Себебі бұл өзгерістер мемлекетті басқарудағы ашықтықты, жауапкершілікті және тиімділікті арттыруға бағытталған. Қоғам дамыған сайын азаматтардың талап-тілегі де өседі. Сондықтан мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімді нығайту – кез келген реформаның басты мақсаты болуы тиіс. Конституциялық өзгерістер осы міндетті орындауға бағытталған.Реформа аясында Президент өкілеттігінің бірқатар бөлігі Парламент пен Үкіметке беріліп, билік тармақтары арасындағы теңгерім күшейтілді. Бұл – басқару жүйесін демократияландыру жолындағы нақты қадам. Сонымен қатар, жергілікті басқару органдарының рөлі артып, өңірлік деңгейдегі шешімдерді қабылдауда халықтың ықпалы кеңейе түсті. Мұндай өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына серпін береді.Адам құқықтарын қорғау тетіктерінің күшеюі – реформаның ең үлкен жетістіктерінің бірі. Әсіресе, Конституциялық соттың құрылуы мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының мәртебесінің артуы – құқықтық мемлекеттің айқын белгісі. Бұл өзгерістер әр азаматтың құқығы заңмен қорғалатынын нақтылай түседі. Сондықтан мен конституциялық реформаны қолдаймын және оның ел дамуына ұзақ мерзімді оң әсер ететініне сенемін.
Бірбаев Бекболат Ыбырайымұлы
Райымбек аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

