-10.4 C
Нарынкол
Понедельник, 26 февраля, 2024
No menu items!
Маңызды

IT САЛАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ МАМАНЫ

       Халқымызда «Жылқыда да жылқы бар қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» деген әдемі тәмсел бар. Менің бұл жазбам өзінің өмір жолында алған білімді, көрген өнеге-өнері мен ата-бабадан ген (тек) арқылы берілген тәрбиені бойына сіңіріп өскен Тараубай ата әулетінен шыққан үлкенге сыйлы, кішіге қамқор Әбдіреш Қапарұлы жайлы болмақ.

         Ата тектен таратып айтатын болсақ, Албан елі ішіндегі Алжан (Мәмбет) атадан тарайтын әрі батыр, әрі би, аты елге ұран болған Сырымбет бабаның ұрпағы Сұлтанайұлы Тараубайдан – Ахметкерім, Нұрмұха, Жәмәли, Қапар атты ұлдар және Нағиман, Назым, Ұлжақан, Сарқыт атты қыздар дүниеге келген. Тараубай атамыз Алланың ақ дініне жетік, ілімді, емшілік қасиеті де бар, қолы жеңіл, елге сыйлы, дана адам болған деседі. Ол кісі туралы көнекөз қариялар,: «Тараубайға бармаған ауру арманда, Тараубайға бармаған дау арманда» дейді екен. Қарақыз әжеміз үй шаруасы мен бала тәрбиесіне сергек қараған, балаларын бесік жырымен тербетіп, қиял-ғажайып ертегілерге сусындатып өсірген абзал ана болыпты. Тараубай Сұлтанайұлы Аспантаулар өлкесіндегі, Райымбек (Нарынқол) ауданының, Қарасаз ауылының «Жылыбұлақ» учаскесінде өмір сүрген. Нәубетті жылдардағы солақай саясат біздің әулетті де айналып өтпепті. Ашаршылық жылдарында Голощекиннің бұйрығымен жергілікті жердегі шолақ белсенділер «молда» деп қамап, қысымдай бастаған соң ілімнен басқа байлығы жоқ атамыз елмен бірге бала-шағасын ертіп еріксіз Қытай жеріне өтуге мәжбүр болған. Атамыз алмағайып заманда басынан көп қиындықты өткергендіктен үнемі «түбімді оңғар» деп отырады екен. Сол кездегі 10 жастағы кенже ұлы өжет әрі алғыр Қапар әкеміз бастауыш мектепте сауат ашып, Құлжа қаласындағы 4 жылдық заңгерлік гимназияны «Алтын медальмен» тәмәмдапты. Қазақша-қытайша еркін сөйлейтін, сауатты болғандықтан Қапар Тараубайұлы Мұңғылкүре ауданында алыс ауылдарға атпен барып іс жүргізетін көшпелі сот төрағасы болып қызмет атқарыпты.

       Өткен ғасырдың елуінші жылдары Оңал шешемізбен отбасын құрған соң, 1953 жылы 16 наурызда үлкен ұлы Әбдіреш сонда дүниеге келіпті. Сталин қайтыс болған соң елде «жылымық» орнап 1955 жылы Қытайға еріксіз өткен қазақтарды елге қайтару басталғанда Қапар Тараубайұлы алғашқылардың бірі болып Қазақстанға өткен, алайда тағы да жабық саясатпен заңгер әкемізді отбасымен пойызға салып Орал облысына жер аударып жіберген. Жоғарғы орындарға бірнеше өтініш хат жазып, рұқсат алып, келер жылдары отбасымен туып өскен Қарасазына оралған. Әбдіреш Қапарұлы 1960-1970 жылдары Қарасаз ауылындағы «Энгельс орта мектебінде өте жақсы оқыды. Математик болсам деген арманмен оқуға аттанар кезде Қапар әкеміз ауыр науқастан 49 жасында дүниеден озды. Әке қазасы жас жүрекке ауыр соққы болып, сол жылы Әбдіреш ҚазМУ-дің конкурсынан «құлап» ауылға қайтты. Колхозда күндіз жұмыс істеп, түнімен кітап оқитын Әбдірештің таудай талабын байқаған ұста әкеміз Жәмәли, «оқуға дайындалсын» деп директормен келісіп, «декреттік демалысқа» шыққан апайдың орнына уақытша мектеп кітапханашысы етіп жұмысқа орналастырды. Біз ол кезде жоғарғы сыныпта оқитын едік. Кітапханада жұмысын істей жүріп, есеп шығарудан қолы босамайтын Әбдіреш 1971 жылы Аль-Фараби атындағы ҚазМУ-дің механика-математика факультетіне оқуға түсті. Әр нәрсені «білсем», «үйренсем» деген талантты, өнерлі жас барлық ынта жігерімен жақсы оқыды, қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Университеттің «Жас дәурен» вокальды-инстурментальды ансамбльінің жетекші гитаристі болып өнер көрсетті, шахматтан университеттің намысын қорғап 2-ші разрядты шахматшы атанды. 1976 жылы оқу бітірген жас маман жолдамамен «АЗТМ» (Ауыр машина жасау) зауытының «Есептеу орталығына» математик-программист (-бағдарламашы) болып жұмысқа орналасты, кейіннен бөлім басшысы болып 1976-1989 жылдары жемісті еңбек етті. Осы зауытта өндіріске 17 жаңалық енгізіп, авторлық куәлікке ие болды. Өлең айтатын, домбыра, мен гитарада жетік әрі сауатты ойнайтын Әбдіреш Қапарұлы 14 жыл зауыттың эстрадалық ансамблінің жетекшісі болған өнерлі жан. 1989-1996 жылдары Алматыдағы НПО «Системотехника», «Интес» мекемелерінде Бағдарламалар жасау бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Сол жылдары «Абис», «ЗАГС», «Атқарылатын құжаттарды бақылау», «КЗД» тағы басқа бағдарламалар жасады. 1989-2018 жылдары жасаған ең алғашқы Қазақстандық кітапханаларға арналған арнайы компьютерлік бағдарлама авторы Әбдіреш Қапарұлының айтуынша кезінде негізгі жұмысты компьютерге жүктеген соң, сол саладағы біраз адамды қысқарту керек деп 1990 жылдардан кейін кітапханалардың көпшілігін жауып, кітапханашыларды қысқартып, түсінбестікпен жүргізілген оңтайландыру саясаты кесірінен көптеген қиын жағдайлар туындады. 2000 жылдардан кейін кітапханалар қайта ашылып, тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанда да кітапхана ісін автоматтандыруға көңіл бөліне бастады. 1992 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «АБИС» алғашқы модульдері орнатыла бастады. Республикадағы алғашқы РАБИС электронды жүйесі 1993-1995 жылдары орнатылды. Қазіргі таңда кітапханадағы барлық жұмыс толық автоматтандырылған. Ақпаратты жедел іздеу және оған тапсырыс беру жылдамдады, кітапты беру, қайтару процесстері, штрихкод жүйесі немесе магниттік белгілер арқылы жүзеге асырылды. Тағы бір үлкен жетістік-кітапханалардың жеке сайттарындағы электрондық кітапхана бөлімдері арқылы тарату мүмкін болды. Бұл-кітапхана сайтына кіру арқылы үйдегі компьютерден-ақ керекті кітапты іздеп, тауып оның толық электронды нұсқасын оқуға болады деген сөз. Әбдіреш Сұлтанаев авторлығындағы РАБИС бағдарламасы 1989 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін үздіксіз жаңарып толықтырылып келе жатқан заманауи бағдарлама. Бағдарлама ширек ғасырдан астам мол тәжірибесі бар ІТ маманы Әбдіреш Қапарұлының үлкен еңбегінің жемісі.

        Бұл бағдарламаны жасауға не себеп болды деген сұраққа: 1. Алғаш ондай Қазақстандық бағдарлама болмағандықтан сол кездегі кітапхана жұмысын автоматтандыруға арналған шетелдік бағдарламалардың біздің кіапханаларымыздың жұмыс жағдайына тура келмеуі, 2. қазақ қарпінің болмауы. Сондықтан осы бағдарламаны жасауымызға тура келді. Бұл программаны жасау сол кездегі НПП ИНТЕС мекемесінің басшысы Жәнібек Қуандықұлы Шыңғытбаев пен Ұлттық Кітапхананың бас директоры Роза Аманғалиқызы Бердіғалиеваның бастауымен қолға алынып, оны жасап, өндіріске енгізу жұмысы бас конструктор ретінде маған тапсырылды, — дейді Әбдіреш Қапарұлы. Мұндай өте ауқымды жұмысты елімізде алғаш 1989-2018 жылдары абыроймен Қазақстандық кітапханаларға арналған арнайы компьютерлік бағдарлама авторы, «РАБИС» («АБИС») бағдарламасының бас конструкторы — Сұлтанаев Әбдіреш Қапарұлы жасап шығарды. 06.10.1998ж. «АБИС»-Автоматтандырылған кітапхана-ақпараттық жүйесінің авторлары Сұлтанаев Әбдіреш Қапарұлы мен Сапарғалиев Еркін Болатханұлына №383 интелектуалдық меншік нысанын тіркеу куәлігі берілді. 2000 жылы «РАБИС» бағдарламасы Мемлекеттік сыйлыққа үміткер ретінде ұсынылды, алайда бұл кезде елімізде компьютерлік сауат әлі де төмен еді. 1995-2018 жылдар арасында Қазақстандағы барлық облыстық және аудандық кітапханаларға «РАБИС» бағдарламасы арқылы кітапхана ісін автоматтандыру іске асырылды. Еліміздегі жетекші IT-маманы Әбдіреш Қапарұлына: 1.«MEGARABIS» Автоматтандырылған Кітапханалық Ақпараттық WEB-Жүйесі, 2.«RABIS-STANDARD»-кітапханалар жүйесі, 3.«RABIS-MEKTEP»-мектеп кітапханасы авторлық куәліктері берілді.

        Әбдіреш 1992 жылдан «САНК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы әрі директоры. Бағдараламашы ретінде білімін жетілдіру үшін Ленинград, Мәскеу, Новосибирь қалаларында 2-3 айлық курстардан өтті. Кейіннен Вильнюс қаласында 11 айлық «Заманауи бағдарламашы» курсын тәмамдады. IT-технологиялардың қарыштап дамыған заманында талмай оқып үйренбесең көштен қалып қоясың деген қағиданы берік ұстанған Әбдіреш бауырымыз осындай өз білімін ел игілігіне жұмсаған азамат. Ерінбейтін, көп ізденетін маман төзімділігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде 2013 жылы «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен, 2015 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2015 жылы «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен марапатталып, 2016 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты. Әлі күнге дейін ІТ саласында өзінен көмек сұраған жандарға жолын көрсетіп, көмек жасаудан шаршаған емес. Екі ұл, екі қыздың әкесі, оншақты немеренің атасы. Ұл қыздары да банк, кеден ісі, ІТ саласында бағдарламашы мамандар. Жұбайы Ақману Есімханқызы — зейнеткер ұстаз. Бұл күнде «Алаштың азаматы», «Кітапхана ісінің ардагері», әулетіміздің қадірменді ақсақалы болған Әбдіреш бауырымыз 70 жасқа толып отыр. Мерейлі жасыңыз құтты болсын! Еліміздің өркендеп, дауына қосқан еңбегіңіздің жемісін жеп, немерешөберелер ортасында марқайып, ақылшы болып отырыңыз. Зор денсаулық, кетпес бақыт пен әдемі қартаюды Алла сізге нәсіп етсін бауырым!

Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі,

Райымбек ауданының құрметті азаматы.

Соңғы жаңалықтар

ҰСЫНЫС-ПІКІРЛЕР ТЫҢДАЛДЫ

         Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлы ауданымызға іссапармен келді. Облыс басшысы Тегістік ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесіп ауылдың тыныс-тіршілігімен...

Осыған ұқсас мақалалар