17.6 C
Нарынкол
Понедельник, 13 мая, 2024
No menu items!
Маңызды

АУЫЛДАҒЫ АКАДЕМИК

Суретші Нұрболат Ысқақов туралы

         Дарынды тұлғалардың көбісі ауылдық жерден шығатыны дағдылы жағдай. Ауылдарды араласаң не бір өнер иелерін кездестіресің. Жетісудың төрі саналатын Нарынқол ауылында аты алыс жақын шетелдерге белгілі қылқалам шебері Ысқақов Нұрболат Сәйдінұлы тіршілік етеді. Жуырда Нұрболат Ысқақовтың ұзақ жылғы ерен еңбегі еленіп ҚҚ «Қазақстан Республикасының Көркем Академиясының» академигі атанды. Сонымен қатар, белгілі қылқалам шебері Алматы облысы әкімінің “Ақтаңгер” сыйлығын иеленді!

«Есімнен кетпейді. 8 сынып оқып жүргенде туыс ағам Ерлік деген кісі училищеге оқуға түсіп, дипломдық жұмысын қорғау үшін ауылға келді. Дипломдық жұмысына Ақбұлақтың суретін салмақшы екен. Екеуіміз Жағатал өзенінен өтіп Ақбұлақтың астына бардық. Ол кісі кенептерін, бояуларын, неше түрлі аспаптарын шығарып таудың суретін сала бастады. Мен артынан қарап тұрып шіркін суретші болған қандай керемет, менде осындай суретші болсам-ғой деп армандап кеттім. Ол кісі кеткен соң қиял жетегіне еріп қатты картон қағаз, аз-кем бояқтарымды алып сол жерге барып таулардың суретін салып жүрдім. Орта мектепті аяқтаған кезде сурет салуға жап-жақсы икемді болып қалдым. Сөйтіп арман қуып Алматыдағы Н. В. Гоголь атындағы өнер коледжіне оқуға түстім»,-дейді ауылдағы академик.

Н. Сәйдінұлы уақыт өте келе кескіндеме мамандығы бойынша білім алып, Б. Соқпақбаев атындағы орта мектепте оқушыларға ұстаздық етті. Бү­гінде Астана қаласында тұратын белгілі суретші, Ал­мас Сырғабаевтай шәкіртінен бастап, Мақпал Ділдаева, Фар­хат Сартбаев, Ақылбек Шәкенов, Алуа Әнуарқоджа, Нүсіп Сұлтан, Рауан Бақтияр, Мәди Кенжебек секіл­ді шә­кірт­тер Нұрболат ағайдың тәрбиесінде болған. Сол жылдары ұстаздықпен қоса шығармашылық пен де қоса айналысып жүріп, 1983 жылдан бастап облыстық, Республикалық сурет көрмелеріне қатыса бастады. Алматы қаласында екі мәрте үлкен көлемде жеке көрмесін өткізді. Қылқалам шеберін осы кезден бастап ел тани бастады.

Әрбір суретті бар ықыласымен сүйіп салатын суретшінің ең ұзақ салған суретіне 3 жыл уақыты кеткен. Нұрболат аға шығармашылығын жан-тәнімен жақсы көретінін осыдан байқауға болады. Суретшінің бұл туындысы «Күнтөбей» деп аталады. Оны бастамас бұрын мұнда бейнеленген оқиғаға негіз болатын материалды алты ай іздедім дейді Нұрболат ағай. Бұл жерде шайқас кезінде ғұндар тайпасы басшысының баласы далада қалып кетеді. Оны қасқыр асырап алады. Ол өсіп, жетіліп, жігіт болғанда үйсін мемлекетін құрады екен. Бұл картинада мықты, күшті мемлекетке айналған үйсіндермен Қытай мемлекеті достасқысы келіп, қыздарын тұрмысқа беруге әкелген көрініс бейнеленген.

Суретшінің салған суреттеріне зер салып көңіл көзіңізбен қарасаңыз әрбір картинасы сөйлеп тұрғандай. Кенепке жағылған бояулардың астарында бір ой бар. Сыр шертіп тұрады. Әрбір картинаның өз тарихы, өз ойы бар.

Райымбек ауданында мерейлі той, мереке күндері Нұрболат Ысқақовтың салған суреттерінен үнемі көрме ұйымдастырылып отырады. Суретшінің салған суреттерінің көбісі туған жерімен тығыз байланысты. Аспантаулар өлкесінің көрікті жерлері Нұрболат ағамыздың көзінен тыс қалған емес. Осы өлкеден шыққан дара тұлғаларды да дәріптеп жүреді. Картиналарының ішінде Хантәңірі шыңы, Райымбек батыр, Мұқағали ақынның кескіндерін өте көп кездестіруге болады. Кенепке майлы бояумен сурет салатын ағамыздың бір­қатар шығармашылығы Тәуел­сіздігімізге, Желтоқсан көте­рілісіне де арналған.  

Қазіргі таңда Нұрболат ағаның туындыларының көбі Алматыдағы көркем сурет мұражайларына қойылған. Ә. Қас­теев атындағы республи­калық мұ­ражайда «Жайлауға автоклуб келді» атты туындысы төрде тұрғанын да айта кет­кеніміз жөн. Суретшінің 2016 жылы дүниеге келген «Ұлы көш» деп аталған үлкен туындысы, үш метрге дейін үлкейтіліп, бүгінгі күні Кипрде тұрғанын мақтанышпен айтамыз. Алыс-жақын шет елдерге асқан шығармалары да көп.

Қылқалам шебері 1996 жылы Қазақстанда бірінші болып Райымбек батырдың суретін салған. Қазіргі елімізде қолданылып жүрген суреттердің көбісі сол картинаның көшірмелері. Суретші өз сөзінде Райымбек батырдың суретін жаңалап, қайтадан салып шығуды жоспарлап жүргенін де жасырмады.

Аспантау өлкесінің тумасы Н. Ысқақовтың көз майын тауысып, ел жатқанда жатпай жүріп істеген еңбегі еленіп – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Көркемсурет академиясының коррес­пондент-мүшесі, аталған академияның «Таранда Великого Эля» атты медалінің иесі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» медалімен марапатталған. Туған жерін бәрінен артық қойған суретші кіндік қаны тамған жерінің көркем табиғаты мен ерекше жерлерін елге таныта берсем дейді.   

Н. Ысқақов шы­ғар­­ма­шы­лы­ғынан бөлек, еліне елеулі, халқына қалаулы отбасында да өне­гелі, сыйлы адам. Жары Балжан Ома­рова бар ғұмырын ұс­таз­дыққа арнаған, көп уақы­тын мектеп басқару ісіне жұм­саған ұлағатты ұстаз. Ра­йым­­­­бек ауданының Құрметті аза­­ма­ты, Ы. Алтынсарин атын­д­ағы ме­­даль­дың иесі, ҚР білім беру ісінің үздігі. Райымбек аудандық аналар кеңесінің төрайымы. Зейнеткерлік демалысқа шықса да қоғамнан бір сәт алыстаған емес. Көпшілікпен бір қазанда қайнап, ел дамуына әлі де болса үлес қосып жүр. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ана, қазір де ұлттық тәрбиенің сойылын соғып жастарға үлгі-өнеге көрсетеді. Балжан апайдан тәлім алған шәкірттер еліміздің түкпір-түкпірінде, әр сала бойынша табысты қызмет етуде.

 Өнегелі отбасы Асқар, Мақпал, Раушан, Нұр­сұлтан секілді төрт баланы өмірге әкеліп, бұғанасын бекітіп, қанаттарын қатайтқан. Ұлды ұяға қызды қияға қондырған. Берген тәрбиенің арқасында ұлдары ұялтып, қыздары қызартқан емес. Енді Алланың берген немерелерін тәрбиелеп, соларды елге, қоғамға пайдасын тигізетін азамат етіп өсіруді ойлайды. Қиындықты да, жақсылықты да жамандықты да көрген екі ерлі-зайыпты бүгінгі күнге шүкіршілік айтуды ұмытпайды. Екі сөздерінің бірі тәубәшілік.

Шығармашылық адамының жанында жүру қайдан оңай болсын. Ондай адамдар бірде қарт, бірде сәби, бірде ашық бірде тұйық болып келеді. Көңілін табу да оңайға соқпайды. Көбінесе жалғыздықты жақсы көреді. Алысқа көз жүгіртіп, оймен әлемді шарлағанды ұнатады. Бірақ Балжан апай қандай қиын жағдайларда да жолдасының жанынан табылып, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Жарының шығармашылығын жоғары бағалайды. Өмірлік серігі осындай жан болғасын да суретші шабыттана түседі.

«Ұл мен қызды өсіріп, өз қолдары өз аузына жеткен соң, зейнет демалысына шығып тек қана шығармашылықпен айналыссам деп армандаушы едім. Ол күнге де жеттім. Алдағы жоспарларым да көп. Туған жерден кетсем шығармашылығым тоқтап қалатын сияқты. Ақындар туған жерін көркем сөзбен өрнектейді. Ал мен туған жерімнің көркем жерлерін қолымнан келгенше суреттей берейін. Биік тауларды, ағынды өзенді жанымдай жақсы көремін. Қоршаған таулар маған шабыт береді, сондықтан де елімнен алыстап кеткім келмейді, – дейді Нұрболат ағамыз.

…Жүргенсоң бауырында күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды дейді емес пе. Қолда барда алтынның қадірі жоқ. Таулар алыстаған сайын биіктейді. Жанымызда жүрген биіктерімізді уақытында бағалағанымыз абзал. Сол биіктердің бірі Нарынқолдық Нұрболат Ысқақов екені анық.

Шалғай ауылда тұратын академиктің, бүкіл елі-жұрты білетін су­ретшінің өмір жолы осындай. Қылқалам шеберінің отбасына береке, деніне саулық, шығармашылығына ұшқыр шабыт тілейміз!

Дастан ҚАСЕНҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар

Райымбек ауданында дауыс беруді өткізу және дауыс санау үшін сайлау учаскелерін құру туралы

Алматы облысы Райымбек ауданы әкімінің 2018 жылғы 29 қарашадағы № 25 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 6...

Осыған ұқсас мақалалар