
Жастайынан спортқа да, білімге де өте зерек болып өскен Ғабит аға волейбол, футболдан аудандық жарыстарға қатысып, командасы үнемі жүлделі орындардан көрініп жүрді. Сол кездері спорттық жарыстарда топ жарып жүрген жігітке ұстазы, өзін волейболдан жаттықтырған Мүсірбаева Роза Насырқызының көзі түсіп, спорт мектебіне жұмысқа шақырады. 1985 жылдың қыркүйек айынан 1986 жылдың мамыр айына дейін Нарынқол аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футболдан жаттықтырушы болып еңбек етеді. Осы жылдары Нарынқол ауылының балалары футболдан жоғары дәреже көрсетіп, көп жетістіктерге жетті.
1986 жылдың мамыр айында халык депутаттары Нарынқол аудандық Советі атқару комитеті жанындағы жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияға жауапты хатшы болып тағайындалады. Ғабит Болатұлының ұзақ жылғы мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы осы жерден басталады. Ісімен өзін көрсете білген жас маман 1987 жылдың сәуірінен 1990 жылдың қаңтар айына дейін халық депутаттары Нарынқол аудандық Советі атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде инспектор болып қызмет атқарады. Осы кезеңдерде аудандық атқару комитетінде қызмет атқарған Биқан Кенебаева, Несіпхан Аманбаева, Болатбек Әкімханов, Айыпжан Қаптағаев, Советбек Мырзабаев, Әбдірахман Сейілбаев, Зәбен Тұмабаева сияқты азаматтармен бірге қоян-қолтық жұмыс істесе, марқұмдар Бақыт Баймұханов, Жұмағожа Сауданбеков, Бағжан Сабанчиев, Абай Исабаевтай ел ағаларынан көп тәлім-тәрбие алады. Өңкей сен тұр мен атайын деген азаматтар мен азаматшалардың қатарында жүріп одан сайын ширай түседі.
1990 жылдың қаңтар айынан 1994 жылға дейін халық депутаттары аудандық кеңесінің ұйымдық-кеңес жұмыстары жөніндегі бөлімінде аға референт, бөлім меңгерушісі болып табысты еңбек етті. 1994 жылғы қаңтар айынан 1997 жылдың маусым айлары аралығында Райымбек аудандық әкімшілігінің ұйымдастыру-инспекторлық және кадрлармен жұмыс бөлімінің инспекторы, аудан әкімі аппаратының басшысы-ұйымдық-инспекторлық және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін қоса атқарады. Осы кезде аудан әкімі болып болып қызмет атқарған Бектұрсынов Ызғарбек, аудан әкімінің орынбасарлары Жетіген Әміреев, Тәңірберген Қасымберкебаев, Мәдени Нұрдаулетов және мәслихат хатшысы Мәдениет Унасбаев ағаларынан үлгі алады. Қос қызметті қатар атқарып жүріп жұмыстың ыстығын да суығын да көреді. Халық алдындағы қызметке әбден төселген ағаларынан көп нәрсе үйреніп, жұмыста тәжірибе жинақтай бастайды. Ғабит ағамыз Ызғарбек пен марқұм Мәдениет ағаларын өзінің өмірдегі ұстазы санайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 23 мамырдағы Жарлығына сәйкес Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылы болып ауыстырылған кезде 1997 жылғы маусым-қазан айлары аралығында аудан әкімінің ұйымдық-инспекторлық және кадрлармен жұмыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Отбасылық жағдайына байланысты Кеген ауылына көшпегендіктен 1997 жылғы қазан айынан 2004 жылдың қыркүйек айлары аралығында өз мамандығы бойынша Нарынқол орман шаруашылығы мекемесінде әртүрлі қызметтер атқарады.
2005 жылы мәслихаттар өкілеттігі кеңейіп, аппараты ұлғайып жатқанда маркұм Мәдениет Унасбаев Ғабит ағамыздың тыңғылықты әрі білімді қызметкер екенін біліп аппарат басшысы қызметіне шақырады. Міне сол 2005 жылғы сәуір айынан осы күнге дейін Райымбек аудандық мәслихатының аппарат басшысы болып 18 жылға тарта уақыт бір орында табан аудармай үздіксіз еңбек етіп келеді. Осы қызметте 2005 жылғы сәуірден 2018 жылғы 13 сәуірге дейін Райымбек ауданы Кеген ауылында қызмет атқарса, 13 сәуірден бері туған жері Нарынқолда еңбек етуде. Осы кезеңде мәслихат хатшылары болып қызмет атқарған марқұм Унасбаев Мәдениет, Әбек Ұлықпан, Кұдабаев Ерлан, бүгінде Арипова Гулнара сынды азаматтармен еңбек еткенін мақтан тұтады. Осынша жылдар бойы еткен еңбегі зая кетпей 2017 жылы 14 маусымда «Үздік мемлекеттік қызметші» төс белгісімен марапатталды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 25 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдарымен, Алматы облысы әкімінің, Алматы облыстық мәслихатының, Райымбек ауданы әкімінің Кұрмет грамоталарымен, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған. Жалпы 37 жыл еңбек өтілі бар Ғабит ағамыздың саналы ғұмыры жастарға үлгі болары сөзсіз. Биыл қаңтар айының 5-ші жұлдызында асқаралы 60 жасқа толып ел ағасы болып отырған ағамыздың қарапайымдылық қасиеті өз алдына бір төбе. Алдына келген үлкенге құрметі, кішіге ізеті бар. Кез-келген адаммен әзіл-қалжыңы жарасып, арқа-жарқа әңгімелесіп кетеді.
Құдай қосқан қосағы Көккөзова Роза Жүнісханқызы екеуі үш ұл тәрбиелеген ұлағатты отбасы. Алланың берген 5 немерелерінің сүйікті ата-апасы. Ел алдында еңбек етіп жүрген ағамызға мықты денсаулық, жұмыста табыс тілейміз. Атқарған адал қызметіңіз халықтың есінде қалары сөзсіз. Зейнет жасына жетіп сонша жылғы бейнетіңіздің зейнетін көріңіз.
Дастан ҚАСЕНҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.