-4.7 C
Нарынкол
spot_img
Домойhantengrigazeti.kz ақпарат“ИСЛАМ ДІНІ ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ”

“ИСЛАМ ДІНІ ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ”

Діни экстремизм және терроризммен күрес мәселесі елімізде түрліше сипатта жүзеге асуда. Жастардың жат ағымдардан сақтану және дін ұғымына деген сауатты көзқарастарын қамтамасыз ету мақсатында да елімізде арнайы мамандар жиі дабыл қағып, арнайы кездесулерді жиі ұйымдастырады. Дін діңгегі мықты ұрпақ қана теріс ағымнан алшақ өмір сүретіні дәлелді. Аталған мақсаттағы кезекті кездесу  ауданымызда өтті.

Қазан айының 10 жұлдызында ауданымызда “Дәстүрлі емес діни көзқарастардың әскери ортаға еніп кетуіне жол бермеудің алдын алу, дәстүрлі емес идеологияны қабылдамау және әскери қызмет етушілердің моральдық-психологиялық төзімділігін қалыптастыру” және “Ислам діні терроризмге қарсы” атты тақырыптарды қамтыған келелі кездесу өтті. Кездесуге ұстаздар қауымы, жоғары сынып оқушылары және әскери қызметкерлер мен мекеме басшылары қатысты. Кездесу спикерлері Алматы облысының бас имамы Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлы, phd докторанты, исламтанушы Тұрманов Самат Алдабергенұлы, Алматы облысының ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, Дін істері басқармасының бас маманы Матаев Ерлан Жұманұлы.

Дін мәселесі өз кезегінде аса мұқияттылықты талап етеді. Кез келген адам кез келген тақырыпта пікір таластырып, сөз сөйлей білуі мүмкін. Ал дін мәселесінде тек дұрыс бағыттағы білімі бар жандар ғана пікір таластырып, түсініктеме айта алады. Сол үшін де аталған кездесуге арнайы мамандар шақырылып, дұрыс пікірлер айтылды. Алғашқы болып сөз кезегін алған Пірімқұлов Мадияр мырза дін мен дәстүр сабақтастығын сөз етті. Жат ағымға жетелеушілердің дінді бұрмалап, дәстүрді аяққа таптайтын сорақылық әрекеттерін баса айтты.

Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады.

Исламтанушы Самат Алдабергенұлы өзіне берілген сөз кезегінде жас ұрпаққа әдептілік пен ізеттілік сынды қасиеттерді насихаттады. Қарапайым киім кию үлгісінің өзі әдептіліктің көрінісі бола алатынын айтты. Сөйлесу әдебі, киіну әдебі, тамақтану әдебі, адамдармен қарым-қатынас әдебінің нормалары жайлы айтылды.

Матаев Ерлан Жұманұлы бүгінгі күні “ақыл айтсаң ауырып қалатын” жастар көп деп, жастар бойында жиі кездесетін кемшілікті қасиеттерді атап, олармен күресудің маңызды екенін айтты. Бұл ескертпелер өте орынды еді. Елімізде соңғы кездері орын алып жатқан жантүршігерлік оқиғалар қалың қазақ халқының ортақ қайғысына айналды. Бұл жағдаяттар адамзаттық қасиеттен ада адамдардың іс-әрекеті нәтижесінде болатыны дәлелді.  “Тәрбие-тал бесіктен” демекші, осындай қасиетсіз жандарды тәрбиелемес үшін жас ұрпақ өсірудегі басты құндылықтарды   мұқият қадағалауымыз қажет.

Ақерке НҰРӘЛІМҚЫЗЫ

Жаңалықтар