Жасөспірім – қоғамның ертеңі, елдің келешегі. Сондықтан өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайды. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ең алдымен олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, дұрыс бағыт-бағдар беру маңызды.
Баланың мінез-құлқына отбасы тәрбиесі, достары, білім алатын ортасы және әлеуметтік желідегі ақпарат айтарлықтай ықпал етеді. Осы ретте ата-ана баласының күнделікті өміріне көңіл бөліп, мектеппен тығыз байланыста болғаны жөн. Мұғалімдер мен тәрбиешілер де жасөспірімнің бойындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, оған қолдау көрсете білуі қажет.
Жасөспіріммен жазалау тұрғысынан ғана емес, түсіндіру мен сенім қалыптастыру арқылы жұмыс істеу нәтижелі болмақ. Әр баланың бойындағы қабілетті танып, жақсы іске баулу – құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды жолы.

