30.3 C
Нарынкол
Суббота, 27 июля, 2024
No menu items!
Маңызды

ЖАЗУШЫНЫҢ ШЫҒАРМАСЫ ТҮРІК ЕЛІНЕ ТАРАЛДЫ

         Аудандық Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінде қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай Алматы облысы мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымымен бірлескен халықаралық пленэр мен «Өлгендер қайтып келмейді» кітабының түрік тіліндегі аудармасының тұсаукесері өтті. 

         Шараның басы аядай ауданымызға алыс-жақыннан келген қонақтарға Халықаралық пленэрдің жұмыстарымен, көркемсурет көрмесін таныстырумен басталды. Көркемсурет көрмесіне Әзербейжан, Қырғызстан сынды тағы басқа шет елдің танымал қылқалам шеберлерінің туындылары қойылды.

Әлем әдебиетшілерін сүйсінткен жиынның басын жерлесіміз Бақыт Жағыпарұлы бастап, өз ретімен жүргізіп отырды. Алғаш болып сахна төріне Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлы көтеріліп белгілі жазушының жерлестерін қуанышты күнімен құттықтады. Сонымен қатар, осы шараның өтуіне өз үлесін қосқан жазушы, драматург, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Раев Сұлтан Әкімұлының иығына шапан жапты.

Келесі кезекте Б. Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» кітабының Түрік тіліндегі аудармасының салтанатты түрде тұсаукесері өтті. Жарық көрген жаңа кітаптың лентасын Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлы, жазушы, драматург, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Раев Сұлтан Әкімұлы, ақын журналист, Қазақстанның мемлекет сыйлығының иегері, Түркі елдерінің жазушылар одағының төрағасы Есдәулет Ұлықбек Оразбайұлы, ақын, филология ғылымдарының докторы Қазақстанның Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жақып Бауыржан Өміржанұлы, аудармашы «Өлгендер қайтып келмейді» кітабын түрік тіліне аударған осы шараның қадірлі қонағы Хусейн Варол кесіп, естелік суретке түсті.

Келесі сөз кезегін алған жазушы, драматург, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Раев Сұлтан Әкімұлы өз сөзінде «Б. Соқпақбаевтың шығармаларына, оның өміріне, әлем әдебиетіндегі ойып алар орнына тоқталып, осыншама ұлыларды тудырған қасиетті топыраққа басымды ием»- деді.

Әдебиет майталмандары бас қосқан келелі кездесудің кезекті сөзі ақын журналист, Қазақстанның мемлекет сыйлығының иегері, Түркі елдерінің жазушылар одағының төрағасы Есдәулет Ұлықбек Оразбайұлына берілді. Бүгінгі өтіп отырған халықаралық пленэрдің орны ерекше екенін баса айтқан Ұ. Есдәулет Соқпақбаевтың жазу стилі жайлы әңгіме өрбітті.

Б. Соқпақбавтың шығармаларындағы кейіпкерлердің көбісі өзінің жақындары екені белгілі. Оның туындыларына өзінің өмірі жан-жағындағы күнделікті күйбең тірлік арқау болды. Осы тақырыпта сөз қозғаған ақын, филология ғылымдарының докторы Қазақстанның Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жақып Бауыржан Өміржанұлы жазушының жаңа қырларын ашып көрсетті.

Аталған жиынның басты қонақтарының бірі – Б. Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» кітабын түрік тіліне аударған, күллі Түрік еліне қазақ даласындағы жазушының шығармасын ұсынған Хусейн Варолға қошемет көрсетіліп мінбеге шақырылды. Түрік аудармашысы «Соқпақбаев басқа жазушылардан ерекше, ол басқаларға еліктемеді, басқаларды қайталамады, мен ол кісінің шығармаларын оқып өте мықты жазушы екенін шынымен мойындадым, әлем әдебиетіне осынша үлес қосқан қайталанбас жазушыға мың алғыс»- деп сөзін аяқтады.

Халықаралық пленэрге көркемсурет көрмесін ұйымдастырып қылқалам шеберлерін бастап келіп отырған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Қазақстанның Суретшілер одағының төрағасы Жұбаниязов Өмірбек Орынбасарұлы құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, жиынның құрметті қонақтарына Қазақстан Суретшілер одағының атынан сый-сияпаттар табыс етті.

Күні кеше жоғарыда аталған кітаптың Анкара қаласында тұсауы кесіліп, Б. Соқпақбаевтың есімі Түрік елінде ұлықталған болатын. Сол жиында көпшіліктің алдында өнер көрсеткен Мемлекеттік сыйлықтың иегері, күйші, композитор Секен Тұрысбеков бастаған «Ақжауын» камералық оркесрті ауданымызда болды. Аталған оркестр қос ішектің құдыретімен жиынға қатысқан көпшіліктің көңілінің қылын тербеп, қошеметке бөленді.

Осылайша жерлес жазушымыздың 100 жылдығы аясында ұйымдастырылған игі шара өз мәресіне жетті. Бұл – ұлы тойдың бір бөлшегі ғана. Жақсы күндер әлі де алда. Жазушының 100 жылдығы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ

spot_img
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер Парижде: 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының амбассадоры Францияға жетті

Олимпиада ойындары қарсаңында Франция астанасы Парижге Қазақстаннан көлігі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендірілген спорт жанкүйері жетті. Оны қазақстандық...

Осыған ұқсас мақалалар