-8.7 C
Нарынкол
Пятница, 1 марта, 2024
No menu items!
Маңызды

АЛАШ  ЖЫРЫНЫҢ АҚИЫҒЫ МҰЗБАЛАҚ- МҰҚАҒАЛИ

XX ғасырдың соңғы жылдары, яғни тәуелсіздік кезеңде  ақын  мұрасын жаңаша тануға деген көзқарас қалыптаса  бастады. Осы  тұста «тіпті  кеше оқушылық  кезде де, Тізгінімді ешбір жанға  бермедім» дейтін ақиық ақынның жоғары көркемдік – эстетикалық талаппен жазылған жыр жолдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.Мұның өзі – ақын мұраларының өміршеңдігіне мысал.

Басқа  ақындар  секілді Мұқағали да  өз  заманының перзенті.Оның «Құрметтеңдер  жиырмасыншы ғасырды», «Менің ғасырым», «Мен — Октябрь» т.б өлеңдері өзі өмір сүрген  кезеңін мақтан  етуден  туған.Ол сол кезеңдегі  ел  өміріндегі негізгі  де өзекті мәселелерді жыр  жолдарына арқау етті.  Ақын қоғамның дертін, кемшілігін, әділетсіздігін ашық айтады. Махамбет не үшін өз дәуіріне жақпады? Хандардың кемшілігін айтты Абайдың не үшін дұшпаны көп болды? байлардың кемшілігін сынады. Мұқағали да өз қоғамының кемшілігін бетіне басты. Ақыннның шындықты айтқаны көпшілікке ұнаған жоқ. Сол себептен де Мұқағали ақын болудың қиын екенін айтады. Ақынның болжампаздық, тіпті көріпкелдік қасиеті де болған.

Мұқағалидыдың өзі:

«Отыз бес жыл өмірді кезіп келем,

Енді отыз бес бола ма сезіктенем»,- дейді. Өмірінің қысқа болатынын аңғарған сияқты.

«Өзімнің есебімде

Жасым менің қырықтың бесеуінде.

 Сарқылып өсегің де, есебің де,

Ұйықтап кетсем жарар еді төсегімде»,- деп жырлаған ақын, расымен де, қырық бесінде ұйықтап кетті.

Нағыз ақынның құдірет — күшін өлмес жырын шын жүректен түсіну алдағы жылдарға аманат. Жырларының бағасын ақынның өзінен асырып айта алмаспыз.

Ақын атамыздың өзі өмір сүрген ортаға, қоғамға көңілі толмағанымен, келешектен үмітін үзбейтінін мұңлы сарынға құрылған өлеңдерінен аңғаруға болады.

Сананы сары уайым сарылтқанмен,

Тынысты тұйық тұман тарылтқанмен.

Үзбеймін күдерімді жарықтанмен,

Үзбеймін күдерімді халықтан мен!

Ақынның өлеңдерін оқыған сайын терең ойға батасың, бүгінгі бұралаңы көп мына өмірдегі адам тағдырының көп қатпарлы көріністері көз алдыңа елестейді.

Мінезі дара, ойы асқақ, көкірегі қымбат көмбедей елес беретін Мұқағали ағамыздың жырларының қайсысын алып оқысаң да өзіңді терең иіріміне тартып, өлең құшағына қалай кіріп кеткеніңді сезбей қаласың. Жан сезіміңді тебірентетін жырларын қайта — қайта оқып шыққан сайын бір жаңалық ашқандай сезінесің. Бұрын байқамаған сипатын, мінез – қырын танығандай боласың, көркемдік бояуына қанығасың, жаныңа нұр құйылып, қиялыңа қанат бітіп, шабыттанасың. Сөйтіп, Мұқағали әлеміне үңілген сайын жаңа бір қырынан танығандай боласың. Ақын әлеміне тереңдей бересің.

Шын дарын өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұяласа, ол мәңгі өмір сүреді. Халық сеніміне ие болу, оның қас-қабағын бағып, көңілі қалағанын жырға түсіру, сырғып шерту келешектің жарқын сәулесімен нұрландыра түсуі  сирек кездесетін бақыт. Оны Мұқағали поэзиясынан танып, көруге болады. Қазақ елінің Тәуелсіздік алған кезеңінде М.Мақатаев мұрасына бұрынғыдан әлдеқайда басым жаңаша көзқарас қалыптасты, ақын мұраларын танудың жаңа бір кезеңі басталды. Ақын шығармалары өзі дүниеден қайтқаннан кейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығымен бағаланды.

Мұқағали өлеңдері ұлттық  поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің  қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, оны түрлендіре байытты, сөйтіп қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Сонымен қатар ақын қазақ лирикасын 20ғасыр әдебиетінің озық үлгілерімен құнарландырды. Ол жыр әлемінде өз ойын, өз шындығын, жүйелі көркем тілде ақындық биік тұрғыдан тұтас шеберлікпен жырлай білген. Мұқағали сыршыл лирикасымен өз оқушыларының жүрегіне жол тапты, оларды жақсы жырдың

 ләзатына қандырып, өзінің менімен адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың оқырманның жан жүрегін баурады.

    Ал тікелей М.Мақатаевтың шығармашылығы жайында сөз болғанда Ә.Тәжібаевтың алғашқы сәтсапар  тілеген мақаласынан бастап  Мұқағали шығармашылығы әдеби сын назарынан тыс қалған жоқ.Мұқағали өмірі мен шығармашылыған арнайы ғылыми тұрғыда зерттеу соңғы он-он бес жылдың  ауқымында ғана басталды. Тындырылған шаруалардың қатарына ақынның туған күндері қарсаңында жарияланып жатқан мақалалаларды, әрі 50, 60, 70,80 жылдық мерейтой қарсаңындағы ақын-жазушылардың, ізденушілердің, ғалымдардың 5000-ға тарта ғылыми-танымдық материалдарын жатқызуға болады. Жеке ғылыми зерттеулер де бой көтере бастады. 2006 жылдан бастап «Мұқағали» журналы ай сайын шыға бастады.

    Міне, бұлар ақынның бай мұрасын туған халқына жеткізудегі және оны зерттеп , ақынды ғылыми тұрғыда танудағы істеліп жатқан жұмыстар. Осылар арқылы Мұқағалитанудың ғылымы–танымдық бұлақ көзі ашылды, оның сала-сала боп, арналана түсері анық. Демек, Мұқағали туындылары түгенднліп, байыпты зерттелген сайын ақын рухы бізге жақындап, бізді өзіне барған сайын баурап отыр. Тұтас шығармаларының мазмұны мен көркемдік деңгейі оның ірі талант иесі, қайталанбас дара тұлға екендігін дәлелдейді.

       Мұқағали — «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін «қызмет еткен, мойнына үлкен жүк артқан қарымды қаламгер. Ақынның алдына қойған ең үлкен мақсаты- ұлы Абайдың ізімен қазақ поэзиясының үрдісін одан әрі дамытып, биік шыңдарға жетелей беру болды. Оны ойдағыдай орындап шықты да. Ғажабы сол, халықтың Мұқағалиға  деген зор сүйіспеншілігі де уақыт өткен сайын суымай, қайта одан әрі арта түсіп, алып аспантаудың өзіндей  көзге елестейді. Ал, енді, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар»: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін қолға алынған шаралар мазмұндана түскен сайын Мұқағали ағамыздың шығармалары да жаңа қырынан танылып, одан әрі жарқырай түсті. Неге десеңіз, Мұқағалидың сан қырлы шығармашылығы көп ретте Елбасы ұсынған кең ауқымды бағдарламаның өлшем-талаптарына сай келіп тұр. Ақынның тек туған жерге, елге, Отанға арнаған жырларының өзі тұтас бір бағдарламаның жүгін көтерісіп, оның маңызын арттыра түсетіндей.

Мұқағали поэзиясында ұлтжандылық, отансүйгіштік сезім басымдық танытқанымен, ешуақытта дарақылық, кеудемсоқтық болған емес. Мұқағали өмірде де, өлеңінде де қашанғы қарапайым қалпынан айнымай, елдің ғана қамын ойлап, елінің бақытты болуын армандап өтті.

    Міне, қазақ үшін Мұқағали аңсаған азаттықтың ақ таңы атты. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен қасиетті тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ақ түйенің қарны жарылып, «өз қолымыз өз аузымызға жетті» дегендей өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды.

     Азаттықтың ақ таңында Мұқағалидың да жырлары да жаңаша оқылып, жарқырап шыға келді.

Дәулет шалқып, ырысы асқанында,

Қақысы бар қазақтың мақтануға,-деп жырлағандай енді іргелі қазақтың мақтануға қақысы бар шығар. Мұқағали-әлем ақыны. Күллі әлемге таныларлықтай оның ақындық қуаты жырларында бар. Мұқағалиды мына технологиялық 21 ғасырда  рухани жаңғыруға аяқ басқан қазақтың жарық жұлдызы етіп насихаттасақ, ол өз орнын табады. Мұқағали өз күнделігінде жазбап па еді:»Мен  21 ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан арғы ұрпақтардың туысымын да..»

    Өміршеңдік өткенмен емес, келешекпен өлшенуі тиіс.

Мұқағали «қазақтың дәл өзіндей қарапайым» қара өлеңнің қасиетін дөп басып тани білген, соның аясында елдің елдігін, ұлтының ұлылығын, халқының қадір-қасиеті мен мінезін, жайсаң жанын тап басқан тарлан талант. Ақынның жырынан нәр алып, ұлттық рухымызды оятып жатырмыз. Көзі тірісінде: «Менің нәзік жанымды кім түсінер?десе, ақынның жан-дүниесін,  поэзиясын ұғынып, түсінудеміз. Алда да зерделей оқып, зерттеп біле бермекпіз. 

     Мұқағали мұрасы-ұлттық қоймаға қосылған асыл қазыналардың көмбесі. Ол өзінің қысқа ғұмырында әдебиет игілігіне қомақты дүние жасап кетті. Халқынан алды, халқына көзайым ғып қалдырды.Ендігі жерде ақынның «сыр сандығын ақтарып» өсу мен өркендеудің ұлағатты үрдісіне сай пайдалану міндеті біздің еншімізге тиіп отыр. Мұқағалитануды Абайтану, Мұхтартану, Жамбылтану дәрежесіне жеткізуіміз керек. Асылы Мұқағалиды дәріптеу, кемелдігін ұлықтау, ұлттық құндылықтарымызды санада сақтау, қадіріне жету болмақ. 

     «Мен сірә, өлмейтін шығармын

   Сәл ғана мызғып ап, қайтадан  тұрармын» — деп ақын ағамыздың өзі жырлағандай бүгінгі күні оның рухы ұлтқа қатысты барлық қуаныштарға ортақтасуда.

Әділет БАТТАЛ,

М. Мақатаевтың әдеби- мемориалды

музейінің ғылыми қызметкері

Соңғы жаңалықтар

Поэзия патшалығында

ҒАЛЫМ  ЖАЙЛЫБАЙДЫҢ  ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ  КЕШІ  ӨТТІ   Ақиық ақын елінде, Қасиетті Қарасаз жеріндегі жылдағы дәстүр бойынша өткізілетін “Поэзия патшалығында” атты әдеби...

Осыған ұқсас мақалалар