Бүгінде жасанды интеллект (ЖИ) технологиясы қоғам өмірінің түрлі саласына еніп, цифрлық дамудың маңызды құралдарының біріне айналып келеді. Ақпарат іздеу, мәтін әзірлеу, аударма жасау, деректерді талдау секілді жұмыстарда жасанды интеллектіні пайдалану уақытты үнемдеп, адамның күнделікті қызметін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл үдерісте мемлекеттік тілдің де цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейту маңызды.
Қазақ тілінің технологиялық ортадағы дамуы ең алдымен сапалы цифрлық контент пен тілдік деректердің қалыптасуына байланысты. Жасанды интеллект қазақ тілін түсініп, мәтін құрастырып, аударып немесе өңдей алуы үшін қазақ тіліндегі сапалы әрі мазмұнды ақпарат көлемінің жеткілікті болуы қажет. Сондықтан мемлекеттік тілдегі электронды кітаптар, ғылыми еңбектер, жаңалықтар, білім беру материалдары мен түрлі ақпараттық ресурстардың көбеюі маңызды.

