-8.7 C
Нарынкол
Пятница, 1 марта, 2024
No menu items!
Маңызды

Жолан жүйрігі

Қасиет қонып, қыдыр дарыған Қарасаз ауылында ұлттық ат спорты түрлерінен «Жолан жүйрігі» ат бәйгесі өтті. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен және Қырғызстаннан келген жалпы 180 нен аса тұлпар мен шабандоздар қатысты. Аламан бәйге мен топ бәйгенің алдында келген тұлпарлардың иесі автокөлік иеленсе, құнан бәйгенің жеңімпазы 2 миллион теңгемен марапатталып, «Алатау арғымағы-2023» атанды. 

 Барлығымызға белгілі 2018 жылы Жолан Омаров Шәлкөде жайлауында осы өңірде ат спортын дамыту мақсатында «Жетісу жүйрігі» бәйгесін ұйымдастырған болатын. Бабадан қалған өнердің аспантау өлкесінде кең қанат жаюына марқұм Ж. Омаров жол ашты десек артық емес. Сол дәстүрді дода бүгінгі таңда Алматы облысының әкімдігі, Райымбек ауданының әкімдігі, Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мұрындық болуымен «Жолан жүйрігі» деген атпен өтті.

Атам қазақ: «Қой – береке, түйе – ғазиз, ал аттың жалына қиямет күніне дейін жақсылық байлаулы тұрады» дейді. Жылқы төрт түліктің төресі. Тәкәппар, сезімтал, кірпияз, кербез, киелі де қасиетті жануар. Осыншама кең байтақ жерді бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп, білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап қалды. Осының бәрі желден жүйрік сәйгүліктердің арқасы. Бәйгенің басы «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон бәйгесіне Алматы облысының іріктеуінен бастау алды. Кеген ауданына қарасты Түменбай ауылынан таң азанмен жарыс жолына шыққан жүйріктер 3 сағат шамасында 75 шақырым жолды шауып өтіп Қарасаз ауылына келді. Алыстан қарасы көрінген тұлпарларды мәреден тосқан көрермендер қиқулап қарсы алды. Ұзақ қашықтыққа шапқан қылқұйрықтар арасынан жүлделі бірінші орынды Қарасаз ауылының Тасқын атты сәйгүлігі жеңіп алып 1 миллион теңге ақшалай сыйлықпен мараптталып «Алатау арғымағы-2023» атағын жеңіп алды. Екінші орынды Қожан Жігердің тұлпары, үшінші орынды Серікжан Жақсылықтың, төртінші орынды Мұхтарұлы Даниярдың аты иеленді.  

«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон бәйгесіне іріктеу аяқталысымен «Жолан жүйрігі» республикалық ат бәйгесінің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Бәйгенің Құрметті қонақтары Жолан Омаровтың әкесі Ыбырыйақын Омарұлы, ағасы Омаров Ұлан Ыбырайақынұлы, аудан әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы, Грек-рим күресінен Бейжің олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Теңізбаев Нұрбақыт Молдахметұлы, Алматы облысының ұлттық спорт және ат спортын дамыту дирекциясының директоры Тілебалдиев Елдос Асылбекұлы, Алматы облыстық бәйге федерациясының президенті Қырғызбай Нұрым Орынтайұлы, Қазақтың алтын арғымағы отандық өнім, «Қол Тума» компаниясының президенті Ертілеу Сатыбалды Оңласынұлы, Райымбек аудандық бәйге федерациясының директоры Молдахметов Ержандар сахна төріне шақырылды. Ашылу рәсімінде алғашқы құттықтау сөз кезегін Райымбек ауданының әкімі Дүйсенбаев Берік Фатықұлы алып осы бәйгенің өтуіне тікелей себепкер болып отырған Жолан Омаровтың ерен еңбектерін ел алдында атап өтті. Сонымен қатар бәйгені ұйымдастыруға белсене атсалысып, демеушілік жасаған Жолан бауырымыздың бауырларына, дос-жарандарына, Жоланның атын құрмет тұтып келген қалың қауымға алғысын білдірді. Сондай-ақ, Ыбырайақын Омарұлына Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасын тапсырып, иығына шапан жапты. Сөз тізгінін Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев алып жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Осы сәтті пайдалана отырып Алматы облыстық бәйге федерациясының директоры Нұрым Орынтайұлы мен Берік Өмекейұлына өзінің Алғыс хатын табыс етті. Мінбеге Жолан марқұмның әкесі Ыбырайақын Омарұлы көтеріліп ел-жұртына алғысын білдірді. Ұлының есімі ескеріліп жатқанына қуанышты екенін айтып, толқынысын жасыра алмады. Райымбек аудандық бәйге федерациясының директоры Ержан Молдахметов есті сөз айтып, Жоланның артында қалған тұяғы Сұлтан Жоланұлына қазақтың қасиетті домбырасын сыйға тартты. Марқұмның алдындағы ағасы Ұлан Омаровқа шапан жауып құрмет көрсетті. Бәйгенің салтанатты ашылуы аудандық көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Құлынында тіл-көзден, басы артық даурықпа сөзден аулақ болу үшін жұрт көзінен жырақтау жүрген. Құлын, тай, құнан шыққанша екі биені кезек емізіп немесе қысырақтың сүтін беріп өсіріп, жілік майын толтырып, сымдай созылғанша жаратқан сәйгүліктер жарысқа дайындық жасай бастады. Ауыздығымен алысып, жер тарпып, аузынан ақ көбік шашқан арғымақтардың сұлулығы көген көздің жауын алады. Шашасына шаң жұқпайтын, тал бойынан бір мін табылмайтын, болат тұяқ қылқұйрықтар аннан салсаң мұннан шығып тұр. Қандай да болсын жиында қазақтың алақан жайып Алладан тілеу тілейтіні белгілі. Бәйгенің басы әдеттегідей дуалы ауыз қариялардың ақ батасымен басталды. Ауданымыздың аты аңызға айналған ақсақалы, 50 жыл ат баптап, жүйрік жүгірткен, атақты бүркітші ардагер атбегі Қонысбай атамыз бата берді.  

Алдымен жарыс жолына құнандар шықты. А дегенде сөреден жалпы 60 құнан аттанды. Бабы мен бағы қатар шапқан құнандар іріктеліп алдыға шықты. Соның ішінде 59 құнанды артына тастап мәреге бірінші болып Балқаш ауданынан келген Дильнур атты шабандоздың тізгіндеген құнаны Маржан атты сәйгүлік келді. Ат иесі Қайсар 2 миллион теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. 2 орын Алматы қаласы, Нұрай шаруа қожалығының аты Асланбек. Шабандозы Айғаным. 3 орынды Жамбыл облысынан келген Айдаралының мінген құнаны Марат Құдайбергеновтың Темірхан атты құнанына бұйырды. 4 орынды Мұқағали шабандоздың тақымындағы Жамбыл ауданынан келген Айдынның Айқара атты құнаны еншіледі. 5 орынды Хамза атты шабандоз тізгіндеген Мұраттың тұлпары Асылқасқа атты құнан алды. Жүлделі орыннан көрінген 5 құнанға да ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Келесі топ бәйгеге кезек келді. Бұл жолы 50 тұлпар бақ сынады. Шабандоз бен тұлпардың тілеуін тілеп тақымын қысып отырған көрермендер айғайға шу қосып, қиқулап жүйріктердің делебесін қоздырды. Бірінші айналымда-ақ үзеңгі қағыстырып алдыңғы топқа 6 ат шықты. Құйрық тістесіп қатар шапқан жүйріктер бірінен бірі өтіп тұр. Шын жүйріктер кермені кесіп өтіп жатты. Ұлттық ат спорты түрлерінен «Жолан жүйрігі» республикалық жарысында топ бәйгеде 1 орынды иеленіп жеңімпаз атанған Әлішер шабандоз. Жамбыл ауданынан келген Еділдің Секрет атты жүйрігі алдына қара салмай су жаңа автокөлік жеңіп алды. 2 орын Мирас шабандоз, аттың аты бұл да Секрет, 3 орын Жамбыл облысы Тарашиев Дарханның тұлпары. 4 орын Талғар ауданынан Абунасыр шабандозға бұйырды.

Ұлттық ат спорты түрлерінен «Жолан жүйрігі» республикалық жарысының дүбірлі додасы Аламан бәйге басталғанша орталық алаңда қазақ халқының ұлттық ойындары «Қыз қуу», «Теңге ілу» болды. Бәйге тамашалауға келген көрермендер өнерпаз қыз-жігіттерге қошемет көрсетіп, қол соқты. Аламан бәйгеге мен-мен деген 64 ат қосылды. Қазақстанның намысын қорғап жүрген атынан ат үркетін, дақпырты бүкіл қазақ даласын шарлап кеткен, күндік жерден алқынбай келетін шын тұлпарлар осы аламанда сынға түсті. Ат иелерінің ойында үміт пен күдік қатар тұр. Қазақ ат десе ішкен асын жерге қояды. Жылқынының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы сірә жоқ. Шабандоздар аттарының ауыздығына ие бола алмай тұр. Сәйгүліктер мойнын шұлғып басымды жібер, тізгініңді тартпа дегендей сыңай танытады. Бірі ауыздығын қарс-қарс шайнаса, енді бірі қамшы бастырмаяқ желмен жарысуға дайын тұр. Төрешінің баста деген бұйрығын тағатсыздана тосып тұрған тұлпарлар да шабандоздар да намысты қолдан оңайлықен бергелі тұрған жоқ. Атшабардың шаңын аспанға көтеріп ұрандаған шабандоздар тұлпарларының тізгінін босатып, аламанды бастап кетті. Іркес-тіркес болып алғашқы айналымнан 35 шақырымға аттанды. Атқа қонса рухы өрлеп, тұяқтың дүбірін естісе делебесі қозатын халықтың ұрпағы аттардың шабысын бақылап отыр. Шабандоздар бірі аттың басын тежеп, бірі тізгінді босатып, бірі сауырға қамшы басып өзара айлаларын асырып келеді. Бабы мен бағы қатар келген шын тұлпарға кедергі жоқ екен. Ұлы аламанда Жолан марқұмның ағасы Ұлан Омаровтың Сайгон атты тұлпары бірінші келіп, су жаңа автомобиль иеленді. 2 орын Асылжан шабандоздың аты Вальчок тұлпар, Жетісу облысы. 3 орын Басбермес Қордай ауданы, 4 орын Тайван атты тұлпар, 5 орын Жамбыл ауданы Самир атты сәйгүлік, шабандозы Ғабит. 6 орын атақты Қоянқасқа, шабандозы Ақпейіл. Жүлделі орыннан көрінген тұлпарлардың барлығы ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын алған аттар «Алатау арғымағы-2023» атағын иеленді.

Жердің бетін дүбірлетіп шапқан тұлпарлардың тұяғынан, халқының қолдауынан Жолан Омаровтың да әруағы бір аунаған болар. Елі үшін еңбек еткен ердің есімі әрқашан ескерулі. Дүбірлі додаға келген қалың халық сегіз қырлы бір сырлы Жоландай азаматын есіне алып, сайын даланың төсінде келесі кездескенше деп тарқасты.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Қарасаз ауылы 

Соңғы жаңалықтар

Поэзия патшалығында

ҒАЛЫМ  ЖАЙЛЫБАЙДЫҢ  ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ  КЕШІ  ӨТТІ   Ақиық ақын елінде, Қасиетті Қарасаз жеріндегі жылдағы дәстүр бойынша өткізілетін “Поэзия патшалығында” атты әдеби...

Осыған ұқсас мақалалар