30.3 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

ЖАСЫН ТАҒДЫР ЖАРҚЫЛЫ

Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

2018 жылғы мамыр айы еді. Алматыдан Айтақын аға Әбдіқал телефон соқты. Аз-кем аман-саулық сұрасқан соң: «Енді бір аптадан кейін, – деді ол кісі қуанышты үнмен, – баспадан бәріміздің ұстазымыз, қарт қаламгер Әлнұр Мейірбеков ақсақал туралы естеліктер жинағы жарық көреді. Құрастырушысы – мен. Демеушісі Тоққожа Естенов атты елге белгілі азамат. Осы айдың аяғында міне, сол кітапты алып Нарынқолда оның тұсаукесерін өткізбекшіміз. Соған кел. Жарай ма?!»

Мына хабарды естігенде елең ете түстім. Өйткені соның алдында бұл өңір жеке аудан боп, Кегеннен жаңа ғана бөлініп шыққан-тын. Соған мәре-сәре болған жұрттың қуанышында шек жоқ еді. «Жаңадан ашылған аудан, – дедім ішімнен осы оқиғаны еске алып. – Және ондағы жаңадан өткізілуге тиіс іс-шара… Бұл дұрыс бастама екен. Барайын. Көрейін». Сөйттім де Астанадан Алматыға ұштым. Одан Нарынқол…

…Аудандық Мәдениет үйінде біздің бойшаң келген кең иықты, сом денелі жігіт жылы шыраймен қарсы алды. «Жолан Омаров деген інілеріңізбін. Мұнда әкім болып осыдан бір ай бұрын, яғни, 18 сәуірде тағайындалдым», – деді өзін қысқа ғана таныстырып. Содан көп кешікпей жиналыс та басталған. Сахна төрінде қатар отырғанда байқадық, өңір басшысы өте қарапайым. Ұстамды. Өткізіліп жатқан іс-шараға орынсыз араласпады. Алаңдамады. Тапсырған адамдарына бек сенетін сияқты. Қызметкерлеріне еркіндік беріп, өзі тек бақылаушы, жай көрермен ретінде отырды да қойды. «Жақсы қасиет!» – дедік риза болған біз сонда ішімізден.

Жиында жергілікті тұрғындар тарапынан баспадан жарық көрген ұжымдық жинақ, ондағы басты кейіпкер Әлекең, Әлнұр аға Мейірбековтің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлікке толы өмірі мен бейбіт кезеңдегі осы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне ұзақ жыл жетекшілік еткен редакторлық қызметі туралы көптеген жылы лебіздер айтылды. Содан кейін тұсаукесердің лента қию рәсімі басталған. Одан кітапты елге үлестіру… Осы кезде барып сөз алған Жолан өткізіліп отырған мәдени шараны қысқа да нұсқа сөзбен қорытындылады да: «Алыстағы ағаларымыз мұнда күнде келіп жатқан жоқ. Мүмкін бұл кісілердің бізге айтар өтініштері мен ұсыныстары бар шығар. Енді қонақтарымызды тыңдайық», – деді.

Мына сөзге бәріміз де ішімізден: «Бәрекелді!» – дедік. Себебі айтар ой жоқ емес бар, тіпті мол еді. Ол әсіресе жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқай мен атақты ақын Еркін Ібітановқа қатысты мәселелер болатын. Осы жердің айтулы перзенттері бұл талант иелерінің өмірден өткендеріне 9-10 жылдың жүзі ауса да жұртшылықтың оларға ауданнан мектеп, көше аттарын беруді сұрап жазған хаттарына жоғарғы жақ назар аудармай, ұзын арқау, кең тұсауға салумен келе жатқан еді. Сол келеңсіздікті мына басқосуға Астана мен Алматыдан қатысуға келгендер атынан 4 адам: ардагер журналист Дәулет Желдікбаев, ақын Айтақын Әбдіқалов және қоғам қайраткерлері Тоққожа Естенов пен Рысбек Сәрсенбай жеріне жеткізе айтып берді. «Бұл мәселені қозғап, көтеруде, жалпы жиналыс хаттамасын толтырып, ұсыныс беруде мына отырған елде еш кінә жоқ, – деді олар. – Соның бәріне облыстық әкімдік пен министрлік бірлесе мораторийге сілтеме жасап, одан қалса бастама төменнен бастау алуы тиіс деген ондағы бар нәрсеге түсініксіз уәж айтып, ақыр соңында біз нұсқау бере алмаймыз, жергілікті жер өзі шешсін деп кері қайтарады да отырады. Адам күлерлік жағдай. Мораторийдің біткеніне міне, екі жыл. Ауыл тұрғындарының жалпы жиналыстағы ұйғарымы бастаманың төменнен бастау алуы емей немене? Биліктің жергілікті жер өзі шешсін дегені қай сасқаны? Үкіметтің құптайтын құжатынсыз аудан өз бетінше қалай қимылдай алады?

Мінбедегі ағаларының мына сөзін естіген Жолан: «Түсіндім», – деді. Сөйтті де: «Иә, бәрін ұқтым. Алдағы уақытта бұл мәселе назарымызда болады. Абыржымаңыздар, айтқандарыңыздың оң шешімі табылып қалар. Тек жоғарғы жаққа жіберілген қағаздарды іздеп тауып, олармен танысу уақыт алмаса…». Мына сөзді естіген Айтақын аға сол сәтте маған қарады да иек қақты. Бұл меңзеуді түсінген мен сөмкемді аштым. Сөйттім де ондағы облыстық әкімдік пен министрлік және Үкіметке соңғы 7-8 жылдан бері жолданған құжаттар мен олардың жаттанды жауаптар көшірмесі бар папканы Жоланның алдына апарып қойдым. Мұны көрген ол ондағы қағаздарды парақтап көріп, олармен сол жиналыс үстінде-ақ ден қойып таныса бастады.

…Арада арбаның дөңгелегіндей айналып ай.., содан соң жылжып жыл өткен. Біздер, ынталы топ мүшелері жоғарыдағы жағдайдан хабар болмаған соң: «Бұл уәде де алдыңғы шығарып салма жауаптардың кебін құшқан шығар», – деп үндемей қойғанбыз. Бір күні елордаға Айтақын ағаның телефон соққаны… Қуанып тұр! «Сүйінші! – деді ол кісі алқынып. – Жолан батырдың былтырғы уәдесі бар емес пе? Міне, соны ол орындады! Жігіт екен!!! Жаңа өзі Нарынқолдан Алматыдағы маған хабарласып: «Өткен күзде ауыл ақсақалдарының ризашылығыменмен олардың Баққожа ағаға аудан орталығындағы, ал Еркін ағамызға Қарасаздағы Мәдениет үйлерінің атын беру жөніндегі ұйғарымдарын тиісті органдарға жіберген едік, – деді. – Үкімет сол өтініштеріміздің біреуін қанағаттандырды. Нарынқолдағы Мәдениет сарайы бұдан былай жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқайдың 70 жылдығына орай сол кісінің есімімен аталатын болды. Ендігі кезек Еркін ағамыздікі. Келесі жылы ақынның 85 жылдық мерейтойы ғой. Бұйыртса сол уақытта жақсы хабар болып қалар». Естіп тұрсың ба менің сөзімді інім? Әкім жаңа ғана міне, осылай деді. Сондықтан тез Алматыға жет. Ақылдасатын шаруалар бар».

Мына сөзді естігенде жан қала ма? Дереу елордадан Алматыға қарай құстай ұштық. Жеткен соң сонда, Баққожа ағаның шаңырағын ұстап отырған Нұржамал тәтеміздің үйінде жерлестер: Айтекең, Рысбек, Батық, Дүйсен, Жанарбек, Бақыт бәріміз бас қосып, аудандық Мәдениет үйінің жаңа атаумен ашылуына дайындық жұмыстарын жүргіздік. Сөйттік те ол іс-шараға баратын делегацияға көрнекті ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан аға Оразалинді басшы етіп жолға шықтық.

5-6 сағат жол жүріп, Нарынқолға да жақындағанбыз. Ең соңғы аялдама – 47-ші шақырымдағы Райымбек баба ескерткіші етегінде бір топ адам тұр екен. Бұл құрметті қонақтарды қарсы аламыз деген аудан әкімі Жолан Омаров пен ақсақалдар алқасының мүшелері және фермерлер мен мұғалімдер қауымы болып шықты. Бәрімізбен аңқылдай амандасқан өңір басшысы сол сәтте өте көңілді еді. Бұл қуанышының себебін біз ойға алған ісінің орындалғанында ғой деп білдік. Шынында да мұны ол: «Баққожа секілді асқар таудай ағамның алдындағы парызымды сіздер ертең куә болатын іс-шара арқылы жүзеге асыратын сияқтымын», – деп құрметті қонақтардың бірі, атақты жазушы Смағұл Елубаймен әңгімесінде жасырмай айтты да.

Жолан арқа-жарқа сол көңіл-күймен енді аудандағы бір жыл ішіндегі атқарған, істерді көрсетуге кірісті. Олар: оқтай етіліп жөнделген жол, жаңадан салынған әдемі көпір мен елді мекендер арасына қаздай тізіліп егілген 800 түп балапан қайың, талдар еді. Оған көлік терезесінен артта қалып бара жатқан Қайнар, Текес ауылдарындағы мұнтаздай етіп сыпырылған көшелер мен сырты әктеліп, шарбақтары сырланған еңселі үйлер және әр мүйістегі самаладай жарқыраған электр шамдарын қосыңыз. Ал Нарынқолда орталық көшелер асфальталып, 27 үй салыныпты. Айтпақшы, осы ауылдың кіре берісінде… Иә сондағы тоғай шетінде бір көңілсіз көрініс бар-тын. Ол 1997 жылы аудан тарағаннан кейін тұрғындардың өз үйлеріндегі күл-қоқыстарын алысқа апара алмай, жол шетіндегі тақырға төбе-төбе етіп үйе беруі еді. Бір шеті мөлдіреп тұрған орманды оазиске тіреліп, екінші жағы көне зиратқа жақындап қалған сол көзге сүйел – көңілсіз көрініс қазір жоқ. Оны жоғалтқан Жоланның жалғыз «жарлығы» екен. Сол пәрмен бойынша жұмыссыздардан жасақталған арнайы бригада ауылдың аталмыш маңға 21 жыл бойы жинақталған күл-қоқысын 2 ай бойы тасып, 12 шақырым жердегі елсіз жыраға апарып тастапты. Сөйтіп Нарынқолға келген қонақтардан осы келеңсіздік үшін қысылатын жұрт енді ешкімнен ыңғайсызданбайтын болыпты. Біз де бұған қатты қуандық.

…Ертесінде аудандағы салтанатты жиын да басталған. Оны тәптіштей айтып, жазу артық қой деп ойлаймын. Өйткені мұндай іс-шараны Жолан Омаров секілді білікті басшы ұйымдастырған жерде (оны сол күні таңсәріде Талдықорғандағы активке шақырып алып кетті), ондағы жиналысты Нұрлан аға Оразалин сияқты көптеген шетелдік форум, симпозиумдарда ысылған мемлекет қайраткері жүргізген кезде екеуінен не артылушы еді. Және ол мәдени іс-шара сол күнгі республикалық телеарналар мен радиода, ертесінде үлкенді-кішілі газеттерде егжей-тегжейлі жазылған-тын. Сондықтан мен оларды қайтадан қаузап жатпай, сол сапардағы ойға ұстап қалған бір ғибратты іске тоқталайын.

Бұл өңір басшысының Астана мен Алматыдан келген меймандарды өз үйіне шақырып, қонақасы берген кезінде болған оқиға еді. Үлкен астан кейінгі үзілісте Рысбек Сәрсенбай Жоланға қарай бұрылып, бір әңгіме бастады. Әріптесіміздің сөзіне қарағанда, осыдан біраз жыл бұрын жергілікті жердегі ынталы топ мүшелері Сарыжаздағы Алтынбек Сәрсенбаев оқыған мектепке ескерткіш тақта қою жөнінде бастама көтереді. Көптеген ұйымдастыру жұмыстарынан кейін оған сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов рұқсат беріп, тақта сол білім ұясы қабырғасына ілінеді. Кейін, осы бертінде аталмыш мектеп ескі әрі тарлық ете бастаған соң жаңа ғимарат салынып, бәрі соған көшпей ме? Міне, сонда әлгі белгіге: Рұқсат керек», – деген сылтау пайда болады. Сөйтіп ескерткіш тақта жаңа мектеп қабырғасына ілінбей қалады. «Сонда бұл не? Мұны қалай түсінуге болады?», – деген Рекеңнің ренішіне: «Менің бұдан хабарым жоқ еді, аға, – деді Жолан. – Кезінде дұрыс ұйғарым жасалып, шешімін тапқан мәселеге қайта рұқсат сұрау… Ол – жалтақтық. Біреулердің білместігінен туған әрекет. Айтарым, сол ескерткіш тақта таңертең әлгі жаңа мектептің қабырғасында ілулі тұратын болады. Осы сөзім – сөз. Сеніңіз маған!»

…Салтанатты жиын аман-есен өтіп, ас берілген соң кері қайтуға жинала бастадық. Келген қонақтардың бір тобы Шарынның Сарытоғай маңындағы Жарты баба кешенін барып көретін болды. Бұған жауапты Нұрлан аға мен Дүйсен үшеуміз сол жаққа баратындарды көлікке отырғызып түгендесек, Рысбек жоқ. Сөйтсек ол Алматыға тіке тартатын әріптестерінің ортасында екен. «Рахмет, Жәке, – деді шақыруымызға. – Мен мына топпен Сарыжазға жетейін. Ондағы Алтынбек оқыған мектепке соғайын. Әкімнің кешегі уәдесі орындалды ма, жоқ па соны өз көзіммен көрейін. Соны ойлап, соған алаңдап тұрмын»

Содан арада бір жеті өткен. Мен де апта ортасында Нарынқолдан Алматыға қайтқанмын. Елордаға жүрер алдында әуежайдан Рысбек пен Жоланға телефон соқтым. Ойым – Рекеңнен әнеу күнгі өзі айтқан Сарыжаздағы жағдайын білу, ал аудан әкіміне жоспарланған іс-шараның ойдағыдай өткеніне рахмет айту. Әріптесіміз көңілді екен. «Азаматқа алғыстан басқа айтарым жоқ!» – деді ол кісі. – Өзіңмен сөйлескеннен кейін Сарыжазға ескерткіш тақта кештетіп отырып барсам, ескерткіш тақтаға мектеп қабырғасында ілулі тұр. Мұндай қуанбаспын! Бірсөзділігі үшін інімізге мың да бір рахмет!»

Ал Жоланның телефондағы аман-сауықтан соң айтқаны: «Сіздер риза болсаңыздар болды. Біз соған қуанамыз, – деді. Сөйтті де: «Ауданға әкім боп келген алғашқы күндері мұндағы 21 жыл ішіндегі кетеуі кеткен тірлікке күйінген адамдарды көп көрдім, – деп жаңа бір әңгімені бастады. – Айғайы көп сондай бір басқосуда сөз алған апайдың: «Немене, сен де алғалы келдің бе? Алып-алып болдыңдар ғой», – деп дүрсе қоя бергені. Сонда мен ол кісіге: «Алғалы емес, бергелі келдім, – дедім жай ғана. – Иә, бермесем, сіздерден ештеңе алмаймын». Бұл менің бюджет қаражатын оңды-солды шашпай, үнеммен жұмсап, оның бәрін осындағы ел, олардың игілігі үшін ұқыппен пайдаланамын деген ойым еді. Аудан ашылған күннен бастап, міне, сол ұстаныммен жұмыс істеп келеміз. Үзікке қиық жалғап атқарған ол тірлігіміз жаман емес. Оның нақты көрінісі бір жылдың ішінде көзге көрінерлік көптеген нәтижелерге қол жеткізгеніміз. Біз міне, соған қуанамыз, соған мақтанамыз, аға!»

Бұл менің Жоланмен соңғы сөйлесуім еді. Ақырғы тіл қатысуым-тын. Одан кейін хабарласпадым. Ол: «Уақытын алмайын», – деген әдеп болатын. Қазір енді сол әсіре сақтық, «консерваторлық» принципіме өкінемін. Қиналамын. Егер содан кейін де телефонмен сөйлесіп, әңгімемізді одан әрі жалғастырсақ, талай толымды іс, тағлымды жәйттерге көз жеткізер ме едік, қайтер едік. Енді бәрі кеш. Иә, кеш…

Астана қаласы

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар