Осыдан біраз уақыт бұрын “Ауылым-алтын бесігім” атты аудан, қала мәдениет күндерінің кезекті шарасы ауданымызда өткені белгілі. Тамаша табиғат аясында, ашық аспан астында өткен шараның әсері әлі күнге дейін есімізде. Аталмыш байқауға ауданымыздың мәдениет саласы қызметкерлері білек сыбана ат салысып, көптің көңілінен шыққан еді, облыс көлеміндегі, ұлттық құндылықты дәріптеудегі маңызы зор байқау өзге аудандарды да қамтып, жуырда байқау қорытындысына орай, гала концерт ұйымдастырылды.
Гала концертте Алматы облысының әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан жерлес ақын — жазушыларымыз Қанат Әбілқайыр, Даубай Мамытұлы, Ержан Тоқтар, Айбек Ережеп, Бақыт Жағыпар, Қуаныш Жазай облыс әкімі Марат Елеусізұлының “Ақтаңгер” стипендиясымен марапатталса, жерлесіміз, академик, суретші Искаков Нұрболат ағамызға Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай өткізілген пленэр стипендиясы табысталды. Ең маңызды жаңалық, байқаудың бас жүлдесі Райымбек ауданына бұйырып, еңбектері ақталған аудандық мәдениет саласының қызметкерлеріне су жаңа “Chevrolet cobalt” автокөлігі тарту етілді. Бұл жеңіс, күллі аудан тұрғындарын қуанышқа бөледі. Ауданымыздың мәдениет саласы қызметкерлері бұл жеңіске әбден лайық.
Негізінен жастар қызмет ететін ұжым әрқашан жан-жақты ізденіс арқасында өнердің озық үлгісін көрсетіп жүргені күллі ауданға мәлім болса, енді облыс көлемінде өз бағасын алды. Ауданымызда кез келген іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне бірден-бір себепші дәл осы мәдениет саласы қызметкерлері. Жастардың қажырлы еңбегі нәтижесін көрсетті. Аудандық мәдениет үйінің директоры Байжұма Медет мырзаның аталған жеңістегі үлесі зор. “Басшысы бастай білсе, он кісі жүзді жеңеді”, демекші, мұндай ауқымды шараны ұйымдастырып, жеңіске жету, бүтін бір ауданның мәдениет саласының жауапкершілігін арқалау, әркімнің қолынан келмесі анық.
«ХАНТӘҢІРІ»