3 C
Нарынкол
Воскресенье, 8 сентября, 2024
No menu items!
Маңызды

САҒЫНЫШ БОЛДЫ СОЛ КҮНДЕР…

Йә, өмір өзен ағады… Өмір – қамшының сабындай қысқа деген сөз де рас. Жасың ұлғайған сайын өткен күндер көз алдыңа келеді да тұрады екен. Қайта оралмас уақыттың артына мойын бұрмайтынын білсең де сол күндерге аңсарың ауады да тұрады. Осындай сезімді бастан кешіріп жүрген жандардың бірі менмін. Туған жеріме, туған еліме деген сағынышымды баспасөз бетіне жазып, ыстық ықыласпен жерлестеріме ұсынып отырмын. Мен кәдімгі жазушы немесе журналист емеспін, дегенмен қолдан келгенше шығармашылық жұмыспен де айналысып жүрмін. Кейінгі жылдары кітап та жаздым. Баспа беттерінде әртүрлі тақырыптарда мақалаларымда жарық көріп жүр.

Мен, Бекен Көкшұлы 1940 жылы 9 желтоқсанда қазіргі Райымбек ауданы Қайнар ауылы, сол кездегі Нарынқол ауданы «Үшінші бесжылдық» колхозында дүниеге келгем. Мен туған жер 1960 жылға дейін «Үшінші бесжылдық» колхозы, кейін Крупская атындағы колхоз болып аталды. Крупская В. И. Лениннің жұбайының фамилиясы. Надежда Константиновна Лениннің жары әрі жан сүйер көмекшісі еді. Туған жерім араға жылдар салып Қайнар ауылы деген атқа ие болды. Қасиетіңнен айналайын туған жерімнің топырағы мен үшін өте қымбат.

Менің әкем Көкіш деген кісі еді. Мен жаңадан 1 жасқа толғанда, 1941 жылы  соғысқа кетіп қайтыс болыпты. Шешем Нұрышқан жесір қалған соң нағашы атам Малдыбай кісі шешемді қайтадан алып кетіп, басқа адамға күйеуге берген екен. Мен сол кезде тап-тақыр жетім қалып тағдырдың тәлкегіне сәби кезімде-ақ түсіппін. Өмірге бір қадам да басып үлгермеген мені үлкен әкем яғни, атам 2 жасымнан бастап өзі бағып өсіріпті. Атам «Үшінші бесжылдық», «Крупская» колхозының қойын 30 жыл баққан адам еді. Балалық шағым қыстауы Жабыр қырқасы, биіктігі Хантәңірі тауының жартысына дейін жететін Обалы тауының баурайында, көктеуі Жабыр тауының етегі, Қараой жазығы, жаз жайлауы Қырғыз шекарасына жақын Желді кезең тауында, күздеуі Іле басы тауының баурайындағы Қара арша, Текес өзенінің жағасында өтті. Кейін 7 жасқа толып жазғы демалысқа шыққанда атамның қойын тұп-тура 90 күн бағып көмектесетін едім. 10 сыныпты бітіргенше 1 жылда бір берілетін 3 айлық демалыста атамның қойын бақтым. Енді ойласам 10 жылдың демалысында 90 күннен жалпы 900 күн атама көмекші болыппын. Сөйтіп жүріп он жылдықты бітіріп аттестат алып, жоғарғы оқу орнына түсу жайлы ойлай бастадым. Алматыға баратын ақша болмай, аудан орталығындағы пенсия беретін собезге барып, соғыста қайтыс болған әкемнің соңғы 5 жылда тоқтап қалған үлкен апама, маған деген пособиясын алдым. Бір аш бір тоқ жүріп Талғар ауылшаруашылық техникумына оқуға түсіп, 1961 жылы аталған оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп шықтым. Сол жылы Нарынқол ауданындағы Сарыбастау ауылында ферма зоотехнигі әрі селектор болып алғашқы еңбек жолымды бастадым. Сарыбастау ауылына құдай айдап келген шығар осы жылдары, сол ауылдан 25 жыл көрмеген туған анамды жолықтырдым. Міне тағдыр, міне өмір, міне керемет. Сол күні жарқыраған күннің сәулесі маған ғана түсіп тұрғандай болды. Жетімдіктен бір сәтке арылғандай күй кештім. Сол кездегі құлын жүректің кешкен күйін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Осылай жер мен көктің ортасында қалықтап жүргендей күй кешіп жүргенімде шешемнің екінші күйеуі бұл баласына кетіп қалатын болды деп ойлап Кеген ауданындағы Саты ауылына көшіп кетті. Сор маңдайым тағы тасқа тигенін сонда білдім. Сөйтіп анаммен арамыз тағы ажырап қалды. Қожыраған қозыдай үрпиіп тағы қала бердім. 1986 жылы анам Алматы қаласында емделіп жүріп өмірден өтті. Тіршілігінде жолымыз тоғыса қоймаған анама менен топырақ бұйырып, Алматы қаласындағы Бурындай елді мекенінің бейітіне жерледім. Кейіннен алланың басқа салғанына көніп 52 жасында өмірден өткен ұлым Арсланды апасының қасына апарып қойғыздым. Әрине, жаратқанның жарлығынан бас тарта алмайды екенсің. Маңдайыңа жазса, басыңа салса көнуден басқа амал жоқ екен. Бұл – менің қатыгездеу тағдырымның мені қыспаққа алған кездері. Жарайды, хош.

Қазір өзім  85 жастамын. Қазақстанымыздағы Ауылшаруашылығы мен Ет және сүт өнеркәсібі министрлігінде басқарма бастығы болып жұмыс істеп жүріп Алматы қаласының Әуезов ауданында екі мерзім халық сеніп сайлаған депутаты болдым. Экономика ғылымы кандидаттығын алғаннан кейін, Дүние жүзінде барлық мемлекет «Техникалық Прогрестің» ережесі мен талабына сәйкес жұмыс істеп келе жатқандықтан, сол прогрестің тек Қазақстан ғана емес бұрынғы Совет үкіметі кезінде де алда болған. «Қазақтелеком» мекемесінде бас директордың кеңесшісі болып зейнеткерлікке шықтым. Қазіргі күні экономика ғылымының кандидаты болып Алматы қаласында тұрып жатырмын. Ұзақ жылғы ерен еңбегім ескеріліп «Еңбек ардагері» атандым. Ауылшаруашылығының ардақты азаматымын. 2 ұл, 1 қызымды тәрбиелеп, ел қатарына қостым. Қызым Венера профессор, КазГуде сабақ береді.

Жоғарыда айтылған еңбектерімді елеп туған жерім Қайнар ауылындағы мектеп ішінен ашылған мұражайға мені құрметтеп суретімді іліпті деп естідім. Жерлестеріме осы үшін үлкен алғысымды білдіремін.

Жалпы шындығын айтқанда Қайнар киелі – қасиетті ауыл. Себебі осы ауылдың әртүрлі шаруашылығынан еңбек етіп: Тұрысбек Жұрқабаев атамыз, Қажымұқан Диқанбаевтар Социалистік Еңбек Ері болды. Оқан Тастандиева Қазақстан Жоғарғы Советінің депутаттары, Карл Байпақов профессор-археолог Академик болды. Әрине ойға түссе аты аталатын шаруашылық еңбек ерлері жеткілікті.

Осынау киелі мекенді жасым 85 ке келсе де жанұшыра сағынып отырамын. Соның ішінде атаммен бірге қой баққан қырқалар көз алдымда, көкірек қуысында сол қалпында сақтаулы тұр. Мені адам қылған атам 87 жасында өмірден өтті. Атамның терінің иісі сіңген киімдері, қолына алған қамшысы бәрі-бәрі есіме түссе көзіме еріксіз жас келеді. Қайтып келмес өткен күндерімді, балалық шағымды неге сонша сағына береді екенмін? Бәлкім, сол күндердің мен үшін қадір-қасиеті артып тұрған шығар. Менің өмірімдегі, адам болып қалыптасуымдағы өмірлік сабағым сол күндер болды ма деп те ойлаймын?

Бекен КӨКІШҰЛЫ,

зейнеткер

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Ағылшын тілінің білікті маманы

Ағылшын тілінің маңыздылық деңгейін бүгінгі заманның өзі айшықтап берді. Жан-жақты дамуды, әлемдік деңгейдегі қарым-қатынасты, шетелге шығуды қаласаң, ағылшын тілін...

Осыған ұқсас мақалалар