30.3 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

ШАРАПАТЫ МОЛ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

     Аудан орталығы- Нарынқол ауылында жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып, оқушылардың шығармашылығын шыңдап, кәсіптік бағдар беретін маңызды мекеме жұмыс жасайды. Бұл- Нарынқол ауылының техникалық шығармашылық  және кәсіби бағдар беру орталығы. Игілікті мекеменің негізі 1986 жылы қаланған. Осы жылдан бастап аудан мектептерінің оқушыларына кәсіптік бағдар және мамандық беріп, шығармашылық қабілеттерін шыңдап келеді. Жас ұрпаққа берері көп шығармашылық орталықтың негізгі мақсаты-оқушыларға кәсіптік бағдар беріп, әртүрлі үйірмелерге баулу. Мекеменің арнайы деректеріне сүйенсек, 2023-2024 оқу жылында аудан бойынша ғылыми-техникалық, сәндік қолданбалы, көркем эстетикалық, спорттық, туризм-өлкетану, экология-биология бағыттары бойынша 12 үйірме жұмыс істейді. Оған  7-17 жас аралығындағы 1900 оқушы тартылған.

     Шығармашылық орталық ұжымы атқарылып жатқан жұмыс барысымен  таныстыру мақсатында арнайы “ашық есік” күнін ұйымдастырды. Шараға арнайы шақырту алып, ерекше әсермен қайттық. Шараға аудандық кәсіподақ «Қамқор-2» ұйымының төрағасы — Әбек Ұлықпан мырза, аудандық білім бөлімінің әдіскері Жұлдыз Табысқызы, Нарынқол ауылдық округінің әкімінің орынбасары Бөктербаев Алмат мырза, О.Жандосов атындағы орта мектептің директоры Миятжан Сақанұлы және ауданымыздағы әр мектептен оқушылар мен ұстаздар қатысты. Шараның алғашқы сөз кезегі — Әбек Ұлықпан мырзаға берілді. Алғашқы сөз кезегінің Ұлықпан мырзаға берілуінің өз мәні бар. Себебі, өзінің білім бөлімінің басшысы қызметі кезеңінде осы мекеменің негізін қалаған осы Әбек Ұлықпан мырза болып шықты және өз сөзінде мекемеге жаңа ғимараттың қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, республикалық және облыстық жарыстарға оқушылардың көптеп қатысу мәселесін сөз етті. Келесі сөз кезегін, аудандық білім бөлімінің әдіскері Жұлдыз Табысқызы, одан кейін О. Жандосов атындағы орта мектеп директоры Миятжан Сақанұлы  алып, шығармашылық орталықтың жұмысына толағай табыстар тіледі. Миятжан Сақанұлы өз сөзінде мекеменің ғимарат жаңалау мәселесіне қатысты ойын білдіріп, ғимаратқа сұраныс тастау үшін, мекеменің жанды жұмыстарын дәл осындай арнайы  шаралар ұйымдастыру арқылы көрсету қажеттілігін баса түсіндірді.

     Ашық есік күніне арналған шара жиыны аяқталып, қонақтар “өрнекпен өрілген өмір” атты қолөнер бұйымдары қойылған көрмемен танысты. Көрмеге көзайым болған қонақтар, ғимарат ішіне еніп, арнайы жабдықталған сыныптармен танысты. Алғашқысы-ЭЕМ операторы кабинеті. Кабинетке кіре салысымен, қолдарына роботтарын ұстаған оқушылар өз өнертабыстарымен жарыса  таныстыра кетті. Жеке тоқталсақ, С.Сауранбаев атындағы орта мектептегі  Техникалық шығармашылық білім беру және кәсіби бағдар беру орталығының филиалы робототехника үйірмесінің 6 сынып оқушылары: Болатхан Бауыржан, Нұрболұлы Қайсар, Ержанұлы Жантөре өздерінің  жер жазалағыш, жер тырмалағыш, жер жыртқыш роботтарымен таныстырды. Талапты ұл-қыздардың жетекшілері — Сәкен Гулдана ханымның еңбегін ерекше атап өтпеске болмайды. Өнертапқыштар қатары мұнымен тоқтамайды, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы орта мектептегі  және Ақбейіт бастауыш мектебіндегі Техникалық шығармашылық білім беру орталығының филиалы Робототехника үйірмесінің 6 сынып оқушылары Ғазиз Айша, Анвар Диана жетекшілері Жаңагүл  Бектұрқызымен бірге  “Қоқыс тазалайтын”роботтың құрылымымен таныстырды. Роботтың мақсаты-ауылымызды қоқыстан тазарту. Жаңа Текес ауылының оқушылары да өнертабыстан кенде емес. Мұндағы шығармашылық орталықтың филиалынан тәлім алатын 6 сынып оқушылары: Әлдибай Әлинұр, Досжан Досали, Даукеев Айбар Жаңа Текес пен Текес ортасында қатынайтын заманауи  автобус жасаған.  Ел қамын қазірден елеген оқушыларға жетекшілік еткен- Жангирова Динара ханым.

     Робот техникасы үйірмесінің кезекті туындылары — сумо және сызық бойымен қозғалыс жасайтын роботтар көрсетілді. Бұл Қайнар орта мектебіндегі шығармашылық орталық филиалының шәкірті — Қастерұлы Айсұлтанның туындысы. Айсұлтанның бағыт-бағдар беруші жетекшісі-Ғалия Болатбекқызы.

     Өнертапқыштардың өнеріне тамсанған көпшілік, келесі кезекте “Бал бармақ” аспаз үйірмесіне бас сұқты. Мұнда шәкірттер аспаздық өнердің қыр-сырына қанық болып, ас әзірлеудің түрліше технологияларын игере алады және малды мүшелеп сою мен қонаққа арналған ет табағын әзірлеуді үйретеді. Қазақ халқының қонақжайлылығын ескерсек, ет табағын жасап үйренудің қажет болары сөзсіз.

    “Тігіншілік-текті өнер” үйірмесінің де қонақтарға көрсетері аз емес болып шықты. Заманауи үлгідегі құрақ түрлері және арнайы жастықшалар көздің жауын алады. Назарға алатын бір жәйт, тігін үйірмесі матаға арналған 3D принтерге мұқтаж.

    Келесі үйірме- “Шебер қолдар” үйірмесі. Бұл көркемдік ағаш шебері үйірмесі. Мұнда оқушылар арнайы күйдіру апаратымен ағашқа түрлі бейнелерді күйдіру арқылы сурет сала алады.

    “Сыры кетпеген-сырлы әлем”-сурет үйірмесі. Сурет салуға бейімділігі бар балалардың қабілетін шыңдайтын үйірме. Оқушылардың салған суреттеріне қонақтар өз тиісті бағасын беріп, ризашылықтарын танытты.

   Соңғы үйірме-  “Шахмат-ақыл-ой спорты” атты шахмат үйірмесі. Шахмат ойыны- адам ақыл-ойының жетілу үрдісіне өлшеусіз үлес қосатыны анық. Үйірме сыныбында тыныштықта шахмат ойынын ойнап отырған оқушылардың тыныштығын бұза кіріп бардық. Бір өкініштісі, мұнда шахмат ойын үстелі жеткіліксіз болып шықты.

    Ашық есік күні осылайша өз мәресіне жетіп, еңбегі елеулі ұстаздар мен оқушыларға Алғыс хаттар табыс етілді.

    Аталған шара барысында жанды жұмыстың жүріп жатқандығына куә болдық. Тек біршама қолдау қажет екендігі көрініп тұр. Бұл мұқтаждықтар тиісті орындарға, басшылық назарына ілігетініне сенімдімін.

   Нарынқол ауылының техникалық шығармашылық  және кәсіби бағдар беру орталығы- оқушылардың жан-жақты дамуына таптырмас орталық. Мақсаты мен міндетін сараласақ, болашағы жарқын болуы тиіс бірден-бір мекеме.

Ақерке НҰРӘЛІМҚЫЗЫ

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар