2.8 C
Нарынкол
spot_img
ДомойЖаңалықтар | НовостиКӨМІРШІДЕ ҚАТЫМХАНА АШЫЛДЫ

КӨМІРШІДЕ ҚАТЫМХАНА АШЫЛДЫ

Жуырда Көмірші ауылында қатымхана ашылды. Су жаңа ғимарат  аядай ауылдың көркіне көрік қосты. Халқының бірлігі жарасқан алақандай ауылдан ашылған қатымхана халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуін бастап кетті.

Сарыжаз ауылдық округіне қарасты Көмірші ауылы жылдан-жылға үздіксіз даму үстінде. Ауылдың жолдары жасалып, жарық шамдары да орнатылған. Енді міне ауылдан салынған қатымхананың құрылыс жұмыстары аяқталып пайдалануға берілді. Ауылға баратын тас жол да тақтайдай түзу. Ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсы. Көмірші ауылының жер жағдайы ауылшаруашылығы бағытына өте ыңғайлы. Сол себепті шөбі шүйгін, жері құнарлы тау бөктерінде орналасқан ауылдың халқы көбінесе мал және егін шаруашылығымен айналысады. Күздің күні төрт-түліктің түгін тартсаң майы шығады. Бір сөзбен айтқанда, ауыл халқы өрістен-ақ дайын соғым алады. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының ақ пейіл, жақсы ниеттеріне қарай Көмірші ауылының көші ілгері болып тұр.

Жиынға аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы бастаған аудан басшылары ауыл халқының қуанышын бөлісу мақсатында арнайы қатысты.

Мерекелі күннің алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Берік Фатықұлына берілді. Аудан басшысы ауыл тұрғындарына ақ тілегін арнады. Сонымен қатар, атадан қалған дәстүрмен Әметхан Қанапияев, Қойшыбай Нұрқасов, Мәмбет Алакүшіков сынды ауыл ақсақалдарының иығына шапан жапты. Келесі сөз кезегін алған ауыл ақсақалы Әметхан Қанапияев ақ түйенің қарыны жарылған күні ақ батасын берді. Ауыл азаматтары арасынан сөз сөйлеуге шыққан фермер, «Әміре» шаруа қожалығының төрағасы Бақытжан Нұрмұханбетов ауылдың жай-күйі жайлы кеңінен баяндады. Ауылдан шыққан атақты азаматтардың есімін келген қонақтарға жіпке тізгендей таныстырып берді. Сондай-ақ, ауылдан жаңа салынған қатымхананың құрылысын өз қаражаты есебінен салған осы ауылдың тумасы Қайрат Нүктібекұлына халық атынан үлкен алғыс білдірді. Көмірші ауылынан шыққан ақын Марат Күзембаевтың Қайрат ұлына арнап жазған аманат өлеңін көпшіліктің көзінше оқыды.

Ауыл халқы көптен күткен қатымхананың лентасын аудан әкімі Берік Фатықұлы, аудандық мәслихаттың төрағасы Самат Сартаубайұлы, ауыл ақсақалы Әметхан Қанапияев, Қайрат Нүктібекұлы және тағы басқа құрметті қонақтар кесті. Жаңа ғимарат салтанатты түрде ашылып, ауыл әжелері шашу шашты.                                         

 Ауыл азаматы Бақытжан Нұрмұханбетовтың айтуынша халықтың көкейінде жүрген, кезек күттірмейтін мәселелердің бірі қатымхана болған. Ауылға қатымхана керек деген сөз біраз жерде айтылып бірақ айтылған сөз сол жерде қалып-қалып жүрген көрінеді. Бұл мәселені байқаған осы ауылдың төл тумасы, Көміршінің көшесінде табан тоздырып, тай оздырып ойнап өскен    Сүтемгенов Қайрат Нүктібекұлы халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында толықтай өз қаражатымен туған ауылына қатымхана салып берді. Қайрат бауырымыздың ауылына жасаған жақсылығы бұл ғана емес. Бұған дейін де ауылына ауыз толтырып айтарлықтай сан-түрлі жақсылықтар жасаған. Қатымхананың құрылысын небәрі 4 ай уақыттың ішінде еш кедергісіз аяқтаған. Бір уақытта 250 адамға қызмет көрсете алатын қатымхананың сәулеті көз тартады. Ауылына қамқоршылық көрсетіп жүрген азаматының бір жағына шығып ауыл халқы ауызбіршілікпен ақша жинап қатымхананың ішкі заттарын толықтырған. Қазіргі таңда қатымхана ауыл халқына қызмет етуге толықтай дайын.

Ашылу салтанатының басында ауыл тұрғындары қиыр шетке кетсе де қарашада қалған қара үйге қарайласып жүрген Қайраттай азаматына ат мінгізді. Алғыстарын білдіріп, атымтай жомарт ұлдарын төрге оздырды. Ауыл ақсақалдары батасын берсе, әжелер маңдайынан сипап, бетінен сүйді.

Қуанышты күннің куәсі болуға жиналған көпшілік қатымханада жайылған дастарханнан дәм ауыз тиді. Әруақтарға құран бағыштап, ынтымағы жарасқан, берекесі кетпеген ауыл екенін көрсетті. Дастархан басында сөз сөйлеген кісілер Қайраттай ұлдарына алғыстан басқа айтары жоқ екенін жасырмады.

Өз сөзінде аудан әкімі Берік Фатықұлы Көмірші ауылына мемлекет тарапынан футбол алаңы салынатынын айтып халықтың көңілін тағы бір көтерді. Қайрат бауырымыздың иығына шапан жауып, арнайы құрмет көрсетті. Аталар мен әжелереге де сый-сияпаттар үлестірді.

Көміршілік белгілі ақын Бексұлтан Көлбаев Қайрат баласына арнаған жыр шашуын жолдады. Сондай-ақ, ақын ағамыздың халық алдында «Оятып ойдың зердесін, Көңілдің аштым пердесін» атты кітабының тұсауы кесілді.

Ауыл халқы қолынан келгенше азаматын төбесіне көтерсе, бетегеден биік, жусаннан аласа болуға тәрбиеленген Қайрат қанша биік болса да көпшіліктен кіші екенін сезініп елмен бірге зыр жүгіріп жүр. Сырт көзбен қарап Көміршідегі бір күннен түйгеніміз «Елім дейтін ері бар, ерім дейтін елі бар»,- ауыл осындай болса керек.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Көмірші ауылы

Жаңалықтар