Қоғамдық ортадағы тәртіптің сақталуы әр азаматтың әрекетіне байланысты. Кейде адамдар көз алдында орын алған заңсыздыққа араласпауға тырысып, «маған қатысы жоқ» деген көзқарас танытады. Алайда құқық бұзушылыққа немқұрайлы қарау оның қайталануына жол ашуы мүмкін.
Әрине, кез келген жағдайда азамат өз қауіпсіздігін бірінші орынға қоюы керек. Дегенмен заңға қайшы әрекетті байқаса, тиісті органдарға хабарлап, мәселенің заң аясында шешілуіне ықпал ете алады. Мұндай жауапты көзқарас қоғамдағы өзара сенімді арттырады.
Заң мен тәртіпті сақтау – тек жеке басының тыныштығын ойлау емес, айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне де үлес қосу. Құқық бұзушылыққа төзбеушілік мәдениеті қалыптасқан қоғамда әділдік пен жауапкершілік қатар орнығады.

