8.6 C
Нарынкол
Четверг, 25 апреля, 2024
No menu items!
Маңызды

БИҒАЙША МЕДЕУ

       Қасиет қонған, ақын ауылы Қарасазға Поэзия патшалығының туы тігілді. Бұлай дейтін себебіміз Алматы облысының Мәдениет басқармасына қарасты, «Алматы облысының музейлер бірлестігінің» ұйымдастыруымен қолға алынған «Поэзия патшалығында» атты жерлес ақындардың кездесу жыр кештерінің тұсауы кесілді. Аталған кездесу бір айда бір рет өтіп отырады. Ауданымыздан шыққан ақындарымыз кезекпен туған еліне келіп, туған халқымен кездесіп, жыр кешін өткізетін болады.

      Поэзия патшалығы атты жыр кешінің алғашқы қонағы, осы кештің негізгі кейіпкері Медеуова Биғайша Бесірқызы болды. Биғайша Медеу Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. «Жанымның жапырақтары», «Ұларсарын», «Ақ боз атты арулар», «Күнге қол созған қалалар», «Тұрпанға шапқан ту ұстап», «Аламан қыздардың ақырғы шайқасы», «Тіршіліктің майданы» кітаптарының авторы. 1970-2000 ж.ж аралығында облыстық және республикалық 30- дан астам айтысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болған. 2011 жылы Райымбек ауданының қоғамдық-мәдени өмірін дамытуға қосқан ұзақ жылдық үлесі үшін «Райымбек ауданының құрметті азаматы» атанды. Отандық білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атағымен және Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған.

       Тарихқа толы қасиетті өлкеміз халқымызға танымал тұлғаларды аз берген жоқ. Ауданымыздан шыққан Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай, Еркін Ібітанов сияқты қаламгерлердің есімі бүгінде төрткүл дүниеге мәлім. Осынау талант иелерінің ізін жалғастырып, ұлттық әдебиетіміздің дамуына лайықты үлес қосып келе жатқан Биғайша Бесірқызының да алған асулары қомақты. Алғашқы өлеңдері бұрынғы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» яғни, қазіргі «Хантәңірі» газетінде жарияланып тұсауы кесілген. Хантәңірінің етегінде өмір есігін ашып, асқар таулар мен ағынды өзеннің ішінде өскен Биғайша апамыз осы өлкеден шыққан Қойдым, Әселдерден кейін ақын қыздардың қалам ұстап, көшін бастаған кісі. Тарихтағы қазақ қыздарының батырлығы, қайраткерлігі мен қаһармандығын жырлап, артындағы сіңілілеріне жол көрсетті.

       Ақынның ауылы қашанда жырға жақын болмайма. М. Мақатаев атындағы әдеби-мемориалды мұражайда өткен жыр кешіне қатысқан кез келген адам рухани сергіп қайтады деп айтуға болады. Әдеби кешке аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы, аудандық мәслихаттың депутаты Бақытгүл Раева, ақын Еркін Ібітановтың ұлы Ерлан Ібітанов, Қарасай аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры, ақын Серік Қалиев және жерлес ақындарымыз Шеризат Мекебаев, Елеусіз Ахметкерім, Мұхтархан Қалиұлы, Даубай Абдисаев, Камнұр Тәлімұлы, Сәлім Жусанбай т.б. ақын-жазушылар қатысты. Келген қонақтарға Қарасаз ауылының оқушылары мұражайды таныстырып, Биғайша Медеудің өлеңдерін оқып берді.

       Қонақтар мұражаймен танысып болған соң мәжіліс залында ақынның жыр кеші бастау алды. Бұл кездесуді ақын, Алматы облыстық музейлер бірлестігінің қызметкері Айбек Ережеп жүргізіп отырды. Айбек сөздің басын Биғайша Медеумен сұхбаттан бастады. Балалық шағындағы өмірі, ақындыққа қалай келгені, неге тарихи жанрды таңдағаны туралы сұрақтар қойып, әңгіме дүкен құрды. Кездесуге келген көрермендер ішінен де көңілінде жүрген сұрақтарын қойып отырғандар болды.

       Жоғарыда аталған кеш қонақтары кезекпен сөз кезегін алып, жақсы тілектерін білдіріп, сый-сияпаттарын тарту етті. «Поэзия патшалығында» атты әдеби кездесу кешінің ұйымдастырушыларына соның ішінде осы жиынға арнайы Қонаев қаласынан келген, «Алматы облысының музейлер бірлестігі» МКҚК директоры Үмбеталиев Әнуар Мұқтарханұлы алғыстарын айтты. Ақынның ең үлкен сыйлығы арнау өлеңі екені анық. Биғайша апамызға арнап жазған өлеңдерін оқып, кітаптарын сыйға тартып жатты. Кештің ұйымдастырушысы Үмбеталиев Әнуар Мұқтарханұлы сөз кезегін алып, ақын Биғайша Медеуге шығармашылық табыс тіледі. Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жақыпбекова Әлия Әлімжанқызының «Алғыс хатымен» марапаттап, арнайы сыйлықтарын табыс етті. Ақын Биғайша Медеу әдеби кездесу кешіне келген қауымға алғысын білдіріп, «Күнге қол созған қалалар» атты жаңа жыр жинағын таратты. Алматы облыстық музейлер бірлестігіне арнайы алып келген сыйлығын берді. «Поэзия патшалығының» туы тігіліп отырған Қарасаз ауылындағы М.Мақатаев әдеби-мемориалды мұражайына сыйлық табыс етті. Кеш соңын М. Мақатаев әдеби-мемориалды мұражай үйінің директоры Е.Ахметов қорытындылап, мұндай игі шаралардың алдағы уақытта жалғасын табатындығын айтты.

       Шындығында бұл шараның берері көп-ақ. Көзі тірісінде қадірін білмеген, елеп-ескерілмеген тарлан талант иелері болды. Бұл да сол кездің бір қателігі шығар. Енді сондай қателіктерге жол бермеу мақсатында қолға алынған бұл шараға адам жаны сүйсінеді. Ақынын төрге оздырып, шығармашылығын насихаттап, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жатса қандай жақсы. Ақыны мен батырын ұлықтаған ұлттың ұрпағы екенімізді дәлелдеп отырған ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,

Қарасаз ауылы.

Соңғы жаңалықтар

НЕДЕЛЬНЫЙ МАРШ ЧИСТОТЫ

Свыше 75 тысяч жителей Алматинской области приняли участие в марше чистоты «Киелі мекен», проходившем в рамках республиканской экологической акции...

Осыған ұқсас мақалалар