене қарады.

       — Бұл анаң қырғыздың қызы. Бекер емес. Сүйегі асыл,-деп қалды Абай ағамыз хабардар болсын дегендей.

       — Қырғыз бен қазақ бір туған, ағайын-ғой. Өте жақсы екен,-дедім.

        — Әңгімемді айта отырайын. Менде алып бара жатқан өмірбаян жоқ. 1962 жылы атамекенімізге оралдық. Алғаш Талас ауылында 17 жыл тұрып, сондағы шаруашылықта қой бақтым. Одан кейін бала-шағам бір жерде білім алсын деп Сарыжазға қоныс аудардым. Мұнда да қой бақтым. Содан бері осы ауылды киелі қоныс, төрт түлік малыма өріс етіп келе жатырмын. Ата-бабамыздан келе жатқан қой баққаннан жаман болғамыз жоқ. Сол малды ауылда ұл-қыздарым дүниеге келді. Мына қасымда отырған Анаркүл анаң үнемі үй шаруасында, баланың күтімімен отырды. Асымызды қамдады, Бір жағыма шығысты. Балаларымның бәрі жоғары білім алды. Бір-бір мамандықтың иесі болды. Бәрі бір-бір шаңырақ,-деді Абай ағамыз күлімсіреп.

       — Қырғыздың қызын қайдан тауып алғансыз? Қай жылы отау көтердіңіздер?,-деп бір сұрақты көлденең тастап қойдым.

       — Қытайда қырғыз бен қазақ бір өңірде бірге тұрдық. Аралас-құралас, сыйлас болдық. Мен ол кезде бозбала едім. Әкем Сұлтанғазы мен Анаркүлдің әкесі Айтпанбет жақсы дос болды. Екі отбасы бір-бірін шақырысып, жақсылықтары болса, ортақтасып дегендей өте жақсы қарым-қатынаста болды. Содан екеуі бір күні тау басына шығып әңгімелесіп отырып, құдаласыпты. Менің әкем сөз бастап: «Айтеке, көптен бері ішімде айта алмай жүрген бір сырым бар еді. Сенің өсіп келе жатқан қызың бар, менің ұлым бар. Құдалы болсақ қайтеді?»,-деп Айтпанбетке жылы жүзімен қарапты. «Сендей құдам болса, қуанбаған да қайтем. Әңгіме жоқ. Қызым сенікі. Өсіп келе жатқан ұлың да жаман жігіт емес»,-деп екеуі сол жерде төс қағыстырып, әңгімені шешіп қойыпты. Содан кейін бір түрлі күйде жүрдім. Қалыңдығым бар деп қуанып қоям. Көктем мезгілінде әкем қасына ауылдың бір қариясын ертіп, бір жараулы жылқысын жетелеп, Айтпанбет ағаның үйіне барып, қызына үкі тағып қайтты. Сөйтіп, 1959 жылы отау көтердік-дейді Абай ағам сыр тарқатып. Мынау бір сәйкестікті қараңызшы, қос аққу бір жылдың төлі екен. 1941 жылы шыр етіп өмір есігін ашқан. Өмірлерінің ыстық-суығын, ауыртпалықтарын бірге көріп, қиындықтарына көніп, жақсылықтарына жұбанып, бастарындағы бақтары мен бақыттарына қуанып бірге жасасып келе жатқандарына міне, 64 жыл болса, жастары сексен бірге толды. Шаңырақ көтергендерінің өзіне бір адамның ғұмыры болыпты. Гауһар, маржан той деген осы. Шадыман шаттық, баянды бақыт дегеніңіз осы.

     Қандай бақыт, қандай жақсылық десеңізші, Абай ағам мен Анаркүл анамыздың отауынан 6 ұл, 4 қыз дүниеге келіпті. Кеңес Одағының тұсында анамыз «Батыр ана» атанды. Мынау жарық дүниеге күндері мен гүлдерін әкелген анамыз Қырғызстанның Түп ауданынан, әйгілі Ыстықкөлдің жағасынан екен.

        — Жақындары әлі де бар. Сол Түп ауданында өмір сүріп жатыр. Барып-келіп, араласып тұрамыз.

   Құры отырмай Абай ағамыздың жақсы қасиеттерін айта отырайық. Шаруашылықтың қойын бағып, 22 жыл еңбек өтілімен 1998 жылы зейнет демалысына шығыпты. Демалысқа шықтым деп жатып алған ағамыз жоқ. «Нұржан» атты шаруа қожалығын құруға негіз қалаған. Бұл қожалық Сарыжаз ауылындағы бірден-бір әлеуеті жоғары құрылым саналады. Қазір бұл қожалық кенже ұлы Нұржанның иелігінде. Егіске, мал азығын дайындауға қажетті трактор, техниканың бәрі бар. Қожалық бір отар архар-меринос қойын, бірнеше үйірлі жылқы, жүзден аса сиыр өсіріп отырған жайы бар. Көмірші ауылына баратын жолдың жағасында құтты қыстауларында өмір оттары жарқырайды. Жаз маусымында қожалықтың төрт түлік малы Шұбарқарағай жайлауында болып қайтады. Абай ағамыз бен Анаркүл анамыз бір уақыт хан жайлаудың төрінде болып жандарын жадыратып қайтады. Анаркүл анамыз өз тұсында қол өнерінің шебері болды. Тоқыма, тігін, құрақ, қыз жасауы дейсіз бе, бәрін жайнатып жіберетін болған. Бойындағы тамаша өнерін қыздарына да үйреткен. Ал, ағамыз шежірені жақсы біледі. Ата тек, шежіре десеңіз, қасында отырған адамды жаңылдырады. Албан руының игі жақсыларын жіпке тізгендей айтып бере алады.

       — Қыста да үйде қарап отыра алмаймын. Айналысатын шаруамыз бар. Күзде жарамды жылқы, сиыр, қой малын осында әкеліп, мал бордақылаумен шұғылданамыз. Арнайы жасалған мал бордақылау алаңы бар,-дейді Абай аға бір әңгменің шетін шығарып.

        — Өте жақсы екен. Тамаша дүние -ғой. Қыста бордақыда тұрған семіз мал екінің біріне керек болып жатады. Өтімді. Оған кім қарайды,-дедім.

        — Шүкір, өзім қараймын. Уақтылы жемін, шөбін, суын беріп отырамын. Күзде әкелген малдарымыздың бәрі қолайлы бағасына сатылып кетті,-дейді ағамыз.

        Айтса-айтқандай, сексеннің төріне қарай қадам басқан ағамыз әлі жастау көрінеді. Қимыл-қозғалысы ширақ та қунақ. Әңгімесі де жақсы. Тфай, тфай, Анаркүлдей анамыздың да көңіл-күйі жақсы. Қойған сұрағыңа әдемілеп жауап беріп қояды. Жан-жүрегі, тұла-бойының бәрі мейірім шуағына толы.

        — Айналайын, балапандарымның бәрі үмітімізді, еңбегімізді ақтады. Бәрі үйленді, балалы-шағалы болды. Біреудің ала жібін аттаған жоқ. Жақсы жүрді, жақсы тұрды. Бәрі ынталанып жүрек қалауларымен жоғары білім алды. Бір-бір мамандықтарымен еңбек етіп жүр. Қолымыздан келетін сол, ел-жұртымның, бала-шағамның амандығын, заманның тыныштығын тілеумен отырамын,-дейді әз ана ағынан жарылып.

        Үлкен қыздары Алмагүл сауда саласының білікті маманы болған, есепші. Қазір айналысып жүрген шаруасы бар. Ауылшаруашылығы институтын орман шаруашылығы мамандығы бойынша бітірген, Сарыжаз ауылында тұратын Жанболаттай үлкен ұлдары Текес орманшылығында орман күтушісі болып еңбек етеді. Бекболаттай ұлдары жеке кәсіпкер. Айгүлдей қыздары дәрігер. Бұл шаңырақтан белгілі журналист шықты. Нұрболат Сұлтанғазиев республикалық «Ана тілі» газетінің белді қызметкері. Ерболаттай ұлдары, Бибігүл, Бейбіткүлдей қыздары мұғалім. Досболаттай ұлдары жеке шаруасымен айналысып жүр. Кенже ұлы Нұржан шаруа қожалығының жетекшісі. Мәуелі қос бәйтерек ұл-қыздарынан 42 немерелі, 17 шөберелі болды. Күндері мен гүлдерінің дені Алматы қаласында, қала маңында тұрады. Сағынған кездерінде жеңіл көліктерімен әрқайсысын аралап, немере-шөберелерін иіскеп, мауқын басып қайтады. Соның өзінен-ақ бір жасарып қалғандай тамаша күйлеріне енеді.

        Сарыжаз ауылындағы қара шаңырақтарының жанынан тұрғызып алған заманауи, сәулетті үйлерінің берекесін тасытып отырған ақ келін Айжан Қабаева өзімізге жақын қарындасым болып шықты. Бұл үйде Мұқағалидай ақынды пір тұтқан, ақынның жүзден аса өлеңін жатқа білетін Мерей атты қыз тұрады екен. Жоғары сыныптың озат оқушыларының бірі. Халықаралық, республикалық әр түрлі байқаулардың жүлдегері. Ауылдағы «Қарекет» қоры озат оқушыларға тағайындаған стипендиясының бірін осы Мерейдей қызымыз алып тұрады. Бұл да отбасының жақсылығы. Абай ағамыздың Дастандай немересі шаңғымен, жеңіл атлетикамен айналысып жүр. Кіп-кішкентай Зейнеп те қасымызға келіп Мұқағалидың «Үш бақытым» атты өлеңін нәзік дауысымен тамылжыта айтып берді. Риза болдық.

       — Бір Аллам бере салған Бағила, Ләззат, Гүлжан, Назгүл, Жұлдыз, қолымдағы Айжандай келіндерімнің бәрі жақсы. Иіліп тұрады. Ерлан, Ерболат, Айдын, Жігер атты күйеу балаларым да алдымды қиып өткен емес. Бәріне шүкіршілік етемін, Аман-есен болсын!,-дейді Анаркүл анамыз.

       Бас жағында асқар таудай болып Абай ағам мен Анаркүлдей анамыз тұрған Сұлтанғазиевтердің әулетіне бақ дарып, ырыс қонған. Береке-бірліктері жарасым тапқан. Бұл қос бәйтеректің ұрпағын адалдыққа, адамдыққа, парасаттылыққа тәрбиелеген еңбектерінің нәрі. Бұл қос шынардың балаларына тура жүр, адал еңбек ет деген қағидасының жемісі. Біз қос мәуелі бәйтеректің шуағына өзіміз де жылынғандай күйде, жақсы көңілмен жолға шықтық.

Қанат БІРЖАНСАЛ,

Сарыжаз ауылы.

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар