1996 жылы 19 желтоқсанда “Қазақстан Республикасы Судьяларының Одағы” құрылып, республика судьяларының алғашқы съезі өтті. Бұл еліміздің Сот саласы үшін елеулі тарихи оқиға. Судьялар съезі – еліміздің сот жүйесіндегі негізгі мәселелерді талқылап, стратегиялық міндеттерді айқындайтын алаң. Төрт жылда бір рет өткізілетін республика судьяларының кезекті съезі ағымдағы жылдың 4 қазан күні Астана қаласында өтті. Аталған маңызды кездесуге Райымбек аудандық сот төрағасы ретінде барып қатысып, Сот жүйесіне қатысты бірқатар маңызды мәселелер жайын сараптап қайттым.
Сөз басын, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Заң мен Тәртіп- әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл-заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды” деген сөзімен бастайық. Иә, әділетті қоғам құру еліміздің басты мақсаты, бұл жолда тікелей судьялар мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің біліктілігі маңызды ықпал етуші күш есебінде. Біліктілік пен адалдықты басты ұстаным ететін судьялардың заңды дұрыс қолдануы- заңның үстемдік құруының басты кепілі. Заң үстемдік құрған қоғам-әділетті қоғам.
Биыл тоғызыншы рет өткізіліп отырған съезге еліміздің барлық аймақтарынан келген судьялар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері мен шетелдік сарапшылар қатысты. Әр төрт жыл сайын өтетін съездердің мақсаты биік, міндеті ауқымды. Съезді араға төрт жыл салып ұйымдастырудың да өзіндік мәні, маңызы бар. Себебі, төрт жыл сот жұмысының кешегі жағдайы мен бүгінгі ахуалын салыстыра отырып бірегей шешім қабылдауға, жоспар белгілеуге, сонымен бірге жүктелген міндет, берілген тапсырмаларды тиянақты орындап, нәтиже шығаруға жеткілікті уақыт. Содан болар, съездердің өтетін кезін судьялар ғана емес, жалпы сот жұмысынан жіті хабардар болып отырған жұртшылық асыға күтеді. Шыны керек, республика судьялары съезінің бүгінде қамтитын аймағы да, көтеретін мәселесі де аса ауқымды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы қатысуы, халықаралық сот қауымдастығының өкілдерінің жиынға келіп, пікір білдіруі судьялар съезінің мәртебесін биіктете түседі. Биылғы съезге де ел Президенті келіп, қазақстандық соттың дамуына, судьялардың қызметіне қатысты өз пікір-ұсыныстарын ортаға салып, сот саласын кешенді реформалау ісіндегі қол жеткізген негізгі жетістіктерге тоқталды. Елімізде Конституциялық соттың құрылып, сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайғанын айтқан Мемлекет басшысы әкімшілік әділет интситутының, соттағы сандық технология жетістіктерінің халық сенімінен шыққанына ризашылығын білдірді.
Өзіміз қызмет етіп жүрген саланың жетістіктері мен кемшіліктері таразы басына салынып, ізденістері мен іркілістері сараланатын бұл басқосуға делегат болып бару әрбір судья үшін үлкен мәртебе. Съездің ұйымдастырылуынан бастап, делегаттарды іріктеп, талқыланатын тақырыптарды таңдаудың өзіне терең мән беріледі. Бұл, съездің қаншалықты жауапты, маңызды шара екенін ұқтырса керек.
Съездің әрбір судьяға берері мол. Ең алдымен съезд алаңына еліміздің түкпір-түкпіріндегі судьялар қауымы жиналатындықтан, бұл әріптестік байланыс орнатуға, сырттай білетін судьялармен жақынырақ танысуға жол ашады. Екіншіден, съезд – судьялар үшін тәжірибе мектебі. Шараға келген судьялар мінберде де, мінберден тыс кезде де өз білімімен бөлісіп, әріптестерінің шеберлігін шыңдауға көмектеседі. Үшіншіден, съезд сот жұмысындағы мәселелерді бірігіп шешуге, түйткілдерді жан-жақты талқылай отырып реттеуге көмектеседі.
Бүгінгі күнге дейін өткен тоғыз съездің де сот жұмысына серпін беріп, түрлі реформалардың қолға алынуына, көптеген маңызды заңнамалардың қабылдануына алғышарт жасағаны мәлім. Мұнда талқыланған өзекті мәселелер бойынша қаулылар қабылданып, оның міндетті түрде орындалатынына сот қауымдастығы куә.
Мәселен, биылғы ІХ съезд судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдауымен тарихта қалады. Ең алғаш Әдеп кодексі судьялардың бірінші съезінде қабылданып, кейіннен заман талабына сай бірнеше рет өзгертілген еді. Ал жаңа кодексте жаңа уақыт талабы міндеттеп отырған көптеген басымдықтар жан-жақты ескерілген. Әсіресе, бүгінгідей ақпараттық заманда судьялар қандай әдептілік қағидаларын сақтауы керек, сыртқы ықпалдан судьялар қалай қорғанады деген сауалдарға Әдеп кодексінде толық жауап берілген. Этика әліппесі саналатын бұл кодекстің сапалы дайындалуына барша судьялар қауымдастығы белсенді үлес қосты. Судьялар Одағы Орталық кеңесінің жұмысшы тобының мүшесі ретінде, Әдеп кодексінің жаңа нұсқасының дайындалуына өз үлесімді қосып, қызметіме деген шексіз құрметімді дәлелдедім деген ойдамын. Әр өңірде ұйымдастырылған басқосуларда кодекстің негізгі басымдықтары талқыланып, судьялардың ұсыныс-пікірлері жинақталды. Көпшілік қатысқан кодекстің сол көпке сындарлы қызмет етері, көңілінен шығары күмәнсіз.
Сондай-ақ, съезд мінберінде Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев сөз алып, бүгінгі сот саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын міндеттерді саралап берді. Төраға Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы шілде мен 2024 жылғы шілдедегі тәуелсіз сауалнамасының соңғы нәтижелерін ортаға салды. Статистикада көрсетілгендей, белгіленген уақыттағы халықтың сот органдарына деген сенім деңгейі 55,2%-дан 61,8%-ға дейін артқан. Яғни, мұндай көрсеткіш саланың бағыты дұрыс, бағдары айқын екенін айғақтайды. Осы қол жеткен жетістіктерді әрі қарай сапалы жалғау біздің міндетіміз.
Жаңа Қазақстанның негізгі күші- әділетті қоғамда. Әділеттілік пен адалдық көш бастаған даму жолында судьялар өз міндеті аясында мінсіз қызмет атқарса, әділетті қоғам құрудың ауылы алыс емес екендігі анық.
МЫРЗАЛЫ Айжан Амандыққызы
Райымбек аудандық сот төрағасы