12.9 C
Нарынкол
Суббота, 27 апреля, 2024
No menu items!
Маңызды

ҒАЛЫМ ҰСТАЗДЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ

Жуырда, Тұрағым мекен жайым, Қарасазым,

Тағдыры бабалардың бұлдыр сағым.

Туылған мен бір перзент бесігіңде,

Жарқырап маңдайымда жанған бағым, — деп жырлаған Аспантаулар өлкесіндегі қасиетті Қарасаз ауылының тумасы, Мұқағалитанушы ғалым Жұманұр (Жұмаш) Мұхаметнұрұлы Өтеевтің туғанына 75 жыл толуына орай еске алу кеші болып өтті. Жиналған қауым Мұқағали Мақатаев мұражайынында ұйымдастырылған Жұмаш Өтеевке арналған бұрыш пен онда қойылған ғалым ұстаз еңбектерімен танысқан соң, Еркін Ібітанов атындағы мәдениет үйінің кең залына жайғасты. Кеш модераторы мәдениеттанушы, ақын Ержан Тоқтарұлы елі- жұртының аяулы перзентінің өмір жолына қысқаша баяндама жасау үшін осы жолдардың авторын мінбеге шақырды. Баяндама соңынан арнайы түсірілген видео ролик көрсетілді. Кеше ғана арамызда жүрген аяулы бауырды еске алып, тебірене сөйлеген Жеңіс Мұхамедиұлы, Мұхаметжан Тойғанбекұлы, Әбдіш Жәмәлиұлы, Дариға Саламатқызы, Ақан Сұлтанқожаұлы, тағы басқа азаматтардың көңіл толқытқан сағынышты сөздерінен соң,

Шерттім мен шежіресін ата- баба,

Болсын деп көкірегі ояу, көңілі сара.

Қарттар неге айтпады демес үшін,

Парызымнан құтылдым, жаппа жала,— деп баспаға беруге өзі үлгермесе де, «орнында бар оңалар дегендей», Жүкеңнің ұлы- К. Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің РһD докторы, қауымдастырылған профессор Бақытнұр Жұмашұлы Өтеев баспадан шығарған  «Алжан Шағыр шаңырағы» атты шежіре кітабы сахна төріне қойылды. Ағалары Жеңіс Мұхамедиұлы, Мұхаметжан Тойғанбекұлы және қаламдас әрі ақын інілері Қанат Әбілқайыр, Елеусіз Ахметкерімұлы, Шеризат Сәрсенбайұлы, Мұхтархан Қалиұлы, Даубай Мамытұлдары кітаптың тұсауын кесіп, Жұмаш ағаларына арнаған өздерінің жүрекжарды арнау өлеңдерін оқыды. Келесі кезекте « Халықаралық Дінмұхамет Ахметұлы Қонаев атындағы қор» директоры, сазгер, қайраткер Дәулетбек Жанботаев мырза сөз алып, Жұмаш ағамыздың жары, ардагер- ұстаз Тілеухан Оразханқызын «Үлгілі ұстаз» медалімен, айтыскер ақын Даубай Мамытұлын «Дінмұхамет Қонаевтің туғанына 110 жыл» төсбелгісімен марапаттап, кешті ұйымдастырушылар Айбек Ережеп, Ержан Салтақ, Құндыз Жұмашқызына қор атынан «Алғыс хат» тапсырды. Жұмаш Өтеев әдебиетші ұстаз әрі жазба ақын. Сазгерлер ол кісінің сөзіне бірнеше ән де жазған. Жүкеңнің өмірден өтер алдында жазған «Ауылым жәннат мекенім» өлеңіне  белгілі сазгер-  Қанат Ибрагим ән жазған екен, осы кеште әннің тұсауын кесіп, алғаш орындаған осы ауылдың тумасы әнші- Мұрат Өміржан болды. Кеш соңы арнайы дайындалған дастархан басында жалғасты. Жұмаш аға рухына бағышталып құран оқылып, дұға тілектер айтылды. Еске алу кешін ағамыздың аяулы жары Тілеухан жеңгеміз бен ұлы Бақытнұр қорытындылап, келген қонақтарға сәттілік тіледі.

ПАРАСАТТЫ ТҰЛҒА ЕДІ

Көздері көнелердің, бабалардың,

Аман жүр ардақ тұтар ағаларым.

Қарттыққа қадамыңды басқа сайын,

Сирексіп бара жатыр араларың,-деп алдыңғы толқын ағаларына өлең арнаған марқұм Жұмаш ағамыз өзі де 69 жасқа толған күні өмірден озған еді. Уақыт шіркінде тоқтау бар ма?.. Содан бері де аттай шауып, судай ағып 6 жыл уақыт өте шығыпты. Ағамыз тірі болса бүгінгі күні өзінің 75 жасқа толған «Ақсақалдық мерейтойын» тойлап, ортамызда ақыл айтып отырар ма еді?..   

         Жұманұр Мұхаметнұрұлы Өтеев 1948 жылы 1 шілдеде дүниеге келген. 1967 жылы Нарынқол ауданының Сүмбе ауылындағы «Қызылшекара» орта мектебін үздіктер қатарында бітірген соң еңбек жолын Нарынқол ауылында автоклуб меңгерушісі болып бастады. 1968-1972 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (ҚазПИ) филология факультетінде оқып, жоғары білім алды. 1972-1998 жылдары Қарасаздағы «Энгельс» атындағы орта мектебінде ұстаздық қызмет атқара жүріп, ұстаздар ұжымын ұйымдастырып, мектепте «Мұқағали мұражай залын» ашты.  Кеңестік кезеңдегі ұлттарды ұлттық тамырынан ажыратып, «Кеңес халқы» деген көнбіс, дүбәрә халық жасау идеологиясына Мағжан Жұмабаев сияқты қарсы шыққан Жұманұр Мұхаметнұрұлы 1990 жылдардың басында-ақ Республикада тұңғыш рет «Жұмаш Өтеев атындағы халықтық педагогика» атаулы мектебін ашқан азамат. 1990-1996 жылдары Қарасаз селолық кеңесінің төрағасы, кейіннен ауыл әкімі болып қызмет атқарды. Мен Жұмаш ағамен 9 жыл мектепте, 6 жыл ауыл әкімшілігінде бірге қызмет жасадым. Жүкең көп оқитын әрі көп ізденетін. Қызмет барысында қолынан қаламын, қойнынан дәптерін тастаған емес. Қанша тығыз шаруасы болса да ойына жаңа бір идея түссе немесе біреуден қажетті тың дерек білсе, дереу қойын дәптеріне түртіп алатын, кейін соны іске асыратын. Сол жылдары:

Жанартау боп жанайық,

Әсем әнге салайық.

Тұлпарлардың тұқымы-ек,                                                                                                                  Қыранша қанат қағайық, — деп «Жанартау» өнер отауын ұйымдастырды. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей ауылдағы талай тума талантты жастардың тұсауы осы өнер отауында кесілді.

Біз бүгін соларды ойлап толғанамыз,

Елін сүймес ездіктен қорланамыз.

«Ағалар алқасында» кеңес құрып,

Халықтық тәрбиені қолға аламыз, — деп Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында елді халықтық тәрбие аясында ұйыстыра білді. Халықтық педагогиканың бір тармағы «Шежіре-халық тану білімі»,- деп ататек пен ата- баба тарихын зерттеуді де қолға алды. Халқымыздың қасиет тұтқан салт-санасы мен әдет-ғұрпының ұрпаққа қалдырған тәлім, тәрбиесінің жоғалып бара жатқан мұраларын қайта тірілтіп, «Алтын көмбе» халықтық университетің ашты. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен, көп ізденуді, қажырлы еңбекті қажет етті. 1991 жылы Мұқағали ақынның мұражайының салынуы, ашылуы, ақынның 60 жылдық мерей тойын өткізу, ауылды, көшелерді тазарту, арықтарға көпірлер салғызу, көшелерді жарықтандыру, жолдарды ретке келтіру жұмыстарын ұйымдастыру біз үшін оңай болған жоқ. 1996 жылы Мұқағали мұражайының алғашқы директоры Әбдіке Асанов ағамыздың жасының ұлғаюына және демалысқа шығуына байланысты мұражайды 48 жасында қабылдап алып, қиын-қыстау кезеңде мұражай қорын толықтырып, сақтай отырып, 2011 жылы зейнет демалысына шыққанша осы мұражайдың директоры әрі шырақшысы қызметін атқарды.

«Қазақтың қара өлеңі құдыретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген», — деген Мұқағали ағасының әрбір өлеңін зердеден өткізе зерттеп, сараптап 2008 жылы «Мұқағали Мақатаев поэзиясының көркемдік жүйесі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын 60 жасында Астана төрінде сәтті қорғап, ауылдан шыққан алғашқы Мұқағалитанушы ғалым атанды. Мектептерге арналған «Мұқағалитану» пәнінің, «Мұқағали оқуларының», «Мұқағали мүшайрасының» алғашқы бағдарламаларын жазды. 2014 жылы Мұқағали поэзиясына арналған «Қара өлеңнің қас шебері» атты әдеби талдаулар, рецензиялар, естелік-эсселер жинағын жарыққа шығарды. Мұқағали ағамыздың Төлеген Айбергеновке арнаған өлеңіндегі,

«Асығып ылғи жорып жүруші еді,

Бетпақтан су іздеген жайрандайын», — деген өлең жолдары тура Жұмаш ағамызға арналғандай. Жұмаш Мұхаметнұрұлы 19 жастан 69 жасқа дейінгі жарты ғасырлық саналы ғұмырын қазағы мен Қарасазына және Мұқағали мұрасын зерттеуге арнады десек артық айтқандық болмас. Ауыл, аудан көлеміндегі іс-шаралардың басы-қасында жүретін Жұмаш ағамыз 2017 жылы 2-шілде күні ақбасты Алатау етегінде жан-жары Тілеухан жеңгемізді, бөрікті ұлдары мен көрікті қыздарын, алтын асықтай немерелері мен күміс қасықтай жиендерін артына қалдырып фәни дүниеден бақи дүниеге аттанып кете барды.

Жеңіл емес арқалау өмір жүгін,

Оңайлықпен келмейді өнер-білім.

Талаптың тайын емес, тұлпарын мін,

Байлықтың ең үлкені-ғылым, ілім, — деп жүрегінен өткізіп, жүректерге жеткізе жазған 6 кітабын кейінгі ұрпақтарға өсиет әрі аманат етіп қалдырыпты. Жүкеңнің аманатын орындау, оның шығармашылығын зерттеу ұрпақтар еншісінде десек те, ұлттық рухымызды көтеріп, барлық саналы ғұмырын Қарасазының өсіп-өркендеуі үшін ерен еңбек сіңірген парасатты ағамызға осыған дейін лайықты бір шара ұйымдастыра алмауымыз елдігімізге сын емес пе?.. Жұмаш Мұхаметнұрұлын есте қалдыру үшін өзі қызмет істеген Албан Асан Барманбекұлы атындағы мектеп-гимназиясынан «Жұмаш Өтеев атындағы халықтық педагогика» кабинетін, Мұқағали Мақатаев мұражайынан Мұқағалитанушы ғалым «Жұмаш Өтеев атындағы арнайы бұрыш» неге ашпасқа, тіпті Қарасаздың бір көшесіне Жұмаш Мұхаметнұрұлының есімін берсек те артық болмас еді ғой. Амал не, жоққа жүйрік жетпейді, өмірге келу бар да қайту бар, — десек те парасат биігіне шыққан тұлға, Мұқағали шығармашылығының шырақшысы бола білген Жұмаш ағамыздың бар арманы халқына қапысыз адал қызмет ету еді, ол арманына жетті, сол үшін де ол бақытты. Елі алдындағы еңбегі орынды бағаланып, «Қазақстан Журналистер одағының мүшесі», «Филология ғылымының кандидаты», «Методист-мұғалім», «Педагог-зерттеуші», «Райымбек ауданының құрметті азаматы» атанды. Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалінің, «Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль» мен «Алаш ұстазы» медальдарын иеленді. «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»,- деп Хакім Абай айтқандай Жүкеңнің өзі өлсе де, сөзі өлген жоқ, рухы бізбен бірге жасауда. Жүкең өте сезімтал жан еді ғой, қайтар сәтін сезді ма екен, артына:

Ауру-сырқау Алланың сынағы екен,

Берер жанға ғұмыры ұзақ екен.

Бермес жанға тасталған тұзақ екен,

Өлім бары жаныңды мұздатады.

Адамдар, ағайындар болған бекем,

Дос-жаран, туған туыс болғын бекем,-деп ақырғы қоштасу сөзін де өлеңмен тасқа басып қалдырыпты. Алдыңыз пейіш, артыңыз кеніш, жатқан жайыңыз жәннәттің төрі болсын Жұмаш аға! Жарқын бейнеңіз сізді білетін әр жүректе мәңгі сақталады!

Елеусіз АХМЕТКЕРІМҰЛЫ,

                                             ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Райымбек ауданының құрметті азаматы

Соңғы жаңалықтар

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК, ҚАҒЫСЫ ЕРЕК – НҰРАҒА

1 сәуір – қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші-композитор, дирижер, домбырашы халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Осы орайда, қазақ...

Осыған ұқсас мақалалар