«Оқитын ұлт» – білім мен руханиятқа бастар жол
Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған асыл қазынасы, білім мен тәрбиенің, парасат пен рухани дамудың қайнар көзі. Кітап оқитын қоғамның ой-өрісі кең, танымы терең, болашаққа бағдары айқын болады. Сондықтан өскелең ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Осы мақсатта елімізде «Оқитын ұлт» («Кітап оқитын ұлт») республикалық жобасы қолға алынды. Аталған бастама Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.
Жобаның басты мақсаты – халық арасында тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың сыни және талдамалық ойлау қабілетін дамыту, елдің зияткерлік әлеуетін арттыру. Бұл – кітап оқуды тек бос уақытты тиімді өткізудің құралы емес, өмірлік қажеттілік пен рухани даму дағдысына айналдыруға бағытталған маңызды қадам.
2026 жылдың қыркүйек айынан бастау алған республикалық кітап оқу марафоны 2027 жылдың көктеміне дейін жалғасады. Жоба жеті негізгі бағытты қамтиды: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер».
Марафонға қатысушылар арнайы іріктелген әдеби шығармалар тізімі бойынша алты ай ішінде 15 кітап оқып, әр шығармаға қатысты өз ой-пікірлерін білдіреді. Мұндай жүйе оқырманның тек кітап оқуына ғана емес, оқығанын түсініп, саралап, өзіндік тұжырым жасай білуіне мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыруда ауылдық кітапханалардың да атқаратын рөлі ерекше. Себебі кітапхана – оқырман мен әдебиетті байланыстыратын, білім мен мәдениетті ұштастыратын рухани орталық. Кітапханашылардың ұйымдастыруымен өтетін әдеби кездесулер, кітап көрмелері, оқырмандармен жүздесулер мен түрлі танымдық шаралар оқу мәдениетін насихаттауға ықпал етеді.
Осы бағытта Райымбек ауданы Тегістік ауылдық кітапханасында да «Оқитын ұлт» жобасын насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Кітапханада арнайы ақпараттық бұрыш жасақталып, оқырмандарға жобаның мақсаты мен маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар тұрғындарды кітап оқу марафонына тарту, QR-код арқылы тіркеуден өтуге бағыт-бағдар беру жұмыстары ұйымдастырылды.
Кітапханадағы негізгі мақсат – әрбір оқырманның кітапқа деген қызығушылығын оятып, оқу мәдениетін күнделікті өмір салтына айналдыру. Әсіресе жастар мен жасөспірімдерді көркем әдебиет оқуға баулу, ұлттық әдеби мұраны таныту, отандық және әлемдік әдебиетті насихаттау – басты міндеттердің бірі.
«Оқитын ұлт» – тек кітап оқу марафоны ғана емес, ол – білімге ұмтылған, ойы сергек, танымы терең ұрпақ қалыптастыруға бағытталған игі бастама. Өйткені кітап оқыған адам ізденеді, ізденген адам дамиды, ал білімді ұрпақ – ел болашағының берік негізі.
Кітапқа құштар ұрпақ – кемел келешектің кепілі. Ендеше, кітап оқуды бүгінгі әдетімізге, ертеңгі ұрпаққа қалдырар рухани мұрамызға айналдырайық!
Тегістік ауылдық кітапханасының тұрақты оқырманы, ақын, ұстаз Кемелбай Сағымбеков

