0.5 C
Нарынкол
Понедельник, 27 мая, 2024
No menu items!
Маңызды

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАҚСЫ АҒА

  Фәниден бақиға озғанына қырық күн толып отырған тәлімгер ұстазымыз, көрнекті ақын, драматург, қаламы жүрдек журналист Райымбек, Талғар аудандарының Құрметті азаматы Мұса Жанәділұлы ағамызды еске алу.

     Өмірдегі ақылшым, өлеңдегі ұстаз қамқоршы ағам ақын Мұса Жанәділұлының мен үшін орыны бөлек ерекше тұлға. Олай дейтінім өлеңдерімді баспа бетіне жариялауға жүрексініп батылдыққа бара алмай жүргенімде жаны жайсаң жақсы аға жанына шақырып алып «Жолын болсын бауырым!» деген тақырыппен алғы сөз жазып бір топ топтама жырларымды алғаш баспа бетіне жариялағаны күні бүгінгідей есімде. «Жақсыдан шарапат…» демекші ақын ағаның шарапатын көрген көп інілерінің бірі болғанымды бұл күнде ерекше мақтан тұтамын. Одан бері қарай да отыз жылдан асыпты-ау! Өлең-жыр жазған қаламым, өлеңдегі қадамым, алға ұмтылған талабым бәрі де ақын ағамның көз алдында өтті. Арамыз алшақтап еш ажыраған емес. Ағаның ерекше бір қасиеті баспа беттерінен жылт еткен жаңалығы бар жас қаламгерлердің есімін көзі шалса балаша қуанып мәз болып кездескенде немесе арнайы телефон соғып:

        — Анау пәлен деген ақынды білесің ба? Өзінің өлеңдері тәптәуір екен. Оқып риза болып қалдым. Телефонын білсең айтшы маған. Хабарласып редакцияға келсін» — деп тапсырма беретін. Бүгінде Мұса ағамызды өзіне ұстаз тұтатын көрнекті ғалым ұстаз, өнер зерттеуші Сағатбек Медеубекұлы, танымал талантты ақындар Кәдірбек Құныпияұлы, Шеризат Мекебайұлы секілді сақа шәкірттерін былай қойғанда, Талғарға келіп танысқан, өлең арқылы табысқан Амангелді Сарбасов, Бексұлтан Көлбаев, Мақсат Ережеп секілді бүгінде есімі елге танымал ақын інілерінің қай қайсысы да Мұсекеңді ұстаз аға тұтып ілтипатын көрсетіп жүретін ізетті інілері. Жақсы адам езуінен енші береді демекші өзінің саналы ғұмырының елу жылға жуығын Нарынқолдағы «Советтік шекара»бүгінгі «Хантәңірі» Кегендегі «Коммунизм нұры» бүгінгі «Қарқара», Талғар ауданындағы бұрынғы «Алатау жұлдызы», «Талғар таңы», бүгінгі «Талғар» сынды қиындығы мен қызығы қатар, әрі қоятын талабы да қатал аудандық газеттерде табан аудармастан елу жыл қызмет істеу екінің бірінің пешенесіне бұйыра бермеген бақыт шығар.

       Осы кезге дейін әдебиетіміздің қаншама жас буын өкілдерін өсіріп, өнегесін көрсеткен білікті маман, білімді ұстаз ретінде Қазақстанның Құрметті журналисі Райхан Әзімова, жүлдегер журналист Тұрсынбек Жалғасбаев, Фатима Ержанова, Бақтияр Қабас, Перизат Нұрқаева сынды танымал журналистердің тәжірибесі мен шығармашылығының шыңдалуына шарапатын тигізсе, Гауһар Тұрсынқожа, Меруерт Дүйсенғалиева, Айнаш Әлдибек, Зорагүл Әбдіқадыр секілді қаншама кәсіби жас буын журналистердің қанаттарының қатайып, бұғанасының бекуіне өлшеусіз үлесін қосқан тәлімгер. Ағаның жанында ең көп араласып көп жүрген әрі шапағатын көп көрген шәкірті ретінде бір байқағаным өте қағылез әрі қарапайымдылығы еді. Ағаның алпыс жасқа толған, жетпіс жасқа толған, сексен жасқа толған мерейтойларының бәрінде де атсалысып араласып жүрдік. Осыдан тура жиырма үш жыл бұрын әлі есімде 25 мамыр Мұса ағаның алпыс жылдық мерейтойына арнап бір түн ұйықтамай өзімше өлеңдеріне талдау жасап мақала жаздым. Ертесінде жерден жеті қоян тапқандай редакцияға алып жетіп келсем мақаламды оқып шығып қатты риза болды да:

        — Бірақ сен ренжіме. Бұл мақалаңды газетке баса алмаймын»- деп бетімді бірақ қайтармасы бар ма? Мен аң-таңмын. Оңайлықпен қайта қоятын кісі мен бе? Ол кезде әрі жастаумын.

       — Аға, неге газетке баспайсыз? Қай жері дұрыс емес? Артық кеткен жерім бар ма? Қане, көрсетіңізші?- деп, тықақтап қоймаймын баяғы.Алпысқа толып жатқан мерейтойдың иесі алтын ағам сәл жымиып күлді де:

       — Дұрыс қой айналайын! Жазғаныңнан ешқандай да кемшілік көріп тұрған жоқпын. Бірақ жұрт не ойлайды?

       — Не ойлағаны несі? Не ойласа, оны ойласын мен шындықты жаздым. Асыра мақтаған жерім болса айтыңыз?-деп тағы да айтыса бастағанымда:

       — Айналайын-ау, газет менің қолымда ғой. Өзім туралы мақтаған мақаланы өзім қайтып бастырам-деп, уәж айтқанда амалсыздан ләм дей алмадым. Мақаламды жарияламасына көзім әбден жеткен соң онда ең болмаса мынаны бастарыңыз деп өзіне арнау өлеңім жазылған бір парақ қағазды қолына ұстаттым да редакциядан шығып кеттім. Енді не істесем екен? Мерейтойға екі-ақ күн қалған болатын. Іргемізде Алматы. Онда облыстық «Жетісу»газетіміз осы Алматыда еді ғой. Аптасына үш рет шығатын. Сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері. Ойланып тұруға уақыт тар. Не де болса такси ұстап «Жетісу»газетінің редакциясына бірақ тарттым. Алдымнан аңқылдап сол кездегі бас редактордың бірінші орынбасары ақын Кәдірбек Құныпия бауырым шықты.Кәдікеңе: — Уақыттың өте тар екенін білсем де әдейі келіп тұрмын. Басқа амалым жоқ. Осыны шұғыл түрде газетке бастыруыңыз керек деп Мұса ағамыз екеуміздің арамыздағы «айтысты» бүге-шігесіне дейін айтып бердім. Әрекетіме балаша мәз болған Кәдірбек бауырым мақаламды қолына алып қала берді. Бұл аптаның екінші күні яғни сейсенбі болатын. Арада бір күннен кейін бейсенбідегі санына шығуы керек. Обалына не керек, бір жасың мың болғыр Кәдірбек бауырым өзім ойлағандай-ақ облыстық «Жетісу» газетінің 24 мамыр, бейсенбі күнгі санына «Бұлқынып аққан бұлақтай»деген атпен Мұса ағамның шығармашылығына арналған мерейтойлық мақаламды жарқ еткізді. Бұл 2001 жыл болатын. Ертеңінде той. Алып ұшып Мұса ағама келсем қуанышында шек жоқ.Өз қолына ұстатып кеткен арнау өлеңім жеті шумақ еді, бір шумағын қысқартып аудандық «Талғар» газетіне «Жырдың тұма бұлағы» деген атпен алты шумақ етіп шығарыпты. Көре сала:

       — Аға мынаның бір шумағын неге қысқартып жібердіңіз?- десем:

       — Сен мені асыра мақтап жіберіпсің сол үшін қысқарды дейді. Сол шумақты сол күйінде жоғалттым. Тек есімде «Алты алашқа аты мәлім ақынсың»…деген жолы ғана қалыпты.Енді осыны қысқартпай-ақ жібермедіңіз ба? дегенімде:

       — Айналайын-ау, алты алашқа деп асыра әспеттемей-ақ, Жетісуға десең де жететін еді ғой»- деп жымиып тұр. Бұған не дейсіз? Бұдан асқан ұстамдылық, бұдан асқан қарапайымдылық жоқ шығар сірә! Кімге болса да сабақ аларлықтай сабырлық қой бұл. Енді ентігімді баспастан қолымдағы «Жетісу» газетімді ашып ыңғайлай бергенім сол еді, үйге келген болу керек газетті менен бұрын оқып алыпты.

       — Не деген жылдамсың?

       Қай уақытта жүріп үлгергенсің өзің? Әсіресе тәтеңе қатты ұнады. Қайта-қайта оқып жылап та алды-деп күлгені әлі есімде. Ақын жанын түсінген Нұрғисадай алтын тәтем ғой ол. АЛЛА сізден разы болсын тәте! Ерін риза еткен әйелге елі риза демей ме? Ақынның жары болу да оңай емес әрине! Кейде бала, кейде дана. Көңілі түссе көл, көңілі түспесе шөл. Шабыт келсе шамырқана шалқыған, қанат қып мініп қиялын, қыран құстай қалқыған, өлең жырын әлдилеп, әуеніне балқыған бала көңіл, дала пейіл Мұсекеңдей ағамды баладай баптап бапкері болып, ұл-қызының анасы, ақылшысы панасы болып отырған өзіңізге АЛЛАМ қуат берсін! Асыл жарыңыз алтын ағамның жанын жәннатта, тәнін рахатта, иманын қойнында, берекесін орнында етсін деп тілейік!

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ,

ақын, Талғар ауданының

Құрметті азаматы.

Алдыңғы мақала
Келесі мақала
spot_img
Соңғы жаңалықтар

Райымбек ауданында дауыс беруді өткізу және дауыс санау үшін сайлау учаскелерін құру туралы

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің 2018 жылғы 29 қарашадағы № 25 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 6...

Осыған ұқсас мақалалар